ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:
26-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі "мектептер," деген сөзден кейін "мектепке дейінгі ұйымдар," деген сөздермен толықтырылсын.
2. 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:
1) 91-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Бала асырап алу кезінде – оның туыстарының, ал олар болмаған жағдайда тіркелген некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардың басым құқығы болады.";
4) тармақша "қамқоршы" деген сөзден кейін ", патронат тәрбиеші, баланы қабылдайтын ата-ана, баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиеші" деген сөздермен толықтырылсын;
9) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"9) сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);";
11) тармақша алып тасталсын;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"13) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық байқаудағы адамдарды;";
14) тармақша алып тасталсын;
3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
"Егер бала асырап алуға тілек білдірген адамдар некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса) не өзге адамдармен бірге тұрса, жұбайына (зайыбына) не бірге тұратын адамдарға осы баптың 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 9) және 13) тармақшаларында белгіленген талаптар қолданылады.
Бала асырап алуға тілек білдірген адамдармен бірге тұратын өзге адамдарға некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе баланы тәрбиеге алудың өзге де нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұрып жатқан, бірақ некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) бірге тұратын адамдар жатады.";
2) 103-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы "2-тармағында" деген сөздерден кейін "және 3-тармағының екінші бөлігінде" деген сөздермен толықтырылсын;
3) 122-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігінде:
3) тармақшадағы "қамқоршы" деген сөзден кейін ", патронат тәрбиеші, баланы қабылдайтын ата-ана, баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиеші" деген сөздермен толықтырылсын;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"7) сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);";
9) тармақша алып тасталсын;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"11) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық байқаудағы адамдарды;";
12) тармақша алып тасталсын;
2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Кәмелетке толмағандарға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде – олардың туыстарының, ал олар болмаған жағдайда тіркелген некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардың басым құқығы болады.";
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Егер кәмелетке толмаған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы болуға тілек білдірген адамдар некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса) не өзге адамдармен бірге тұрса, жұбайына (зайыбына) не бірге тұратын адамдарға осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 11) тармақшаларында белгіленген талаптар қолданылады.
Кәмелетке толмаған адамның қорғаншысы немесе қамқоршысы болуға тілек білдірген адаммен бірге тұратын өзге адамдарға некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе баланы тәрбиеге алудың өзге де нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұрып жатқан, бірақ некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) бірге тұратын адамдар жатады.";
4) 126-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары немесе шетел азаматтары болып табылатын қорғаншылар немесе қамқоршылар баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындауының бүкіл кезеңі ішінде осы Кодекстің 122-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5), 6), 7), 10) және 11) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келуге міндетті.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімдерде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қорғаншыларды немесе қамқоршыларды осы Кодекстің 122-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5), 6), 7), 10) және 11) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келуін ақпараттық жүйелерден немесе цифрлық құжаттар сервисінен құжаттар мен мәліметтер алу арқылы тексереді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді ақпараттық жүйелерден немесе цифрлық құжаттар сервисінен алу мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қорғаншылар немесе қамқоршылар оларды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға ұсынуға міндетті.";
5) 129-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі "қайтарылған" деген сөзден кейін ", сондай-ақ осы Кодекстің 122-бабының 1 және 6-тармақтарында көзделген ережелер бұзылған" деген сөздермен толықтырылсын.
3. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:
1) 129-бапта:
2-тармақ "осы баптың 4," деген сөздерден кейін "4-1," деген цифрлармен толықтырылсын;
"Осы Кодекстің" деген сөздер "Осы бапты, осы Кодекстің" деген сөздермен ауыстырылсын;
"131-1-бабын, 154-бабының 2-тармағын және 157-бабын" деген сөздер "131-1, 144-4, 154 және 157-баптарын" деген сөздермен ауыстырылсын;
"(қызметтер көрсету басталғанға дейін және оларды көрсету кезеңінде)" деген сөздер алып тасталсын;
"(объектілерін)" деген сөзден кейін "халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы және баланың құқықтарын қорғау саласындағы" деген сөздермен толықтырылсын;
15-тармақтың бірінші бөлігі "11) тармақшаларында," деген сөздерден кейін "4-1," деген цифрлармен толықтырылсын;
17-тармақтың бірінші бөлігі "Осы баптың 4," деген сөздерден кейін "4-1," деген цифрлармен толықтырылсын;
18-1-тармақтың екінші бөлігі "7) тармақшаларына" деген сөздерден кейін "және 4-1-тармағына" деген сөздермен толықтырылсын;
19-тармақтың бірінші бөлігі "осы баптың 4," деген сөздерден кейін "4-1," деген цифрлармен толықтырылсын;
2) 324-баптың 14-1-тармағындағы "2026 жылғы 1 қаңтарға" деген сөздер "2026 жылғы 1 ақпанға" деген сөздермен ауыстырылсын.
4. 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:
1) 1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 104-1) және 104-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"104-1) ерекше бақылау және қадағалау – осы Кодекске сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау;
104-2) ерекше бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) – балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі);";
2) 36-бап мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2 және 4-4-тармақтармен толықтырылсын:
"3-1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы эпидемиялық мәні бар субъектілер (объектілер) тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) енгізіледі.
3-2. Тізілім осы Кодекстің 5-тарауының 2-1-параграфында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, уәкілетті орган бекітетін тәртіппен және нысан бойынша қалыптастырылады.
Тізілімді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алынатын мәліметтер, мемлекеттік бақылау және (немесе) қадағалау нәтижелері, есепке алу және есеп беру құжаттамасының мониторингі, жеке немесе заңды тұлғалардың жолданымдары, масс-медиадан алынатын мәліметтер, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың ақпараты негізінде қалыптастырады.";
"4-4. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) жоспарлы тексеру, ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалмағаны жоспардан тыс тексеру шеңберінде анықталған жағдайда мұндай субъект осындай нұсқаманы орындамағаны үшін және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) жоспарлы тексеру, ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға тиіс.";
3) 38-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
"3-1) мынадай:
коммуналдық меншіктегі объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру қажеттілігі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының;
республикалық меншіктегі объектілерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру қажеттілігі туралы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жекеше ұсыну шығаруға;";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
"3-1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен, заңдылықты бұзу жағдайларын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің жеке ұсынуы;";
4) 45-баптың 4-тармағында:
екінші бөліктегі "Бақылау" деген сөз "Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) қоспағанда, бақылау" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) өндірістік бақылауды зертханалық зерттеулер мен өлшеулер жүргізбей, сондай-ақ оны жүргізу туралы есептік ақпарат бермей жүзеге асыруға құқылы.";
5) 5-тарау мынадай мазмұндағы 2-1-параграфпен толықтырылсын:
"2-1-параграф. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ерекше бақылау және қадағалау
51-1-бап. Ерекше бақылау және қадағалау жүргізудің жалпы ережелері
1. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылау және қадағалау жоспарлы және жоспардан тыс тексеру, тергеп-тексеру, ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг (бұдан әрі осы параграф үшін – мониторинг) нысандарында жүзеге асырылады.
Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексерулер, мониторинг – осы параграфта көзделген тәртіппен, тергеп-тексеру осы Кодекстің 45-1-бабында және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылау және қадағалау халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуы тұрғысынан жүзеге асырылады.
3. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі осы параграф үшін – аумақтық бөлімше) жүзеге асырады.
4. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылау және қадағалау олар алдын ала хабардар етілмей жүргізіледі.
5. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) жартыжылдық тізімінің, ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеруді тағайындау, олардың мерзімдерін ұзарту, тексеру нәтижелері туралы актілердің, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің мониторинг жүргізу туралы шешімінің (бұдан әрі осы параграф үшін – мониторинг жүргізу туралы шешім), мониторинг нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
6. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша аумақтық бөлімшелер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 135, 136 және 153-баптарына және осы Кодекстің 42-1-бабына сәйкес жедел ден қою шараларын қолданады.
7. Ерекше бақылау және қадағалау барысында санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін өнімнің (тауардың), шикізаттың, табиғи орта құрамдастарының сынамаларын (үлгілерін) алу, тұлғаларды зерттеп-қарау, зертханалық және аспаптық зерттеулер, өлшеулер жүзеге асырылуы мүмкін.
8. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілері:
1) ерекше бақылау және қадағалау объектісіне тексеру немесе мониторинг жүргізу үшін келген аумақтық бөлімшенің лауазымды адамдарын мынадай:
жоспарлы тексеру жүргізу жиілігі сақталмаған;
тексеруді тағайындау туралы актіде немесе мониторинг жүргізу туралы шешімде (тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде немесе мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешімде (болған кезде) көрсетілген, осы параграфта белгіленген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;
тексеру немесе мониторинг жүргізуге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға оны жүргізу тапсырылған;
тексеру немесе мониторинг мерзімдері осы параграфта белгіленген мерзімдерден асыра ұзартылған;
тексеруді тағайындау туралы актінің немесе мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі болмаған жағдайларда, тексеру немесе мониторинг жүргізуге жібермеуге;
2) егер мәліметтер жүргізілетін тексеру немесе мониторинг нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) тексеруді немесе мониторингті жүзеге асыру процесін, сондай-ақ аумақтық бөлімшенің лауазымды адамының тексеру немесе мониторинг шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, оны хабардар ете отырып, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге құқылы.
9. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілері:
1) аумақтық бөлімшенің лауазымды адамдарының ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) аумақтық бөлімшенің лауазымды адамдарының шақыруы бойынша келуге;
3) аумақтық бөлімшенің сұрау салуы бойынша материалдарды ұсынуға;
4) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, аумақтық бөлімшенің лауазымды адамдарына тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса тіркеу үшін тексерудің және (немесе) мониторингтің міндеттері мен нысанасына сәйкес құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
5) тексеруді тағайындау туралы актіні немесе мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесін (тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні немесе мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешімді (болған кезде) алғаны туралы белгі қоюға;
6) тексеру немесе мониторинг аяқталған күні олардың нәтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алғаны туралы белгі қоюға;
7) егер осы Кодексте не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді немесе мониторингті жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
8) тексеруді тағайындау туралы актіні немесе мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмелерін алған жағдайда ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің (ерекше бақылау және қадағалау субъектісі басшысының не ол уәкілеттік берген адамның) тексерудің немесе мониторингтің белгіленген мерзімдерінде ерекше бақылау және қадағалау объектісі тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
51-2-бап. Жоспарлы тексерулерді ұйымдастыру тәртібі
1. Жоспарлы тексеру аумақтық бөлімшелер ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізетін және олар тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған жағдайда әкімшілік іс жүргізу қозғалмай, осындай бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылатын бақылауды білдіреді.
2. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) бөлігінде тізілім бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды алғаны туралы орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын деректер мен мәліметтер негізінде қалыптастырылады.
Орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тізілімді қалыптастыру тәртібіне сәйкес аумақтық бөлімшеге бақылау және қадағалау субъектісінің (объектісінің) балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды алғаны туралы ақпаратты беруге міндетті.
3. Жоспарлы тексеру ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) жартыжылдық тізімі (бұдан әрі осы бап үшін – тізім) негізінде жүзеге асырылады.
Тізімді аумақтық бөлімше тізілімге енгізілген ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) арасынан тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес қалыптастырады.
Тізім аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсында орналастырылады.
4. Жоспарлы тексеруді жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқару мақсаттары үшін ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне жатады:
1) жоғары тәуекел;
2) төмен тәуекел.
Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) үшін жоспарлы тексеру жүргізу жиілігі жарты жылда бір реттен жиілетпей айқындалады. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған ерекше бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) мониторинг жүргізілген жағдайда жоспарлы тексеру жүргізу жиілігі жылына бір реттен жиілетпей айқындалады.
Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған ерекше бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) үшін жоспарлы тексеру жүргізу жиілігі жылына бір реттен жиілетпей айқындалады.
5. Эпидемиялық мәні жоғары объектілер – тәуекел дәрежесі жоғары субъектілерге (объектілерге), эпидемиялық мәні болмашы объектілер тәуекел дәрежесі төмен субъектілерге (объектілерге) жатқызылады. Эпидемиялық мәнінің дәрежесі осы Кодекстің 36-бабына сәйкес айқындалады.
6. Тәуекелдің бір дәрежесіне жатқызылған және қызметін бір ерекше бақылау және қадағалау объектісінде жүзеге асыратын бірнеше ерекше бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тізімді жасау кезінде жоспарлы тексеру жүргізудің бірыңғай мерзімдері белгіленеді.
7. Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған тізім жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсында орналастырылады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болмаған жағдайда аумақтық бөлімшелер бекітілген тізімді жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 мамырына дейінгі мерзімде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға электрондық нысанда жібереді.
51-3-бап. Жоспардан тыс тексерулерді ұйымдастыру тәртібі
1. Аумақтық бөлімшелер осы бапқа сәйкес тағайындайтын тексеру ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеру болып табылады.
2. Мыналар:
1) егер ерекше бақылау және қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаса және (немесе) бұзушылықтарды жоймаса, тексеру, мониторинг нәтижелері бойынша анықталған, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
2) дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдемелер болған кезде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
3) адамның өміріне, денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша не зиян келтіру қаупі туралы прокурордың талаптары;
4) адамның өміріне, денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
5) ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің бастапқы тексерумен келіспейтіні (жедел ден қою шараларын қолданудың құқыққа сыйымсыздығы) туралы жүгінуіне байланысты қайта тексеру;
6) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының тапсырмасы;
7) тергеп-тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылау;
8) жедел ден қою шараларын қолдану үшін негіздер болып табылатын бұзушылықтардың жойылуын бақылау;
9) бұзушылықтардың жасалған уақыты мен орны көрсетілген растайтын дәлелдемелер, оның ішінде оларды фото- және (немесе) бейнетіркеп-белгілеу болған кезде, ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілеріндегі) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтары белгілерінің болуы туралы масс-медиадағы хабарлар;
10) егер ерекше бақылау және қадағалау субъектісі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулыларының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаса және (немесе) олардың орындалуын қамтамасыз етпесе, осындай қаулылардың орындалуын бақылау ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексерудің негіздері болып табылады.
3. Анонимдік жолданымдар берілген жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
4. Ерекше бақылаудың және қадағалаудың нақты субъектілеріне (объектілеріне) қатысты анықталған және жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған фактілер мен мән-жайлар, сондай-ақ егер қызмет және (немесе) объект халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асырудың рұқсат беру не хабарлама жасау тәртібіне жататын болса, рұқсаттың немесе қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламаның болуы не болмауы мәселелері жоспардан тыс тексеруге жатады.
5. Осы баптың 2-тармағында санамаланған жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін негіздер қызметін әділет органдарында немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында тіркемей жүзеге асыратын бейрезидент – заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, бейрезидент – заңды тұлғаларға да қатысты қолданылады.
51-4-бап. Мониторинг ұйымдастыру тәртібі
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының бұзылуы мониторинг жүргізуге негіз болғанда, мониторинг осындай талаптардың сақталуы тұрғысынан ерекше бақылау және қадағалау объектісін зерттеп-қарауды білдіреді. Мониторинг әкімшілік іс жүргізу қозғалмай жүзеге асырылады.
2. Мониторинг:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың орынбасарларының;
2) мынадай:
жаппай инфекциялық және инфекциялық емес аурулар (уланулар) анықталған;
интернаттық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, балаларға арналған санаторийлік-курорттық және сауықтыру ұйымдарының қызметтер көрсетуге дайындығын қызметтер көрсету басталғанға дейін және қызметтер көрсету кезеңінде бағалау қажет болған;
балаларға медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың уақтылы жүргізілуін бағалау қажет болған жағдайларда уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы болған жағдайда Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімі негізінде жүргізіледі.
Мониторинг жүргізу туралы шешімде мыналар көрсетіледі:
1) қызмет түрі;
2) мониторинг нысанасы;
3) мониторинг тағайындалатын аумақ (Қазақстан Республикасы немесе оның жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктері);
4) мониторинг жүзеге асырылатын кезең.
3. Ерекше бақылау және қадағалау объектісінде жаппай инфекциялық және инфекциялық емес аурулар (уланулар) анықталған кезде осыған ұқсас қызметтер көрсететін ерекше бақылау және қадағалау объектілеріне қатысты мониторинг тағайындалады.
4. Аумақтық бөлімшелер мониторинг жүргізу туралы шешімнің негізінде мониторингті осы шешімде белгіленген кезеңде жүргізуге міндетті.
5. Мониторинг жүргізу мерзімі он жұмыс күнінен аспауға тиіс және осы баптың 6-тармағына сәйкес ұзартылуы мүмкін.
Ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі табыс етілген күн мониторинг жүргізудің басталғаны болып есептеледі.
6. Мониторинг жүргізу мерзімі зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу қажет болған жағдайда аумақтық бөлімше басшысының (не оның міндетін атқарушы адамның) шешімі негізінде он жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
7. Мониторинг жүргізу туралы бір шешімнің шеңберінде ерекше бақылау және қадағалау объектісіне мониторинг бір реттен асырылмай жүргізілуге тиіс.
51-5-бап. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы акт, мониторинг жүргізу туралы шешім
1. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеру аумақтық бөлімшенің ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі.
2. Тексерулерді тағайындау туралы актілер, мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі, олардың мерзімдерін ұзарту туралы актілер тексеру немесе мониторинг басталғанға дейін аумақтық бөлімшелердің оларды мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға ұсынуы арқылы тіркелуге тиіс.
Тексеруді немесе мониторингті мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркеу Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеруді жүргізудің басталуы болып есептеледі.
4. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеруді тағайындау туралы акт, мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт, ерекше бақылау және қадағалау объектісіндегі мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешім қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады және табыс етіледі.
5. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеруді тағайындау туралы акт, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт қағаз жеткізгіште екі данада жасалады. Бірінші данасы ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) табыс етіледі, ерекше бақылау және қадағалау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) оларды алғаны жөнінде қол қоятын екінші данасы аумақтық бөлімшеде қалады.
Ерекше бақылау және қадағалау объектісінде мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі және мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешім қағаз жеткізгіште ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) қолын қойғызып табыс етіледі.
6. Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) тексеруді тағайындау туралы акт, мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт, ерекше бақылау және қадағалау объектісінде мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешім электрондық нысанда ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) "электрондық үкімет" веб-порталы немесе мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы немесе егер ерекше бақылау және қадағалау субъектісі электрондық пошта мекенжайын көрсеткен болса, сол мекенжайға жіберу арқылы табыс етіледі.
7. Тексеруге немесе мониторингке келген аумақтық бөлімшенің лауазымды адамдары ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне:
1) ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы актіні немесе мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесін;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
3) қажет болған кезде – құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын көрсетуге міндетті.
8. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы актіні, мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесін қабылдаудан бас тартылған, тексеруді немесе мониторингті жүзеге асыратын аумақтық бөлімшенің лауазымды адамының тексеруді немесе мониторингті жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Хаттамаға тексеруді немесе мониторингті жүзеге асыратын аумақтық бөлімшенің лауазымды адамы және заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға қол қояды.
Заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға бас тартудың себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы.
9. Тексеруді тағайындау туралы актіні немесе мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесін, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді алудан бас тарту ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексерудің немесе мониторингтің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
10. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
11. Тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы аумақтық бөлімшенің шешімі бойынша өзгертілуі мүмкін, бұл жөнінде ерекше бақылау және қадағалау субъектісі және мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган ауыстырылу себебі көрсетіле отырып, тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталған күннен бастап келесі жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
51-6-бап. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізу мерзімдері
1. Тексеру жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың, сондай-ақ қойылған міндеттердің көлемі ескеріле отырып белгіленеді және:
жоспарлы тексеру жүргізу кезінде – тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс және он бес жұмыс күніне дейінгі мерзімге ұзартылады;
жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде – тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс және он жұмыс күніне дейінгі мерзімге ұзартылады.
2. Тексеру жүргізу мерзімдерін аумақтық бөлімшенің басшысы (не оның міндетін атқарушы адам) зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу қажет болған жағдайда ғана осы баптың 1-тармағында айқындалған мерзімдерге ұзартуы мүмкін.
3. Тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған жағдайда аумақтық бөлімше қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзарту себебі көрсетіліп, ол мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберіледі.
Тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған жағдайда аумақтық бөлімше бұл жөнінде ерекше бақылау және қадағалау субъектісін (заңды тұлғаның басшысын не оның уәкілетті адамын, жеке тұлғаны) міндетті түрде хабардар етеді.
4. Аумақтық бөлімше тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны тексеру мерзімдері аяқталғанға дейін бір жұмыс күні бұрын "электрондық үкімет" веб-порталы немесе мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы, егер ерекше бақылау және қадағалау субъектісі электрондық пошта мекенжайын көрсеткен болса, сол мекенжайға немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жібереді.
51-7-бап. Тексеру және мониторинг нәтижелерін ресімдеу тәртібі
1. Тексеру және мониторинг нәтижелері бойынша аумақтық бөлімшенің лауазымды адамы:
1) тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіні;
2) бұзушылықтар анықталған жағдайларда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жасайды.
2. Тексеру немесе мониторинг жүргізу барысында бұзушылықтар анықталғанда олардың нәтижелері туралы әрбір акт бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы бір ғана нұсқама берілуі мүмкін.
3. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіге мыналар қоса беріледі:
1) бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;
2) өнімнің (тауардың), шикізаттың, табиғи орта құрамдастарының сынамаларын (үлгілерін) алу, тұлғаларды зерттеп-қарауға жіберу актілері, зертханалық және (немесе) аспаптық зерттеулердің, өлшеулердің хаттамалары (қорытындылары) және тексеру немесе мониторинг нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар (олар болған кезде) немесе олардың көшірмелері.
4. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне ықпал ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.
5. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдерін айқындау кезінде:
1) ерекше бақылау және қадағалау субъектісінде бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктердің болуы;
2) пайдаланылатын өндірістік объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері;
3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тиісті рұқсатты алу немесе хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа да құжаттарды беру мерзімдері ескеріледі.
6. Ерекше бақылау және қадағалау субъектісі қосымша уақыт шығындары және (немесе) қаржылық шығындар қажет болған жағдайда өзіне тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жедел ден қою шараларын қолдану үшін негіз болып табылатын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды қоспағанда, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен аумақтық бөлімшеге жүгінуге құқылы.
Өтініште ерекше бақылау және қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды және оларды жою мерзімдерін ұзартудың объективті себептерін баяндауға міндетті.
7. Аумақтық бөлімше өтініште баяндалған дәлелдерді ескере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы немесе уәжді негіздемемен мерзімдерді ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
8. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады және табыс етіледі.
9. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама қағаз жеткізгіште екі данада жасалады. Бірінші данасы ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) табыс етіледі, ерекше бақылау және қадағалау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) оларды алғаны жөнінде қол қоятын екінші данасы аумақтық бөлімшеде қалады.
10. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама электрондық нысанда ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы немесе егер ерекше бақылау және қадағалау субъектісі электрондық пошта мекенжайын көрсеткен болса, сол мекенжайға жіберу арқылы табыс етіледі.
11. Аумақтық бөлімше тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға электрондық нысанда жібереді.
12. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне табыс етілген күн тексеру немесе мониторинг мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
13. Тексеру немесе мониторинг нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы не оның өкілі ескертулерді және (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, бұл жөнінде актіде тиісті белгі жасалады.
14. Тексеру немесе мониторинг жүргізу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда олардың нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
15. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі ішінде ерекше бақылау және қадағалау субъектісі аумақтық бөлімшеге анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат беруге міндетті.
16. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат берілмеген немесе бұзушылықтар жойылмаған жағдайда аумақтық бөлімше жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.
17. Жоспардан тыс тексеру шеңберінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылық шаралары қолданылады.
18. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде анықталған бұзушылықтар жойылған жағдайда ерекше бақылау және қадағалау субъектісі аумақтық бөлімшеге бұзушылықтарды жою тәртібі мен тәсілдерін егжей-тегжейлі сипаттай отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы толық ақпарат беруге міндетті. Бақылау және қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болған кезде) қоса береді.
Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру талап етілмейді.
51-8-бап. Тексерудің немесе мониторингтің жарамсыздығы
1. Мынадай негіздердің бірі болған кезде тексеру жарамсыз деп танылады:
1) тексеру жүргізу үшін негіздердің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;
4) ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне тексеруді тағайындау және (немесе) оның мерзімдерін ұзарту (болған кезде) туралы актінің ұсынылмауы;
5) аумақтық бөлімшенің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерудің тағайындалуы;
6) тексеруді тағайындау және (немесе) оның мерзімдерін ұзарту (болған кезде) туралы акт белгіленген мерзімдерде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға жіберілмей, тексерудің жүргізілуі;
7) тексеру жүргізудің осы параграфта көзделген мерзімдерінің бұзылуы.
2. Мынадай негіздердің бірі болған кезде мониторинг жарамсыз деп танылады:
1) мониторинг жүргізу үшін негіздердің болмауы;
2) аумақтық бөлімшенің құзыретіне кірмейтін талаптардың бақылануы;
3) ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне мониторинг жүргізу туралы шешім көшірмесінің және (немесе) мониторинг мерзімін ұзарту туралы шешімнің (болған кезде) ұсынылмауы;
4) мониторинг нысанасы шеңберінен шығатын мәселелер бойынша мониторингтің жүргізілуі;
5) мониторинг жүргізу мерзімдерінің бұзылуы.
3. Жарамсыз деп танылған, тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту, тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актілер, тексеру немесе мониторинг қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарын бұзуының дәлелдемесі бола алмайды.
4. Тексеруді немесе мониторингті жарамсыз деп тану жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың осы тексеру немесе мониторинг нәтижелері бойынша актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жоюы үшін негіз болып табылады.
5. Тексерудің немесе мониторингтің жарамсыздығына байланысты тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту, тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы актілердің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік органның қарауы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімінің бұзылуы ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің пайдасына шешіледі.";
6) 82-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "өндірістік" деген сөз "осы Кодекстің 45-бабында көзделген талаптарды ескере отырып, өндірістік" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 102-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
"2-1. Инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың пайда болу, таралу қаупі төнген жағдайда бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің қаулыларымен бақылау және қадағалау субъектілері (объектілері) үшін бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай, орындауға міндетті санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар айқындалады.
Ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің қаулыларын орындауын тексеру осы Кодекстің 5-тарауының 2-1-параграфында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.".
5. 2025 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:
1) 31-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында:
бесінші абзац "балаларды" деген сөзден кейін ", сондай-ақ әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықтан өтетін балаларды" деген сөздермен толықтырылсын;
алтыншы абзац "олимпиадаларын" деген сөзден кейін ", алғашқы әскери даярлық бойынша жарыстар" деген сөздермен толықтырылсын;
2) 32-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында:
он бірінші абзац "балаларды" деген сөзден кейін ", сондай-ақ әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықтан өтетін балаларды" деген сөздермен толықтырылсын;
он екінші абзац "олимпиадаларын" деген сөзден кейін ", алғашқы әскери даярлық бойынша жарыстар" деген сөздермен толықтырылсын.
6. "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімдерін беруді және оларды қайта атауды келісу;";
3-тармақтағы "сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту" деген сөздер "олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту, сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімдерін беруді және оларды қайта атауды келісу" деген сөздермен ауыстырылсын.
7. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 7-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) және 6-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"6-1) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
6-2) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау және қарау, сондай-ақ әкімшілік жаза қолдану;";
2) 28-2-баптың 3-тармағында:
бірінші бөлікте:
10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"10) сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адам (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);";
12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"12) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылаудағы адам;";
13) тармақша алып тасталсын;
екінші бөліктегі ", 12) және 13)" деген сөздер "және 12)" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 47-3-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылаудағы адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.";
4) 52-баптың 3, 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Меншік түріне, нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар баланың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
4. Осы Заңға сәйкес баланың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты жоспарлы және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
5. Баланың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру нысанында жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.";
5) 52-2-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 13), 14), 15), 16), 17), 18), 19) және 20) тармақшалармен толықтырылсын:
"13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше білім беруді қажет ететін адамдарға (балаларға) білім беру ұйымдарында білім алу, білім беру ұйымдары ғимараттарының, құрылысжайлары мен үй-жайларының қолжетімді болуы үшін арнаулы жағдайлар жасау;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын зерттеп-қарауды қамтамасыз ету және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсету;
15) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын және педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату тәртібін сақтау;
16) дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді арнаулы білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету;
17) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қамсыздандыруды жүзеге асыру;
18) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыру;
19) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке және шарттарға сәйкес кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
20) тиiстi кентте, ауылда, ауылдық округте мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жақын жердегі мектепке дейін тегін алып баруды және одан алып қайтуды ұйымдастыру.";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 18), 19), 20), 21), 22), 23), 24) және 25) тармақшалармен толықтырылсын:
"18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше білім беруді қажет ететін адамдарға (балаларға) білім беру ұйымдарында білім алу, білім беру ұйымдары ғимараттарының, құрылысжайлары мен үй-жайларының қолжетімді болуы үшін арнаулы жағдайлар жасау;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын зерттеп-қарауды қамтамасыз ету және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялық көмек көрсету;
20) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату тәртібін сақтау;
21) дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді арнаулы білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету;
22) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қамсыздандыруды жүзеге асыру;
23) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыру;
24) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке және шарттарға сәйкес кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
25) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті түрде жұмысқа орналастыруды жүзеге асыру және тұрғынжаймен қамтамасыз ету.";
3-тармақ мынадай мазмұндағы 14), 15), 16) және 17) тармақшалармен толықтырылсын:
"14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше білім беруді қажет ететін адамдарға (балаларға) білім беру ұйымдарында білім алу, білім беру ұйымдары ғимараттарының, құрылысжайлары мен үй-жайларының қолжетімді болуы үшін арнаулы жағдайлар жасау;
15) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қамсыздандыруды жүзеге асыру;
16) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыру;
17) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті түрде жұмысқа орналастыруды жүзеге асыру және тұрғынжаймен қамтамасыз ету.";
6) мынадай мазмұндағы 52-4-баппен толықтырылсын:
"52-4-бап. Балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарына және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі
1. Балалардың тамақтануына, тұруына, оларға медициналық көмек көрсетуге, білім беруге, оларды тәрбиелеуге, сауықтыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарына және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) қатысты баланың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер нысанында жүзеге асырылады.
2. Мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес баланың құқықтарын қорғау саласындағы алдыңғы мемлекеттік бақылауды;
2) мемлекеттік бақылау субъектілері, оның ішінде "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесі және Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі арқылы ұсынатын есептілік пен мәліметтердің мониторингін;
3) мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың интернет-ресурстарының және өзге де ашық дереккөздердің деректерін;
4) күнтізбелік бір жыл ішінде жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан келіп түскен, расталған жолданымдардың санын талдау нәтижелері бойынша тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесі негізінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тағайындайтын тексеру жоспарлы тексеру болып табылады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесі тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып жүргізіледі.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесі болмаған кезде өздеріне қатысты мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) санының ең аз жол берілетін шегі осындай мемлекеттік бақылау субъектілері (объектілері) жалпы санының бес пайызынан аспауға тиіс.
3. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы тәуекелдерді басқару мақсаттары үшін жоспарлы тексеру нысанындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік бақылау субъектілерін (объектілерін) мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне жатқызады:
1) жоғары тәуекел;
2) орташа тәуекел;
3) төмен тәуекел.
Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған субъектілер (объектілер) үшін жоспарлы тексеруді жүргізу жиілігі жылына бір реттен жиілетпей айқындалады.
Тәуекелдің орташа дәрежесіне жатқызылған субъектілер (объектілер) үшін жоспарлы тексеруді жүргізу жиілігі екі жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.
Тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылған субъектілер (объектілер) үшін жоспарлы тексеруді жүргізу жиілігі үш жылда бір реттен жиілетпей айқындалады.
Жоспарлы тексеруді жүргізу үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді және өзінің интернет-ресурсында орналастырылады.
4. Жоспарлы тексерулердің жылдық тізімі (бұдан әрі – тексерулердің жылдық тізімі) мемлекеттік бақылау субъектісіне (объектісіне) жоспарлы тексеруді тағайындау үшін негіз болып табылады.
Тексерулердің жылдық тізімі тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесінде автоматты режимде қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы тексерулердің жылдық тізімін өзінің интернет-ресурсында жоспарлы тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде орналастырады.
Тәуекелдерді бағалау мен басқарудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болмаған кезде тексерулердің жылдық тізімін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының бірінші басшысы осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде бекітеді.
Жоспарлы тексерулер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мемлекеттік бақылау субъектілері таратылған, қайта ұйымдастырылған, атауы өзгертілген, олардың арасында өкілеттіктер қайта бөлінген, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралуы және оларға байланысты шектеулер туындаған немесе туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар басталған кезде жоспарлы тексеру ұзартылуы, тоқтатыла тұруы және қайта басталуы мүмкін.
5. Жоспарлы тексерулер тексерулердің жылдық тізіміне сәйкес тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі.
6. Мемлекеттік бақылау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге мыналар негіз болып табылады:
1) егер мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп бермесе және (немесе) бұзушылықтарды жоймаса, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
2) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
3) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша прокурордың талаптары;
4) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
5) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша масс-медиадағы жарияланымдар мен хабарлар;
6) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының тапсырмасы.
Анонимдік жолданымдар берілген жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
7. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік бақылау субъектісін тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын оның басталған күнін көрсете отырып, жоспарлы тексеру жүргізудің басталғаны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Жоспардан тыс тексеру мемлекеттік бақылау субъектісіне хабарламастан жүргізіледі.
8. Тексеру жүргiзудің мерзiмдерi мен нысанасын көрсете отырып, мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда тiркелген тексерудi тағайындау туралы акт мемлекеттік бақылау субъектiсіне табыс етілген күн тексерудiң басталуы болып есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
Хаттамаға Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамы және мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.
Мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам бас тартудың себебіне жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы.
Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексерудің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
Тексеруді тағайындау туралы актіде аталған лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
9. Тексеруді тағайындау туралы акт, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт мемлекеттік бақылау субъектісінің (объектісінің) тұрған жері бойынша мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық органына оларды электрондық нысанда ұсыну арқылы тексеру басталғанға дейін тіркеледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеруді жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар туралы мәліметтер;
5) мемлекеттік бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, тұрған жері;
6) тағайындалған тексерудің нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізу негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексерілуге жататын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері;
9) тексеру жүргізілетін кезең;
10) тексеру субъектісінің осы баптың 21-тармағында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және мемлекеттік органның мөрі;
12) мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адамның тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны туралы немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
Тексеруді тағайындау туралы актiлерді, тексеру мерзiмдерiн ұзарту туралы қосымша актiлердi тіркеудің, тiркеуден бас тартудың және олардың күшін жоюдың, тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау, оның мерзімдерін ұзарту туралы, қатысушылар құрамын өзгерту және тексеру мен оның нәтижелерi туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну туралы хабарламалар жасау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
10. Тексерулер жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ алға қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және:
жоспарлы тексерулер жүргізу кезінде – он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс және он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады;
жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде – он жұмыс күнінен аспауға тиіс және он жұмыс күніне дейінгі мерзімге ұзартылады.
Мемлекеттік органдарға сұрау салуды жіберу қажет болған кезде, сондай-ақ тексерудің елеулі көлеміне байланысты тексеру жүргізу мерзімін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының басшысы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркей отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және оларды ұзарту себебі көрсетіледі.
Тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіні міндетті түрде ресімдейді және бұл туралы мемлекеттік бақылау субъектісін тексеру ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарлама табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не егер мемлекеттік бақылау субъектісі Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына электрондық пошта мекенжайын бұрын ұсынған болса, осы мемлекеттік бақылау субъектісінің осындай мекенжайы бойынша электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.
11. Тексерулер мемлекеттік бақылау субъектілерінің (объектілерінің) жұмыс регламентінде белгіленген жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының тексеруге келген лауазымды адамдары мемлекеттік бақылау субъектісіне:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
12. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамы:
1) тексеру нәтижелері туралы акт;
2) бұзушылықтар анықталған жағдайларда анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіге қажет болған кезде тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
13. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы;
6) тексеруді жүргізу күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің түрі мен нысанасы;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
9) талаптарды орындау және бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау мерзімі көрсетіле отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар;
10) мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адамның, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
11) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.
14. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нұсқаманың жасалған күні, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы, сондай-ақ мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының, ал ол болмаған жағдайда тексеруді жүргізу кезінде қатысқан оны алмастыратын адамның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
5) тексеруді жүргізу күні, орны және кезеңі;
6) анықталған бұзушылықтардың тізбесі;
7) анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою бойынша нұсқаулар;
8) мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адамның нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер;
9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.
15. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде оларды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.
Мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам бас тартудың себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
Тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы қосымшаларының көшірмелерімен қоса, мемлекеттік бақылау субъектісінің басшысына, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адамға танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау үшін қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, екінші данасы мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына электрондық нысанда тапсырылады, үшінші данасы Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органында қалады.
16. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне ықпал ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ нұсқама табыс етілген күннен бастап кемінде күнтізбелік он күн болып айқындалады.
Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген бұзушылықтар бойынша ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, олар бойынша қабылданатын шаралар туралы ақпарат береді.
17. Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін нұсқамада белгіленген мерзім ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген анықталған бұзушылықтар мерзімінен бұрын жойылған жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
18. Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде бермеген жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы мемлекеттік бақылау субъектісіне нұсқаманы орындау жөнінде ақпарат беру қажеттілігі туралы сұрау салуды екі жұмыс күні ішінде жібереді.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау туралы ақпарат қайта берілмеген жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы осы баптың 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеруді тағайындауға құқылы.
19. Жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы акт мемлекеттік бақылау субъектісіне жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
20. Осы бапта белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
21. Мемлекеттік бақылау субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының объектіге тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдарын:
жоспарлы тексеру тағайындалған кезде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралықтары сақталмаған;
осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде (мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде (болған кезде) көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;
тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тапсырылған;
тексеру мерзімдері осы бапта белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
тексеруді тағайындау туралы акт болмаған жағдайларда, тексеруге жібермеуге;
2) егер мәліметтер жүргізілетін тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының тексеру нәтижелері туралы актісіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы лауазымды адамының тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей, оны хабардар ете отырып, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге құқылы.
