ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 42-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кірістер органдары нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік және орыс тіліндегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды және ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Қаржы министрі | М. Такиев | 
| Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 2 қазандағы № 560 бұйрығымен бекітілді | 
Мемлекеттік кірістер органдары нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік кірістер органдары нышанының сипаттамасы және оны пайдалану тәртібі (бұдан әрі – Сипаттамасы мен Тәртібі) Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 42-бабы 4-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және Мемлекеттік кірістер органдары нышанының сипаттамасын және оны пайдалану тәртібін айқындайды.
2-тарау. Нышанның сипаттамасы
2. Мемлекеттік кірістер органдарының нышаны алтын реңдегі көп қырлы жұлдызды білдіреді.
3. Көп қырлы жұлдыздың ішінде қою көк түсті жартылай шеңбер орналасқан, шеңбердің төменгі жағында алтын түсті "Мемлекеттік кірістер комитеті" деген жазуы бар.
4. Шеңбер ішінде:
1) мәңгілік биіктікті, ұшудың еркіндігін және жоғарыға бағытталған қозғалысты білдіретін, ұшқан құс түріндегі ұлттық өрнек орналасқан;
2) "Шаңырақ" – логотиптің ортасы болып табылады, сол арқылы халықтың бірлігі және ұлттық құндылықтары білдіріледі.
3) "Бәйтерек" – халықтың даналығын, беріктігін және жетістігін білдіретін нышандардың бірі болып табылады.
5. Нышанның графикалық бейнесі осы Сипаттама мен Тәртіпке қосымшада келтірілген.
3-тарау. Нышанды пайдалану тәртібі
6. Нышанды мемлекеттік кірістер органдары қолданады және баспа және өзге де ақпараттық және білім беру өнімдерінің, сондай-ақ құжаттардың және мемлекеттік кірістер органдарының иелігіндегі көлік құралдарының өзге түрлерінде пайдаланылады.
| Мемлекеттік кірістер органдары нышанының сипаттамасына және оны пайдалану тәртібіне қосымша | 
Мемлекеттік кірістер органдары нышанының графикалық бейнесі

