ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 35-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық кондоминиумдарды құру, жұмыс істеу, есепке алу және тоқтату қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі 2026 жылғы 2 шілдедегі № 373/НҚ Бұйрығымен бекітілген |
Цифрлық кондоминиумдарды құру, жұмыс істеу, есепке алу және тоқтату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық кондоминиумдарды құру, олардың жұмыс істеу, есепке алу және тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 35-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және цифрлық кондоминиумды құру, оның жұмыс істеу, есепке алу және тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) смарт-келісімшарт – цифрлық технологияларды пайдалана отырып, белгілі бір мән-жайлар туындаған кезде тараптар алдын ала келіскен талаптардың автоматты түрде орындалуын көздейтін шарт;
2) цифрландыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – цифрландыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) цифрлық кондоминиумды басқару жөніндегі уәкілетті тұлға (бұдан әрі – уәкілетті тұлға) – қатысушылар айқындайтын және цифрлық кондоминиумды басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) цифрлық кондоминиум – өзара іс-қимылдың жалпы ережелері негізінде қатысушылар құрған және пайдаланатын, бөлінген цифрлық объектілерді бірлесіп иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары жүзеге асырылатын меншік нысаны;
5) цифрлық кондоминиумға қатысушы (бұдан әрі – қатысушы) – бөлінген цифрлық объектілерді бірлесіп иелену, пайдалану және оларға билік ету үшін цифрлық кондоминиум құру туралы келісім не смарт-келісімшарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
6) цифрлық объект – цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамаларға ие және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану немесе билік ету құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның оқшауланған элементі.
2-тарау. Цифрлық кондоминиумды құру және оның жұмыс істеу тәртібі
3. Цифрлық кондоминиум қатысушылардың келісімі (бұдан әрі – келісім) немесе смарт-келісімшарт негізінде құрылады.
4. Цифрлық кондоминиумды құру туралы келісім немесе смарт-келісімшарт мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) қатысушылар туралы сәйкестендіру мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі;
заңды тұлғалар үшін – атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
2) бөлінген цифрлық объектілердің құрамы;
3) бөлінген цифрлық объектілерді бірлесіп иелену, пайдалану және оларға билік ету тәртібі;
4) цифрлық кондоминиумды басқару тәртібі;
5) қатысушылардың құқықтары мен міндеттері;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де мәліметтер.
5. Бөлінген цифрлық объектілер қатысушыларының құрамын және цифрлық кондоминиумның жұмыс істеу шарттарын өзгерту келісім не смарт-келісімшарт негізінде жүзеге асырылады және цифрлық ортада міндетті түрде тіркеп белгілеуге жатады.
6. Бөлінген цифрлық объектісі бар операцияға қатысушы цифрлық жүйеде немесе смарт-келісімшартта сұрау салуды қалыптастыру арқылы бастама жасайды.
7. Сұрау салу келіп түскеннен кейін операция қатысушылар оны растаған не смарт-келісімшартта көзделген шарттар туындаған жағдайда орындалады.
8. Операция аяқталғаннан кейін цифрлық жүйеде немесе смарт-келісімшартта қатысушылар, бөлінген цифрлық объект, операцияның мазмұны, оның жасалған күні мен уақыты көрсетілген жазба қалыптастырылады.
9. Цифрлық кондоминиумды басқару оның қатысушыларының тікелей өздері не келісімде немесе смарт-келісімшартта белгіленген тәртіппен қатысушылармен жасалған шарт негізінде әрекет ететін уәкілетті тұлға арқылы жүзеге асырылады.
3-тарау. Цифрлық кондоминиумды есепке алу және тоқтату тәртібі
10. Цифрлық кондоминиумдарды есепке алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
11. Цифрлық кондоминиумды есепке алу мыналарды:
1) қатысушылар құрамын тіркеп белгілеуді;
2) бөлінген цифрлық объектілерді есепке алуды;
3) қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін есепке алуды;
4) цифрлық кондоминиум шеңберінде жүзеге асырылатын операцияларды тіркеп белгілеуді қамтиды.
12. Уәкілетті тұлға көрсетілген мән-жайлар туындаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде цифрлық кондоминиумның құрылуы, мәліметтерінің өзгеруі және тоқтатылуы туралы ақпаратты уәкілетті органға жібереді.
13. Цифрлық кондоминиум мынадай жағдайларда:
1) қатысушылардың шешімі бойынша;
2) келісімде немесе смарт-келісімшартта көзделген мән-жайлар туындаған кезде;
3) заңды күшіне енген сот шешімі негізінде;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
14. Цифрлық кондоминиум тоқтатылған кезде қатысушылар бөлінген цифрлық объектілерге құқықтарды бөлу тәртібін айқындайды.