ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33003 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жол жүрісі қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Көлік құралын тоқтатқан жағдайда көлік құралы жүргізушісінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамдар көлік құралына кідірмей жақын келеді, көлік құралын тоқтату себептерін түсіндіреді және жүргізушінің талап етуі бойынша танысу және тегі мен лауазымын анықтау үшін қызметтік куәлігін жүргізушіге берместен, егер көлік құралы жүргізушісінің "Жол жүрісі туралы" Заңның талаптарын және (немесе) осы Қағидаларды бұзуы автоматты режимде анықталса немесе тіркелсе, жүргізушіге тиісті материалдарды танысу үшін оны көрсетеді.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Жарқылдайтын көк және (немесе) қызыл түсті маягі және арнайы дыбыс сигналы іске қосулы көлік құралы жақындаған кезде жаяу жүргіншілерге жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге рұқсат етілмейді, ал жол үстіндегілер осы көлік құралдарына жол береді және мүмкіндігіне қарай жолдың жүру бөлігін босатады.";
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктары қосылған көлік құралдарының жүргізушілері жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген және кедергі жоқ екеніне көз жеткізілген жағдайда жол белгілері (осы Қағидалардың 1-қосымшана сәйкес 2.2, 2.4, 2.5, 2.6, 3.11, 3.12, 3.13, 3.14, 3.17.2, 3.20 жол белгілерінен басқа) мен жол таңбаларының, сондай-ақ осы Қағидалардың 63, 64, 65, 66, 67 және 118-тармақтарының талаптарын орындамауы мүмкін. Бұған қоса, жол қатысушылары олардың қызметіне кедергі келтірмейді.";
76-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"76. Жүргізушіге:
1) белгіленген тәртіппен айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға.
Көлік құралының барынша көп қозғалыс жылдамдығын асыру автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптармен анықтау немесе тіркеп-белгілеу көлік құралының орташа қозғалыс жылдамдығын тіркеу немесе есептеу арқылы анықталады;
2) көлік құралының техникалық сипаттамасында айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға;
3) көлік құралына орнатылған "Жылдамдықты шектеу" таным белгісінде көрсетілген жылдамдықтан асыруға (осы жерде және бұдан кейін таным белгілері Негізгі ережелерге сәйкес көрсетіледі);
4) жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіруге;
5) егер бұл жол-көлік оқиғасын болғызбау үшін қажет етілмесе, кілт тоқтауға тыйым салынады.";
126-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"126. Осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес 5.9, 5.9.2, 5.9.3, 5.9.4, 5.10.1, 5.10.2, 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршруттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда осы жолақпен қоғамдық көліктерден басқа көлік құралдарының (осы Қағидалардың 166 және 168-1-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда) және М3 санатындағы өзге де көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды.";
138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"138. Қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяк:
жолдарды салу, жөндеу немесе күтіп ұстау, зақымданған, бұзылған және өзге де көлік құралдарын тиеу және тасымалдау бойынша жұмыстарды орындау кезінде көлік құралдарында;
ауыр салмақты, ірі габаритті және қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асырған кезде көлік құралдарында;
ауыр салмақты, ірі габаритті және қауіпті жүктерді тасымалдауда бірге жүретін көлік құралдарында;
ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустарда;
күзетілетін объектілерге рұқсатсыз кірген кезде жеке меншік ұйымдары жедел ден қоятын мобильді топтарының көлік құралдарында;
жолдарда қызмет өткеру кезінде көліктік бақылау органдары жылжымалы көліктік-бақылау пункттерінің көлік құралдарында;
бағалы заттарды инкассациялау үшін маршрутқа шыққан кезде инкассация қызметтерінің мамандандырылған көлік құралдарында;
ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдарында;
өсімдіктер және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі қызметті атқаратын көлік құралдарында;
көлік құралдарын тоқтату, жеткізу, тасымалдау кезінде мемлекеттік кірістер органдары мобильді топтарының көлік құралдарында;
ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланылуын бақылау, көлік құралдарының аялдау мен тоқтап тұру бұзушылықтарын анықтау және тіркеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың көлік құралдарында іске қосылады.";
168-1-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
Жол жүрісі қағидаларына 1-қосымшада:
5-тараудың сексен бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"5.42 "Фотобейнетіркеу". Осы Қағидаларды бұзуларды стационарлық сертификатталған техникалық құралмен және аспаппен тіркеу жүзеге асырылады, бұл ретте белгіні орнату міндетті емес.";
2-суретте "Жол белгілері":
"2. Басымдылық белгілері" бөлімі 2.6 жол белгісінің сипаттамасына орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерінде:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, көлік құралы міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтеді.
Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ішкі істер органдарының оған уәкілетті лауазымды адамдары көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтуге жібереді.
Механикалық көлік құралының міндетті техникалық қарап тексеруден өтуі фактісі механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай цифрлық жүйедегі мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырылады.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесіне:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Жеке күзет ұйымдарының жедел ден қою мобильді топтары.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі.";
12-тармақ алып тасталсын;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитеті аумақтық бөлімшелерінің көлік құралдары.";
мынадай мазмұндағы 18-тармақпен толықтырылсын:
"18. Мемлекеттік кірістер органдары мобильді топтарының көлік құралдары.";
мынадай мазмұндағы 19-тармақпен толықтырылсын:
"19. Ақылы коммуналдық орынтұрақтарды пайдаланылуын бақылау, көлік құралдарының аялдау мен тоқтап тұру бұзушылықтарды анықтау және тіркеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде жергілікті атқарушы органдарының көлік құралдары.";
мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:
"Ескертпе:
Түсті-графикалық бояу, таным белгілері, жазулар, арнайы жарық және дыбыс сигналдарын орнату Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 445-од бұйрығымен бекітілген "Жедел және арнайы қызмет автомобильдері, автобустары мен мотоциклдері. Түсті-графикалық схемалар, тану белгілері, жазулар, арнайы жарық және дыбыс сигналдары. Жалпы талаптар" 1863 Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартымен реттеледі.
Мемлекеттік күзет қызметінің, ұлттық қауіпсіздік органдарының, ішкі істер органдарының жедел қызметтерінің, экономикалық тергеу қызметінің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полициясы органдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті аумақтық бөлімшелерінің, мемлекеттік кірістер органдары мобильді топтарының көлік құралдарында арнайы түсті-графикалық бояулар, таным белгілері мен жазулары болмауы да мүмкін.
Көлік құралдарын арнайы түсті-графикалық бояумен, таным белгілерімен, жазулармен, жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталу мүмкіндігімен жеке күзет ұйымдарының жедел ден қою мобильді топтарына жатқызу күзет қызметімен айналысатын субъектілерді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның растайтын құжаттарын алғаннан кейін жүзеге асырылады.
Велосипедшілердің ұйымдасқан тобына ілесіп жүруді жүзеге асыратын көлік құралдарына арнайы жарық және дыбыс сигналдарын орнатуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша бояуға рұқсат беруді ішкі істер органдары көлік құралын тіркеу туралы куәліктің "Ерекше белгiлер" деген бағанына тиісті жазба енгізу жолымен жүргізеді.".
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылықты үйлестіру департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсiн.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының бесінші, алтыншы, он бірінші, он екінші, он төртінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, қырық бірінші және қырық төртінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі |
Е. Саденов |
