ЗҚАИ-ның ескерепесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. МЖМС-да мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) ӘАОО-дағы біліктілік сипаттамалары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс саласында және тиісті лауазымда кәсіптік қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, іскерлік және дағдылар;
2) ӘАОО-дағы кәсіби құзыреттер – ұлттық қауіпсіздік жүйесінде және құқық қорғау органдарында тиісті лауазымда кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, іскерлік және дағдылар;
3) бакалавриат – тиісті мамандық бойынша "бакалавр" дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары білім, білім беру бағдарламалары;
4) білім алушылардың білім срезі – білім алушылардың академиялық оқу кезеңіндегі оқу жетістіктерін бағалау;
5) дескрипторлар (descriptors (дэскрипторс)) – білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің құзыреттіліктерде және академиялық кредиттерде қалыптасқан оқыту нәтижелеріне негізделетін тиісті деңгейінің (сатысының) білім беру бағдарламасын оқып аяқтауы бойынша алған білім, іскерлік, дағды және құзыреттілік деңгейі мен көлемінің сипаттамасы;
6) дипломдық жоба – жобалау элементтерін қолдана отырып және (немесе) бизнес-жобаларды, модельдерді, сондай-ақ шығармашылық сипаттағы жобаларды және басқа да жобаларды дайындау түрінде орындалған білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін қолданбалы міндеттерді дербес шешуді білдіретін студенттің бітіру жұмысы;
6-1) дипломдық жұмыс – білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес студенттің өзекті проблеманы өз бетінше зерделеу нәтижелерін жинақтауды білдіретін бітіру жұмысы;
7) Еуропалық трансферт (аудару) және кредиттер жинақтау жүйесі (ECTS (еситиэс)) – студенттің шетелде алған кредиттерін өзінің білім беру ұйымына оралғаннан кейін олардың дәреже алуы үшін есептелетін кредиттерге аудару, сондай-ақ білім беру бағдарламалары шеңберінде кредиттер жинақтау тәсілі;
8) жеке оқу жоспары (бұдан әрі – ЖОЖ) – білім беру бағдарламасы және элективті пәндер каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен студенттің әр оқу жылына арнап өзі құрастыратын оқу жоспары;
9) жоғары арнаулы білім (специалитет) – кемінде 300 академиялық кредит міндетті түрде меңгерілетін тиісті білім беру бағдарламасы бойынша маманның біліктілігін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары білім деңгейі;
10) жоғары оқу орны компоненті (бұдан әрі – ЖК) – білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ЖЖОКБҰ айқындайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең төменгі көлемінің тізбесі;
11) кеңейтілетін дәрежелер (Stackable degree (стакэбл дегри)) – әртүрлі салалардан немесе кәсіби қызмет салаларынан формальды және формальды емес білім арқылы алынған дағдылар мен құзыреттер жиынтығы;
12) құзыреттілік – оқу процесінде алған білімді, шеберлік пен дағдыны кәсіби қызметте практикалық тұрғыда пайдалана білу қабілеті;
13) микробіліктілік – қысқа мерзімді оқыту кезеңінде алынған кәсіптік стандарт бойынша (немесе тиісті кәсіп шеңберінде) бір жеке еңбек функциясын орындау үшін жеткілікті білім, дағдылар мен құзыреттер көлемі;
14) міндетті компонент – МЖМС-да белгіленген және білім беру бағдарламасы бойынша студенттер міндетті түрде оқитын оқу пәндерінің және тиісті академиялық кредиттердің ең төменгі көлемінің тізбесі;
15) нано-кредит – дербес және аяқталған сипаттағы оқу материалының шағын көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;
16) оқу жұмыс жоспары (бұдан әрі – ОЖЖ) – білім беру бағдарламасы және студенттердің жеке оқу жоспарлары негізінде ЖЖОКБҰ дербес әзірлейтін оқу құжаты;
17) оқыту нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша алған, көрсететін білімдерінің, машықтарының, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қатынастар;
18) таңдау компоненті – ЖЖОКБҰ ұсынатын, пререквизиттері мен постреквизиттерін ескере отырып, кез келген академиялық кезеңде студенттердің өздері таңдайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең аз көлемінің тізбесі;
ӘАОО-дағы ОЖЖ – білім беру бағдарламасы және біліктілік талаптары, сипаттамалары негізінде АӘОО дербес әзірлейтін оқу құжаты;
19) үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі – ҮОБ) Ереженің 15-тармағының 13) тармақшасына сәйкес ұсынылатын әдебиеттің мазмұнын, көлемін, айқындайтын білім беру бағдарламасының міндетті компонентіндегі пәннің оқу құжаты.";
6-тармақтың үшінші бөлігінде:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) цифрлық технологияларды меңгеру, қазақ, орыс және шет тілдерінде коммуникация бағдарламаларын құру, салауатты өмір салтына бағдарлау, өзін-өзі жетілдіру және кәсіби табысқа бағдарлану негізінде бәсекеге қабілетті болашақ маманның дүниетанымдық, азаматтық және адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған;";
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"4) өз өмірі мен қызметіндегі барлық салаларда заманауи цифрлық технологияларды меңгеру және пайдалану арқылы цифрлық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді;";
7-тармақтың 19) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"19) жеке қызметінде цифрлық технологиялардың әртүрлі түрлерін: интернет-ресурстарды, ақпаратты іздеу, сақтау, өңдеу, қорғау және тарату жөніндегі бұлтты және мобильді сервистерді пайдаланады;";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. ЖЖОКБҰ инклюзия, тұрақты даму, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет құндылықтарын қалыптастыруға, сондай-ақ ғылыми зерттеу дағдыларын дамытуға, тіршілік қауіпсіздігі мен экологияны қамтамасыз етуге бағытталған МЖМС талаптарына және кәсіптік стандарттарға (бар болса) сәйкес жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.
Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары ерекше білім беруді қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) сүйемелдеу және кешенді қолдау көрсету бойынша құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған пәндерді (модульдерді) қамтиды.
ЖЖОКБҰ жасанды интеллектіні қолдану бойынша құзыреттерді игеруге бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
ЖЖОКБҰ-да білім беру бағдарламаларын әзірлеумен ЖЖОКБҰ басшысының бұйрығымен құрылатын академиялық комитеттер айналысады, олардың құрамына академиялық персоналдың, жұмыс берушілердің, білім алушылардың өкілдері енгізіледі.
Білім беру бағдарламаларының негізінде оқу жоспарлары (оқу жұмыс жоспарлары, білім алушылардың жеке оқу жоспарлары) қалыптастырылады және оқу пәндері бойынша оқу жұмыс бағдарламалары (силлабустар) әзірленеді.
ЖБП циклінің пәндерін қоспағанда, білім алушылар білім беру бағдарламасы бойынша оқу нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған жеке оқу жоспарын дербес қалыптастырады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын ЖЖОКБҰ модульдік оқыту қағидаты бойынша әзірлейді. ӘАОО-ларда білім беру бағдарламаларын әзірлеу қағидаты дербес айқындалады.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. МЖБС-да Заңға сәйкес ұғымдар қолданылады. Оларға қосымша мынадай ұғымдар енгізілген:
1) ӘАОО-дағы біліктілік сипаттамалары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі саласындағы және жекелеген тиісті лауазымдағы кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, іскерлік және дағды;
2) ӘАОО-дағы біліктілік талаптары – ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдары жүйесіндегі және жекелеген тиісті лауазымдағы кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, шеберлік және дағды;
3) ӘАОО-дағы кәсіби құзыреттер – тиісті лауазымда құқық қорғау органдары жүйесіндегі кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білімдер, іскерліктер мен дағдылар;
4) ӘАОО-дағы магистрлік диссертация – магистранттың таңдалған білім беру бағдарламасы саласындағы өзекті проблеманың теориялық және (немесе) практикалық әзірлемесін қамтитын өзіндік ғылыми зерттеуден тұратын, ғылымның қазіргі заманғы теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктеріне негізделген бітіру жұмысы;
5) ӘАОО-дағы ОЖЖ – білім беру бағдарламасы не ҮОБ негізінде білім беру ұйымы дербес әзірлейтін оқу құжаты;
6) бейіні бойынша доктор – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;
7) DBA бағдарламасы (бұдан әрі – DBA (ДиБиЭй)) – бизнес-әкімшілендіруде жобалау жұмысы мен қолданбалы зерттеулер жүргізуге негізделген және басқарушы кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламасы;
8) докторант – докторантурада білім алатын адам;
9) докторантура – білім беру бағдарламалары кемінде 180 акдемиялық кредитті міндетті меңгеру арқылы тиісті бағыт бойынша философия докторы (PhD) (бейіні бойынша доктор) дәрежесін бере отырып, ғылыми, педагогикалық және (немесе) кәсіптік қызмет үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
10) докторлық диссертация – докторанттың теориялық ережелер әзірленген, жиынтығын жаңа ғылыми жетістік ретінде саралауға болатын немесе ғылыми проблема шешілген не ғылыми негізделген техникалық, экономикалық немесе технологиялық шешімдер жазылған дербес зерттеу болып табылатын ғылыми жұмысы;
11) дескрипторлар (descriptors (дэскрипторс)) – білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің құзыреттіліктерде және академиялық кредиттерде қалыптасқан оқыту нәтижелеріне негізделетін тиісті деңгейінің (сатысының) білім беру бағдарламасын оқып аяқтауы бойынша алған білім, іскерлік, дағды және құзыреттілік деңгейі мен көлемінің сипаттамасы;
12) диссертациялық зерттеудің ғылыми негіздемесі (research proposal (ресоч пропозал)) – докторант дайындаған және бірінші немесе екінші оқу жылы ішінде ЖЖОКБҰ бекіткен, зерттеудің мақсаты, міндеттері мен әдіснамасын, әдебиеттерге шолу жасауды және зерттеудің күтілетін нәтижелерін қамтитын құжат;
13) executive MBA (бұдан әрі – ЕМВА (экзекютив ЭмБиЭй)) – бұл мақсатты аудиторияның ерекшеліктерін ескере отырып, топ-менеджерлерді даярлауға бағдарланған МВА бағдарламасы;