22. Мемлекеттік бақылау субъектілері:
1) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау субъектісінің аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамдарының шақыруы бойынша келуге;
3) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi органының сұратуы бойынша материалдарды ұсынуға;
4) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
5) тексеру аяқталған күні оның нәтижелері туралы актіні алғаны туралы белгі қоюға;
6) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеруді жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
7) тексеруді тағайындау туралы актіні алған жағдайда мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адамның тексерудің белгіленген мерзімінде мемлекеттік бақылау субъектісі тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
23. Мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексерулер, егер олар мынадай бұзушылықтардың бірімен жүргізілсе, жарамсыз деп танылады:
1) мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді жүргізудің басталғаны туралы немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаның болмауы, сол сияқты хабарлама мерзімдерінің сақталмауы;
3) мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы актінің немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актінің болмауы;
4) мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;
5) мемлекеттік бақылау субъектісіне мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді тағайындау туралы актінің ұсынылмауы;
6) мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерудің тағайындалуы;
7) мемлекеттік бақылау субъектісін (объектісін) тексерудің мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға тексеруді тағайындау туралы акт белгіленген мерзімдерде жіберілмей жүргізілуі.".
8. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.";
2) 4-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
"14) отандық әдебиет пен кітап басып шығаруды дамыту.";
3) 8-бап мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
"2-2) мәдениет және білім беру ұйымдарында кітапхана қорын дамыту және сақтау жөніндегі шараларды қабылдайды;";
4) 9-бап мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:
"1-2) кітапхана қорын сақтау жөніндегі шараларды қабылдайды;";
5) 9-1-бапта:
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Телевизиялық жазбаларды және концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған өзге де орындарды қоспағанда, концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушылардың, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың дауыс (вокалды) фонограммаларын пайдалануына тыйым салынады.";
5-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"7) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу уақытында музыкалық туындыларды орындау кезінде дауыс (вокалды) фонограммаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлауға міндетті.";
6) 11-баптың 2-тармағы 5) тармақшасындағы "жасамауға міндетті." деген сөздер "жасамауға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) масс-медиада немесе онлайн-платформаларда авторлық құқық объектілері болып табылатын туындыларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен кез келген жария пайдалану кезінде олардың авторын (авторларын) атап көрсетуге міндетті.";
7) 24-баптың 4-тармағының екінші бөлігі 11) тармақшасындағы "өткізуге құқығы бар." деген сөздер "өткізуге;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 12) тармақшамен толықтырылсын:
"12) кітапхана үй-жайларын ұсына отырып, білім беру іс-шаралары мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге құқығы бар.";
8) 29-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) музыкалық туындыларды орындау кезінде дауыс (вокалды) фонограммаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлауға;".
9. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
13-1) тармақша "стипендиялар" деген сөзден кейін ", білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын" деген сөздермен толықтырылсын;
44-1) тармақша алып тасталсын;
"білім алушыларды" деген сөздерден кейін "(тәрбиеленушілерді)" деген сөзбен толықтырылсын;
"адамдарды (балаларды)" деген сөздер "балаларды (адамдарды)" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.";
3) 3-баптың 3-тармағының 9) тармақшасы ", сондай-ақ академиялық адалдық нормаларын сақтау" деген сөздермен толықтырылсын;
4) 5-баптың бірінші бөлігінде:
10) тармақша "салыстырмалы" деген сөзден кейін "және ұлттық" деген сөздермен толықтырылсын;
28) тармақша "педагогтер" деген сөзден кейін ", ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары, оларды дайындаған педагогтер" деген сөздермен толықтырылсын;
"біржолғы сыйақы" деген сөздер ", ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздарына, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы" деген сөздермен ауыстырылсын;
"берілетін" деген сөз ", ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздарына, оларды дайындаған педагогтерге берілетін" деген сөздермен ауыстырылсын;
37) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"37) мемлекеттік орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды, күрделі жөндеуді қаржыландыру және жүргізу қағидаларын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;";
мынадай мазмұндағы 42-1), 54-1), 54-2) және 54-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"42-1) оқыту тілін қосымша қолдауды қажет ететін, қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптардың білім алушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын, сондай-ақ оны ендіру қағидалары мен шарттарын бекітеді;";
"54-1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
54-2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын саралау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
54-3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесі және оларды саралау қағидалары негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын саралауды жүргізеді;";
5) 5-3-бапта:
бірінші бөлікте:
мынадай мазмұндағы 7-1), 7-2) және 7-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"7-1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесін бекітеді;
7-2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау қағидаларын бекітеді;
7-3) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесі және оларды саралау қағидалары негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралауды жүргізеді;";
10) тармақша "және" деген сөзден кейін "(немесе)" деген сөзбен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 17-1) тармақшамен толықтырылсын:
"17-1) Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің қағидаларын және олардың ынтымақтастығының нысандарын бекітеді;";
екінші бөлік "7)," деген цифрдан кейін "7-1), 7-2), 7-3)," деген цифрлармен толықтырылсын;
6) 6-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды, күрделі жөндеуді қаржыландыру және жүргізу қағидаларына сәйкес айқындалатын көлемде орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді қаржыландыруды жыл сайын қамтамасыз етеді.";
7) 8-3-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының штат саны Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасының талаптары сақтала отырып, олардың интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.";
8) 26-баптың 9-1-тармағы "қабылдау тәртібі" деген сөздерден кейін "жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау нәтижелері ескеріле отырып," деген сөздермен толықтырылсын;
9) 30-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Мектепке дейінгі ұйым психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымдарына сәйкес мүмкіндіктері шектеулі балаларды қоспағанда, алты жасқа толған тәрбиеленушілерді шығаруды олар мектепалды даярлық бойынша жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгергеннен кейін жыл сайын 1 маусымнан бастап 1 тамыз аралығындағы кезеңде жүзеге асырады.";
10) 42-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
"1-1. Жекеменшік білім беру ұйымдары тұлғалардың есімдерін беруді және оларды қайта атауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ономастика комиссияларымен келіседі.";
11) 43-1-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
"5-1) дербес әзірленген академиялық адалдық нормалары негізінде академиялық және ғылыми қызметті жүзеге асыру;";
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
"5. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау қағидалары негізінде жүргізілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау нәтижелері бойынша мынадай:
1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының құрылымын дербес айқындауға;
2) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының мазмұнын тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан төмен болмайтындай етіп дербес айқындауға;
3) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежелерін беруге құқығы бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын айқындайды.";
12) 44-баптың 9-2-тармағының бірінші абзацындағы "1), 3), 6), 7)" деген цифрлар "3), 6) және 7)" деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 47-баптың 17-2-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) резидентураға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, магистратураға, докторантураға түскен және оқуын аяқтаған адамдарға;";
6) тармақшадағы "азаматтарға беріледі." деген сөздер "азаматтарға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
"7) мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақыны алушылар болып табылатын адамдарға;
8) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын мемлекеттік жәрдемақыны алушылар болып табылатын адамдарға беріледі.";
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Шетелдік білім беру ұйымдарында резидентураға (ординатураға), магистратураға, аспирантураға, докторантураға түскен және оқуын аяқтаған адамдарға оқу кезеңінде жұмыспен өтеу бойынша кейінге қалдыру беріледі.";
14) 48-1-бапта:
2-тармақ 5) тармақшасындағы "орналастыруға міндетті." деген сөздер "орналастыруға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6), 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
"6) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, өнім берушіні қоғамдық тамақтану объектісінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз және (немесе) қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламасыз сатып алынатын қызметтерді көрсетуге жібермеуге;
7) сатып алынатын қызметтерді көрсету процесінде:
конкурстық құжаттамада мәлімделген, өнім беруші жұмыскерлерінің сатып алынатын қызметтерді нақты көрсетуін және олардың біліктілігін тексеруге;
сатып алынатын қызметтерді көрсету үшін қажетті тоңазыту жабдығының және технологиялық жабдықтың болуын және жарамдылығын тексеруге;
тағамдар мен аспаздық бұйымдардың сапасына органолептикалық бағалау (бракераж) жүргізуді қамтамасыз етуге;
8) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына осы тармақтың 7) тармақшасында көзделген талаптардың сақталуы туралы ақпарат беруге міндетті.";
мынадай мазмұндағы 2-1, 2-2 және 2-3-тармақтармен толықтырылсын:
"2-1. Өнім беруші тамақ өніміне кіріс құжаттарын есепке алуды оны жеткізуді жүзеге асыратын субъектілер бөлінісінде жүргізуге міндетті.
2-2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы сатып алынатын көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін жүргізеді, онда:
қызметтерді көрсету туралы шарттардың жасалған күні мен қолданылу мерзімі;
сатып алынатын қызметтерді нақты көрсететін өнім берушінің жұмыскерлері және олардың біліктілігі туралы ақпарат қамтылады.
2-3. Осы баптың 2-тармағының 8) тармақшасында, 2-1 және 2-2-тармақтарында көзделген талаптарды орындау тәртібі мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";
15) 51-баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде:
2) тармақша "сәйкес" деген сөзден кейін "және академиялық адалдық нормалары сақтала отырып" деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) білім алушыларға ғылыми зерттеулер мен академиялық жазу әдістерін және оларды зерделенетін салада қолдануды оқытып-үйретуге;";
7) тармақша "қағидаларын" деген сөзден кейін "және ғылыми әдеп қағидаттарын" деген сөздермен толықтырылсын;
16) мынадай мазмұндағы 55-1-баппен толықтырылсын:
"55-1-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау
1. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау білім беру қызметінің тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігін айқындауға бағытталған, білім берудің сапасы мен қолжетімділігін кешенді түрде бағалау рәсімін білдіреді.
2. Мемлекеттік аттестаттау меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ Сот төрелігі академиясында, әскери, арнаулы оқу орындарында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қатысты жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік аттестаттауды:
1) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қатысты білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері;
2) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы;
3) денсаулық сақтау саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қатысты денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өзі айқындайтын тәртіппен;
4) Сот төрелігі академиясына қатысты Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі өзі айқындайтын тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.
4. Бірінші мемлекеттік аттестаттау жаңадан құрылған, мынадай:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – қызметі басталған кезден бастап үш жыл өткен соң;
2) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда – төрт жыл өткен соң;
3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мамандардың алғашқы бітіру кезінен бастап бір жылдан кешіктірілмей өткізіледі.
5. Білім беру қызметінің тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкестігін бағалауды жүргізу нәтижелері бойынша білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өткен не өтпеген деп танылады.
Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген білім беру ұйымдарына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізіледі.";
17) 59-бапта:
2-тармақтың 1) тармақшасы "заңды тұлғалардың" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ дара кәсіпкерлердің" деген сөздермен толықтырылсын;
бірінші бөліктегі "және бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау" деген сөздер алып тасталсын;
үшінші бөлік алып тасталсын;
4, 4-1, 8-5, 8-6, 8-7, 8-8, 8-9, 8-10, 8-11, 8-12 және 8-13-тармақтар алып тасталсын;
18) 59-1-бапта:
2-тармақтың 21), 23), 24) және 25) тармақшалары алып тасталсын;
3-тармақтың 1), 16) және 20) тармақшалары алып тасталсын;
19) 62-бапта:
бірінші бөлік "ұйымдарында" деген сөзден кейін "және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау нәтижелері ескеріле отырып" деген сөздермен толықтырылсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орналастырылады.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Мектепалды сыныптарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орналастырылады.";
8-тармақтағы "жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының түрі мен мәртебесіне" деген сөздер "Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының түріне, мәртебесіне және саралау нәтижелеріне" деген сөздермен ауыстырылсын.
10. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
25-баптың 1-тармағының 15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде дауыс (вокалды) фонограммаларын, дыбыс-бейне жазбаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда пайдалануын көрсетуді;".
11. "Педагог мәртебесі туралы" 2019 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 3-баптың бірінші бөлігі "кабинеттерде" деген сөзден кейін "(орталықтарда)" деген сөзбен толықтырылсын;
2) 8-баптың 5-тармағы "кабинетте" деген сөзден кейін ("орталықта") деген сөзбен толықтырылсын;
3) 9-баптың 3-тармағының екінші бөлігі "жүлдегерін" деген сөзден кейін ", ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпазын" деген сөздермен толықтырылсын.
2-бап. Осы Заң:
1) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 2) тармақшасын;
2) 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының 1) тармақшасын, 4-тармағын, 7-тармағының 1), 4), 5) және 6) тармақшаларын, 9-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацын, 14), 16), 17) және 18) тармақшаларын;
3) 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағы 4) тармақшасының он бірінші, он екінші және он үшінші абзацтарын, 5) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы және оныншы абзацтарын;
4) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағының 8) тармақшасын, 11) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарын, 19) тармақшасының үшінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |