Созақ аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Созақ аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 наурыздағы №176 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6674-13 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
4 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Алушылар санаттарының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.";
7 тармақ, 2) тармақшадағы "2" деген сан "3" санына ауыстырылсын.
7 тармақтың 8) тармақшасы алынып тасталсын.
7 тармақтың 11-тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
"11) 25 қазан – Республика күні:
қаржылық көмек түріндегі әлеуметтік көмек (бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тіркелген азаматтарға) – бір рет 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";
8-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"8. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі:
1) адамның иммун тапшылығын вирусын (АИТВ)-мен ауыратын адамдарға – ай сайын республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;
2) Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының "Созақ ауданының аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны ұсынған тізімге сәйкес туберкулезбен ауыратын және емнің амбулаториялық сатысындағы азаматтарға - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған әлеуметтік көмек (үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға) - ай сайын 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) гемодиализ аппаратын пайдаланатын I-топтағы мүгедектерге әлеуметтік көмек - бір рет 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдар және соларға теңестірілген адамдарға, (кемінде аудан шегінде мекен-жайы екі ай есепте болуы тиіс жасына байланысты зейнеткерлерге), мүгедектігі бар адамдар (мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің бірінің санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде), Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына кезектілігіне қарай санаторийлік-курорттық емделуге - бір рет 75 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
6) аз қамтылған отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, жергілікті өкілді органдармен белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің еселенген мөлшерінен аспаса – бір рет 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) жан басына шаққандағы орташа кірісі есепке алынбай:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматтың (отбасының) тұрғын үйіне зиян келген жағдайда тұрғын үй иесі отбасына – бір рет 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде көрсетіледі.";
14 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Әлеуметтік көмек көрсету:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерге кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Созақ аудандық мәслихат төрағасы | О. Жәмиев |