14) жеке оқу жоспары (бұдан әрі – ЖОЖ) – білім алушының білім беру бағдарламасының және элективті пәндер каталогының негізінде эдвайзердің көмегімен әрбір оқу жылына жеке жасайтын оқу жоспары;
15) жоғары оқу орны компоненті (бұдан әрі – ЖК) – білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ЖЖОКБҰ дербес айқындайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең төменгі көлемінің тізбесі;
16) құзыреттілік – оқу процесінде алған білімді, шеберлік пен дағдыны кәсіби қызметте практикалық тұрғыда пайдалана білу қабілеті;
17) магистр – магистратураның білім беру бағдарламасын меңгерген тұлғаларға берілетін дәреже;
18) магистрант – магистратурада білім алушы тұлға;
19) магистратура – кемінде 60-120 академиялық кредитті міндетті түрде меңгеру арқылы тиісті білім беру бағдарламасы бойынша "магистр" дәрежесін бере отырып, кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейі;
20) магистрлік диссертация – ғылыми-педагогикалық магистратура магистрантының таңдалған білім беру бағдарламасы саласындағы өзекті проблеманың теориялық және/немесе практикалық әзірлемесін қамтитын өзіндік ғылыми зерттеуден тұратын, ғылым мен техниканың қазіргі заманғы теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктеріне негізделген бітіру жұмысы;
21) магистрлік жоба – бейінді магистратура магистрантының таңдалған білім беру бағдарламасының өзекті проблемаларының қолданбалы міндетін шешуге мүмкіндік беретін теориялық және (немесе) эксперименттік нәтижелерді қамтитын өзіндік ғылыми зерттеуден тұратын бітіру жұмысы;
22) МВА бағдарламасы – бизнес саласындағы заманауи білімдер мен дағдыларды меңгерген, процестер мен кадрлық активтерді басқаруға, компанияның стратегиясын жасауға, стратегиялық және оперативті міндеттерді анықтай білуге және ғылыми аспаптарды қолдана отырып, оларға қол жеткізе білуге қабілетті басқарушы кадрлар даярлау бағдарламасы;
23) міндетті компонент – МЖБС-да белгіленген және білім алушылардың оқыту бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқитын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең төменгі көлемінің тізбесі;
24) оқу жұмыс жоспары (бұдан әрі – ОЖЖ) – ЖЖОКБҰ білім беру бағдарламасы мен білім алушылардың жеке оқу жоспарлары негізінде дербес әзірлейтін оқу құжаты;
25) таңдау компоненті – ЖЖОКБҰ ұсынатын, пререквизиттері мен постреквизиттерін ескере отырып, кез келген академиялық кезеңде білім алушының өздері таңдайтын оқу пәндерінің және академиялық кредиттердің тиісті ең төменгі көлемінің тізбесі;
26) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;
27) іскерлік әкімшілендіру докторы – DBA бағдарламасын меңгерген тұлғаларға берілетін дәреже;
28) іскерлік әкімшілендіру магистрі – МВА немесе ЕМВА бағдарламасын меңгерген тұлғаларға берілетін академиялық дәреже.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. ЖЖОКБҰ білім беру қызметін алынған лицензияға сәйкес жүзеге асырады және оның қолданыста болу уақытының барлық кезеңінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33892 болып тіркелген) Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін сақтайды.";
25-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) озық цифрлық технологияларды қолдана отырып орындалуы;";
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"69. Бейіні бойынша доктор даярлаудың білім беру бағдарламасы ұлттық экономика, әлеуметтік салалар: білім беру, медицина, құқық, өнер, экономика, бизнес-әкімшілендіру, инженерия, жаратылыстану, цифрлық технологиялар, қауіпсіздік және әскери іс салалары үшін ғылымның тиісті бағыттары бойынша тиісті кәсіптік қызмет саласында эксперименттік-зерттеу жұмысын, іргелі білім беру, әдіснамалық және зерттеу дайындығын және пәнді терең зерделеуді болжайды.";
75-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) озық цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады;".
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін және оны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, жетпіс төртінші, жетпіс бесінші, жетпіс алтыншы, жетпіс жетінші, жетпіс сегізінші және жетпіс тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушысы |
Г. Кобенова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі