Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2025 жылғы 11 шілдедегі № 171-НҚ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36443 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес, Ұлытау облыстық маслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ұлытау облысында ортақ су пайдаланудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес белгіленсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы | Б. Шингисов |
| Ұлытау облыстық мәслихатының XXIX сессиясының 2025 жылғы 26 қарашадағы № 280 шешіміне қосымша |
Ұлытау облысында ортақ су пайдаланудың қағидалары
1. Осы Ұлытау облысында ортақ су пайдаланудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2 тармақшасына, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2025 жылғы 11 шілдедегі № 171-НҚ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36443 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың Ұлытау облысының аумағында ортақ пайдаланылатын су объектілерінде ортақ су пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Ортақ су пайдалануды жеке тұлғалар рекреацияға, туризмге, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға және шаруашылық немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес бос уақыттың өзге де нысандарына, сондай-ақ жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырады.
3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
4. Ортақ су пайдалану кезінде су объектілерін пайдалану су объектісінің ажырамас бөлігі болып табылатын жария су сервитуты шеңберінде жүзеге асырылады.
5. Жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалардың ортақ су пайдалану құқығын жүзеге асыру мақсатында:
1) су обьектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
2) ортақ су пайдалану су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды айқындайды;
3) әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су объектілерінің және (немесе) учаскелерінің және іргелес жағалау белдеуінің учаскелерін айқындайды;
4) халыққа ортақ су пайдалану бойынша орнатылған шектеулер мен тыйымдар туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.
6. Су объектісіне тікелей қолжетімділік болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қоғамдық сервитут орнатады.
7. Шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жариялануға жатады және су объектілерінің жағалауында арнайы ақпараттық белгілер орнату арқылы танысуға қолжетімді болуға тиіс.
8. Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін су объектілерін пайдалану санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде және суару алаңдары мен су объектілерін ластау мен кірлетудің алдын алатын басқа да құралдар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
9. Балық шаруашылығы су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, аталмыш су объектісінде көл-тауар шаруашылығын жүргізу құқығы берілген тұлғаларға ұйымдастырылады.
10. Ортақ су пайдалану объектілерін пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:
1) су объектілеріне жеке тұлғалардың қолжетімділігін шектейтін қоршауларды, шлагбаумдарды, тыйым салатын белгілерді және басқа да құралдарды өздігінен орнату;
2) су объектілерін ластау және кірлету;
3) шомылуға арналған жерлерде көлікті жуу, киім жуу және жануарларды шомылдыру;
4) арнайы ақпараттық белгілер орнатылған, ескерту немесе тыйым салу жазулары бар жерлерде шомылу;
5) арнайы ақпараттық белгілерді өздігінен алып тастау, зақымдау немесе жою;
6) жанармай және майлау материалдарын сақтау;
7) көлікті жанармаймен қамтамасыз ету, жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;
8) су объектілерінде және олардың жанында кәмелетке толмаған балаларды ересектерсіз қалдыру.