ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 26-баптан қараңыз.
Осы Заң топырақты қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және олардың құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) агрохимиялық зерттеп қарау – өсімдіктерді минералды қоректендіру элементтерінің мөлшерін, топырақтағы ортаның, органикалық заттардың, микроэлементтердің реакциясын және қайта сортаңдану химиясын айқындау үшін жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
2) мелиорациялық зерттеп қарау – топырақтың қайта сортаңдануының, тұздануының, батпақтануының және эрозиясының белгілері бар топырақ контурларының шекарасын анықтау және нақтылау үшін жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
3) топырақ – биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың ұзақ уақыт әсер етуі нәтижесінде жер бетінде пайда болған, минералдық қатты бөлшектер мен органикалық заттардан, су мен ауадан тұратын және өзіндік ерекше генетикалық-морфологиялық белгілері, өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін тиісті жағдай жасайтын қасиеттері бар өздігінен табиғи түрде жылдар бойы қалыптасқан дербес органикалық-минералды табиғи дене;
4) топырақ сапасы – адамның, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекеті үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге топырақтың қатысу сипаты мен тиімділігін айқындайтын топырақ қасиеттерінің жиынтығы;
5) топырақ саулығы – адамның, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін топырақтың өнімділік пен биоәртүрлілікті сақтап тұру қабілеті;
6) топырақты бонитеттеу – топырақтың сапасын және ауыл шаруашылығы алқаптарының табиғи өнімділік қабілетін салыстырмалы бағалау;
7) топырақты зерттеп қарау – белгілі бір аумақтағы топырақтың қасиеттерін, жай-күйін және кеңістіктегі орнын зерделеу мен анықтау мақсатында жүргізілетін топырақты зерттеп қарау;
8) топырақты қалпына келтіру – топырақтың сапасын, құнарлылығын, саулығы мен құрылымын қалпына келтіруге бағытталған іс-шара;
9) топырақты қорғау – топырақты ұтымды пайдалану мен сақтауға, оның тозуын болғызбауға, табиғи, антропогендік және техногендік сипаттағы әсерден қорғауға бағытталған құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық және өзге де шаралар кешені;
10) топырақты қорғау саласындағы талаптар – шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндетті шарттар және (немесе) шектеулер;
11) топырақты қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жер қатынастары саласында реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
12) топырақты мониторингтеу – топырақтың жай-күйін жүйелі түрде байқау;
13) топырақтың бүлінуі – топырақ құнарлылығының төмендеуіне және оның тозуына алып келетін, топырақ пен оның астыңғы қабаттары құрылысының қолайсыз өзгеруі;
14) топырақтың жай-күйі – топырақтың құрамын, құрылымын және қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы;
15) топырақтың құнарлы қабаты – өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін қолайлы химиялық, физикалық және биологиялық қасиеттері болатын топырақ кескінінің үстіңгі қарашірінді бөлігі;
16) топырақтың құнарлылығы – өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін топырақтың оларды қажетті қоректендіру элементтерімен қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау қабілеті;
17) топырақтың құнарсыздануы – топырақ құнарлылығының төмендеу, биоәртүрліліктің азаю және органикалық әрі қоректік заттар мөлшерінің кему процесі;
18) топырақтың ластануы – топырақта ластаушы заттардың топырақ сапасының экологиялық нормативтерінде белгіленгеннен асатын концентрацияда болуы;
19) топырақтың тозуы – топырақ сапасының нашарлауымен, құнарлылығының төмендеуімен, биоәртүрлілігінің азаюымен, топырақ құрылымының табиғи, антропогендік және техногендік сипаттағы әсерден бұзылуымен сипатталатын процесс;
20) топырақты ұтымды пайдалану – топырақтың тозуын болғызбау, оның құнарлылығын сақтау мен жақсарту жөніндегі шараларды қамтитын, оның ықтимал мүмкіндіктері және шектеулер ескеріліп, топырақты оңтайлы пайдалану;
21) топырақ эрозиясы – топырақ құнарлылығының төмендеуіне алып келетін, табиғи және антропогендік сипаттағы әсерден шайылу және жел қағу салдарынан топырақтың үстіңгі қабатының бұзылу процесі;
22) тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесі – органикалық және минералды тыңайтқыштарды ұтымды пайдалануға бағытталған агрохимиялық және агротехникалық іс-шаралар кешені.
2-бап. Қазақстан Республикасының топырақты қорғау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының топырақты қорғау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен, халықаралық шарттық міндеттемелерінен тұрады.
2. Халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының аумағында қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
3-бап. Осы Заңның мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Осы Заңның мақсаты – топырақты ұтымды пайдалану, топырақты орнықты игеру және топырақты қорғау, оны тозу мен басқа да қолайсыз әсерден қорғау үшін құқықтық негіздер құру.
2. Осы Заңның міндеттері:
1) топырақты қорғау саласында мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету;
2) топырақты ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету, тозған топырақты қалпына келтіру;
3) топырақты қорғау жөніндегі қызметті ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету;
4) халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
3. Осы Заңның қағидаттары:
1) топырақты табиғаттың аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде сақтау басымдығы;
2) топырақтың жай-күйі туралы ақпараттың ашық, толық және анық болуы.
2-тарау. ТОПЫРАҚТЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ОБЪЕКТ ЖӘНЕ СУБЪЕКТІЛЕР
4-бап. Топырақты қорғау саласындағы объект
Топырақ жер бетінің үстіңгі бөлігі ретінде топырақты қорғау саласындағы объект болып саналады.
5-бап. Топырақты қорғау саласындағы субъектілер
Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары топырақты қорғау саласындағы субъектілер болып саналады.
3-тарау. ТОПЫРАҚТЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
2) топырақты қорғау саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу және іске асыру функцияларын атқарады;
4) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес топырақты қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, бекітеді;
5) топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
6) топырақты қорғау саласында топырақты зерттеп қарауды, мелиорациялық және агрохимиялық зерттеп қарауды, топырақты бонитеттеу мен мониторингтеуді ұйымдастырады;
7) топырақты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарының құзыреті
Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдары:
1) топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын бекітеді;
2) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы есептерін тыңдайды;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын әзірлейді және оны іске асыру барысы туралы есепті облыстардың жергілікті өкілді органдарына және уәкілетті органға ұсынады;
3) аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын іске асыруды ұйымдастырады және үйлестіреді;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, іске асырады және оны іске асыру барысы туралы есепті астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарына және уәкілетті органға ұсынады;
3) топырақты қорғау саласындағы қызметті ұйымдастырады;
4) топырақтың ұтымды пайдаланылуы мен қорғалуын ынталандырады;
5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) топырақты қорғау саласындағы іс-шаралар жоспарын іске асырады және оны іске асыру барысы туралы есепті облыстардың жергілікті атқарушы органдарына ұсынады;
2) топырақты қорғау саласындағы қызметті ұйымдастырады;
3) топырақтың ұтымды пайдаланылуы мен қорғалуын ынталандырады;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
Топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау шеңберінде жүргізіледі.
11-бап. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың топырақты қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың:
1) топырақтың жай-күйі және топырақты қорғау жөніндегі шаралар туралы анық ақпарат алу үшін мемлекеттік органдар мен уәкілетті мемлекеттік және өзге де ұйымдарға жүгіну;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың топыраққа келтірген зиян мен залалды өтеуін талап ету құқығы бар.
2. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар:
1) топырақты қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;
2) топырақты қорғау саласындағы талаптарды орындауға;
3) бүлінген жерлерді рекультивациялауға;
4) топырақты зерттеп қарау, мелиорациялық және агрохимиялық зерттеп қарау, топырақты бонитеттеу мен мониторингтеу үшін жер учаскелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады және өзге де міндеттерді атқарады.
12-бап. Топырақты қорғау жөніндегі іс-шаралар
Топырақты қорғау жөніндегі іс-шаралар мыналарды қамтиды:
1) топырақты ұтымды пайдалану мен сақтауға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу;
2) топырақты зерттеп қарау, мелиорациялық және агрохимиялық зерттеп қарау, топырақты бонитеттеу мен мониторингтеу;
3) топырақты өңдеудің топырақты қорғау технологияларын ендіру;
4) агротехникалық (шаруашылық-техникалық) мелиорациялық іс-шаралар жүргізу;
5) топырақты мониторингтеудің заманауи технологияларын ендіруді қоса алғанда, топырақтың қорғалуын ғылыми-техникалық және инновациялық сүйемелдеуді, топырақтың тозу процестерін модельдеуді, топырақты қорғау мен топырақты қалпына келтіру тәуекелдерін бағалау және олар бойынша тиімді шешімдердің қолданылуын қамтамасыз ету;
6) тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесін сақтау, ауыспалы егістерді ендіру және топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға бағытталған өзге де агротехникалық іс-шаралар;
7) топырақтың қалдықтармен, сарқынды сулармен, химиялық заттармен, оның ішінде пестицидтермен және ауыр металдармен ластануын болғызбау;
8) бүлінген жерлерді рекультивациялау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген топырақты қорғау жөніндегі өзге де іс-шаралар.
13-бап. Топырақты қорғау саласындағы зерттеп қарау
1. Топырақты қорғау саласындағы зерттеп қарауға мыналар жатады:
1) топырақты зерттеп қарау;
2) мелиорациялық зерттеп қарау;
3) агрохимиялық зерттеп қарау.
2. Суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін бағалауды қоспағанда, топырақты қорғау саласындағы зерттеп қарауды Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді.
Агрохимиялық зерттеп қарауды Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханалар (орталықтар) да жүргізуі мүмкін.
3. Топырақты қорғау саласындағы зерттеп қараудың нәтижесі топырақты қорғау және мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін пайдаланылады. Агрохимиялық зерттеп қарау нәтижесі топырақтың агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкіне енгізіледі.
4. Топырақты қорғау саласында зерттеп қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
1. Топырақты бонитеттеуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын топырақты зерттеп қараудың деректері негізінде жүргізеді.
2. Топырақты бонитеттеуді жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
15-бап. Топырақтың агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкі
1. Топырақтың агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкі (бұдан әрі – ақпараттық деректер банкі) топырақтың агрохимиялық жай-күйі туралы мәліметтерді жинау, сақтау және жаңартып отыру мақсатында қалыптастырылады және жүргізіледі. Ақпараттық деректер банкі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханалар (орталықтар) ақпараттық деректер банкін жинақтауды жүзеге асырады, оның толық, уақтылы және анық болуына жауапты болады.
3. Ақпараттық деректер банкінде қамтылған мәліметтер ашық түрде болады, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, оларды алу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
16-бап. Топырақты мониторингтеу
1. Топырақты мониторингтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жерлерді мониторингтеу шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Қонысқа ыңғайлы аумақтардағы топырақтың ластануын мониторингтеуді қоспағанда, топырақты мемлекеттік мониторингтеуді ұйымдастыру мен жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Шаруашылық және топыраққа қолайсыз әсер етуі мүмкін өзге де қызметті жүзеге асыратын тұлғалар топырақты өндірістік мониторингтеуді жүргізуге міндетті.
4-тарау. ТОПЫРАҚТЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТАР
17-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағын қорғау ерекшеліктері
1. Топырақтың құнарлылығы мен өнімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Топырақты зерттеп қарау, мелиорациялық және агрохимиялық зерттеп қарау, топырақты бонитеттеу мен мониторингтеу нәтижелері негізінде:
1) жекелеген ауыл шаруашылығы дақылдарын, өсімдіктердің бөтен текті түрлерін өсіру;
2) жекелеген өңдеу технологияларын қолдану және агротехникалық (шаруашылық-техникалық) мелиорациялық іс-шараларды жүргізу;
3) шабындықтарды, жайылымдарды жырту;
4) тозған, өнімділігі аз, сондай-ақ техногендік ластанған жер учаскелерін пайдалану жөніндегі қызмет шектелуі мүмкін.
18-бап. Топырақты су басудан, батпақтанудан және қайта сортаңданудан қорғау саласындағы талаптар
1. Топырақты батпақтанудан қорғау жөніндегі іс-шаралар ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін, су қоймаларын, тоғандарды, каналдарды салу және аумақтың гидрологиялық және (немесе) гидрогеологиялық режимдерін өзгертуі мүмкін өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде жүргізілуге тиіс.
2. Ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін салу кезінде дренаж және жерасты суларын бұру жүргізілуге, нөсерлік (дренаж) кәріз жүйесін немесе кейіннен пайдалану үшін осындай суларды жинау жүйесін құру және топырақтың су басуын, батпақтануын және қайта сортаңдануын болғызбауға бағытталған өзге де іс-шаралар көзделуге тиіс.
3. Гидромелиорациялық жұмыстарды жүргізу кезінде топырақтың батпақтануы мен қайта сортаңдануының алдын алу жөніндегі іс-шаралар көзделуге тиіс.
4. Топырақты су басудан, батпақтанудан және қайта сортаңданудан қорғау мақсатында жерасты сулары жатқан деңгейге және олардың минералдану сипатына, дренаж жүйелердің жай-күйіне, топырақтың жалпы жай-күйіне жүйелі мониторинг жүргізілуге тиіс, сондай-ақ
су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды салу мүмкіндігін қоса алғанда, су режимі сақталуға тиіс.
5. Мелиорациялық жүйелердің жобаларында агротехникалық (шаруашылық-техникалық) мелиорациялық іс-шаралар көзделуге тиіс.
