Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 386-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы мен өндірушілердің (импорттаушылардың) және оның (олардың) қаптамасының кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдерді (тауарларды) өндіруші (импорттаушы) арасында жасалатын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) және олардың қаптамалары тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарттың нысаны бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
Ж. Алиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
| Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2026 жылғы 9 қазандағы № 264 бұйрығына қосымша |
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы мен өндірушілердің (импорттаушылардың) және оның (олардың) қаптамасының кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдерді (тауарларды) өндіруші (импорттаушы) арасында жасалатын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) және олардың қаптамалары тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарттың нысаны
Астана қ. "____" _____________20____жыл
Бір тараптан өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып табылатын, бұдан әрі "Оператор" деп аталатын "Жасыл даму" акционерлік қоғамы, оның атынан __________________ негізінде әрекет етуші ___________________ арқылы, және екінші тараптан қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын жекелеген өнімдердің (тауарлардың) төменде көрсетілген тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын, бұдан әрі "Өндіруші (импорттаушы)" деп аталатын жеке және заңды тұлғалар, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар", ал жеке-жеке жоғарыда көрсетілгендей немесе "Тарап" деп аталатындар, мыналарды:
Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 386-бабы 2-тармағының 2) тармақшасын, 392-бабының 1-тармағын;
"Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы № 763 қаулысын (бұдан әрі – Қағидалар);
"Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында өндіретін және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін, олар бойынша осындай өнімдер (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және (немесе) кәдеге жарату қамтамасыз етілетін жекелеген өнімдердің (тауарлардың) тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы № 689 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30484 болып тіркелген) (бұдан әрі – Тізбе);
"Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 2 қарашадағы № 448 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25100 болып тіркелген) (бұдан әрі – Әдістеме) басшылыққа ала отырып,
өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) және олардың қаптамалары тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы осы шартты (бұдан әрі – Шарт) төмендегідей мазмұнда жасасты.
1. Негізгі ұғымдар мен қысқартулар
1.1. Қолданылатын ұғымдар мен қысқартулар:
1. "Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері", "Өндірушілер (импорттаушылар)", "кәдеге жарату төлемі", "кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификат" ұғымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәндерде қолданылады;
2. ЦЖ — Операторға тиесілі және Өндірушілердің (импорттаушылардың) және Оператордың кеңейтілген міндеттемелерді орындауына арналған "Кәдеге жарату төлемдерінің түсуін есепке алу" app.recycle.kz цифрлық жүйесі;
3. КЖТЕС — кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификат;
4. Өнім — өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдер (тауарлар) және олардың қаптамалары;
5. Жеке кабинет — ҚР заңнамасының және Шарттың талаптарына сәйкес Өтінімдер мен өзге де өтінімдерді рәсімдеуге, төлем шоттарын алуға және КЖТЕС беруге, сондай-ақ Өтінімдерді қарау мен өңдеу мәртебесі туралы арнайы ақпаратты алуға арналған, ЦЖ-де Өндірушінің (импорттаушының) аутентификациялық деректерін енгізу арқылы тіркелгеннен кейін қолжетімді болатын, үшінші тұлғалардың кіруіне жол берілмейтін ЦЖ-нің дербес бөлімі;
6. Өтінім — Өндірушінің (импорттаушының) кәдеге жарату төлемін енгізу және кеңейтілген міндеттемелерді орындау мақсатында Шарттың № 1 және № 2 қосымшаларында көзделген нысандарға сәйкес, Қағидаларда белгіленген тәртіппен Оператордың мекенжайына жіберетін жүгінуі;
7. Төлем шот-фактурасы — Оператор белгіленген тәртіппен Өндірушілерге (импорттаушыларға) беретін құжат.
2. Шарттың мәні
2.1. Өндіруші (импорттаушы) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде Оператордың банктік шотына кәдеге жарату төлемін енгізуге міндеттенеді, ал Оператор өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру мақсатында кәдеге жарату төлемін қабылдауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 388-бабына сәйкес Өндірушілерден (импорттаушылардан) өзінің банктік шотына түскен ақшаны бағыттауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2.2. Кәдеге жарату төлемін Өндірушілер (импорттаушылар) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен Оператордың банктік шотына Төлем шотында көрсетілген мөлшерде енгізеді. Оператордың өзекті банктік шоты (шоттары) туралы ақпарат Оператордың корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылады.
2.3. Өндіруші (импорттаушы) ЦЖ-ні пайдалану шарттарын ресми интернет-ресурстағы жеке кабинетте авторизациялану кезінде электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою арқылы қабылдайды.
3. Кәдеге жарату төлемдерін енгізу, Төлем шотын беру және оның күшін жою, кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификатты беру, түзету және оның күшін жою тәртібі
3.1. Тараптар Шартты жасасқаннан кейін, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау Қағидаларда көзделген рәсімдерді қамтиды.
3.2. Кәдеге жарату төлемін есептеуді Өндірушінің (импорттаушының) Өтінімі/Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер негізінде Тізбеге сәйкес өнімнің әрбір атауы бойынша Әдістемеге сәйкес Оператор жүзеге асырады.
3.3. Өндіруші (импорттаушы) құжаттардың толық емес пакетін ұсынған жағдайда (Қағидаларда көзделген құжаттар көшірмелерін ішінара немесе толық ұсынбау; Өндірушінің (импорттаушының) өтініміне сәйкес келмейтін құжаттар көшірмелерін ұсыну; құжаттардың көшірмелерінде көрсетілген деректердің сәйкессіздігі; оқылмайтын құжаттар көшірмелерін ұсыну), Оператор Өтінімді қабылдамауға құқылы.
3.4. Оператор кәдеге жарату төлемін мәжбүрлі түрде өндіріп алған жағдайда, Өндірушінің (импорттаушының) кәдеге жарату төлемін енгізуі үшін мыналар негіз болып табылады:
3.4.1. Оператордың хабарламасы;
3.4.2. дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе бітімгершілік келісім;
3.4.3. атқарушылық құжаттар.
3.5. Оператор тиісті түрде ресімделген Өтінім келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Төлем шотын береді, ол Өндірушінің (импорттаушының) кәдеге жарату төлемін енгізуіне негіз болып табылады. Төлем шоты Өндірушіге (импорттаушыға) жеке кабинетте қолжетімді болады. Тиісті түрде ресімделген Өтінім қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда, Төлем шоты Өндірушіге (импорттаушыға) дәл сондай тәсілмен жіберіледі.
3.6. Берілген Төлем шотының күшін жою Өндірушінің (импорттаушының) бастамасы бойынша мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
3.6.1. растаушы құжаттарды ұсыну шартымен Өтінімде көрсетілген деректер өзгергенде;
3.6.2. Өтінім дұрыс толтырылмағанда (қателіктер жіберілгенде).
3.7. Төлем шотының күшін жоюға арналған өтінімдерді Оператор олар Операторға келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарастырады. Төлем шотының күшін жоюға арналған өтінімді қарау нәтижелері бойынша мыналар мүмкін болады: Төлем шотының күшін жою; Төлем шотының күшін жоюға арналған өтінімді қабылдамау. Төлем шотының күшін жоюға арналған өтінімнің қаралу мәртебесі туралы ақпарат Өндірушіге (импорттаушыға) жеке кабинетте қолжетімді болады.
3.8. Оператор Төлем шотының қате берілгенін анықтаған жағдайда, ол анықталған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей, Өндірушіні (импорттаушыны) міндетті түрде хабардар ете отырып және Өтінімді қабылдамай, берілген Төлем шотының күші Оператордың бастамасы бойынша жойылады. Төлем шотының күші жойылған жағдайда, Өтінім КЖТЕС берілгенге дейін қабылданбайды.
3.9. Төлем шотын алғаннан кейін Өндіруші (импорттаушы) кәдеге жарату төлемін төлеу үшін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне немесе төлемдерді қабылдауды жүзеге асыратын ұйымдарға жүгінуге құқылы.
3.10. Оператор Өндіруші (импорттаушы) Оператор берген Төлем шотына сәйкес кәдеге жарату төлемін толық көлемде төлеген және ол Оператордың өзекті банктік шотына (шоттарына) түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей КЖТЕС береді, ол Өндірушіге (импорттаушыға) жеке кабинетте қолжетімді болады.
3.11. Оператор Өндіруші (импорттаушы) хабарлама, атқарушылық жазба, сот шешімі, медиациялық (бітімгершілік) келісім бойынша кәдеге жарату төлемін толық көлемде төлеген және ол Оператордың өзекті банктік шотына (шоттарына) түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде КЖТЕС береді, ол Өндірушіге (импорттаушыға) жеке кабинетте қолжетімді болады.
3.12. Өндірушінің (импорттаушының) кеңейтілген міндеттемелері Оператор КЖТЕС берген күннен бастап орындалды деп есептеледі.
3.13. Берілген КЖТЕС-ті түзету мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
3.13.1. растаушы құжаттар ұсынылған және кәдеге жарату төлемінің жетіспейтін сомасы енгізілген (қажет болған жағдайда) жағдайда, КЖТЕС-те көрсетілген деректердің өзгеруіне байланысты Өндірушінің (импорттаушының) бастамасы бойынша;
3.13.2. енгізілген кәдеге жарату төлемі сомасының, өнім деректерінің және КЖТЕС-тегі өзге де мәліметтердің сәйкессіздігі анықталған жағдайда, Оператордың бастамасы бойынша.
3.14. Берілген КЖТЕС-тің күшін жою мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
3.14.1. Өндірушінің (импорттаушының) бастамасы бойынша мынадай жағдайларда:
1) Өндірушілер (импорттаушылар) кәдеге жарату төлемі енгізілген өнімді (тауарларды), соның ішінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын қаптамадағы өнімді (тауарларды) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге дербес өткізгенде (әкеткенде);
2) кәдеге жарату төлемдерін енгізу арқылы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындаған кәсіпкерлік субъектісі қаптама қалдықтарын (жарамсыз өнім, қиындылар, қаптамадағы өнімнің (тауарлардың) жарамдылық мерзімінің өтуі) қалдықтарды қалпына келтіру немесе кәдеге жарату жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың иелігіне беру арқылы оларды дербес кәдеге жаратқанда;
3) растаушы құжаттарды ұсыну шартымен өзі жүретін ауыл шаруашылығы техникасының сәйкестендіру нөмірінің 2 (екі) символдан астамы өзгерген кезде;
3.14.2. Оператордың бастамасы бойынша мынадай жағдайларда:
1) кәдеге жарату төлемі енгізілмегенде немесе толық көлемде енгізілмегенде;
2) сот шешімі бойынша.
4. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
4.1. Оператор міндетті:
4.1.1. өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін Қазақстан Республикасы заңнамасына және Шарттың талаптарына сәйкес тиісті түрде орындау;
4.1.2. Шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді іске асыру кезінде Өндірушілер (импорттаушылар) үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету;
4.1.3. Оператордың жұмыс уақытында ЦЖ-нің тиісті түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
4.1.4. Өндірушінің (импорттаушының) дербес деректерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыру;
4.1.5. Өндірушінің (импорттаушының) Өтінімін және өзге де өтінімдерін қоса берілген құжаттармен бірге белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарау;
4.1.6. Өндірушінің (импорттаушының) Өтінімі мен қоса берілген құжаттары белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, кәдеге жарату төлемінің мөлшерін есептеу және Төлем шотын ұсыну;
4.1.7. Өндіруші (импорттаушы) кәдеге жарату төлемін енгізу жөніндегі міндеттемелерді тиісті түрде орындаған жағдайда кәдеге жарату төлемін қабылдау және белгіленген тәртіппен КЖТЕС беру;
4.1.8. Өндірушінің (импорттаушының) қоса берілген растаушы құжаттары бар өтініші негізінде артық төленген сомаларды белгіленген тәртіппен қайтаруды және (немесе) алдағы төлемдер есебіне жатқызуды жүзеге асыру;
4.1.9. ЦЖ-де Өндірушінің (импорттаушының) жеке кабинетіне рұқсатсыз кіру әрекеттерінің жолын кесу;
4.1.10. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Шартқа сәйкес өзге де міндеттерді атқару.
4.2. Оператор құқылы:
4.2.1. Белгіленген тәртіппен кәдеге жарату төлемін жинауды жүзеге асыру;
4.2.2. Өндірушіден (импорттаушыдан) тиісті түрде ресімделген құжаттарды ұсынуды талап ету;
4.2.3. Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта көзделген жағдайларда Төлем шотын беруден, кәдеге жарату төлемін қабылдаудан, КЖТЕС беруден, артық төленген сомаларды қайтарудан және (немесе) алдағы төлемдер есебіне жатқызудан бас тарту;
4.2.4. Қазақстан Республикасының заңнамасында және Шартта көзделген тәртіппен берілген Төлем шоттарының күшін жоюды, КЖТЕС-ті түзетуді және оның күшін жоюды жүзеге асыру;
4.2.5. Шарт пен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындамаған Өндірушіден (импорттаушыдан) кәдеге жарату төлемін, өсімпұлды (неустойка), сондай-ақ Оператордың берешекті өндіріп алу кезінде шеккен шығындарын, соның ішінде, бірақ онымен шектелмей, атқарушылық жазба жасатуға жұмсалған шығындарды, сот шығыстарын (мемлекеттік баж бен өкілдік ету шығыстарын) толық көлемде мәжбүрлі түрде өндіріп алу;
4.2.6. Өндірушінің (импорттаушының) Қазақстан Республикасы заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шарттың талаптарын орындауын бақылауды жүзеге асыру;
4.2.7. Шарт бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен беру (міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы);
4.2.8. Өндірушіге (импорттаушыға) хабарламаларды (ескертулерді, хабарламаларды, таратылымдарды және т.б.) электрондық пошта, SMS-хабарламалар, мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және т.б.) арқылы, Оператордың ЦЖ-дегі жеке кабинеті арқылы, пошта байланысы арқылы, сондай-ақ Өндіруші (импорттаушы) ұсынған, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған, мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерде көрсетілген, Интернеттегі ақпараттың ашық көздерінде орналастырылған немесе өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Оператор алған мекенжай, деректемелер мен байланыс деректері бойынша жіберу;
4.2.9. Өндірушілер (импорттаушылар) кеңейтілген міндеттемелерді орындамаған және (немесе) тиісті түрде орындамаған жағдайларда, мүмкін болатын үшінші тұлғаларды тарта отырып талап қою-талап ету (претензиялық) жұмыстарын жүргізу, атқарушылық жазба жасату туралы жүгіну, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот тәртібімен кәдеге жарату төлемдерін өндіріп алу;
4.2.10. Оператордың Қазақстан Республикасының заңнамасына және Шартқа сәйкес өзге де құқықтары болады.
4.3. Өндіруші (импорттаушы) міндетті:
4.3.1. өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін Қазақстан Республикасы заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шарттың талаптарына сәйкес тиісті түрде орындау;
4.3.2. ЦЖ-де тіркелуге, жеке кабинет арқылы қажетті сенімді мәліметтерді уақтылы және толық көлемде енгізуге, Өтінімдердің және өзге де өтінімдердің қаралу және өңделу мәртебесін қадағалап отыруға;
4.3.3. Өтінімде және өзге де өтінімдерде, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарда көрсетілген деректердің толықтығы мен сенімділігін растауға және қамтамасыз етуге;
4.3.4. Тізбеге сәйкес өнімге қатысты кәдеге жарату төлемін Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартта көзделген тәртіппен, мерзімдерде және толық мөлшерде Оператордың өзекті банктік шотына (шоттарына) енгізуге;
4.3.5. өнімді өткізу кезінде КЖТЕС-тің түпкілікті сатып алушыға берілуін қамтамасыз етуге;
4.3.6. өсімпұлды төлеуге және Оператордың кәдеге жарату төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу кезінде шеккен шығындарын, соның ішінде, бірақ онымен шектелмей, атқарушылық жазба жасатуға жұмсалған шығындарды, сот шығыстарын (мемлекеттік баж, өкілдік ету шығыстары) және мәжбүрлі түрде өндіріп алуға байланысты өзге де шығыстарды Операторға толық көлемде өтеуге;
4.3.7. өнімді Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерге дербес әкеткен жағдайда, бұл туралы Операторды тиісті түрде хабардар етуге және растаушы құжаттарды ұсынуға;
4.3.8. Оператордың талабы бойынша оған өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындауға байланысты тиісті түрде ресімделген құжаттарды ұсынуға;
4.3.9. Оператордың https://recycle.kz/ru/utilizacionnye мекенжайы бойынша ресми интернет-ресурсында орналастырылған Шартқа енгізілген өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен уақтылы танысып отыруға;
4.3.10. кәдеге жарату төлемін төлеу құқығын қоспағанда, Шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді үшінші тұлғаларға бермеуге;
4.3.11. Оператор кәдеге жарату төлемдеріне байланысты берешекті мәжбүрлі түрде өндіріп алған жағдайда міндеттемелерді тиісті түрде орындауға;
4.3.12. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартқа сәйкес өзге де міндеттерді атқару.
4.4. Өндіруші (импорттаушы) құқылы:
4.4.1. Шарт бойынша құқықтар мен міндеттерді іске асыру кезінде тең жағдайлардың қамтамасыз етілуін талап етуге;
4.4.2. белгіленген тәртіппен дербес деректердің тиісті түрде өңделуін талап етуге;
4.4.3. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартта көзделген тәртіппен Төлем шотының күшін жою туралы өтінімдермен Операторға жүгінуге;
4.4.4. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартта көзделген тәртіппен КЖТЕС-ті түзету немесе оның күшін жою туралы өтінімдермен Операторға жүгінуге;
4.4.5. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартта көзделген тәртіппен артық төленген сомаларды қайтару және (немесе) алдағы төлемдер есебіне жатқызу туралы өтінімдермен Операторға жүгінуге;
4.4.6. міндеттемелерді тиісті түрде орындаған жағдайда, белгіленген тәртіппен Төлем шотының, КЖТЕС-тің ұсынылуын талап етуге;
4.4.7. Оператор берген құжаттардың телнұсқаларын алу үшін Операторға жүгінуге;
4.4.8. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартқа сәйкес өзге де құқықтары болуына.
