ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы шешімнің қолданысқа енгізілу тәртібін 4- тармақтан караңыз.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына сәйкес Екібастұз қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Екібастұз қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясына жүктелсін.
3. "Екібастұз қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Эталондық бақылау банкінде нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде жариялау;
2) осы шешімді оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім 2026 жылдың 1 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
| Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы | Н. Макраев |
| Екібастұз қалалық мәслихатының 2026 жылғы 9 сәуірдегі № 328/42 шешіміне қосымша |
Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) Павлодар облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсетілетін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексінің 71–бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасы "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек біржолғы және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылда бір рет, жылына бір рет) Екібастұз қаласында тұрақты тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мерекелік және атаулы күндердің тізбесі:
1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;
2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;
3) 26 сәуір – радиациялық авариялар мен апаттардың салдарын жоюға және осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күні;
4) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні;
5) 9 мамыр – Жеңіс күні;
6) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;
7) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні;
8) 1 қазан – Қарттар күні;
9) 25 қазан – Қазақстан Республикасының күні;
10) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар Павлодар облысының әкімдігі бекіткен, қағидалар негізінде өз қызметін іске асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Екібастұз қаласында тұрақты тіркелген және тұратын келесі санаттар қатарындағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетеді:
1) мереке күндері мен атаулы күндерге орай алушылардан өтініштерді талап етпей табысын ескермей біржолғы әлеуметтік көмек:
1.1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ( бұдан әрі – КСР Одағы) аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1.2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көпбалалы аналарға (отбасыларға) 5 (бес) АЕК мөлшерінде;
1.3) 26 сәуір – Радиациялық апаттар мен апаттардың салдарын жоюға және осы апаттар мен апаттардың құрбандарын еске алуға қатысушылар күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқандарға, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1.4) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1.5) 9 мамыр – Жеңіс күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) 50 (елу) АЕК мөлшерінде;
1.6) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
сотпен немесе Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;
Социалистік Еңбек Ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлеріне 10 (он) АЕК мөлшерінде;
"Қазақстанның Еңбек Ері", "Халық қаһарманы" атағына ие болған адамдарға 10 (он) АЕК мөлшерінде;
1.7) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;
Қазақстан Республикасының колледждерінде ақылы негізде оқитын, абилитация және оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігінен үзінді көшірмесі бар, мүгедектігі бар адамдарға 30 (отыз) АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде;
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын, абилитация және оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігінен үзінді көшірмесі бар, мүгедектігі бар адамдарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде;
1.8) 1 қазан – Қарттар күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерінен төмен алатын азаматтарға 2 (екі) АЕК мөлшерінде;
зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған азаматтарға 3 (үш) АЕК мөлшерінде.
1.9) 25 қазан – Қазақстан Республикасының күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде;
екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 (бес) АЕК мөлшерінде.
1.10) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне Мемлекеттік корпорацияның және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның тізімі негізінде:
Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқан азаматтарға 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде;
2) жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін), екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелерінде 20 таңбалы ағымдағы шоттың ашылғандығы туралы хабарламаны, мәртебені растайтын құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде 50 (елу) АЕК мөлшерінде емдеуге ( сауықтыруға) біржолғы әлеуметтік көмек:
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 5-бабында көрсетілген өзге мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқандарға, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және олардың балаларына;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан, мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты адамдарға, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;
3) жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін), екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелерінде 20 таңбалы ағымдағы шоттың ашылғандығы туралы хабарламаны, мәртебені растайтын құжатты, санаторий - курорттық емдеу алу туралы растайтын құжаттарды ( орындалған жұмыстар актісін, шот - фактураны) қоса бере отырып өтініш негізінде мүгедектігі бар адамдарды алып жүретіндерге әлеуметтік көмек:
Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжатқа қоса санаторий-курорттық ем алғандығын дәлелдейтін құжаттарын (орындалған жұмыстар акті, шот фактура) бере отырып, өтініш негізінде санаторий-курорттық емделуін алуға мүгедектігі бар адамның абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірмесі бар, мүгедектігі бар балаларға санаторий-курорттық емделуге еріп жүретін адамның тамақтануы, жол жүруі және тұруына – бір рет табысын ескермей 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;
Үлгілік қағидалардың 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжатқа қоса санаторий-курорттық ем алғандығын дәлелдейтін құжаттарын (орындалған жұмыстар акті, шот фактура) бере отырып, өтініш негізінде жеке көмекшінің қызметін және санаторий-курорттық ем алуға мүгедектігі бар адамдың абилитациясы және оны оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жұріп - тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға бір рет табысын ескермей санаторий-курорттық емделуге еріп жүретін адамның тамақтануы, жол жүруі және тұруына – 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде;
4) жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін), екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелерінде 20 таңбалы ағымдағы шоттың ашылғандығы туралы хабарламаны, мәртебені растайтын құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде тоқсан сайын коммуналдық қызметтерді төлеуге ( коммуналдық қызметтерді төлеуге) 10 ( он) АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек:
Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 5-бабында көрсетілген өзге мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқандарға, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және олардың балаларына;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан, мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты адамдарға, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;
5) дүлей апаттың және (немесе) өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның (олардың) мүлкіне зиян келуіне байланысты әлеуметтік көмек – ең төменгі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қажетті, атап айтқанда тұрғын үй, пәтер немесе уақытша (маусымдық) тұруға арналған құрылым (меншігінде бір бірліктен астам тұрғын үйі (пәтері, үйі) бар азаматтарды (отбасыларды) қоспағанда) дүлей апаттың және (немесе) өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның (олардың) мүлкіне зиян келуіне байланысты азаматтарға (отбасыларға) біржолғы 100 АЕК мөлшерінде жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты, неке қию немесе бұзу туралы куәлікті немесе некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы, отбасының барлық мүшелеріне тұрғын үйдің (Қазақстан Республикасы бойынша) болуы немесе жоқтығы туралы анықтаманы, дүлей апаттың және (немесе) өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне келтірілген залал фактісін растайтын құжатты (алты ай ішінде жарамды), өрт туралы актіні (Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының хаты), екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелерінде 20 таңбалы ағымдағы шоттың ашылғандығы туралы хабарламаны, дүлей апаттың және ( немесе) өрттің салдарынан келтірілген залалдың фотосын қоса бере отырып өтініш негізінде;
Дүлей апаттың және ( немесе) өрттің салдарынан біржолғы әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия анықтайды және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
6) әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуына байланысты әлеуметтік көмек:
жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжатты (жеке басты сәйкестендіру үшін), екінші деңгейдегі банктерде, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдарда, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелерінде 20 таңбалы ағымдағы шоттың ашылғандығы туралы хабарламаны, мәртебені растайтын құжатты қоса бере отырып өтініш негізінде қатерлі ісіктері бар адамдарға бір рет 10 (он) АЕК мөлшерінде;
Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Екібастұз бөлімшесі ұсынған тізімі негізінде адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған адамдарға біржолғы 10 (он) АЕК мөлшерінде;
Екібастұз қаласы емханалары ұсынған тізімнің негізінде туберкулезбен ауыратын амбулаториялық емделу кезеңіндегі адамдарға ай сайын 10 (он) АЕК мөлшерінде;
Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Екібастұз бөлімшесі ұсынған тізімі негізінде адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға ай сайын тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде;
7) ақшалай нысанда әлеуметтік көмек:
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға біржолғы 10 (он) АЕК мөлшерінде;
пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға біржолғы 10 (он) АЕК мөлшерінде.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
8. Әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі Үлгілік қағидалардың 12-20 тармақтарына сәйкес анықталады.
9. Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері ұйымдарға сұрау салу, адамдардың өтініштері негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерден қалыптастырылады.
Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек күнтізбелік жылы бір рет тағайындалады. Бірнеше негіздер болған кезде мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір негіз бойынша тағайындалады.
10. Әлеуметтік маңызы бар ауру болған кезде әлеуметтік көмек алушылардың тізімдерін Денсаулық сақтау ұйымдары жеке сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын, әкесінің атын және банктік шотын көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығының әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінде белгіленген аурулардың халықаралық сыныптамасының кодтарына сәйкес электрондық түрде ұсынады.
Әлеуметтік маңызы бар ауру болған кезде әлеуметтік көмек алушылардың тізімдерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратқа мәліметтерді жатқызу және онымен жұмыс істеу Қағидаларына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары электрондық түрде ұсынады.
Бірнеше санатқа жататын адамға әлеуметтік маңызы бар ауру болған кезде әлеуметтік көмек әрбір негіз бойынша төленеді.
11. Әлеуметтік көмектің бір түрі бойынша біржолғы әлеуметтік көмек, төлем мерзімділігі бірдей, Қазақстан Республикасы бойынша жылына бір рет көрсетіледі.
12. Дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
13. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Екібастұз қаласының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
15. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
16. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
17. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
18. Үлгілік қағидалардың 28-32 тармақтарына сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды
19. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.