"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі "Бюджеттік жоспарлаудың қағидаларын бекіту туралы" № 208 бұйрығының 75-тармағына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36034 болып тіркелген) сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Алматы облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Алматы облысы әкімдігінің 2024 жылғы 2 шілдедегі "Алматы облысының Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібін және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ережені айқындау туралы" № 215 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6141-05 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. "Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін Эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыс әкімі | М. Сұлтанғазиев |
| Алматы облысы әкімдігінің 2025 жылғы "___" _______ № ____ қаулысына қосымша |
Алматы облысының Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже
1. Жалпы ереже
1. Осы Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 208 бұйрығы негізінде әзірленді.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) халық қатысатын бюджет – азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуы.
2) жобалық ұсыныс – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін Қазақстан Республикасы азаматы дайындаған және берген, іске асырылуы әкімдіктің (әкім аппаратының) құзыретіне жататын құжат.
3) дауыс беру – әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында электронды түрде немесе "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан
2. Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі
3. Облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі халық қатысатын бюджет шеңберінде тұрғындардың облыстық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша жобалық ұсыныстарын қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде Сараптамалық кеңесті құрады.
4. Сараптамалық кеңестің дербес құрамын облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі құрайды және бекітеді.
5. Сараптамалық кеңес төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және кеңес мүшелері құрамынан тұрады. Сараптамалық кеңес тақ саннан тұрады және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, тиісті аумақта қызметін жүзеге асыратын қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері. Сараптама кеңесінің төрағасы Кеңес құрамына ұсынылған адамдар арасынан сайланады.
Сараптамалық кеңесте мүшелікті тоқтату өз еркі бойынша немесе жаңа мүшені ұсынумен ұжымдық шешім бойынша жүзеге асырылады.
6. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы облыстық маңызы бар қаланың тұрғын үй-коммуналдық шарушылық бөлімі, аудандық маңызы бар қалалардың әкімі аппараттары болып табылады.
7. Сараптамалық кеңестің жұмысы отырыстарды өткізу арқылы жүзеге асырылады. Отырыстағы барлық шешімдер жиналғандар арасынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Егер отырысқа Сараптамалық кеңестің жалпы құрамынан жартысынан астамы қатысса, отырыс заңды болып саналады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда Сараптамалық кеңесі төрағасының шешімі шешуші мәні болады. Форс-мажорлық мән-жайлар жағдайында отырыстар қашықтан форматта өткізіледі, кейіннен кеңестің шешімі ресімделеді.
8. Сараптамалық кеңестің шешімі отырыс өткізетін күні шығарылады, хаттамамен рәсімделеді және оған төраға, төрағаның орынбасары, кеңес мүшелері және хатшы қол қойғаннан кейін әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Сараптамалық кеңестің функциялары:
1) жобалық ұсыныстың бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келуі туралы шешім қабылдау;
2) жобалық ұсыныстарды алдын ала қарастыруды өткізу;
3) жобалық ұсыныстарды дауыс беруге арналған тізбеге қосу бойынша шешім қабылдау;
4) халық қатысатын бюджет шеңберінде қаржыландырылатын жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысын бақылау, соның ішінде құрылымдық бөлімшелер басшыларының, коммуналдық кәсіпорындардың, мекемелер және ұйымдардың лауазымды тұлғаларының жобалық ұсыныстарды іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдау;
5) өз отырыстарын ашық өткізу, отырыс хаттамаларын әкімдік (әкім аппараты) интернет-ресурсында жариялау.
3. Жобалық ұсыныстарды беру тәртібі
10. Ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсында және масс-медиада жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты орналастырады.
Ресми интернет-ресурс болмаған кезде аудандық маңызы бар қала әкімінің аппараты жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты масс-медиа арқылы немесе тұрғындарды ақпараттандырудың қолжетімді құралдарын пайдалану арқылы таратады.
11. Тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан 1 наурызына дейін жүзеге асырылады.
Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурс болмаған кезде тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау жергілікті қоғамдастықтың жиындары арқылы жүзеге асырылады.
Халық қатысатын бюджеті шеңберінде мынадай іс-шаралар дауыс беруге шығарылады және әкімдік (әкім аппараты) іске асырады:
1) аумақты көгалдандыру;
2) тротуарларды жайластыру;
3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
4) ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер);
5) бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
6) қоқыс тастайтын жерлерді жою;
7) ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
8) аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;
9) санитарияны қамтамасыз ету.
