ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. ҚараңызҚазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2026 жылғы 19 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Тізбенің 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Т. Сулейменов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
| Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 3 шілдедегі № 81 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі
1. "Банкаралық ақша аударымдары жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 201 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14310 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Банкаралық ақша аударымдары жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында:
1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Банкаралық ақша аударымдары жүйесінің жұмыс істеу тәртібіне жүйеге қатысу шарттары, жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізі, Ұлттық Банк пен Орталық жүйеде көрсететін қызметтер және операциялардың түрлері, пайдаланушының жүйемен өзара іс-әрекеті, киберқауіпсіздік рәсімдері, операциялық күннің ашылуы, операциялық күн ішінде жүйенің жұмыс істеуі, кезек, жүйедегі төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының аяқталуы (түпкіліктілігі), операциялық күн ішінде жүйеге ақша қабылдау және жүйеден ақша алу, жүйе арқылы трансшекаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру, операциялық күнді жабу, операциялық күн ішінде және соңында ақпараттық хабарлар беру және жүйедегі тәуекелдерді басқару жүйесі кіреді.";
1-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"1-1. Қағидалардың банктерге қатысты қолданылатын талаптары Қазақстан Республикасының аумағында құрылған Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қолданылады.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"2. Жүйе оның қатысушылары (пайдаланушылары) арасында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, оның ішінде Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар нарығына және (немесе) Қазақстан Республикасының валюта нарығына қатысушыларының ақшалай міндеттемелері бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, Ұлттық Банктің мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізуі мақсатында төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі болып табылады.
Жүйедегі төлемдер және (немесе) ақша аударымдары Ұлттық Банкте ашылған корреспонденттік шоттардан жүйеге аударылған ақшаны пайдалана отырып жүргізіледі.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Қағидаларда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінде, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аудиторлық із – ақпарат жүйеде және жүйені пайдаланушыларда сақталатын жүйедегі электрондық хабарларды өңдеу бойынша оқиғаларды ретімен тіркеу;
2) аутентификация – төлем және ақпараттық хабарлар алмасу кезінде жүйе пайдаланушыларының тұпнұсқалығын растау үшін, сондай-ақ төлем және ақпараттық хабарлар түпнұсқалығын растау үшін шаралар кешені;
3) әлеуметтік бағыттағы төлемдер – мемлекеттік бюджеттен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін зейнетақы төлемдері және (немесе) жәрдемақы төлемдері, әлеуметтік және өзге де төлемдер, тұрғын үй төлемдері және бюджеттен төленетін өзге де төлемдер;
4) бағдарламалық-техникалық жүйе кешені – жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін, цифрлық жүйеден, серверден және жүйе терминалынан, коммуникация құралдарынан (деректерді беруден) тұратын техникалық, бағдарламалық немесе басқа құралдар;
5) бағдарламалық-техникалық жүйе кешенінің негізгі орталығы (бұдан әрі – негізгі орталық) – жүйенің әдеттегі (күнделікті) режимдегі жұмысын қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық жүйе кешені;
6) бағдарламалық-техникалық жүйе кешенінің резерв орталығы (бұдан әрі – резерв орталығы) – қалыпты емес жағдайлар туындаған немесе негізгі орталықта жоспарлы тест жұмыстары жүргізілген кезде жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін резервтік бағдарламалық-техникалық жүйе кешені;
7) бейрезидент-қаржы ұйымы – Қазақстан Республикасынан тысқары құрылған, тіркелген мемлекеттің заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар, жүйенің пайдаланушысы болып табылмайтын және пайдасына трансшекаралық төлем және (немесе) ақша аударымы жіберілетін не одан алынған жеке немесе заңды тұлғаға қызмет көрсететін қаржы ұйымы (банк);
