Астанада 2007 жылғы 26 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығын құру туралы Алматы Актісінің және Қазақстан Республикасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы болатын ел ретінде белгілейтін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы туралы келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында,
Қазақстан Республикасының аумағында өздерінің функцияларын тиісінше орындау мақсатында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Жалпы ережелер
1. Осы Келісім Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының Қазақстан Республикасында болуына қатысты мәселелерді реттейді.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілетін анықтамалар мыналарды білдіреді:
(а) "Үкімет" - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
(b) "Кеңес" - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес;
(с) "Хатшылық" - Кеңес Хатшылығы;
(d) "Кеңестің штаб-пәтері" - Үкімет Кеңеске беретін Хатшылықтың үй-жайлары (меншік құқығы кімге тиесілі екеніне қарамастан, осы ғимаратқа немесе ғимараттың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесін қоса алғанда, қабылдаушы тараптағы ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі);
(е) "мүше мемлекет" - Кеңеске мүше мемлекет;
(f) алып тасталды – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен;(g) алып тасталды – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен;
(f) "қабылдаушы тарап" - Қазақстан Республикасы;
(g) "Бас хатшы" - Кеңестің бас лауазымды адамы;
(һ) "кәсіби персонал мүшелері" - Бас хатшы мен Бас хатшының орынбасарынан басқа мүше мемлекеттер Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін адамдар;
(і) "жалпы/көмекші персонал мүшелері" - белгілі бір қызметтерді көрсету үшін уақытша жалданғандарды қоспағанда, мүше мемлекеттердің азаматтары арасынан келісімшарттық негізде Хатшылыққа жұмысқа қабылданған адамдар;
(j) "Хатшылықтың персонал мүшелері" - Бас хатшы, Бас хатшының орынбасары, кәсіби персонал мүшелері және жалпы/көмекші персонал мүшелері;
(k) "отбасы мүшелері" - қабылдаушы тарап аумағында Хатшылықтың персонал мүшесімен тұрақты түрде бірге тұратын отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, ата-анасы және 18 жасқа дейінгі балалары).
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.2-бап Хатшылықтың құқықтық қабілеті
Хатшылықтың қабылдаушы тарап аумағында оның функцияларын орындау үшін қажетті құқықтық қабілеті бар, ол заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда:
1. Шарттар жасасады, құқықтарды иемденеді және солар бойынша өзіне міндеттемелер қабылдайды.
2. Өзінің ресми мақсаттары үшін толық атауы бар мөрі және дербес мекеменің басқа да қажетті деректемелері болады.
3. Жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді иемденеді, сатып алады, жалға алады, иеліктен шығарады, сондай-ақ басқарады және оларға билік жүргізеді.
4. Банк шоттарын ашады және қаржы операцияларын жасайды, өз қызметін жүзеге асыру үшін қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құрады, Хатшылықтың персонал мүшелерін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандырудың жеке жүйелерін құрады.
5. Соттарда қуынушы немесе жауапкер ретінде шыға алады.
6. Осы бапта көзделген құқықтарды Хатшылық атынан Бас хатшы немесе ол болмаған кезеңде Бас хатшының орынбасары немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесі жүзеге асырады.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.3-бап Хатшылықтың артықшылықтары мен иммунитеттері
1. Хатшылықтың мүлкі, оның ішінде үй-жайлары мен көлік құралдары, сондай-ақ ресми хат-хабарларды қоса алғанда, оның архиві мен құжаттары қандай жағдайда болсын тінту, реквизициялау, тәркілеу, тыйым салу және атқарушылық іс-қимыл жасау объектісі бола алмайды.
2. Хатшылықтың үй-жайларын кез келген басып кіруден, оған нұқсан келтіруден немесе заңсыз еніп кетуден қорғау үшін қабылдаушы тарапқа барлық қажетті шараларды қолдану жөнінде арнайы міндет жүктеледі.
3. Хатшылық, оның активтері, қорлары, банк шоттары, кірістері және басқа да меншігі:
i. Қабылдаушы тарап аумағында өндіріп алынатын барлық тікелей салықтар мен алымдардан, қосылған құн салығынан (ҚҚС) (оның ішінде қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес қайтару нысанындағы) босатылады.
ii. Хатшылық қызмет бабында пайдалануға арналған заттарды әкелген және әкеткен кезде кедендік төлемдерден, баждар мен алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады. Ортақ қағидалардан алып тастау үшін әкелінетін заттар Үкіметпен келісілген шарттарда болмаса, қабылдаушы тарапта сатылмайды.
iii. Меншікті баспа өнімдерін әкелген және әкеткен кезде кедендік төлемдерден, баждар мен алымдардан, шектеулер мен тыйым салулардан босатылады.
4. Хатшылық:
і. Өзінің ресми байланыс құралдары үшін қабылдаушы тарап шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына беретіннен кем емес қолайлы жағдайларды пайдаланады.
іі. Ақпаратты берудің құпиялылығын қамтамасыз ететін байланыстың шифрлық, курьерлік және басқа да түрлерін пайдалануға, курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабарларды алуға немесе жөнелтуге құқылы, олар дипломатиялық курьерлер мен вализдер сияқты тап сондай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады. Бұл ретте ресми хат-хабарларды құрайтын барлық орындардың олардың сипатын көрсететін көзге түсіп тұратындай сыртқы белгілері болуы тиіс және олар ресми пайдалануға арналған дипломатиялық құжаттар мен заттардан ғана тұруы мүмкін.
ііі. Хатшылық орналасқан үй-жайларда және ресми мақсаттар үшін пайдаланылатын көлік құралдарында Кеңестің жалауы мен эмблемасын орналастыруға құқылы.
іv. Кеңестің мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес баспа өнімін шығаруға және таратуға құқылы.
5. Бас хатшының ұсынысы бойынша Аға лауазымды тұлғалар комитеті иммунитеттен бас тарту туралы шешім қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, Хатшылықтың үй-жайлары, мүлкі және активтері, оның ішінде қорлары мен банк шоттары, әкімшілік немесе соттың араласуының кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады.
6. Қабылдаушы тарап билігінің тиісті жергілікті органдарының өкілдері Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің келісімімен және олар мақұлдаған шарттармен болмаса, Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.
7. Форс-мажор жағдаяттары кезінде ғана, онда да Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің келісімімен ғана кіретін кезден басқа, қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілдері Хатшылықтың үй-жайларына кіре алмайды.
8. Хатшылықтың үй-жайлары мен көлік құралдары мүше мемлекеттің кез келгенінің заңдары бойынша қуғындалып жүрген немесе мүше мемлекеттердің кез келгеніне не үшінші тарапқа берілуге тиіс адамдар үшін баспана қызметін атқармайды.
9. Хатшылықтың үй-жайлары мен көліктік құралдары Кеңестің мақсаттары мен қағидаттарымен сыйыспайтын немесе мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіретін мақсаттарда пайдаланылмайды.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.4-бап Кеңестің штаб-пәтері
1. Қабылдаушы тарап Кеңестің штаб-пәтерін орналастыру үшін үй-жайды жалға алу төлемін өтеусіз негізде қамтамасыз етеді.
2. Кейіннен қабылдаушы тарап Алматыда немесе Астанада Кеңестің штаб-пәтерінің жаңа ғимаратын салуы мүмкін.
5-бап Хатшылықтың және қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы
1. Бас хатшының немесе ол болмаған кезде Бас хатшы орынбасарының немесе Бас хатшы уәкілеттік берген Хатшылықтың персонал мүшесінің өтініші бойынша қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары қабылдаушы тарап шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларына беретіннен қолайлылығы кем емес шарттармен Хатшылыққа қажетті коммуналдық қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін болады.
2. Мұндай қызметтерді қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары көрсететін немесе осындай қызметтердің бағасын олар бақылайтын жағдайларда, осындай қызметтерге арналған тарифтер дипломатиялық миссияларға қатысты қолданылатын тарифтерден аспауы тиіс.
3. Осындай қызметтерді көрсету толық немесе ішінара үзілістерге әкеп соғатын форс-мажорлық жағдаяттар кезінде Хатшылық өзінің функцияларын орындау мақсатында қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдары дипломатиялық миссияларға беретін басымдықты пайдаланады.
4. Қабылдаушы тараптың уәкілетті мемлекеттік органдарының өтініші бойынша Хатшылық қабылдаушы тараптың тиісті коммуналдық қызметтерінің уәкілетті өкілдері тиісті түрде Хатшылықтың қызметіне кедергі келтірмейтін шарттармен қажетті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік алуы үшін қажетті шаралар қабылдайды.
5. Хатшылық сот төрелігінің тиісінше жүргізілуін қамтамасыз ету және құқық қорғау органдарының нұсқамаларын орындау, сондай-ақ осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге және жеңілдіктерге байланысты кез келген қиянат жасаушылықтың алдын алу мақсатында қабылдаушы тарап өкіметінің тиісті органдарымен ынтымақтасады.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.6-бап Хатшылықтың персонал мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері
Ескерту. 6-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.
1. Хатшылықтың персонал мүшелері қандай да бір мүше мемлекет және/немесе үкімет, ұйым немесе жеке адам тарапынан жасалатын ықпалдан тәуелсіз және азат болуға тиіс. Осыған байланысты олардан нұсқаулықтар алмауға тиіс.
2. Қабылдаушы тарап Хатшылықтың персонал мүшелерінің функцияларының халықаралық сипатын, Бас хатшының, Бас хатшы орынбасарының, кәсіби персонал мүшелерінің дипломатиялық агентінің мәртебесін және жалпы/көмекші персонал мүшелерінің халықаралық азаматтық қызметші мәртебесін мүлтіксіз құрметтеуге және өздері қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал жасамауға міндеттенеді.
3. Хатшылықтың персонал мүшелері қабылдаушы аумағында:
i. Өздері айтқан немесе жазған сөздері үшін және тараптың қызметтік міндеттерін атқару кезінде Хатшылықтың персонал мүшелері ретінде өздері жасаған барлық әрекеттері үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, бұларға мыналар кірмейді:
a. Хатшылыққа немесе Хатшылықтың персонал мүшелеріне тиесілі көлік құралдарынан не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған жол-көлік оқиғаларына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.
b. Хатшылықтың персонал мүшелері тарапынан болған әрекеттерден не олар басқаратын көлік құралдарынан туындаған өлімге немесе дене жарақатына байланысты зиянды өтеу туралы талаптар.
ii. Ағымдағы немесе бұрынғы қызметі үшін немесе Хатшылықтағы қызметіне байланысты Хатшылықтан алатын жалақыға және өзге де сыйақыларға, өтемақыларға, зейнетақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерге салынатын салықтардан босатылады.
iii. Қабылдаушы тараптың мемлекеттік міндеттіліктерінен босатылады.
iv. Отбасы мүшелерімен бірге көшіп келу жөніндегі шектеулерден және шетелдіктер ретінде тіркелуден босатылады.
v. Валюталық операциялар саласында қабылдаушы тараптың аумағында дипломатиялық агенттерге берілетін дәл сондай артықшылықтарды пайдаланады.
vi. Отбасы мүшелерімен бірге халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық агенттер пайдаланатын отанына оралу жөніндегі дәл сондай жеңілдіктерді пайдаланады.
vii. Лауазымға орналасуына байланысты қабылдаушы тарапқа алғашқы келген және миссиясының немесе еңбек шартының тоқтатылуына байланысты қабылдаушы тараптан кеткен кезде қызмет көрсетудің нақты түрлеріне төлем болып табылатындарды қоспағанда, қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес олардың жеке пайдалануына арналған автокөлік құралын қоса алғанда, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеместен, мүлікті әкелуге/әкетуге құқығы бар.
viii. Хатшылықтың персонал мүшелері ғылыми, зияткерлік немесе білім беру қызметін қоспағанда, жеке пайдасы немесе өзге адамдардың пайдасы мақсатында кәсіби немесе коммерциялық қызметпен айналыспауға тиіс.
4. Осы баптың 3-тармағының v, vi және vii тармақшаларының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Хатшылықтың персонал мүшелеріне қолданылмайды, ал ііі тармақша оларға былайша қолданылады: Бас хатшының өтініші бойынша Хатшылықтың негізгі жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Үкімет атынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік міндеттіліктерді өтеу үшін шақырылатын адамдарды уақытша кейінге қалдырады және Хатшылықтағы қызметтік міндеттеріне байланысты мемлекеттік міндеттіліктерден толық босатуды бекіте алады.
5. Осы баптың 3-тармағында бекітілген артықшылықтар мен иммунитеттерден бөлек Бас хатшы, Бас хатшының орынбасары және кәсіби персонал мүшелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері халықаралық құқыққа сәйкес дипломатиялық агенттерге және олардың отбасы мүшелеріне берілетін басқа да артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
6. Хатшылықтың персонал мүшелерінің қызметтік автокөлік құралдарын қоса алғанда, Хатшылықтың автокөлік құралдарын Хатшылық тиісті түрде сақтандыруға тиіс. Хатшылықтың персонал мүшелерінің және олардың отбасы мүшелерінің жеке автокөлік құралдарын да олардың иелері тиісті түрде сақтандыруға тиіс.
7. Хатшылықтың персонал мүшелері және олардың отбасы мүшелерін тағайындалған орнына бара жатқан кезде қабылдаушы тараптың аумағына олар келген кезден бастап немесе егер олар осы аумақта жүріп жатса, Хатшылықтың персонал мүшесі өзінің міндеттерін орындауға кіріскен кезден бастап осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
8. Хатшылықтың персонал мүшесінің функциялары тоқтатылған кезде оның артықшылықтары мен иммунитеттері, сондай-ақ отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері қабылдаушы тарапты өзі тастап шыққан кезден бастап немесе атқаратын лауазымын тоқтатқаннан кейін 1 ай өткен соң тоқтатылады.
9. Хатшылықтың персонал мүшесі қайтыс болған жағдайда, отбасы мүшелері өздеріне берілген иммунитеттер мен артықшылықтарды қабылдаушы тарапты тастап шыққан кезге дейін, бірақ ол қайтыс болған күннен бастап 2 айдан асырмай пайдалануды жалғастырады.
10. Хатшылықтың персонал мүшелеріне артықшылықтар мен иммунитеттер көрсетілген адамдардың жеке пайдасы үшін емес, Кеңестің мүдделері үшін өздерінің ресми функцияларын тиімді, тәуелсіз түрде орындауы үшін беріледі.
11. Иммунитеттен бас тарту.
i. Бас хатшы мен Бас хатшының орынбасарына қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің ұсынуы бойынша мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне тиесілі болады.
ii. Хатшылықтың кәсіби персонал мүшелеріне және жалпы/көмекші персонал мүшелеріне қатысты иммунитеттен бас тарту құқығы Аға лауазымды тұлғалар комитетінің келісуімен Бас хатшыға тиесілі болады.
iii. Иммунитеттен бас тарту құқығы анық білдірілуге тиіс.
12. Осы Келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірместен, Хатшылықтың персонал мүшелері және отбасы мүшелері қабылдаушы тараптың заңнамасын құрметтеуге міндетті. Олар сондай-ақ қабылдаушы тараптың ішкі істеріне араласпауға міндетті.
13. Хатшылықтың персонал мүшелерінің:
i. Олардың лауазымға орналасуға арналған шақыру хаты болған кезде немесе қызметтік іссапарлар кезінде жеделдетілген тәртіппен және ақысыз негізде визаларды ресімдеуге;
ii. Бұл Кеңестің іс-шаралары үшін қажет болған жағдайда және егер бұл қабылдаушы тарап заңнамасының ережелеріне сай келетін болса, оның аумағында еркін жүріп-тұруға құқығы бар.
14. Хатшылық өз персоналы мүшелерінің тегі мен санатын және олардың мәртебесінің кез келген өзгерісі туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Үкіметке хабарлайды.
15. Аккредиттеу карточкалары.
i. Хатшылықтың ресми жолданымы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз Үкіметінің атынан Хатшылықтың персонал мүшелеріне және олардың отбасы мүшелеріне тиісті аккредиттеу карточкаларын береді.
ii. Үкіметтің уәкілетті лауазымды адамының талап етуі бойынша осы тармақтың і тармақшасында көрсетілген адамдар өздерінің аккредиттеу карточкаларын көрсетуге тиіс.
iii. Хатшылықтың персонал мүшелерінің өкілеттік мерзімі өткен соң немесе оларды басқа қызметтерге/лауазымдарға ауыстырған кезде Хатшылық барлық тиісті аккредиттеу карточкаларының Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы Үкіметке уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.7-бап Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім:
і. Қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
іі. Қазақстан Республикасы ратификациялауға тиіс және Хатшылық ратификациялау туралы құралды алған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
3. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағының іі тармақшасында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
4. Хатшылық пен Үкімет кез келген қажетті қосымша келісімдер жасаса алады.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.05.2025 № 189-VIII Заңымен.2007 жылғы "26 " маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
Хатшылық осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.
Қазақстан Республикасының | Азиядағы өзара іс-қимыл |
Үкіметі үшін | және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы үшін |
2007 жылғы 26 маусымда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық-құқық департаментінің Басқарма бастығы |
Ж. Бұхбантаев |
РҚАО ескертуі: бұдан әрі Келісім ағылшын тілінде берілген.