Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы", "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес және "Шымкент қаласының басқару схемасы туралы" 2018 жылғы 22 маусымдағы № 31/252-6с Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Шымкент қаласы мәслихатының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі № 29/259-VIII шешімі негізінде Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі құрылсын.
2. "Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
3. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мирасқоры болып берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде "Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасы" мемлекеттік мекемесі айқындалсын.
4. "Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жіберуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурстарында орналастыруды;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Шымкент қаласының әкімі | Ғ. Сыздықбеков |
| Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы "9" қазандағы № 5553 қаулысына 1 - қосымша |
"Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) ішкі саясат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. "Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат шағын ауданы, "Nursultan Nazarbaev" даңғылы 10, индекс 160023.
10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекетік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Басқарманың мақсаты: қаладағы конфессияаралық келісім, азаматтық қоғам институттарын қолдау мен дамытуға, қаланың ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру болып табылады.
14. Басқарманың өкілеттіктері:
1) құқықтары:
Мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
Басқарманың қарамағындағы ұйымдарға, мемлекеттік мекемеге міндетті орындауға жататын тапсырмалар беруге;
Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау органдарымен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға.
Басқарманың кұзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және өзге де отырыстар өткізу.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ қала әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау.
15. Функциялары:
1) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастырады, орналастырады және оның жүзеге асырылуын бақылайды;
3) өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесі негізінде өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
4) қазақстандық патриотизмді, конфессияаралық келісім мен этносаралық тағаттылықты нығайту жөнінде шаралар қолданады;
5) "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңы 8 - бабы 3 - тармағына сәйкес, функцияларды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын (тігілуін, орналастырылуын) бақылауды жүзеге асырады;
7) тұрғындар арасында теле, радио бағдарламалардың кешенді талдауын және экспресс-талдауын жүргізеді;
8) үкіметтік емес ұйымдардың қызметтеріне талдау жүргізу арқылы ортақ тенденцияларды анықтау және қоғамдағы қоғамдық-саяси ахуал жағдайларын болжайды;
9) қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды реттеуде биліктің барлық тармақтарымен өзара әрекет ету қағидаттарын қалыптастырады;
10) Шымкент қаласының аумағындағы саяси партияларға, қоғамдық-саяси ұйымдарға және олардың филиалдарының қызметіне тұрақты мониторинг жүргізеді;
11) саяси партиялармен, қоғамдық-саяси ұйымдармен және олардың филиалдарымен өзара әрекеттесу, Шымкент қаласының аумағында қоғамдық ұйымдармен өткізілетін іс-шараларға қатысады;
12) үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау және олармен Шымкент қаласының аумағында өткізілетін іс-шараларға қатысады;
13) ішкі саяси үдерістерге тұрақты мониторинг барысында алынған ақпаратты талдайды;
14) қоғамдық жерлерде (саябақтар, шағын гүлбақтар), мәдениет ескерткіштері мен монументтерге, ғимараттарға, құрылыстарға іргелес аумақтарда, сондай-ақ Шымкент қаласының көшелерінде бұқаралық-мәдени іс-шаралар өткізуге өтініштерді қарастырады;
15) әлеуметтік зерттеулер жүргізеді;
16) қоғам тіршілік әрекетінің барлық негізгі бағыттары бойынша нақты ұсыныстар жасайды;
17) мемлекеттің идеологиялық тапсырмаларын орындау аясында Шымкент қаласының ақпараттық-насихаттау топтары мүшелерін әдістемелік материалдармен ақпараттық қамтамасыз ету, тұрғындармен кездесу арқылы ақпараттық-насихаттау іс-шараларын өткізеді;
18) алынған мәліметтер негізінде талдамалық баяндамалар, есептер және жазбалар дайындайды;
19) Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің саясатын іске асырады;
20) өңірдің ұлттық, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық мүдделерін білдіру қажеттігін ескере отырып, қалалық Ассамблеяның құрылымы мен құрамын анықтау құзыретін қамтамасыз етеді;
21) қалалық Ассамблеяның сессиясы мен кеңесін өткізуді және олардың құзыреттерін іске асыруды қамтамасыз етеді;
22) қалалық этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы негізінде Ассамблея мүшелігіне кандидатуралар ұсынады;
23) қаладағы этносаралық қатынастардың жай-күйі және оларды нығайту перспективалары туралы ақпарат жинайды және ұсынады;
24) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық және этномәдени бірлестіктермен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, этносаралық толеранттылық, қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ел бірлігін, қазақстандық азаматтық біртектілік пен отансүйгіштікті нығайту жұмыстарын үйлестіреді;
25) этносаралық келісімге бағытталған семинарлар, конференциялар өткізу, ағартушылық және баспа қызметтерін ұйымдастыру, этномәдени қоғамдық бірлестіктерге әдістемелік, ұйымдастырушылық және құқықтық көмек көрсетеді;
26) қалалық Ассамблеяның Қоғамдық келісім кеңесін құру бойынша жұмыстарды жүргізеді және оның қызметін қамтамасыз етуді үйлестіреді.
3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқармада басқаруды басқарма бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала әкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарма бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
19. Басқарма бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;
2) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерін, сондай-ақ, қарамағындағы ұйымдардың басшыларын және олардың орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
3) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Басқарма қызметкерлерінің, Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың басшыларының міндеттері мен уәкілеттіктерін анықтайды;
4) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;
5) Басқарманың атынан әрекет етеді;
6) сенімхаттар береді;
7) өз уәкілеттігі шегінде барлық Басқарма қызметкерлеріне және қарамағындағы ұйымдардың басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды және нұсқаулар береді;
8) Басқарма қызметкерлеріне, қарамағындағы ұйымдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сыйақы шараларын белгілейді және тәртіптік жаза қолдана алады;
9) Басқарманың ішкі еңбек тәртібін бекітеді;
10) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы"Қазақстан Республикасының Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
11) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
12) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының орындалуына дербес жауапты болады;
Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай- ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) "Шымкент ақпарат орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
2) Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының "Өңірлік коммуникациялар қызметі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
3) Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.