БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі деп аталсын.
2. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы № 33 бұйрығы;
2) "Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 2 қыркүйектегі № 310 бұйрығы;
3) "Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 3 тамыздағы № 324-НҚ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 3-тармағының күші жойылды деп танылсын.
6. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
| Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 384-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Ескерту. Ереженің оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 19.03.2026 № 120-НҚ бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті (бұдан әрі – Комитет) діни қызмет саласын реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Комитет егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттілік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8-үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, № 15 кіреберіс.
9. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитеттің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық актілерде кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
13. Комитет мынадай құрылымдардан құрылады:
1) Ислам діни бірлестіктерімен байланыс басқармасы;
2) Христиандық және басқа да діни бірлестіктермен байланыс басқармасы;
3) Оңалту жұмыстарын үйлестіру басқармасы;
4) Дінтану сараптамасы басқармасы;
5) Діни білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл басқармасы;
6) Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасы;
7) Өңірлік жұмыс және ішкі үйлестіру басқармасы;
8) Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасы;
9) Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы.
2-тарау. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттіліктері
14. Міндеттері:
1) діни қызмет саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
2) Комитетке жүктелген өзге де міндеттер.
15. Функциялар:
1) жалпы функциялар:
стратегиялық:
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге қатысу;
діни қызмет, діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысу;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;
Комитет реттейтін мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, сондай-ақ келісімдер, меморандумдар мен шарттарды әзірлеу және жасасу;
реттеуші:
адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Министрдің бұйрықтарында бекітуге тікелей құзыреті болған жағдайда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық және құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;
іске асыру:
шет мемлекеттердің діни қызмет саласындағы уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру;
Комитеттің құзыретіне жататын келісімдерді, меморандумдар мен шарттарды әзірлеу;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар мен құжаттарды түсіндіру және ілгерілету жөніндегі ақпараттық іс-шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
республикада конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған халықаралық, республикалық және өзге де іс-шараларды, акциялар мен конкурстарды өткізуді ұйымдастыру;
Комитеттің құзыреті шеңберінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторларына, көрсеткіштеріне қол жеткізу, оның іс-шараларын сапалы және уақытылы орындау бойынша жұмысты қамтамасыз ету;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
сараптамалық қорытындыларды алу үшін "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сарапшылық кеңестерге мемлекеттік құпияларды қамтитын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын консультативтік құжатты немесе тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы хабарламаны жіберу;
қоғамдық кеңестің ұсынымдарын қарау;
Министрліктің персоналды басқару қызметіне (Кадр қызметі) Комитеттің құзыреті бойынша мамандардың қажеттіліктері туралы ұсыныстар әзірлеу;
Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасының бұзылуына қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
Комитеттің құзыреті бойынша нормативтік құқықтық актілерге құқықтық мониторинг жүргізу;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша саяси партиялармен, коммерциялық емес ұйымдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу;
Комитеттің құзыреті бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;
Комитеттің құзыреті шегінде көрсетілген қызметтер актілерін қарау және келісу;
Комитеттің кадрлық саясатында гендерлік теңдік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерінде, сондай-ақ Министрлік басшылығының тапсырмаларында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген функциялар жалпы болып табылады және Комитеттің барлық басқармалары өздерінің құзыреттері шегінде іске асырады.
2) Ислам діни бірлестіктерімен байланыс басқармасы:
реттеуші:
діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу;
туристік қызмет саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;
іске асыру:
республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауын келісу (ислам бағыты бойынша);
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметін зерделеу және талдау жүргізу (ислам бағыты бойынша);
діни қызмет, қоғамдық келісім, қоғамдық институттарды дамыту және қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік әлеуеті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету (ислам бағыты бойынша);
"Бірлігіміз - әралуандықта" әмбебап қағидаты негізінде конфессияаралық келісімді нығайту саясатын жалғастыруға қатысу (ислам бағыты бойынша);
құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізу;
ислам конфессиясы мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
талдамалық және болжамдық баяндамалар дайындау;
ғибадат үйлерінің (ғимараттарының) санын зерделеу және талдау жүргізу.