5. Тараптардың жауапкершіліктері мен кепілдіктері
5.1. Қазақстан Республикасының заңнамасы (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шартта көзделген өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындамағаны және (немесе) тиісті түрде орындамағаны үшін Өндіруші (импорттаушы) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Шартта көзделген жауаптылықта болады.
5.2. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері орындалмаған немесе тиісті түрде орындалмаған жағдайда, Оператор заңды өсімпұлды (тұрақсыздық айыбын) өндіріп алуға құқылы, ал Өндіруші (импорттаушы) оны төлеуге міндетті. Заңды өсімпұлды Оператор орындалмаған немесе тиісті түрде орындалмаған міндеттемелер бойынша мерзімін өткізіп алу туындаған сәттен бастап өсімпұлды төлеу туралы талаптар қойылған күнге дейін, кәдеге жарату төлемін енгізу қажеттілігі туралы хабарлама тіркелген күндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып, орындалмаған немесе тиісті түрде орындалмаған міндеттеме сомасына пайызбен есептейді.
5.3. Өндіруші (импорттаушы) кәдеге жарату төлемін дербес не үшінші тұлға оның атынан қате деректермен немесе қателіктер жібере отырып енгізген жағдайда, Оператордың бұл кәдеге жарату төлемін нақты Өндірушінің (импорттаушының) кеңейтілген міндеттемелерді орындауы ретінде есепке ала алмайтындығының құқықтық салдарын таниды және қабылдайды.
5.4. Өндіруші (импорттаушы) мыналарды растайды:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының (кәдеге жарату төлемдерін енгізуге қатысты бөлігінде) және Шарттың ережелерімен толық танысқанын, сондай-ақ Оператормен жасалатын Шарттың мәні мен барлық шарттарын түсінетінін;
2) Оператормен Шартты жасасу мен орындауға қатысты өз әрекеттерінің маңызын, құқықтық және өзге де салдарын толық түсінетінін.
6. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары (форс-мажор)
6.1. Егер Шарт бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамау немесе тиісті түрде орындамау Тарап алдын ала болжай алмаған және барлық қолжетімді тәсілдермен жолын кесе алмаған төтенше сипаттағы оқиғалар (табиғи апаттар, саяси толқулар, әскери іс-қимылдар, мемлекеттік органдардың актілер шығаруы және міндеттемелердің орындалуына кедергі келтіретін немесе оны мүмкін емес ететін сол сияқты басқа да жағдайлар) нәтижесінде туындаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының (форс-мажордың) салдары болып табылса, Тараптар жауаптылықтан босатылады.
6.2. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары (форс-мажор) туындаған жағдайда, Шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі осындай мән-жайлар мен олардың салдары әрекет ететін уақытқа барабар шегеріледі.
6.3. Еңсерілмейтін күш мән-жайларының (форс-мажордың) ықпалына ұшыраған Өндіруші (импорттаушы) мұндай мән-жайлардың басталғаны туралы Операторды 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша нысанда хабардар етуге және 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес еңсерілмейтін күш мән-жайларының (форс-мажордың) басталған фактісін растайтын құжаттарды және өзге де ақпаратты ұсынуға тиіс.
6.4. Еңсерілмейтін күш мән-жайларының (форс-мажордың) ықпалына ұшыраған Оператор корпоративтік интернет-ресурста мұндай мән-жайлардың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы тиісті хабарлама жариялауға тиіс. Оператордың Өндірушілерді (импорттаушыларды) еңсерілмейтін күш мән-жайларының (форс-мажордың) басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы қандай да бір өзге қосымша жазбаша хабардар етуі талап етілмейді.
6.5. Форс-мажорлық мән-жайдың басталуы Тараптарды осындай мән-жай басталғанға дейін туындаған өз міндеттемелерін орындаудан босатпайды. Егер еңсерілмейтін күш мән-жайлары (форс-мажор) 2 (екі) айдан астам уақытқа созылса, Тараптар осы Шартты орындаудың қолайлы баламалы тәсілдерін анықтау үшін қосымша келіссөздер жүргізеді.
7. Шарттың қолданылу мерзімі
7.1. Шарт Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 392-бабының 1-тармағына және осы Шарттың 7.2-тармағына сәйкес оған екі Тарап қол қойған сәттен бастап өз күшіне енеді.
7.2. Шарт Оператордың оны корпоративтік интернет-ресурста орналастыру арқылы қол қоюы шартымен, ал Өндірушінің (импорттаушының) – өнімдерді (тауарларды) әкелген немесе өндірген сәттен бастап жасалған деп есептеледі және Тараптар оның бойынша міндеттемелерді толық орындағанға дейін қолданылады.
7.3. Осы Шарттың қандай да бір негіздер бойынша тоқтатылуы немесе бұзылуы Өндірушіні (импорттаушыны) оның шарттарын бұзғаны үшін жауаптылықтан және Шарттың қолданылу кезеңінде туындаған міндеттемелерді орындаудан, соның ішінде Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындаудан және мұндай берешекті мәжбүрлі түрде өндіріп алуға байланысты Оператордың шығындарын өтеу бойынша берешекті өтеуден босату үшін негіз болып табылмайды.
8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпе
8.1. Тараптар өздерінің әрқайсысы парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік саясатын жүргізетінін таниды және растайды, бұл саясат сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне және Шартты орындауға байланысты рәсімдерді жеңілдету, қандай да бір мәселелердің анағұрлым тез шешілуін қамтамасыз ету мақсатында ықпал еткені (көмектескені) үшін ақы төлеуге және төлемдер жасауға тыйым салуды көздейді. Тараптар өз қызметінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және оның негізінде әзірленген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған саясаттар мен рәсімдерді басшылыққа алады.
8.2. Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Тараптар өздеріне байланысты барлық шараларды қабылдайды, бұл шаралар Тараптардың, олардың қызметкерлерінің немесе өкілдерінің қандай да бір заңсыз артықшылықтар алу немесе өзге де заңсыз мақсаттарға қол жеткізу үшін осы тұлғалардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне ықпал ету мақсатында екінші Тараптың кез келген қызметкерлеріне, лауазымды тұлғаларына тікелей немесе жанама түрде қандай да бір ақшаны немесе өзге де құндылықтарды төлемейтініне, төлеуді ұсынбайтынына және төлеуге рұқсат бермейтініне кепілдік береді.
8.3. Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау кезінде Тараптар, олардың қызметкерлері немесе өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасында пара беру/алу, коммерциялық сатып алу (параға жығу) деп сараланатын әрекеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын бұзатын әрекеттерді жасамайды.
8.4. Жоғарыда көрсетілген сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер анықталған жағдайда, Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдауға міндеттенеді.
9. Дауларды шешу
9.1. Міндеттемелерді орындауға байланысты дауларды Тараптар сотқа дейінгі тәртіппен Оператордың хабарлама (ескерту, талап-арыз) жіберуі арқылы шешеді, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда – Оператор орналасқан жер бойынша соттарда шешіледі.
9.2. Шарт бойынша қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының материалдық және процестік құқығы болып табылады.
9.3. Шартта реттелмеген барлық мәселелер қолданылатын құқыққа сәйкес шешілуге тиіс.
10. Құпиялылық
10.1. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шарттың қолданылу мерзімі ішінде, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін 5 (бес) жыл бойы Шартты іске асыру жөніндегі жұмысқа қатысты барлық құжаттар, ақпараттар мен есептер бойынша құпиялылық шарттарын сақтайды.
10.2. Тараптардың ешқайсысы екінші Тараптың жазбаша келісімінсіз Шарттың мазмұнына қатысты ақпаратты немесе құпия деп есептелетін және Шарттың ережелерін іске асыруға байланысты өзге ақпаратты ашуға құқылы емес, бұған мынадай жағдайлар қосылмайды:
10.2.1. ақпарат сот талқылауы барысында пайдаланылғанда;
10.2.2. ақпарат Шарт бойынша Тараптардың біріне қызмет көрсететін үшінші тұлғаларға берілгенде, бұл ретте мұндай үшінші тұлға осындай ақпараттың құпиялылық шарттарын сақтау және оны Тараптар белгілеген мақсаттарда ғана және Тараптар белгілеген мерзімде пайдалану міндеттемесін өзіне қабылдауы тиіс;
10.2.3. ақпарат Тараптардың бірі қаржылық қаражат алатын банкке немесе өзге де қаржы ұйымына берілгенде, бұл ретте мұндай банк немесе қаржы ұйымы осындай ақпараттың құпиялылық шарттарын сақтау міндеттемесін өзіне қабылдауы тиіс;
10.2.4. ақпарат Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органына, кез келген ақпаратқа, соның ішінде Өндірушінің (импорттаушылардың) кез келген банктік шоттарына қатысты, соның ішінде Қазақстан Республикасы шегінен тыс шетелдік банктерде ашылған шоттарға қатысты банктік құпия болып табылатын ақпаратқа қол жеткізе алатын салықтық немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, көлемде және тәртіпте, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде тиісінше ресімделген сұратуы негізінде берілген кезде;
10.2.5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, соның ішінде Оператор өз міндеттемелерін орындаған кезде.
11. Басқа да шарттар
11.1. Тараптардың Шартта реттелмеген өзара қатынастары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.
11.2. Шарт қазақ және орыс тілдерінде, бірдей заңды күші бар екі данада, Тараптардың әрқайсысы үшін бір-бір данадан жасалды.
11.3. Оператор тарапынан атауының, заңды және (немесе) пошталық мекенжайларының, банктік және өзге де деректемелерінің өзгергені туралы хабарлама Оператордың корпоративтік интернет-ресурсында ақпарат орналастырылған сәттен бастап орындалды деп есептеледі.
Осы Шартта көзделген жағдайларда, Оператордың хабарламалары Өтінім және өзге де өтінімдер қандай тәсілмен алынған болса, дәл сондай тәсілмен жіберіледі.
11.4. Шарт шарттары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары басым деп танылады.
11.5. Шартты жасасу не Өндірушінің (импорттаушының) Өтінім жіберуі не Шартқа сәйкес Операторға кәдеге жарату төлемін енгізуі Өндірушінің (импорттаушының) Шартқа № 3 қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Операторға дербес деректерді жинау мен өңдеуге құқық беруге келісімін растайды. Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және Шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін дербес деректерді жинау мен өңдеу жүзеге асырылатын бүкіл кезең ішінде, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше мерзім көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген оларды сақтау мерзімі ішінде өз күшін сақтайды.
ӨТІНІМ
Өндірушінің (импорттаушының) деректері
Өндіруші (импорттаушы):
БСН/ЖСН:
Қала:
Орналасқан жері/Заңды мекенжайы:
Байланыс телефоны:
Өтінімнің жалпы сомасы:
Өндірілетін (импортталатын) өнім (тауарлар):
№ р/с | Өнімнің (тауардың) СЭҚ ТН коды | Өнімді (тауарды) импорттау/өндіру күні | Шот-фактура/МТД нөмірі | Шот-фактура/МТД күні | Өнімнің (тауардың) салмағы, кг | Өнім (тауар) үшін кәдеге жарату төлемінің сомасы, тг | Қаптаманың СЭҚ ТН коды | Қаптаманың салмағы, кг | Қаптама үшін кәдеге жарату төлемінің сомасы, тг | Кәдеге жарату төлемінің қорытынды сомасы, тг |
Осы өтінімге қол қоя отырып, Өндіруші (импорттаушы) оған қол қою бойынша өзінің өкілеттіктерін, сондай-ақ кәдеге жарату төлемін есептеуді жүзеге асыру үшін ұсынылған мәліметтердің сенімділігі мен толықтығын растайды және www.recycle.kz интернет-ресурсында орналастырылған Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнім (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болатын қалдықтарды және оның (олардың) қаптамасын жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шартпен танысқанын, оның мазмұнын түсінгенін және онымен толық келісетінін, сондай-ақ оның онда баяндалған шарттарда жасалғанын растайды.
Өндіруші (импорттаушы) өтінімнің мазмұнын толық тексерді және осы арқылы оның өзі ұсынған деректер мен құжаттар негізінде дұрыс толтырылғанын және оларға толық сәйкес келетінін куәландырады.
_____________________________ (Өндірушінің (импорттаушының) атауы)
Құжатты тексеруге арналған деректер:
Құжаттың қолтаңбасын тексеру:
ЭЦҚ деректері:
Қол қойылған күн мен уақыт:
ӨТІНІМ
Өндірушінің (импорттаушының) деректері
Өндіруші (импорттаушы):
БСН/ЖСН:
Орналасқан жері/Заңды мекенжайы:
Байланыс телефоны:
Өтінімнің жалпы сомасы:
Өндірілетін (импортталатын) өнім (тауарлар):
№ р/с | Қозғалтқыштың жұмыс көлемі, см³ немесе толық (техникалық рұқсат етілген ең жоғары) массасы, кг немесе қозғалтқыштың номиналды қуаты, а.к. | VIN-код немесе нөмір | Өндірілген жылы | Өндірілген елі | Автокөлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген ел | Өндірілген (импортталған) күні | Санат | Төлем мөлшері, теңге |
Осы өтінімге қол қоя отырып, Өндіруші (импорттаушы) оған қол қою бойынша өзінің өкілеттіктерін, сондай-ақ кәдеге жарату төлемін есептеуді жүзеге асыру үшін ұсынылған мәліметтердің сенімділігі мен толықтығын растайды және www.recycle.kz интернет-ресурсында орналастырылған Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнім (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болатын қалдықтарды және оның (олардың) қаптамасын жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шартпен танысқанын, оның мазмұнын түсінгенін және онымен толық келісетінін, сондай-ақ оның онда баяндалған шарттарда жасалғанын растайды.
Өндіруші (импорттаушы) өтінімнің мазмұнын толық тексерді және осы арқылы оның өзі ұсынған деректер мен құжаттар негізінде дұрыс толтырылғанын және оларға толық сәйкес келетінін куәландырады.
_____________________________ (Өндірушінің (импорттаушының) атауы)
Құжатты тексеруге арналған деректер:
Құжаттың қолтаңбасын тексеру:
ЭЦҚ деректері:
Қол қойылған күн мен уақыт:
Дербес деректерді жинауға және өңдеуге
КЕЛІСІМ
1. Жалпы ережелер
1. Осы арқылы мен дербес деректер субъектісі немесе оның заңды өкілі бола отырып, ерікті түрде, өз еркіммен және өз мүддеме орай "Жасыл даму" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Оператор) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.
2. Осы Келісім Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
2. Дербес деректер
4. Осы Келісім мынадай дербес деректерді жинауға және өңдеуге қолданылады:
1) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
2) жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) байланыс телефонының нөмірі;
4) электрондық пошта мекенжайы;
5) тіркелген және (немесе) орналасқан жерінің мекенжайы;
6) заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер өкілінің оның өкілеттіктерін растайтын мәліметтері;
7) банктік деректемелері (қажет болған жағдайда);
8) электрондық цифрлық қолтаңба мәліметтері;
9) өтініштерде, өтінімдерде, жүгінулерде және өзге де құжаттарда қамтылған мәліметтер;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер.
3. Дербес деректермен жасалатын әрекеттер
5. Осы Келісім дербес деректерді жинауды, жазуды, жүйелеуді, жинақтауды, сақтауды, нақтылауды (жаңартуды, өзгертуді), алуды, пайдалануды, беруді (ұсынуды, қол жеткізуді), иесіздендіруді, бұғаттауды, жоюды және жоюды (құртуды) қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дербес деректермен әрекеттерді жүзеге асыруға беріледі.
4. Дербес деректерді жинау мен өңдеу мақсаттары
6. Дербес деректерді жинау мен өңдеу пайдаланушыны ЦЖ-да тіркеу және сәйкестендіру, өтініштерді, өтінімдерді және жүгінулерді қарау, кәдеге жарату төлемдерін есептеу және әкімшілендіру, кәдеге жарату төлемін енгізу туралы сертификаттарды қалыптастыру, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындау, мемлекеттік органдармен және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, есепке алуды жүргізу және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындаумен тікелей байланысты өзге де мақсаттарға қол жеткізу мақсатында жүзеге асырылады.
5. Дербес деректерді беру
7. Дербес деректер мемлекеттік органдарға, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге, ЦЖ жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйымдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығына, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетушілерге, сондай-ақ өзге де тұлғаларға тек қана Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен берілуі мүмкін.
6. Келісімнің қолданылу мерзімі
8. Осы Келісім Шарттың қолданылу мерзімі ішінде, ал Шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақталуға жататын дербес деректерге қатысты – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген оларды сақтау мерзімдері ішінде қолданылады. Дербес деректерді жинау және өңдеу мақсаттарына қол жеткізілгеннен кейін оларды өңдеу және сақтау қажеттілігі болмаған жағдайда, мұндай дербес деректер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылуға не иесіздендірілуге жатады.
9. Осы Келісімді кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Дербес деректер субъектісінің құқықтары
10. Маған Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында көзделген менің құқықтарым мен міндеттерім белгілі әрі түсінікті.
8. Дербес деректер субъектісінің растауы
11. Осы Келісімнің мазмұны маған түсінікті, келісім ерікті түрде беріледі, мен ұсынған дербес деректер сенімді болып табылады.
9. Қорытынды ережелер
12. Осы Келісім Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген жағдайларда Оператордың дербес деректер субъектісінің келісімінсіз дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыру құқығын шектемейді.