Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының мемлекеттік тапсырмаларының құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының қаржы-экономикалық бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Іс басқарушы | А. Нұрпейісов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
| Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының 2025 жылғы 18 қарашадағы № 05/210 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының мемлекеттік тапсырмаларының құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының мемлекеттік тапсырмаларының құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік сұранымды қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырмалардың құнын анықтау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де заңды тұлғаларға (бұдан әрі – орындаушы) жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге және басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс беру;
2) тікелей шығыстар – орындаушының мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей байланысты шығыстары;
3) жанама шығыстар – орындаушының қызметін жалпы қамтамасыз ету үшін қажетті, бірақ мемлекеттік тапсырманы орындау процесінде тікелей пайдаланылмайтын шығыстар.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі
3. Мемлекеттік тапсырманың құны тиісті қызметті орындау үшін қажетті тікелей және жанама шығыстардың сомасын негізге ала отырып, мынадай формуламен айқындалады:
Қ = ТШ+ЖШ, мұндағы:
Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;
ТШ – тікелей шығыстар;
ЖШ – жанама шығыстар.
Мемлекеттік тапсырма шеңберінде бірнеше қызмет орындалған жағдайда, мемлекеттік тапсырманың жалпы құны мынадай формула бойынша барлық қызметтер құнының сомасы ретінде айқындалады:
Қж = Қ1+Қ2... + Қn , мұндағы:
Қж – мемлекеттік тапсырманың жалпы құны;
Қ1, Қ2, Қn – мемлекеттік тапсырма шеңберінде әрбір жекелеген қызмет құны;
Қn = ТШn+ЖШn.
Мемлекеттік тапсырма шеңберінде орындалатын 1 бірлік қызметтің құны жоспарланатын кезеңде осындай қызметтердің әрбір түрі үшін жеке есептеледі.
3-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындауға арналған шығындардың түрлері
4. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) салықтар мен басқа да аударымдарды ескере отырып, мемлекеттік тапсырманы орындауға тартылған қызметкерлерге (штаттағы және штаттан тыс) еңбекақы төлеу жөніндегі шығыстар;
2) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей қажетті сыртқы сарапшылар мен консультанттарды тарту;
3) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын материалдарды (қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, құрамдас бөлшектер, кеңсе тауарлары, шығыс және басқа да материалдар) сатып алу;
4) ғимараттар мен құрылыстарды, көлік құралдарын, жабдықтарды, басқа да негізгі құралдар мен тауар-материалдық құндылықтардын, сондай-ақ мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей байланысты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу қажет болған жағдайда орынжайларды жалға алу;
5) мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей байланысты іссапар шығыстары;
6) мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
7) байланыс, интернет қызметтері және ілеспе қызметтер;
8) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын көлік қызметтері;
9) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);
10) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері;
11) міндетті сақтандыру түрлері бойынша шығыстар;
12) мемлекеттік ақпараттық саясатын жүргізу шеңберінде дыбыс-, бейне-, графикалық контент сатып алу немесе дайындау, лицензиялық өнімге құқықтар алу, теле-, радиобағдарламалар сигналын тарату жөніндегі шығыстар;
13) мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей байланысты полиграфиялық шығыстар (оның ішінде флаерлер, буклеттер, туристік брошюра-карталар, каталогтар, баннерлер, билбордтар, мобильді ақпараттық стендтер сияқты жарнамалық өнімді дайындау және орналастыру);
14) өкілдік шығыстар;
15) банктік қызметтер;
16) қосылған құн салығы;
17) бюджеттік сұранымда көзделген және негіздейтін құжаттармен расталған мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты өзге де тікелей шығыстар.
5. Жанама шығыстарға мыналар жатады:
1) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (мүлікке салынатын салық, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы және еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтардан және қосылған құн салығынан басқа өзге де салықтар);
2) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясы;
3) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді күтіп ұстау және жөндеу;
4) өзге де шығыстар (коммуналдық қызметтер, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, ақпараттық қызметтер (жарнаманы қоспағанда), өрт қауіпсіздігі және арнайы талаптарды сақтау, күзет жөніндегі қызметтер, аудиторлық қызметтер, нотариалдық қызметтер және басқа да шығыстар).
6. Мемлекеттік тапсырманың құнына мынадай шығыстар енгізілмейді:
1) ықтимал шығындарға арналған резервтер қалыптастыру;
2) өткен кезеңдердің шығындары мен өзге де қарыздарды өтеу;
3) демеушілік көмек;
4) айыппұл, өсімпұл мен айыпақы.
7. Мемлекеттік тапсырманы орындау үшін қажетті тауарлар мен қызметтердің құнын анықтау кезінде 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 185 Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген бюджеттік сұранымды жасау, ұсыну, қарау қағидаларын басшылыққа алу қажет.