3) Христиандық және басқа да діни бірлестіктермен байланыстар басқармасы:
іске асыру:
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін және оның институттарын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;
"Бірлігіміз – әралуандықта" әмбебап қағидаты негізінде конфессияаралық келісімді нығайту саясатын жалғастыруға қатысу (христиандық және басқа да бағыттар бойынша);
ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне жаңа мемлекеттік көрсетілетін қызмет енгізілгеннен кейін оны электрондық форматта көрсетуге ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау;
республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауын келісу (христиандық және басқа да бағыттар бойынша);
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің қызметін зерделеу және талдау (христиандық және басқа да бағыттар бойынша);
діни қызмет, қоғамдық келісім, қоғамдық институттарды дамыту және қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік әлеуеті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету (христиандық және басқа да бағыттар бойынша);
құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу туралы ұсыныстар енгізу;
Қазақстанның діни бірлестіктері өкілдерінің жиналысын ұйымдастыру және өткізу.
4) Оңалту жұмыстарын үйлестіру басқармасы:
құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізу;
өз құзыреті шегінде діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған алдын алу шараларын іске асыру;
деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарымен және басқа да үкіметтік емес ұйымдармен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасасу;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен діни экстремизмнің алдын алу және оңалту жұмысы мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, әдістемелік және консультациялық көмек көрсету;
діни экстремизмнің алдын алу және оңалту жұмысы мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, іс-шараларды іске асыруды қатысу;
діни экстремизмнің алдын алу және оңалту жұмысы мәселелері бойынша қызметке талдау жүргізу, мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау.
5) Дінтану сараптамасы басқармасы:
реттеушілік:
Комитет реттейтін салада мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлеу;
іске асыру:
дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын түсіндіру бойынша ақпараттық іс-шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру;
ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне жаңа мемлекеттік көрсетілетін қызмет енгізілгеннен кейін оны электрондық форматта көрсетуге ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау;
ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процесін оңтайландыруды қамтамасыз ету;
дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз ету;
Комитет өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызмет көрсетуі кезінде көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
дінтану сараптамасының нәтижелері туралы дерекқордың қалыптастырылуын қамтамасыз ету;
"Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының дінтану сараптамасын жүргізу бөлігіндегі қызметін үйлестіру;
ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингісінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсетуді есепке алуды жүзеге асыру;
"Дінтану сараптамасын жүргізу" мемлекеттік қызметін көрсету шеңберінде мемлекеттік қызмет алушыларды хабардар етуді қамтамасыз ету;
дінтану сараптамасына келіп түскен материалдар бойынша Комитеттің дерекқорын жаңартуды жүзеге асыру;
дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алған материалдар бойынша ақпаратты мүдделі мемлекеттік органдарға жолдауды қамтамасыз ету.
6) Діни білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл басқармасы:
реттеушілік:
діни қызмет саласындағы кәсіби стандарттарды әзірлеу;
іске асыру:
"Дінтану", "Исламтану", "Теология" және өзге де мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, ғылымды, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласында, сондай-ақ христиандық және басқа да конфессиялар бойынша діни білім беру ұйымдарында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асыру, оқу әдебиетімен қамтамасыз ету;
мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру салаларында және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жалпы білім беру ұйымдарында бала құқықтарын қорғау және сапаны қамтамасыз ету, жалпы білім беретін мекемелерде діни білім беру мәселелері бойынша басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттерге мониторинг жүргізуде тиісті мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
"Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университетімен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
діни білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеу және талдау жүргiзу;
Қазақстан Республикасының аумағында құрылған діни (рухани) білім беру ұйымдарының қызметіне талдау жүргізу мәселесі бойынша тиісті мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
діни қызмет саласындағы кадрлардың біліктілік деңгейін, кәсібилігін және білімділігін арттыру мәселесі бойынша отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
облыстар, қалалар және аудандар үшін діни қызмет саласындағы білікті кадрларға еңбек нарығының қажеттілігін айқындау мәселесі бойынша тиісті мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
діни (рухани) білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін жетілдіру мәселесі бойынша тиісті мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру.
7) Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасы:
іске асыру:
заңнамада белгіленген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау;
діни қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және олардың алдын алу мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;
діни қызмет саласында шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастыру және жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығына адам құқығын сақталуы мәселелері бойынша, кейіннен оларды адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сақтау жөніндегі Әмбебап мерзімді шолудың (БҰҰ) дін мәселелері блогына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық алдындағы мүдделерін қорғауға арналған ұстанымдық құжаттарға (БҰҰ-ның Арнайы баяндамашыларына, құқық қорғау ұйымдарына, ҮЕҰ және БАҚ) енгізу үшін құқықтық материалдарды дайындау;
діни қызмет саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
Комитеттің құзыретіне жататын және (немесе) Комитет әзірлеген заң жобаларын қарау кезінде Қазақстан Республикасы Парламентінің жұмысына қатысу;
заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, құқықтық мәселелер бойынша Комитет атынан түсіндірмелер дайындау;
заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөнінде шаралар қабылдау.
8) Өңірлік жұмыс және ішкі үйлестіру басқармасы:
реттеушілік:
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарды әзірлеу;
мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын әзірлеу;
іске асыру:
діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалауға бағытталған әлеуметтік зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ету;
ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процесін оңтайландыруды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде отырыстарды ұйымдастырушылық-талдамалық сүйемелдеу, материалдар дайындау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
жергілікті атқарушы органдар ұсынатын есептік ақпаратты жинау және талдау;
діни қызмет саласында жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік басшылықты жүзеге асыру;
діни қызмет саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметі бойынша анықтамалық ақпарат дайындауды қамтамасыз ету;
діни бірлестіктер, миссионерлер, ғибадат үйлері (ғимараттары) және діни білім беру ұйымдары туралы ақпаратты ашық деректер порталында уақтылы орналастыруды қамтамасыз ету;
9) Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру басқармасы
іске асыру:
өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
діни экстремизмнің алдын алу саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеу және оны енгізу бойынша ұсыныстар енгізу;
басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында пайдалануға арналған әдістемелік құралдарды әзірлеуді қамтамасыз ету және оларды жергілікті атқарушы органдарға жолдау;
республикалық және өңірлік деңгейде ұйымдастырылатын ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына қатысу.
10) Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы:
іске асыру:
интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға қатысу;
мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру;
Комитеттің құзыреті шегінде Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында ақпаратты орналастыру және өзектендіру;
діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған материалдарды дайындау, интернет желісінде жариялау және ілгерілету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу саласындағы озық халықаралық тәжірибені енгізу;
діни экстремизмнің онлайн алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-насихаттық іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру;
діни экстремизмнің онлайн алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне әдістемелік басшылық жасау және үйлестіру;
діни саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған ақпараттық стратегиялар мен медиажоспарларды әзірлеу және іске асыруды ұйымдастыру.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 19.03.2026 № 120-НҚ бұйрығымен.16. Құқықтары мен міндеттіліктері:
1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен құқықтық актілерді қабылдауға;
2) Комитеттің құзыреті шегінде іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізуге;
3) Комитеттің жанында консультативтік-кеңесші органды құруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
5) Комитетке берілген мүшікті басқаруды жүзеге асыруға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
7) Комитет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтар мен міндеттіліктерді жүзеге асырады.
3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
17. Комитетті басқаруды Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты басшы жүзеге асырады.
18. Комитеттің төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
19. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын орынбасарлары болады.
20. Комитет төрағасының өкілеттігі:
1) Министрдің, Министрліктің аппарат басшысының және жетекшілік ететін вице-министрдің тапсырмаларын міндетті түрде орындайды;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының және жұмыскерлерінің міндеттерін және өкілеттіктерін айқындайды;
3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді;
4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Комитеттің жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
5) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Комитеттің жұмыскерлері іссапар жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелерін шешеді;
6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Комитеттің атынан өкілдік етеді;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін бекітеді;
8) мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға, орындалған жұмыстар актілеріне, сондай-ақ жетекшілік ететін салалар шеңберіндегі шарттарға қол қояды;
9) сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары немесе әрекеттері белгілі болған жағдайда, ол туралы Министрліктің басшылығын хабардар етеді;
10) Комитет қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;
11) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады;
12) өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
21. Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам орындайды.
22. Комитет төрағасының орынбасарлары:
1) өз өкілеттіктері шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үлестіреді;
2) Министрдің, жетекшілік ететін вице-министрдің, Министрліктің апарат басшысының және Комитет төрағасының тапсырмаларын міндетті түрде орындайды;
3) өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4-тарау. Комитеттің мүлкі
23. Комитеттің Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
26. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
___________________________