ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 31-бабы 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы |
А. Иргалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
| Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 5 бұйрығына қосымша |
Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу қағидалары
1. Осы Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 31-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – стратегиялық жоспарлау, реформалар жүргізу салаларында және мемлекеттік статистика саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2) цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы (бұдан әрі – платформа) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес онда орналастырылған цифрлық деректер өнімдеріне олардың алмасуы мен айналымының белгіленген шарттарымен қол жеткізуді қамтамасыз ететін цифрлық платформа;
3) цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасының меншік иесі және (немесе) иегері – Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін, цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасын құруды, басқаруды, дамытуды және пайдаланылуын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, мемлекеттік заңды тұлға, квазимемлекеттік сектор субъектісі және жеке кәсіпкерлік субъектісі;
4) цифрлық деректер өнімі – цифрлық ортада пайдалануға, айырбастауға және (немесе) айналымға жарамды құрылымдық немесе басқаша түрлендірілген цифрлық деректерді қамтитын цифрлық деректерді өңдеудің біріктірілген, қалыпқа келтірілген нәтижесі;
5) цифрлық деректер өнімін беруші – цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасында орналастыру үшін цифрлық деректер өнімдерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
6) цифрлық деректер өнімін тұтынушы – цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасында орналастырылған цифрлық деректер өнімдерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға.
3. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, соның ішінде киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау туралы және осы Қағидалардың нормаларын сақтай отырып, платформалар құруға құқылы.
4. Платформаның қызметі басталған немесе тоқтатылған кезде платформаның меншік иесі және (немесе) иегері 5 (бес) жұмыс күні ішінде оның жұмыс істеуі басталған немесе тоқтатылған күннен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің "Хабарламалар нысандарын және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы" 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығына (бұдан әрі – Хабарламаларды қабылдау қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) сәйкес уәкілетті органға тиісті хабарлама жолдайды.
5. Уәкілетті орган платформалардың меншік иелері және (немесе) иегерлері қызметінің мониторингін жүргізу мақсатында платформаның қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы платформалардың меншік иелері және (немесе) иегерлерінен алынған хабарламалары негізінде платформалар тізілімін жүргізеді.
6. Уәкілетті орган Хабарламаларды қабылдау қағидаларына сәйкес хабарлама ұсынбаған цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформаларының мониторингін жария қолжетімді ақпаратты және ашық интернет-ресурстарды пайдалана отырып жүзеге асырады.
7. Хабарламаны ұсынбаған платформалар анықталған жағдайда, уәкілетті орган анықталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде платформаның меншік иесіне және (немесе) иегеріне қызметті осы Қағидаларға сәйкес келтіру қажеттілігі туралы тиісті хабарлама жолдайды.
8. Платформалардың меншік иесі және (немесе) иегері орналастырылатын цифрлық деректер өнімдерінің тізбесін жүргізуді және оларды қолжетімді орналастыруды, оның ішінде цифрлық деректер өнімдері өзгерген немесе толықтырылған кезде мәліметтерді өзектендіруді және тізбені жаңартуды қамтамасыз етеді.
9. Цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформалардың меншік иелеріне және (немесе) иегерлеріне:
1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, дербес деректерді қоса алғанда, бастапқы (өңделмеген) деректердің айналымын жүзеге асыруға;
2) егер мұндай орналастыру немесе сақтау шектелген болса, цифрлық деректер өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс орналастыруды немесе сақтауды жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, цифрлық деректер өнімі меншік иесінің және (немесе) иегерінің келісімінсіз цифрлық деректер өнімдерін үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бастапқы нысандағы жалпыға қолжетімді ақпарат мәмілелердің, иеліктен шығарудың және берудің нысанасы бола алмайды және тек ақпараттық мақсаттарда орналастырылады.
10. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері:
1) цифрлық деректер өнімдерінің тізбесін құруды және жүргізуді;
2) цифрлық деректер өнімдеріне қол жеткізу, алмасу және пайдалану шарттарын;
3) цифрлық деректер өнімдеріне рұқсатсыз қол жеткізудің, олардың тарап кетуінің және трансшекаралық берудің алдын алуды, егер мұндай беру Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелген болса;
4) платформадағы дербес деректерді өңдеу кезінде Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын сақтауды;
5) киберқауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
11. Платформадағы цифрлық деректер өнімі мынадай қасиеттерге ие:
1) дербес деректер субъектілерін тікелей және (немесе) жанама әдістермен сәйкестендіру мүмкіндігіне жол беретін дербес деректерді қамтымайды;
2) цифрлық деректердің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарға сәйкес жасалған, өңделген және құрылымдалған;
3) құрамы, құрылымы, мақсаты және пайдалану шарттары туралы қажетті метадеректерді қамтиды.
12. Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық деректер өнімдерінің құрылымы, сапасы және метадеректері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
13. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ішінен цифрлық деректер өнімдерін берушілер өздерінің цифрлық деректер өнімдерінің сапасын цифрлық деректерді басқару жөніндегі талаптарына сәйкестігін ерікті негізде растайды.
