Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, Ұлытау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Ұлытау облысының дін істері басқармасының "Діндерді зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары осы қаулыға қосымшаға сәйкес белгіленсін.
2. "Ұлытау облысы экономика басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
| Ұлытау облысының әкімі | Д. Рыспеков |
| Ұлытау облысы әкімінің 2026 жылғы " 08 " сәуірдегі №32/01 қаулысына қосымша |
Ұлытау облысының дін істері басқармасының "Діндерді зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлытау облысының дін істері басқармасының "Діндерді зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы, 3) тармақшасының негізінде әзірленді және Ұлытау облысының дін істері басқармасының "Діндерді зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 37) тармақшасына сәйкес жалақы-қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасы мен жағдайларына, сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы төлемдерге байланысты еңбегі үшін сыйақы.
3. Мемлекеттік басқару органы – жарғыға сәйкес коммуналдық мемлекеттік мекеменің уәкілетті органы болып табылатын тиісті саладағы мемлекеттік мекеме.
4. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеуге арналған бюджет қаражаты мемлекеттік ұйымды қаржыландыру жоспарында әрбір қаржы жылында көзделуге тиіс.
2 тарау. Қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу шарттары
5. Ынталандырушы үстемеақылар персоналды ынталандыру және білікті кадрлар құрамын сақтау мақсатында белгіленетін төлемдер болып табылады.
6. Осы қаулыда көрсетілген бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысында көзделген материалдық көмектің және ынталандырушы төлемдердің бұрыннан бар түрлеріне қосымша төлемдер болып табылады.
7. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың өзге түрлерін (лауазымдарды қоса атқарғаны үшін сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар, қамту аймағын кеңейткені үшін, үстеме ақылар және т. б.) төлеуді тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
8. Бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлеу күнтізбелік жыл ішінде жүзеге асырылады.
9. Ынталандырушы үстемеақылар еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.
10. Жергілікті бюджет бюджеттік ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар төлемдерін қаржыландыру көзі болып табылады.
11. Мемлекеттік басқару органы ведомстволық бағынысты ұйымның бірінші басшысының ұсынысы негізінде ведомстволық бағынысты ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілейді.
3-тарау. Қызметкерлердің лауазымдық жалақыларына ынталандырушы үстемеақылар белгілеу тәртібі
12. Мемлекеттік басқару органы ынталандырушы үстемеақылардың белгіленген мөлшерінің негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік өтінімді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.
13. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жергілікті бюджеттен ынталандыру үстемелерін төлеуді жүзеге асыру үшін қажетті бюджет қаражатын көздейді және бюджет жобасын Ұлытау облысының мәслихатына жібереді.
14. Уәкілетті орган ынталандырушы үстемеақылардың мөлшерін белгілегеннен кейін коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы қызметкерлерге ынталандырушы үстемеақылар төлеу туралы бұйрық шығарады.
15. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде өз қызметкерлеріне еңбек және/немесе атқарушылық тәртіпті бұзған жағдайда ынталандырушы үстемеақы төлеуді тоқтату туралы бұйрық шығарады
16. Ынталандырушы үстемеақылар Ұлытау облысының дін істері басқармасының "Діндерді зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне 100% көлемінде төленеді.
17. Ынталандырушы үстемеақылар қызметкер сынақ мерзімінде болған кезеңде төленбейді.