"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) жоғарыда көрсетілген Ережені аумақтық уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін Эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы қаулыны Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | М. Сұлтанғазиев |
| Алматы облысы әкімдігінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 394 қаулысына қосымша |
"Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) облыс аумағында мәдениет, архивтер және құжаттама саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040800, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, 1 ықшам ауданы 45 "г" әкімшілік ғимараты.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қзаақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Алматы облысының жергілікті бюджетінен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Басқарма заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) мәдениет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүргізу.
2) архивтер және құжаттама саласындағы мемлекеттік реттеуді жүргізу;
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;
2) міндеттері:
заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;
оперативті басқару құқығымен қарасты мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;
басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелерді және кәсіпорындарды құру, қайта құру, қайта атау және тарату бойынша облыс әкімдігіне ұсыныстар енгізу және олардың Жарғыларын (ережелерін) бекіту, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
15. Функциялары:
1) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен театр, цирк, музыка өнері және кино өнері, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығы, кітапхана және музей ісі саласында облыстың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады, таратады;
3) орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінің, облыстың жергілікті атқарушы органдарының және аудан әкімі аппараттарының, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарының Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) театр, цирк, музыка өнерін және кино өнерін, мәдени-демалыс қызметі мен халық шығармашылығын, кітапхана және музей ісін дамыту бойынша облыстың мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін қолдайды және үйлестіреді, облыстың мәдениет саласындағы мекемелерінің қызметін қамтамасыз етеді;
5) шығармашылық қызметтің түрлі салаларында облыстық (өңірлік) байқаулар, фестивальдер және конкурстар өткізуді ұйымдастырады;
6) уәкілетті органмен келісім бойынша шығармашылық қызметтің түрлі салаларында республикалық конкурстар мен фестивальдер өткізуді ұйымдастыруға құқылы;
7) өңірлік көркемдік кеңестер құрады және олар туралы ережелерді бекітеді;
8) облыстың мәдени құндылықтарын есепке алу, қорғау, консервациялау және реставрациялау, сондай-ақ пайдалану, елдің көрнекті мәдениет қайраткерлерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
9) мәдени құндылықтарды уақытша әкету жөнiндегi сараптама комиссиясын құрады және ол туралы ережені бекітеді;
10) тиісті аумақта орналасқан мәдениет ұйымдарының қызметіне мониторингті жүзеге асырады және уәкілетті органға ақпарат, сондай-ақ белгіленген нысанда статистикалық есептер береді;
11) облыстық деңгейде сауықтық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуді жүзеге асырады;
12) облыстың мемлекеттік мәдениет ұйымдарын аттестаттаудан өткізеді;
13) өз құзыреті шегінде мәдениет саласындағы коммуналдық меншікті басқаруды жүзеге асырады;
14) облыстың мәдени мақсаттағы объектілерінің құрылысы, реконструкциясы және жөнделуі бойынша тапсырысшы болады;
15) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен салттардың дамуына ықпал жасайды;
16) мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік береді;
17) көркем өнерпаздық ұжымдарына "Халықтық" ("Үлгілі") атағын беруге өтінімдерді қабылдайды;
18) облыстың мемлекеттік кітапханаларының біріне "Орталық" мәртебесін береді;
19) талантты жастарды және перспективалы шығармашылық ұжымдарды іздестіруге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады;
20) мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізуді жүзеге асырады;
21) ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимінің сақталуын қамтамасыз етеді;
22) Мәдениет басқармасының құзыреті шегінде мәдениетті дамыту саласындағы құқықтық актілерді, келісімдерді, меморандумдар мен шарттарды әзірлеу;
23) "Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
24) Мемлекет басшысының жарлықтары мен актілерінің, Үкіметтің нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Министрліктің және облыс әкімдігінің қаулылары мен бұйрықтарының орындалуын бақылауды қамтамасыз етсін.
25) мемлекеттік орган қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру үшін жағдай жасайды;
26) ашық деректер интернет порталында Алматы облысында жетекшілік ететін салалары бойынша жинақ ашық деректерді өзектендіруді қамтамасыз ету және орналастырады;
27) бюджет қаражаты көлемі шегінде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді қаржыландыруға мемлекеттік шығармашылық тапсырысты бекітеді;
28) мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың көрсетілетін қызметтерін берушілердің меншік нысанына, олардың ведомстволық бағыныстылығына, типтерімен түрлеріне қарамастан, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыруды қамтамасыз етеді;
29) электрондық және жалпыға қолжетімді форматтарда мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастырудың, оның сапасын бақылаудың және нысаналы игерілуінің барлық кезеңдерімен рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
30) облыстың аумағында архив iсi және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру;
31) облыстың мемлекеттік архивтерінің сақтауына қабылданған Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтауды, толықтыруды және пайдалануды ұйымдастыру;
32) облыстың мемлекеттік архивтерінде сақталатын Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттiк есепке алуды жүргiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету;
33) коммуналдық меншiктегi тарихи және мәдени құжаттық ескерткіштерді қорғау, оларды сақтау мен пайдалану;
34) құжаттардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
35) облыстың мемлекеттік архивтерінде сақталатын Ұлттық архив қорының құжаттары бойынша деректер қорын қалыптастыру;
36) облыстың аумағында архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелеріне ұйымдастырушылық-әдiстемелiк басшылық жасау;
37) Қазақстан Республикасы ұлттық архивінің және орталық мемлекеттік архивтердің жинақтау көздерін қоспағанда, облыстың аумағында Қазақстан Республикасының ұлттық архив қоры және архивтер туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау;
38) жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын орындауды ұйымдастыру;
39) сараптау-тексеру комиссиясы туралы ереженi бекiту;
40) ұлттық архив қорының құжаттарын мемлекеттiң, жеке және заңды тұлғалардың сұрауларын қанағаттандыру үшiн пайдалану;
41) облыстың тарихы бойынша архив құжаттарын жинау және қайтару;
42) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияларды құрады;
43) Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу және қорғау бойынша жұмыстар жүргізеді;
44) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;
45) мемориалдық тақталарды орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;
46) Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қоспағанда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қарайды және келiседi;
47) уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп таниды және оларды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады;
48) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде мәртебесінен айырады және оны Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастайды;
49) Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспары негізінде жүргізіледі.
50) Жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерінде жергілікті атқарушы органдарға жүктелген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Мемлекеттік органның, алқалы органдардың (бар болса) бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
18. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін өз құзыреті шегінде айқындайды;
2)Басқарма қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
3) Өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады;
4) Өз құзыреті шегінде Басқарманың мүдделерін мемлекеттік органдарда және басқа ұйымдарда білдіреді;
5) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілікте болады.
6) Басқарманың штат кестесін, жұмыс жоспарын, құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді, құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
7) бөлім басшыларын және бас мамандарды, мемлекеттік қызметші емес жұмысшыларды қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
8) қызметтік тәртіптің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
9) іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;
10) заңнамада белгіленген тәртіппен ведомстволық бағыныстағы ұйым басшысын тағайындайды және босатады;
11) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды, Басқарманың барлық қызметшілерінің орындауы міндетті болып табылатын нұсқаулар береді;
12) басқарманы мемлекеттік органдарда және басқа мекемелер мен ұйымдарда, сонымен қатар Қазақстан Республикасының барлық соттарында басқарма атынан әрекет етеді;
13) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шараларды қабылдауға жауапты және өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін заңда көздеген тәртіпте жауаптылықта болады;
14) басқарманың барлық қаржылық құжаттарына бірінші қол қою құқығына ие;
15) Мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Басқарманың мүддесін білдіреді;
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі
19. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқармада мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
20. Басқармада бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқармада өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
22. Басқармада қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
1) "Алматы облысының мемлекеттік архиві" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2) "Алатау әуендері" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
3) "Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
4) "Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
5) "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің "Атамекен тарихи-мәдени орталығы"" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
6) "Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
7) "Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
8) "Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
9) "Алматы облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы"коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
10) "Алматы облыстық музейлер бірлестігі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.