8) дебеттік аударым – пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-бенефициар болып табылатын ақша аударымы;
9) жиынтық төлем хабары – бір ақша жөнелтушіден бір бенефициар банктің бірнеше бенефициарының пайдасына немесе бір ақша жөнелтуші банктің бірнеше ақша жөнелтушісінен бір бенефициардың пайдасына төлем хабары;
10) жүйелік тәуекел – бір немесе бірнеше пайдаланушының міндеттерін орындамауынан туындаған, бір немесе бірнеше ақша аударымы бойынша бір немесе бірнеше пайдаланушы міндеттемелерінің орындалмау тәуекелі;
11) жүйенiң пайдаланушысы (бұдан әрі – пайдаланушы) – жүйе қатысушысы, Ұлттық Банк және (немесе) басқа төлем жүйесінің операторы (операциялық орталық);
12) кезек – пайдаланушы-ақша жөнелтушінің позициясында ақша сомасы болмаған не жеткіліксіз болған кезде төлем хабарлары операциялық күн ішінде пайдаланушының позициясына қажетті ақша сомасы түскеннен кейін есеп айырысу сәтін күтуде кезекке тұратын тәуекелдерді басқару тетігі;
13) кредиттік аударым – пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-ақша жөнелтуші болып табылатын ақша аударымы;
14) кредиттік тәуекел – контрагенттің өз міндеттемелерін толық көлемде уақтылы орындамауының (орындамауының) мүмкін болуымен байланысты тәуекел;
15) операциялық тәуекел – цифрлық жүйелердің немесе ішкі процестердің кемшіліктерімен, адамдардың қателіктерімен, жүйені басқарудағы, оның ішінде сыртқы оқиғалардың салдарынан болатын іркілістермен немесе бұзушылықтармен байланысты тәуекел;
16) Орталықтағы жүйенің позициясы – Орталықта өңделетін және пайдаланушылар Ұлттық Банкте жүйенің шотына аударылған ақшаның және жүйедегі пайдаланушылар аударымдарының жалпы сомасын бақылауға арналған позиция;
17) өтімділік тәуекелі – пайдаланушы-ақша жөнелтушінің ақша аудару жөніндегі өз міндеттемелерін толық көлемде уақтылы орындамауының (орындамауының) мүмкін болуымен байланысты тәуекелі;
18) пайдаланушының жүйедегі позициясы (бұдан әрі – пайдаланушының позициясы) – жүйе пайдаланушысының жүйе арқылы төлемдер мен ақша аударымын жүзеге асыру үшін Ұлттық Банкте ашылған теңгедегі корреспонденттік шоттан (бұдан әрі – пайдаланушының корреспонденттік шоты) өзі аударған ақша сомасын есепке алуға арналған позиция;
19) пайдаланушы-ақша жөнелтуші – позициясынан ақша аударылатын (есептен шығарылатын) пайдаланушы;
20) пайдаланушы-бастама жасаушы – төлем хабарын жүйеге жіберген пайдаланушы. Пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-ақша жөнелтуші немесе пайдаланушы-бенефициар болып табылады;
21) пайдаланушы-бенефициар – позициясына ақша аударылатын пайдаланушы;
22) пайдаланушы-делдал – пайдаланушылар мен бейрезидент-қаржы ұйымдарының арасында трансшекаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша ақша аударуды жүзеге асыратын пайдаланушы;
23) төлем нұсқауы – пайдаланушының корреспонденттік шотынан Ұлттық Банктегі жүйенің шотына не Ұлттық Банктегі жүйенің шотынан оның корреспонденттік шотына ақша аударуға нұсқауы;
24) трансшекаралық төлем және (немесе) ақша аударымы – ақша жөнелтуші бастама жасаған немесе оның атынан бастама жасалған, ақша жөнелтушінің және бенефициардың төлем қызметтерін жеткізушілер әртүрлі мемлекеттерде орналасқан төлем немесе ақша аударымы жөніндегі нұсқау;
25) Ұлттық Банктегі жүйенің шоты – Ұлттық Банкте ашылған және пайдаланушылар жүйеде ақша аударымын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын ақшасын есепке алуға және ақшаны жүйеге (жүйеден) аудару бойынша пайдаланушылар позицияларының сальдосын аударуға арналған шот;
26) электрондық ақпараттық хабар (бұдан әрі – ақпараттық хабар) – электрондық цифрлық қолтаңбасы бар, төлем хабарларына жатпайтын және ақпараттық сипаттағы, оның ішінде үзінді-көшірмелер бар электрондық хабар;
27) электрондық төлем хабары (бұдан әрі – төлем хабары) – жүйедегі пайдаланушылардың позициялары бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға негіз болатын, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар электрондық хабар;
28) электрондық хабар – Орталық Ұлттық Банктің келісімі бойынша әзірлеген форматтағы цифрлық түрдегі ақпарат жиынтығы.