12. Ағымдағы қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберінде халық қатысатын бюджетті іске асыруға бағытталатын шығыстардың ең төмен көлемі облыстық және аудандық маңызы бар қала үшін жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді, кредиттер мен қарыздарды қоспағанда, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" 07 функционалдық тобы бойынша жоспарланатын бюджет шығыстарының жылдық көлемінің 10 %-нан төмен болмауы тиіс.
13. Беру кезінде бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны:
1) облыстық маңызы бар қала үшін және (немесе) облыстық маңызы бар қаладағы аудан үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген он бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен;
2) аудандық маңызы бар қала үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір мың бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.
14. облыстық және аудандық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің қаражаты есебінен іске асыруға ұсынылатын жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:
1) ортақ пайдалану объектісі;
2) тиісті аумақтар тұрғындары үшін өзектілігі;
Бұл ретте, оларды бір қаржы жылы ішінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалық ұсыныстар басым болып табылады.
15. Жобалық ұсыныстар әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсына электрондық түрде "Халық қатысатын бюджет" бөліміне беріледі.
16. Автор кез келген сәтте өзінің жобалық ұсынысын қарастырудан ала алады.
17. Автор жобалық ұсынысқа шығыстардың шамаман алынған немесе нақты сметалық есебін, сондай-ақ жобаның суретін/эскизін/макетін/схемасын (оларды интернет-ресурстан пайдалануға болады) міндетті түрде қоса береді немесе автор жобалық ұсынысты берген сәтте интернет-ресурста жобаға эскиздерді және шығыстардың сметасын қамтитын үлгілік жобалық ұсыныстардың тізімінен жобалық ұсынысты іске асыруды таңдайды.
4. Өтінімдерді іріктеу тәртібі
18. Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімінің аяқталу қорытындысы бойынша келіп түскен жобалық ұсыныстарды Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 5 сәуіріне дейінгі мерзімде:
жобалардың қайталануының болмауына;
Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімдікте (әкім аппаратының) оларды іске асыру құзыреттілігінің болуы мәніне талдауды жүзеге асырады.
19. Іске асырылуы осы Ереженің 11, 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) дауыс беруді өткізу үшін ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.
20. Дауыс беруге жатпайтын жобалық ұсыныстар:
1) тұтас емес, фрагменттік сипаты бар (элементтердің бірін орындау болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етеді);
2) елді мекеннің даму басымдықтарына сәйкес келмейтін;
3) жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды іске асыруды көздейтін;
4) тиісті елді мекеннің құрамдас бөліктерінде осыған ұқсас іске асырылған жобалары бар жобалық ұсыныстар дауыс беруге жіберілмейді.
21. Тиісті елді мекендердің кәмелетке толған тұрғындары ағымдағы қаржы жылының 24 сәуіріне дейінгі мерзімде ұсынылған жобалық ұсыныстар бойынша ресми интернет-ресурсында электрондық түрде дауыс беруді жүзеге асырады.
Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурс болмаған кезде тиісті елді мекендердің тұрғындарының дауыс беруі жергілікті қоғамдастықтың жиындары арқылы жүзеге асырылады.
22. Дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін әкімдік (әкім аппараты) дауыс беру нәтижелерін шығарады.
Бұл ретте, облыстық маңызы бар қалада 20-ден кем, аудандық маңызы бар қалада 10-нан кем тұрғындар дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асырылуға жіберілмейді.
23. Дауыс беру нәтижелерінің негізінде Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 30 сәуірінен кешіктірмей тиісті шешім шығарады.
24. Дауыс беру нәтижелері мен Сараптамалық кеңестің шешімі әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
5. Жобалық ұсыныстарды іске асыру және ақпаратты жариялау
25. Сараптамалық кеңестің шешімі негізінде облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі өз құзыреті шегінде жобалық ұсыныстарды жүзеге асырады.
Халық қатысатын бюджеттің жобалық ұсыныстарын қаржыландыру тиісті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жобалық ұсыныстарды іске асыру жөніндегі бюджеттік есептерді жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды.
26. Жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста міндетті түрде орналастырылуға жатады.
Қоғамдастық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұрғындар жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысымен танысады және олардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
27. Әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсын және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды іске асыру және оларды қаржыландыруға байланысты құралдарды пайдалану туралы ақпаратты жаңартады.
28. Облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері халықпен кездесу барысында оларды халық қатысатын бюджеттер шеңберінде іске асырылатын жобалық ұсыныстар туралы хабардар етеді.