19-бап. Топырақты құнарсызданудан, құрғап кетуден және тығыздалудан қорғау саласындағы талаптар
1. Топырақты құнарсызданудан, құрғап кетуден және тығыздалудан қорғау жөніндегі іс-шаралар мыналарды қамтиды:
1) топырақтың құрғап кетуін болғызбау және ылғалдылықтың оңтайлы деңгейін сақтап тұру үшін аумақты табиғатына қарай аудандарға бөлу және ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері ескеріле отырып, суарудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету;
2) топырақтағы ылғал қорын толықтыру, топырақтағы ылғалдың булануын азайту, топырақ эрозиясын болғызбау, топырақтың саулығы мен құнарлы қабатын сақтау үшін қарды ұстап қалу әдістерін, топырақты өңдеу, жабындау тәсілдерін пайдалану;
3) топырақтың ерекшеліктері мен ылғалдылық деңгейі ескеріліп, оған барынша аз қолайсыз әсер ететін ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану;
4) тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесін сақтау;
5) қуаңшылық болған кезеңдерде пайдалану мақсатында тасқын және еріген суды жинау мен сақтау шараларын әзірлеп, енгізу;
6) егісті қорғайтын ағаш өсіруді жүзеге асыру.
2. Топырақтың бүлінуіне және тығыздалуына алып келетін химиялық заттарды оларды енгізудің жол берілетін нормативтерінен асатын мөлшерде қолдануға тыйым салынады.
20-бап. Тозған топырақты қалпына келтіру жөніндегі талаптар
1. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тозған топырақты қалпына келтіруге жұмсаған шығындары әрекеттері, әрекетсіздігі аталған салдарға алып келген тұлғалардың есебінен өтеледі.
2. Тозған топырақты қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар топырақтың тозу түрі мен дәрежесі, топырақтың өзін-өзі қалпына келтіруге және өзін-өзі тазартуға табиғи қабілеті, сондай-ақ жер учаскелерінің нысаналы мақсаты ескеріле отырып, оны қалпына келтірудің ғылыми негізделген тәсілдері мен әдістері негізінде әзірленеді.
3. Тозған топырақты қалпына келтіру кезінде антропогендік жүктемені азайту мен топырақты қалпына келтіруді қамтамасыз етуге бағытталған және жерді пайдаланудың жекелеген түрлеріне шектеу немесе тыйым салу енгізуді көздейтін, осындай топырағы бар жер учаскелерін пайдаланудың арнаулы режимі енгізілуі мүмкін.
4. Ластанған топырақты қалпына келтіру кезінде топырақтың ластанған қабаттарын сыдырып алу жүргізілуі мүмкін. Топырақтың сыдырып алынған қабаттары қалпына келтірілгеннен кейін экологиялық нормативтерге сай келген жағдайда, олар сыдырып алынған жер учаскелеріне қайтарылуға тиіс немесе өзге де жер учаскелерінің топырағын қалпына келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін.
5. Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, оның одан әрі тозуын болғызбау мақсатында мұндай жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен консервациялау жүргізіледі.
21-бап. Топырақтың құнарлы қабатын қорғау жөніндегі талаптар
1. Топырақтың құнарлы қабатын біржола жоғалтуды болғызбау үшін топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу қажет болған жағдайда ғана осындай сыдырып алуға жол беріледі.
2. Қызметі топырақтың бүлінуіне алып келетін тұлғалар топырақтың құнарлы қабатын уақтылы сыдырып алуды және оның сапасының нашарлауын болғызбайтын жағдайларда сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Топырақтың сыдырып алынған құнарлы қабаты бүлінген жерлерді рекультивациялау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің және өнімділігі аз алқаптардың сапасын жақсарту, тозған топырақты қалпына келтіру кезінде ғана, сондай-ақ ол гигиеналық нормативтерге сай келген жағдайда елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыру үшін қолданылады.
4. Топырақтың сыдырып алынған құнарлы қабатын Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге әкетуге тыйым салынады.
5-тарау. ТОПЫРАҚТЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
22-бап. Топырақты қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер
Топырақты қорғау саласында:
топырақтың генезисі мен қасиеттерін зерделеу;
топырақтың жай-күйі мен сапасын, оның ішінде климаттың өзгеруі жағдайында зерделеу;
топырақты мониторингтеу, топырақ тозуының болжамды модельдерін құру бойынша ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеу;
топырақты мониторингтеу және топырақтың тозуын картаға түсіру кезінде жерді қашықтан зондтау, цифрлық трансформация деректері мен технологияларын қолданбалы пайдалану;
тыңайтқыштарды қолдану жүйелерін зерделеу және ғылыми негіздеу бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүзеге асырылады.
23-бап. Топырақты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Топырақты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық мыналарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының топырақты қорғау саласындағы халықаралық шарттары шеңберіндегі міндеттемелерді орындаумен байланысты ғылыми зерттеулерді жүргізу;
2) топырақты қорғау саласындағы өзара байланысты стандарттарды үйлестіру;
3) топырақты қорғау саласында ғылыми-техникалық және өзге де ақпарат алмасу.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
24-бап. Топырақты қорғау саласындағы дауларды шешу
Топырақты қорғау саласындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
25-бап. Қазақстан Республикасының топырақты қорғау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының топырақты қорғау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |