Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Атырау облысы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 265 "Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4534 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
келесі мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
"4-1) арзандатылған баға – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын әр адамға белгіленген шекті сауда үстемесі шегінде ай сайын белгіленетін жеңілдікпен сатып алатын баға;";
келесі мазмұндағы 5-1), 5-2), 5-3) және 5-4) тармақшалармен толықтырылсын:
5-1) "әлеуметтік әмиян" – жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлауға (хабархат), есепке алуға және алуға (көрсетуге) арналған ақпараттандыру объектісі;
5-2) жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсіпкерлерді және жеке практикамен айналысатын адамдарды, заң консультанттарын қоспағанда, жеке тұлғалардың бақуаттылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер немесе өзге де мемлекеттік қолдау нысандары;
5-3) мамандандырылған ұйым – агроөнеркәсіптік кешен салаларын тұрақты дамыту, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін бәсекелестік нарықта жоқ немесе мардымсыз көрсетілетін жекелеген қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының немесе агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің шешімі бойынша құрылған немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) ұйым;
5-4) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;";
келесі мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"7-1) тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесі – Ұлттық тауарлар каталогын қолдана отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы ақпаратты жинауға және өңдеуге арналған тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесінің кіші жүйесі;
7-2) цифрлық азық-түлік ваучері – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде жеңілдік түрінде берілетін мақсатты қолма-қол ақшасыз қолдау;";
15-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"15. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарығын тұрақтандыру мақсатында жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың мынадай тетіктерін іске асырады:
1) тұрақтандыру қорларының қызметі;
2) кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу үшін қарыз беру.";
19-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"19. Мамандандырылған ұйым ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді форвардтық шарттар шеңберінде:
ағымдағы қаржы жылының 1 қазанына дейін келесі жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде халықты ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін;
ағымдағы қаржы жылының 1 ақпанына дейін келесі жылдың қысқы-көктемгі кезеңінде халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды жүзеге асырады.";
21-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"21. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде көкөніс өнімдерін жеткізу мамандандырылған ұйым жұмыс органымен бірлесіп маусымаралық кезеңде (қысқы-көктемгі кезең: қаңтар, ақпан, наурыз; көктемгі-жазғы кезең: сәуір, мамыр, маусым) қалыптастыратын график негізінде не ішкі нарыққа реттеушілік әсер ету қажет болған жағдайда басқа кезеңдерде жүзеге асырылады.";
24-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"24. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мамандырылған ұйыммен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, жергілікті атқарушы орган мен мамандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халыққа мынадай ақпаратты жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді:
1) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының, тауарлық интервенцияларды жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін, көрсете отырып, форвардтық сатып алуды жүргізу тәртібі, оның басталғаны және нәтижелері туралы;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен өткізетін сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін көрсете отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі, оны берудің басталғаны және нәтижелері туралы;
3) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын "әлеуметтік әмиян" арқылы цифрлық азық-түлік ваучерлерін пайдалана отырып арзандатылған бағамен өткізетін және кәсіпкерлік субъектілерінің сауда объектілерінің орналасқан жерлері тізбесін көрсете отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі, сондай-ақ оны іске асырудың басталғаны және нәтижелері туралы.".
келесі мазмұндағы 24-1 және 24-2-тармақтармен толықтырылсын:
"24-1. Мамандырылған ұйым бағаны тұрақтандыру мақсатында сатып алатын көкөніс өнімдерінің (қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз) көлемі Комиссияның шешіміне сәйкес өңірлік сұраныс негізінде облыс халқының (қалалық немесе жалпы) үш айлық қажеттілігінің кемінде 30 пайыз мөлшерінде айқындалады.
24-2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның Тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.";
25-тармақ алынып тасталсын;
40-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"40. Мамандандырылған ұйым өңірлік тұрақтандыру қорын уақтылы жаңарту мақсатында тұрақты негізде бейнебақылау жүйелерін қолдана отырып, өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарларын сақтау мерзімдерін қамтамасыз етеді.";
45-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"45. Жұмыс органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне Комиссия сұраныс пен ұсыныстың өңірлік теңгерімі (өндіріс көлемі мен азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу, олардың қозғалысы, қорлардың болуы), егіс алқаптары (жоспарлы), болжамды өнім, өткен күнтізбелік жылдағы қалыптасқан бағалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны туралы мәліметтер және өзге де деректер негізінде айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес қарыз береді. Қарызды беру қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық шарттарында қарыз шарты жасасу жолымен жүзеге асырылады.";
47-тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"47. Бағаны тұрақтандыру мынадай жолдармен қамтамасыз етіледі:
1) мамандандырылған ұйымның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төмендетілген бөлшек/көтерме бағаларды белгілеуі;
2) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін пайдалана отырып арзандатылған бағамен өткізу.";
келесі мазмұндағы 47-1-тармақпен толықтырылсын:
"47-1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға монетарлық емес мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мамандандырылған ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне (сауда объектілеріне) тиісті өңірдегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын ескере отырып, Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындайтын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу үшін қарыздар береді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны мен мәртебелері туралы деректерді өзектендіруді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жүзеге асырады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыға электрондық үкімет порталының eGov Mobile қосымшасы арқылы SMS-хабарлама түрінде хабарландыру жіберіледі, онда цифрлық азық-түлік ваучерін алуға келісімін не бас тартуын растау сұралады.
Келісім расталған жағдайда цифрлық азық-түлік ваучері "әлеуметтік әмиян" арқылы есепке алынады және тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын арзандатылған бағамен сатып алу үшін пайдаланылады.
Цифрлық азық-түлік ваучерлері ай сайын, есептік айдың алдындағы айдың соңғы күніне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын отбасының әрбір мүшесіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ақы төлеу сауда объектісінің кассалық жабдығында QR-кодты оқу (сканерлеу) арқылы жүргізіледі.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бүкіл тізбесін іске асыру цифрлық азық-түлік ваучері есебінен берілетін жеңілдік ескеріле отырып, арзандатылған бағамен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын таңбалау оларды сәйкестендіруге арналған арнайы жапсырмалармен (стикерлермен) жүзеге асырылады.
Кассалық жабдықты "әлеуметтік әмиянмен" интеграциялау жүзеге асырылады.
Тауарларды арзандатылған бағамен өткізу туралы есеп мынадай тәртіппен ұсынылады:
1) мамандырылған ұйымдар жиынтық есептерді электрондық нысанда жұмыс органына жолдайды;
2) жұмыс органы жиынтық ақпаратты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынады.".
2. "Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін электронды түрде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Атырау облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | Б. Ақшолақов |