БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру және олардың қызметіне процестік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 220 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 10761 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру және олардың қызметіне процестік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықта:
мынадай мазмұндағы 7 және 8-тараулармен толықтырылсын:
"7-тарау. Тергеушінің көмекшілері
68. Тергеушінің көмекшілері қылмыстық істерді дайындау, жүргізу және сүйемелдеу барысында жәрдем көрсету, процестік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және тергеу бөлімшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында тағайындалады. Бұл ретте тергеушінің көмекшісі дербес процестік өкілеттіктерге ие болмайды және тек тергеушінің тапсырмалары шеңберінде әрекет етеді.
69. Көмекшіні тергеушіге бекіту осы тарауда көзделген міндеттер мен функциялардың көлемін айқындай отырып, бөлімше басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
70. Тергеушінің көмекшісінің міндеттері:
1) қылмыстық іс материалдарын дайындау және жүйелеу;
2) тергеушінің тапсырмасы бойынша тергеу әрекеттерін сүйемелдеу, сондай-ақ тергеу әрекеттерін жүргізу барысында алынған материалдардың техникалық рәсімделуін және реттелуін қамтамасыз ету;
3) қызметтік құжаттаманы жүргізу, процестік құжаттарды дайындау және оларды белгіленген нысанда рәсімдеу;
4) тергеушінің, анықтаушының тапсырмасы бойынша сарапшылармен, анықтау органдарымен және өзге де бөлімшелермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
5) міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылу;
6) сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу туралы ҚПК 201-бабының талаптарын сақтау.
71. Тергеушінің көмекшісінің құқықтары:
1) бөлімше басшысының бұйрығымен бекітілген өкілеттіктер шеңберінде жұмыс үшін қажетті материалдарды алу, ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қол жеткізу;
2) қызметтік кеңестер мен нұсқамаларға қатысу;
3) қылмыстық істерді сапалы және уақтылы жүргізуге қосқан үлесін бағалау негізінде ақшалай сыйақыларды және өзге де материалдық немесе материалдық емес ынталандыру шараларын алу.
8-тарау. Тергеу және анықтау бөлімшелерінің қызметкерлерін көтермелеу жүйесін және тәртіптік практиканы жетілдіру
1-параграф. Тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлерін көтермелеу және қолдау тәртібі
72. Тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлерінің ынтасын арттыру, сондай-ақ қызметтік жұмыстың белгіленген көрсеткіштеріне қол жеткізген қылмыстық істерді сапалы және уақтылы тергеуді ынталандыру мақсатында ақшалай сыйақылармен тоқсан сайын көтермелеу практикасы енгізілсін.
73. Аталған сыйақылар еңбекақы төлеуге көзделген бюджет қаражатының үнемделуі есебінен төленуі мүмкін және "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тергеушілері мен анықтаушыларының жеке рейтингін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 22 шілдедегі № 617 бұйрығымен бекітілген қызметкерлер рейтингіне сәйкес қызметтік жұмысын бағалаудың объективті өлшемшарттары негізінде қалыптастырылады.
2-параграф. Тергеу және анықтау бөлімшелері қызметкерлерін тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібі
74. Тәртіптік жазаларды қолдану жол берілген процестік бұзушылықтың сипаты мен салдарын, оның тергеудің толықтығына, объективтілігіне және заңдылығына әсер ету дәрежесін ескере отырып жүзеге асырылады.
75. Процестік қызметті тексеру нәтижелері бойынша тәртіптік ықпал ету шаралары бұзушылық қылмыстық процесс қатысушыларының құқықтарын елеулі түрде шектеуге әкеп соққан немесе соған әкеп соғуы мүмкін болған, не анықталған нақты мән-жайлардың бұрмалануына алып келген жағдайларда ғана қолданылады.
76. Тергеу барысына, қылмыстық құқық бұзушылықты саралауға немесе қылмыстық процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарына әсер етпейтін елеусіз процестік бұзушылықтар қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылмайды.
Мұндай бұзушылықтарға техникалық, грамматикалық, орфографиялық қателер, сондай-ақ процестік шешімнің мазмұнына әсер етпейтін процестік құжаттарды дайындау кезіндегі өзге де дәлсіздіктер жатады.
77. Тәртіптік жаза қолдану туралы шешім бөлімше басшысы жол берілген бұзушылықтың мән-жайларын жан-жақты зерделеу, оның салдарын бағалау, сондай-ақ қызметкерге түсетін нақты жүктемені міндетті түрде ескере отырып қабылдайды.
78. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жол берілген тәртіптік теріс қылықтар үшін, сондай-ақ "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздер бойынша тергеушілер мен анықтаушыларды тәртіптік жауаптылыққа тарту астана, республикалық маңызы бар қалалар және облыстары полиция департаменттері бастықтарының келісімімен жүзеге асырылады.
79. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде жол берілген процестік бұзушылықтар үшін "атқаратын лауазымынан босату" және "ішкі істер органдарынан шығару" түріндегі тәртіптік жазаларды салу Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаментімен міндетті түрде келісуге жатады.".
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті (М.Ж. Қожаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде электрондық нысанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң және нормашығармашылықты үйлестіру департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры С.Ә. Адиловке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне (М.Ж. Қожаев) жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты |
Е. Саденов |