Қағидаларда пайдаланылатын тәуекелдер ұғымы Қағидалар шеңберіндегі жүйеге қатысты қолданылады және Халықаралық есеп айырысу банкінің Төлемдер мен нарықтық инфрақұрылымдар жөніндегі комитеті (Базель, Швейцария, 2003 жылғы наурыз) әзірлеген төлем және есеп айырысу жүйелерінде пайдаланылатын Терминдер глоссарийіне сәйкес жазылған.";
2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"2-тарау. Жүйеге қатысу шарттары";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"8. Ұлттық Банкте ашылған пайдаланушының ұлттық валютадағы корреспонденттік шотының болуы пайдаланушының мәртебе алуы үшін міндетті шарт болып табылады.";
9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"Корреспонденттік шот шартының және қатысу туралы шарттың ережелері қамтылған аралас шарт жасауға рұқсат беріледі.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Қатысу туралы шарт, жүйеде қызмет көрсету туралы шарт мыналарды қамтиды:
1) шарттың мәні;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
3) тараптардың шарттың ережелерін орындамағаны үшін жауапкершілігі;
4) шарт ережелерін өзгерту және бұзу тәртібі;
5) дауларды шешу тәртібі;
6) тараптардың келісуі бойынша басқа ережелер.
Қатысу туралы шартта қосымша жүйеде төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырудың негізгі ережелері, төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау (түпкілікті ету) тәртібі мен ережелері жазылады.
Жүйеде қызмет көрсету туралы шартта қосымша Орталықтың қызмет көрсетуге ақы төлеу тәртібі, киберқауіпсіздік, жасырындылық, банктік құпияны қорғау және дербес деректерді қорғау режимін сақтау жазылған.";
13-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"13. Қатысу туралы шарттың жекелеген ережелерінің қолданылуы корреспонденттік шот шартында көзделген негіздемелер бойынша уақытша тоқтатыла тұрады.
Қатысу туралы шарттың жекелеген ережелерін уақытша тоқтата тұру заңды тұлғаны пайдаланушы мәртебесінен айырмайды.";
5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-тарау. Пайдаланушының жүйемен өзара іс-әрекеті, киберқауіпсіздік рәсімдері";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"19. Рәсімдерді Орталық пайдаланушыларға Орталықтың ресми сайтына жариялау арқылы жүйеде қызметтер көрсету туралы шартта белгіленген мерзімдерде жібереді.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Электрондық хабарларды беру фактісін айқындау және оларды беру кезінде қателерді анықтау үшін жүйеде Орталық белгілеген киберқауіпсіздік рәсімдері сақталады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"25. Электрондық хабарлармен алмасу кезінде Орталық және пайдаланушылар ақпаратты криптографиялық қорғау құралын және Орталық пайдаланушыға беретін тіркеу куәлігін пайдаланады.
Орталық және пайдаланушылар электрондық хабарлардың жасырындылығын, тұтастығын, авторлығының расталуын және түпнұсқалылығын қамтамасыз ету үшін ақпаратты криптографиялық қорғау құралын қолданады.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"39. Орталықтың төлем хабарын тексеру өлшемшарты мыналар болып табылады:
1) аутентификациядан өту;
2) пайдаланушы-бастама жасаушыда пайдаланушы мәртебесінің болуы;
3) бейрезидент-қаржы ұйымына трансшекаралық төлемді және (немесе) ақша аударымын жіберу кезінде, алушы-делдалда пайдаланушы мәртебесінің болуы, ол болмаған кезде бенефициар банкте пайдаланушы мәртебесінің болуы;
4) бейрезидент-қаржы ұйымынан трансшекаралық төлемді және (немесе) ақша аударымын алу кезінде, алушы-делдалда пайдаланушы мәртебесінің болуы, ол болмаған кезде алушы банкте пайдаланушы мәртебесінің болуы;
5) төлем хабарында көрсетілген соманы пайдаланушы-ақша жөнелтушінің позициясына есептен шығару мүмкіндігі;