14. Платформадағы әрбір цифрлық деректердің өніміне сипаттаманы, форматты, дереккөзді, қолданылған өңдеу әдісін, жаңарту кезеңділігін, өзектендірудің соңғы күнін, құқықтық және техникалық шектеулерді, сапа көрсеткіштерін және иесіздендіру деңгейі (егер қолданылса) туралы мәліметтерді қамтитын міндетті метадеректер беріледі.
15. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері цифрлық деректер өнімдерін беруші ретінде әрекет ете алады және бұл ретте осы Қағидалардың талаптарына сәйкестікті қамтамасыз етеді.
16. Цифрлық деректер өнімдерін берушілер цифрлық деректер өнімдері және олардың метадеректерінің толықтығын, нақтылығын, өзектілігін, сондай-ақ цифрлық деректер өнімінің мәлімделген сипаттамаларға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
17. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің цифрлық деректер өнімдерінің расталған сапасы туралы ақпараттың жариялануын, сондай-ақ нарықтың өзге субъектілер тараптарының келісімі бойынша қамтамасыз етеді және өнім берушілермен осы Қағидалардың талаптарын сақтауын бақылайды.
18. Цифрлық деректер өнімінің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда, платформаның меншік иесі және (немесе) иегері бұзушылықтар жойылғанға дейін оны платформаға орналастыруды тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
19. Платформаның қатысушылары платформаның меншік иесі және (немесе) иегері, цифрлық деректер өнімдерін берушілер және цифрлық деректер өнімдерін тұтынушылар болып табылады.
20. Платформаның қатысушылары платформадағы цифрлық деректер өнімдерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес пайдаланады, цифрлық деректер өнімдерін орналастыру және пайдалану кезінде заңдылық пен адалдық қағидаттарын сақтайды.
21. Цифрлық деректер өнімдерін берушілер осы Қағидалардың талаптары сақталған жағдайда платформаға қатысуға жіберіледі.
22. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері цифрлық деректер өнімдерін берушіге цифрлық деректер өнімдерін осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген, дербес деректерді қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының бұзушылықтары анықталған немесе цифрлық деректер өнімі туралы анық емес ақпарат ұсынылған жағдайларда орналастырудан бас тартады.
23. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері цифрлық деректер өнімдерін берушілерге және тұтынушыларға рұқсат беру, олардың қатысуын тоқтата тұру және тоқтату рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларды платформаға қол жеткізу туралы сұраным берілген күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешімдер туралы хабардар етеді.
24. Цифрлық деректер өнімдерін берушілер мен тұтынушыларға электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе екі факторлы аутентификация құралдарын пайдалана отырып, сәйкестендіру және аутентификациялаудан өткен жағдайда, платформаға қол жеткізу ұсынылады.
25. Цифрлық деректер өнімдерін берушілер мен тұтынушылардың қол жеткізу деңгейлерін платформаның меншік иесі және (немесе) иегері белгілейді және сипаттамаларды қарауды, алдын ала қарауды, цифрлық деректер өнімдерін жүктеуді және бағдарламалық интерфейс арқылы қол жеткізуді қамтиды. Өнім беруші мен тұтынушы арасындағы платформаны пайдалана отырып жасалатын цифрлық деректер өнімдерімен алмасу жөніндегі мәмілелер сұранымды қалыптастыру, шарттарды келісу, мәмілені растау, оқиғалар журналына тіркеп жазу және цифрлық деректер өнімін беру арқылы жасалады.
26. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері:
1) цифрлық деректер өнімдерін орналастыру шарттарының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарының сақталуын қоса алғанда, платформада жасалатын цифрлық деректер өнімдерімен жасалатын барлық мәмілелердің заңдылығын;
2) мәмілелерді оқиғалар журналында дұрыс тіркеуді, мәмілелер туралы деректердің қорғалуын және оларды уәкілетті органдардың кейіннен тексеру мүмкіндігін;
3) платформаның жұмыс істеуінің ішкі регламенттері туралы цифрлық деректер өнімдерін берушілер мен тұтынушыларды хабардар етуді;
4) цифрлық деректер өнімдерін берушілер мен тұтынушылар үшін цифрлық деректер өнімдерінің құнын қолжетімді нысанда жариялауды және шарттар өзгерген кезде оларды жаңартуды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін цифрлық деректер өнімдерінің құнын бағалау бойынша негізгі тәсілдер Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының 2026 жылғы 27 сәуірдегі № 3 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38565 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін цифрлық деректер өнімдерінің құнын бағалаудың үлгілік әдістемесіне сәйкес реттеледі.
27. Платформаның меншік иесі және (немесе) иегері осы Қағидалардың талаптары сақталған және уәкілетті органды міндетті түрде хабардар еткен жағдайда платформаның жұмыс істеуін толық тоқтатуды қоса алғанда, оның қызметін тоқтата тұра немесе тоқтата алады.
28. Платформаның қызметі тоқтатылғанда платформаның меншік иесі және (немесе) иегері архивтік көшірмелердің және операциялар журналдарының сақталуын, цифрлық деректер өнімдерін жойылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ платформаның барлық қатысушыларын алдын ала хабардар етеді.
29. Платформаның қызметін тоқтату платформаның меншік иесін және (немесе) иегерін және оның қатысушыларын платформа қызметін жүзеге асыру кезінде жасалған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.