Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Бюджет және қаржылық рәсімдер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялауды және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агентігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы |
А. Саткалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
| Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 93 - н/қ бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабы 4-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік тапсырмалардың, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалардың тізбесі Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 93-бабына сәйкес бекітіледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де заңды тұлғаларға жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге және басқа да міндеттерді орындауға тапсырыс беру.
2) мемлекеттік тапсырманы орындаушы – Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мемлекеттік тапсырмасын республикалық бюджет қаражаты есебінен орындайтын, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға.
2-тарау. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік тапсырмасының құнын айқындау тәртібі
5. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік тапсырманың құны мынадай мынадай шығыстармен айқындалады:
1) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 103 – 112-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 138-бабына сәйкес мемлекеттік тапсырманы орындаушының штат кестесінде бекітілген, мемлекеттік тапсырманы тікелей жүзеге асыратын жұмыскерлерге еңбекақы төлеу (лауазымдық жалақы, қосымша ақылар, үстемеақылар, төлемдер, өтемақылар, ұжымдық шарттың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдер);
2) ел ішіндегі және одан тыс жерлердегі іссапар шығыстары;
3) тауарлар мен материалдарды сатып алуға арналған шығыстар (шығыс материалдары, қосалқы құралдар мен керек-жарақтар, арнайы киім, арнайы аяқ киім, жеке және ұжымдық қорғау құралдары, санитариялық-тұрмыстық құрылғылар, қосалқы материалдар мен тауар-материалдық қорлар, жинақтауыштар, кеңсе тауарлары);
4) негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстар;
5) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмысқа тартылған персоналға сүт және емдік-профилактикалық тағам беруге арналған шығыстар;
6) коммуналдық көрсетілетін қызметтер (суық су, ыстық су, ауыз су, техникалық су, теңіз суы, терең тазарту дистилляты, конденсатты қайтармау, газ, электр энергиясы, жылыту, кәріз, желдету және булы жылу энергиясы, коммуналдық қалдықтарды шығару);
7) байланыстың көрсетілетін қызметтері (қалалық телефон нөмірлері, қалааралық сөйлесулер, интернет желісіне қол жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер, спутниктік байланыс бойынша көрсетілетін қызметтер, байланыстың өзге де түрлері);
8) жанар-жағармай материалдары;
9) ғимараттарды, құрылыстар мен жабдықтарды ағымдағы жөндеу;
10) зиянды және (немесе) қауіпті заттармен және өндірістік факторлармен жұмыс істейтін персоналды міндетті медициналық қарап-тексеруден өткізуге арналған шығыстар;
11) шалғайдағы объектілердегі жұмыскерлерге медициналық қызмет көрсетуге арналған шығыстар;
12) өзге де шығыстар (жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға, қызметі үшінші адамға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, міндетті экологиялық сақтандыруға, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, дезинсекция, дезинфекция, дератизация, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсетуге, қауіпті техникалық құрылғылардың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге, аттестаттау үшін экологиялық мониторинг, сертификаттау үшін санитариялық-гигиеналық зерттеулер жүргізу, фармакологиялық және бактериологиялық зертханалардың қызметтері, қорық аймағында байланыстың кабельдік желісін орналастыру бойынша орындар беру, бөгде ұйымдардың қызмет көрсетуіне, күзеттің көрсетілетін қызметтеріне, көлікке техникалық қызмет көрсетуге, көліктің көрсетілетін қызметтеріне (автомобиль көлігін жалға алу), күл-қож қалдықтарын шығару бойынша көрсетілетін қызметтерге, банктік қызметтер көрсетуге, өлшеу құралдарын метрологиялық аттестаттауға, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша аттестаттауға, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауға, мерзімдік көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарға, сондай-ақ мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру үшін тікелей қажетті бір жолғы сипаттағы көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарға арналған шығыстыр);
13) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
14) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, оның ішінде әлеуметтік салық, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес қосылған құн салығы.
6. Шығыстар құжаттармен (есептеулермен, кемінде үш баға (коммерциялық) ұсыныстарымен не шарттармен, негізгі құралдардың нақты болуы, шығарылған және тозған жылдары ақпаратпен, ағымдағы қаржы жылындағы ақаулық актісімен және ағымдағы жөндеу жөніндегі сметалық құжаттамамен) негізделіп, расталады.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің уранға қатысты қазақстандық кадрлар мен өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік тапсырмасының құнын белгілеу тәртібі
4. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің уранға қатысты қазақстандық кадрлар мен өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік тапсырмасының құны мынадай шығыстармен белгіленеді:
1) мемлекеттік тапсырманы орындаушының штат кестесімен бекітілген, мемлекеттік тапсырманы тікелей жүзеге асыратын жұмыскерлерге еңбекақы төлеу (лауазымдық жалақы; зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары, ауыр еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар, сыныптылығы үшін жүргізушілерге үстемеақылар, экологиялық төлемдер, үстеме жұмыс уақытында, демалыс және (немесе) мереке күндері, түнгі уақытта, бос болған кезеңде жұмыс істегені үшін ақы төлеу, Қазақстан Республикасының Еңбек және өзге де заңнамасында көзделген өтемақы төлемдері, сондай-ақ ұжымдық шарттың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған);
2) ел ішіндегі іссапар шығыстары;
3) орындаушыда офистік үй-жай болмаған жағдайда офистік үй-жайды жалға алу шығыстары;
4) басқа да шығыстар (аударма қызметтерін, мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстар);
5) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
6) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, оның ішінде әлеуметтік салық, қосылған құн салығы;
7) мемлекеттік тапсырманы орындауға тиісті коммуналдық қызметтердің үлесі.
5. Шығыстар құжаттармен (есептеулермен, кемінде үш баға (коммерциялық) ұсыныстарымен не шарттармен) негізделеді және расталады.