6) дебет аударымын жүргізу кезінде пайдаланушы-ақша жөнелтушінің алдын ала келісімінің болуы.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 5) тармақшасының шарттары орындалмаған кезде, бірақ 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының шарттары сақталған кезде төлем хабары Қағидалардың 40-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, пайдаланушы-ақша жөнелтушінің кезегіне жіберіледі. Орталық төлем хабарын кезекке қою кезінде пайдаланушы-бастама жасаушыға төлем хабарын жүргізбегені және оны кезекке қою туралы ақпараттық хабарды жібереді.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларының шарттары орындалмаған кезде Орталық төлем хабарын орындаудан және кезекке тіркеуден бас тартады. Орталық төлем хабарын орындаудан немесе кезекке тіркеуден бас тартқан жағдайда, пайдаланушы-бастама жасаушыға себептерін көрсете отырып, төлем хабарын жүргізбегені туралы ақпараттық хабарды жібереді.";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"40. Пайдаланушы-бастама жасаушы болып табылатын орталық депозитарийдің төлем хабары, пайдаланушы-ақша жөнелтушінің позициясында төлем хабарын орындау үшін жеткілікті ақша сомасының болмау салдарынан Қағидалардың 39-тармақтың бірінші бөлігі 5) тармақшасының шарттары орындалмаған жағдайда, кезекке тіркелмейді және оны Орталық орындамайды. Орталық осы төлем хабарын орындаудан бас тартқан кезде орталық депозитарийге себептерін көрсете отырып, төлем хабарын жүргізбегені туралы ақпараттық хабарды жібереді.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"42. Пайдаланушы-ақша жөнелтушінің позициясынан пайдаланушы-бенефициардың позициясына ақша аудару кезінде Орталық пайдаланушы-бенефициардың позициясы бойынша ақша сомасын көрсетуді және оның позициясын кредиттеу туралы растамамен қоса оған электрондық хабарды жіберуді қамтамасыз етеді.";
58-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"58. Түскен төлем хабарын (нұсқау) орындаудан Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда көзделген негіздер бойынша бас тартқан кезде пайдаланушы-бенефициар түскен ақша сомасын келесі операциялық күннен кешіктірмей пайдаланушы-ақша жөнелтушіге қайтарады.";
63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"63. Пайдаланушының корреспонденттік шотында оған қолма-қол ақшаны беру, инкассолық өкімдерді орындау, сондай-ақ корреспонденттік шот шартының ережелеріне сәйкес басқа да мақсаттар үшін қажетті ақша сомасы болмағаны немесе жетіспейтіндігі анықталған кезде, Ұлттық Банк пайдаланушының төлем нұсқауы негізінде немесе өздігінше Орталыққа жөнелтушінің нұсқауын орындау үшін қажетті сомада жүйеден пайдаланушының ақшасын алып алу жөніндегі ақпараттық хабарды жібереді, хабардың негізінде Орталық пайдаланушының позициясындағы соманы азайтады.";
67-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"69. Трансшекаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүйе арқылы:
1) пайдаланушылар қызмет көрсететін ақша жөнелтушілерден бейрезидент-қаржы ұйымдары қызмет көрсететін бенефициарларға;
2) бейрезидент-қаржы ұйымдары қызмет көрсететін ақша жөнелтушілерден пайдаланушылар қызмет көрсететін бенефициарлардың пайдасына;
3) бейрезидент-қаржы ұйымдары қызмет көрсететін ақша жөнелтушілерден бейрезидент-қаржы ұйымдары қызмет көрсететін бенефициарларға жүргізіледі.";
70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"70. Пайдаланушы-делдал Орталыққа Рәсімдерде белгіленген тәртіпте трансшекаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу шарттарымен ұсынысын (бұдан әрі – ұсыныс) береді.";
73-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"73. Ақшаны жөнелтуші (бастамашы) трансшекаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу кезінде:
1) пайдаланушы пайдаланушы-делдалдардың барлық ұсыныстарымен, ақша жөнелтушіні көрсетудің тиісті шарттарымен танысуы тиіс және өзін қанағаттандыратын нұсқаны таңдайды;
2) бенефициарға ақша аударылатын төлем валютасын көрсете отырып, пайдаланушы-ақша жөнелтушіге бейрезидент-қаржы ұйымдары қызмет көрсететін бенефициардың пайдасына ақшаны аударуға нұсқау береді.";
74 және 75-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"74. Пайдаланушы-делдал пайдаланушы-ақша жөнелтушіден бейрезидент-қаржы ұйымына жіберілген трансшекаралық төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша жүйе арқылы төлем хабарын қабылдағаннан және өңдегеннен кейін:
1) төлем хабарының форматын пайдаланушы-делдал бейрезидент-қаржы ұйымымен хабарлармен алмасу үшін пайдаланатын форматқа қайта өзгертеді;
2) пайдаланушы-ақша жөнелтушінің төлем хабарында көрсетілген теңгедегі төлем сомасын төлем хабарының және ол берген ұсыныстың шарттарына сәйкес шетел валютасындағы төлем сомасына конвертациялайды;
3) трансшекаралық төлемді және (немесе) ақша аударымын бейрезидент-қаржы ұйымына жібереді.
75. Бейрезидент-қаржы ұйымынан пайдаланушы-бенефициарға жіберілген трансшекаралық төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша пайдаланушы-делдал төлем хабарын алып, оны өңдеген соң:
1) бейрезидент-қаржы ұйымымен хабарлар алмасу үшін пайдаланушы-делдал пайдаланатын төлем хабарының форматын жүйеде пайдаланылатын форматқа өзгертеді;
2) төлем хабарының және ол берген ұсыныстың шарттарына сәйкес шетел валютасындағы төлем сомасын теңгедегі төлем сомасына конвертациялайды;
3) трансшекаралық төлемді және (немесе) ақша аударымын жүйе арқылы пайдаланушы-бенефициарға жібереді.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"76. Пайдаланушы-делдал жүйенің операциялық күні ішінде валюталардың айырбастау бағамының өзгеру және оларға берілген ұсыныстардың шарттарына сәйкес трансшекаралық төлемді және (немесе) ақша аударымын аяқтау тәуекелдерін қабылдайды.";
77-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) өзара алмасатын хабарлардың форматтарын өзгерту кезінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдерін;";
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:
"83. Орталық пайдаданушыға ақпараттық хабарларды жөнелту арқылы оның барлық орындалмаған төлем құжаттары туралы хабарлайды.";
103-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"103. Пайдаланушы қағидалардың талаптарын, қатысу туралы шарттың, жүйеде қызмет көрсету туралы шарттың ережелерін, Қағидаларды және Орталықта белгіленген киберқауіпсіздік шараларын бұзған, оның ішінде пайдаланушының заңсыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізгендігі анықталған кезде Ұлттық Банк пайдаланушыға мына шаралардың біреуін қолданады:
1) қатысу туралы шартты бұзу не аралас шарттан қатысу туралы шарт (корреспонденттік шот шарты) ережелерін алып тастау және (немесе) жүйеде қызмет көрсету туралы шартты бұзу;
2) пайдаланушының жүйеде қатысуын анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтата тұру.".
2. "Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 203 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14365 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын қолдану қағидаларында:
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қағидаларда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінде, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:";
4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Шет елден және "Астана" халықаралық қаржы орталығына қатысушы банктен келіп түсетін төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша төлем құжатында қойылған экономика секторлары мен төлемдер белгілеу кодтары болмаған кезде Қазақстан Республикасының резидент банкі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының цифрлық жүйелерінде төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша алынған құжаттар негізінде экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын өздігінен қойып шығады.";
Төлемдер белгілеу кодтарының жан-жақты кестесінде:
"Арнайы аударымдар" деген 1-бөлімде:
113 және 114 төлем белгілеу кодтары бойынша жолдар мынадай редакцияда жазылсын:
"
113 | Нысаналы жинақтарды төлеу, оның ішінде: |
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамының нысаналы жинақтарды төлеуі | |
уәкілетті оператордың қатысушы банкке және қатысушы банктер арасында нысаналы жинақ төлемдерін аударуы | |
114 | Нысаналы жинақтардың бұрын төленген сомасын қайтару, оның ішінде: |
нысаналы жинақтардың бұрын төленген сомасын "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамына қайтару | |
қатысушы банктің нысаналы жинақ сомасын уәкілетті операторға қайтаруы |
";
195 төлем белгілеу коды бар "Электрондық ақшаны өткізу" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы реттік нөмірлері 196, 197, 198 және 199-жолдармен толықтырылсын:
"
196 | Цифрлық теңге шығару |
197 | Цифрлық теңгені өтеу |
198 | Клиенттен цифрлық теңгені сатып алу |
199 | Клиенттің цифрлық теңгені сатып алуы |
";
"Шетел валютасымен және бағалы металдармен операциялар" деген 2-бөлімде:
211 төлем белгілеу коды бойынша жолдарға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
213 төлем белгілеу коды бойынша жолдарға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
221 төлем белгілеу коды бойынша жолға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
223 төлем белгілеу коды бойынша жолдарға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
"Салымдар (депозиттер)" деген 3-бөлімде:
332 төлем белгілеу коды бойынша жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
332 | Заңды тұлғаның/дара кәсіпкердің банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалына осы заңды тұлға/дара кәсіпкер қызметкерлерінің банк шоттарына кейіннен есепке жатқызу үшін жалақыны, еңбек демалысының ақысын аударуы |
";
334 төлем белгілеу коды бойынша жолдарға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
344 төлем белгілеу коды бойынша жолдарға орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді;
"Қызметтер" деген 8-бөлімде:
851 төлем белгілеу коды бойынша жолдар мынадай редакцияда жазылсын:
"
851 | Компьютерлік қызметтер үшін төлемдер, |
оның ішінде: | |
компьютерлік бағдарламалау бойынша қызметтер | |
бағдарламалық қамтылымды шығарғаны үшін қызметтер | |
компьютерлік технологиялар саласындағы консультациялық қызметтер | |
компьютерлік жабдықты басқару бойынша қызметтер | |
компьютерлерді және перифериялық құрылғыларды жинақтау, орнату, оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтер | |
цифрлық технологиялар және компьютерлік жүйелер саласындағы қызметтер | |
деректерді, сайттарды өңдеу бойынша қызметтер және осыған ұқсас қызметтер | |
процессингтік қызметтер (төлемдерді және төлем карточкаларын пайдаланумен басқа операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинау, өңдеу және беру) | |
нақты уақыт режимінде деректер массивін құру, сақтау және олармен жұмыс істеу; деректерді табуляциялауды, компьютерлік уақытты ұжымдық пайдалану режимінде немесе сағат бойынша белгіленген кесте негізінде деректерді өңдеуді, тұрақты негізде сыртқы пайдаланушылардың есептеу кешендерін басқаруды қоса алғанда деректерді өңдеу | |
веб-порталдарға қызмет көрсету |
";
ескертпеде:
2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының корреспонденттік шоттары бойынша транзиттік аударымдар" 150 кодын делдал банк көрсетеді. Транзиттік төлемді алған кезде бенефициар банкі цифрлық жүйеде мәмілелерге сәйкес келетін экономика секторларының және төлемдер белгілеу кодтарын көрсетеді. Бенефициар банкі осы төлемнің қажетті деректемелерін клиенттер арасындағы сатылған тауарлар немесе көрсетілген қызметтер үшін ақы төленетін шарт негізінде көрсетеді.".
3. "Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс iстеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14306 болып тіркелген) мынадай өзгерістермен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс iстеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Қағидаларда "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында, "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген) бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар пайдаланылады:
1) авторизация – төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға беретін рұқсаты. Авторизация алу рәсімі жүйенің операциялық орталығы және (немесе) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы мен жүйеге қатысушы арасында жасалған шартқа сәйкес белгіленеді;
2) авторизацияланған хабар – авторизация жүргізуге қажетті ақпараттан тұратын және жүйеге қатысушылар арасында жүйенің операциялық орталығы арқылы берілетін сұрату (жауап);
3) банкаралық комиссия – жүйенің басқа қатысушысына қызмет көрсету желісінде жүйеге қатысушы шығарған төлем карточкалары бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына төлейтін ақша сомасы;
4) банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары (бұдан әрі – банкаралық төлемдер) – төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша жүйенің бір қатысушысының жүйенің осы қатысушысына қызмет көрсету желісінде басқа қатысушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдері және (немесе) ақша аударымдары;
5) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесі (бұдан әрі – қамтамасыз ету жүйесі) – Қазақстан Республикасының аумағында банктер шығарған және жүйеде өңделген халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайдаланатын тетік;
6) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы (бұдан әрі – қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы) – есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесіне қатысу туралы шарт (бұдан әрі – қамтамасыз ету туралы шарт) негізінде қамтамасыз ету жүйесіне қосылған жүйе қатысушысы;
7) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету сомасы (бұдан әрі –қамтамасыз ету сомасы) – қамтамасыз ету жүйесінің әрбір қатысушысы үшін есептелетін және қамтамасыз ету туралы шарттың талаптарына сәйкес жүйеде қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының операциялары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есеп айырысуды аяқтауына арналған қамтамасыз ету мөлшері;
8) есеп айырысудың аяқталуын қамтамасыз ету шоты (бұдан әрі –қамтамасыз ету шоты) – қамтамасыз ету туралы шарт және Клирингтік орталықпен жасалған шарт негізінде жүйеге қатысушы үшін ашылған шот;
9) жүйеге қатысушы – жүйенің операциялық орталығымен жасалған шарт негізінде жүйеде төлем карточкасы эмитентінің және (немесе) эквайердің функцияларын орындайтын екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк);
10) жүйеге қатысушы шығаратын төлем карточкалары бойынша банктік сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – банктік сәйкестендіру нөмірі) – төлем карточкаларының тиісті жүйесі осы жүйеде өзі шығаратын төлем карточкасын сәйкестендіру үшін эмитентке берілген бірегей нөмір;
11) жүйенің операциялық орталығы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы;
12) жүйенің операциялық орталығының операциялық қағидалары (бұдан әрі – операциялық қағидалар) – жүйенің операциялық орталығы қызметінің тәртібін және оған бекітілген функцияларды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын оның ішкі құжаты;
13) Клирингтік орталық – клирингтік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және қамтамасыз ету жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен жасалған шарт негізінде қамтамасыз ету жүйесіне қатысушылар үшін орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын клирингтік ұйым;
14) қаржылық хабар – төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша банкаралық төлем жүргізуге қажетті ақпараттан тұратын және жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына қатысты ақшалай міндеттемелерін (талаптарын) білдіретін төлем құжаты;
15) "овердрафт" қарызы – банкаралық төлемдер клирингінің (бұдан әрі – клиринг) нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін банкаралық ақша аудару жүйесінде олардың позицияларына ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе қатысушыларына бір операциялық күнге беретін қысқа мерзімді қарызы;
16) төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау (бұдан әрі – хабарларды маршруттау) – банкаралық төлемдер жөніндегі хабарлардың жүйе қатысушылары арасында жүру және берілу маршрутын айқындау процесі;
17) хабар – жүйенің операциялық орталығы және жүйеге қатысушылар арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын цифрлық деректер тобы;
18) халықаралық төлем карточкалары жүйесі – қатысушылары банктер, ал операторы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын үш және одан да көп елдің аумағында осы жүйе шеңберінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем карточкаларының жүйесі;
19) шығыс лимиті (авторландыру лимиті) – жүйеде өңдеуге рұқсат етілген, Клирингтік орталық есептейтін қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының операциялары бойынша ақша сомасы.";
4-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінде, "Киберқауіпсіздік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және шарттарда белгіленген талаптарға сәйкес хабарларды маршруттауды, клирингті жүзеге асыру және клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару кезінде оларды қорғауды қамтамасыз ету;";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Клиринг нәтижелері бойынша өз міндеттемелерін есептеуді аяқтау үшін қамтамасыз ету жүйесінің қатысушысында ақша жеткіліксіз немесе болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қатысушының қамтамасыз ету сомасынан аспайтын мөлшерде өтімділік береді.
Қатысушы қатысушының қамтамасыз ету сомасынан аспайтын мөлшердегі осы өтімділікті қамтамасыз ету туралы шартта белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша аударымдарының банкаралық жүйесіндегі шотына қайтармаған жағдайда, қатысушының өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында қатысушының қамтамасыз етуін Клирингтік орталық Қазақстан Республикасының Ұлттық Банктен алынған ақпарат негізінде Клирингтік орталықтың қағидаларында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне береді.";
мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:
"16-1. Жүйеге қатысушыда клиринг нәтижелері бойынша ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша жеткіліксіз болған немесе болмаған жағдайда және қамтамасыз ету жүйесі шеңберінде қамтамасыз ету сомасы жеткіліксіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйеге қатысушы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалған, "овердрафт" қарызын беру тәртібі мен талаптары айқындалатын шарт негізінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі бағалауы негізінде "овердрафт" қарызын береді.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Қамтамасыз ету жүйесіне қатысушылардың қамтамасыз ету сомасы есебінен қалыптастырылатын кепілдік қорын жасауға және клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етудің және Қағидалардың 16-тармағына сәйкес берілген өтімділікті қатысушылардың қайтармау тәуекелдерін басқарудың өзге де әдістерін ендіруге рұқсат етіледі.";
23-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) төтенше және күтпеген жағдайлар туындаған кезде ақпаратты сақтауға және цифрлық жүйелерді, дерекқорларды қалпына келтіруге арналған резервтік орталықтың болуы;";
30-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) жүйенің, құрылғылардың, цифрлық жүйелердің жұмыс істеуінің бұзылу себептерін анықтау мақсатында жүйенің жұмыс істеуіне мониторинг пен талдау жүргізу, оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;";
4-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкалары бойынша қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі
32. Қамтамасыз ету жүйесіне халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің қатысушылары болып табылатын банктер қатысады.
33. Қамтамасыз ету жүйесіне қатысу және қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы мәртебесін алу үшін мыналар талап етіледі:
1) қамтамасыз ету туралы шарттың болуы;
2) қамтамасыз ету туралы шартқа және Клирингтік орталықпен жасалған шартқа сәйкес ашылған жүйеге қатысушының қамтамасыз ету шотының болуы;
3) жүйеге қатысушының қамтамасыз ету шотында Клирингтік орталық есептеген қамтамасыз ету сомасына қалдықтың болуын қамтамасыз етуі;
4) Клирингтік орталықпен немесе қамтамасыз ету жүйесіне қатысушыға қызмет көрсететін клирингтік қатысушымен шарттың болуы.
Қамтамасыз ету шоты қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайларда қамтамасыз ету туралы шартқа, Клирингтік орталықтың қағидаларына және қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының Клирингтік орталықпен жасалған шартына сәйкес пайдаланылады.
34. Қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының қамтамасыз ету сомасының жүйеде өңделетін операциялар сомасына сәйкес болуы мақсатында Клирингтік орталық ай сайын, айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей қамтамасыз ету жүйесіне қатысушының қамтамасыз ету сомасын есептейді (қайта есептейді). Ағымдағы айға қамтамасыз ету сомасы туралы ақпаратты көрсетілген мерзімде Клирингтік орталық қамтамасыз ету шотында оның осы соманы қамтамасыз етуі үшін қамтамасыз ету жүйесіне қатысушыға жібереді.
35. Қамтамасыз ету жүйесіне қатысушы ай сайын, қамтамасыз ету туралы шартта белгіленген мерзімде, бірақ айдың 7 (жетінші) жұмыс күнінен кешіктірмей, Қағидалардың 34-тармағының талаптарын орындауды қамтамасыз етеді.
36. Қамтамасыз ету жүйесіндегі тәуекелдерді басқаруды, оның ішінде шығыс лимитін есептеуді бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.".
4. "Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі № 43 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38623 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі екінші абзацының 18-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидалары:
мынадай мазмұндағы 28-1 және 28-2-тармақтармен толықтырылсын:
"28-1. Қатысушының төлем хабарламасында мынадай деректемелер болады:
1) төлем құжатының атауы;
2) төлем құжатының нөмірі, оның цифрлармен көрсетіліп жазылған күні, айы, жылы;
3) ақша жөнелтушінің және (немесе) бенефициардың толық немесе қысқартылған атауы;
ақша жөнелтуші және (немесе) бенефициар жеке тұлғаның, сондай-ақ нақты төлеушінің және (немесе) нақты (түпкілікті) бенефициардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
4) ақша жөнелтушінің және бенефициардың жеке сәйкестендіру коды.
Жеке тұлғада жеке сәйкестендіру коды болмаған жағдайда, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі;
5) ақша жөнелтуші банктің және бенефициар банктің толық немесе қысқартылған атауы, олардың банктік сәйкестендіру кодтары;
6) төлем белгілеу, сондай-ақ оның код белгіленімі;
7) цифрлармен және жазумен көрсетілген төлем сомасы. Жазумен берілген сомадағы тиындар цифрлармен көрсетіледі.
Егер цифрлармен көрсетілген төлем сомасы тиын көрсетілмей теңгемен берілсе, онда тиын жазумен берілген сомада көрсетілмейді;
8) ақша жөнелтуші немесе бенефициар шетел азаматтары және (немесе) олардың мекенжайы (жеке және заңды тұлғалар үшін) көрсетілетін азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын жағдайды қоспағанда, ақша жөнелтушінің, бенефициардың, сондай-ақ нақты төлеушінің және (немесе) нақты (түпкілікті) бенефициардың жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері (жеке тұлға үшін);
9) ақша жөнелтушінің коды (Ажк) және бенефициардың коды (Бек). Ақша жөнелтуші немесе бенефициар Қазақстан Республикасының бейрезиденті болған жағдайда, резиденттік елі – ҚР ҰС ISO 3166-1-2016 "Елдердің атаулары мен олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің бірліктерін ұсынуға арналған кодтар. 1-бөлім. Ел кодтары" Қазақстан Республикасының ұлттық сыныптауышына сәйкес тиісті елдің екі әріптен тұратын коды көрсетіледі.
Егер нақты төлеуші, нақты (түпкілікті) бенефициар тиісінше ақша жөнелтушімен, бенефициармен бір тұлғада сәйкес келсе, оларды көрсету талап етілмейді.
Нақты төлеушінің және (немесе) нақты (түпкілікті) бенефициардың деректемелерін дұрыс көрсеткені үшін бастамашы жауапты болады.
28-2. Төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру процесінде қатысушылар арасында хабарламалар алмасу кезінде қатысушылар мынадай деректемелердің берілуін қамтамасыз етеді:
1) ақша жөнелтушінің және (немесе) бенефициардың толық немесе қысқартылған атауы;
ақша жөнелтуші және (немесе) бенефициар жеке тұлғаның, сондай-ақ нақты төлеушінің және (немесе) нақты (түпкілікті) бенефициардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
2) ақша жөнелтушінің және (немесе) бенефициардың жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) ақша жөнелтуші банктің және бенефициар банктің толық немесе қысқартылған атауы, олардың банктік сәйкестендіру кодтары.
Ақпараттық хабарламалармен алмасу кезінде алаяқтыққа және құқыққа қарсы инциденттерге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында қатысушылар клиенттің белсенділік бейіні негізінде операцияның тәуекел деңгейін бағалау нәтижесі туралы операциялық құжаттамада айқындалған деректерді қосымша береді.";
67-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тілдегі мәтіні өзгермейді.