Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 40 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімініде № 32826 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бедел тәуекелі – Қор немесе ЕЖЗҚ туралы қоғамдық теріс пікір немесе оларға деген сенімнің азаюы салдарынан шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі;
2) корпоративтік басқару – Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, оның акционерінің (акционерлерінің) құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған және акционерге (акционерлерге) Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қызметіне тиімді бақылау мен мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін, акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесінің, басқарманың және өзге де органдары арасындағы өзара қарым-қатынастар кешені болып табылатын Қорды немесе ЕЖЗҚ-ны стратегиялық және тактикалық басқару жүйесі;
3) мүдделер қайшылығын басқару – Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның лауазымды тұлғасының немесе қызметкерінің мүдделері олардың шешімдер қабылдауының және міндеттер атқаруының әділдігіне және тәуелсіздігіне әсер етуі, сондай-ақ олардың Қор немесе ЕЖЗҚ салымшыларының (зейнетақы төлемдерін алушыларының) және (немесе) Қор немесе ЕЖЗҚ акционерінің мүдделерінде әрекет жасау міндеттемесіне қайшы келуі мүмкін жағдайларына жол бермеу тетіктерін құру;
4) операциялық тәуекел – ішкі процестерді жүзеге асыру барысында қызметкерлер тарапынан, ақпараттық жүйелер мен технологиялардың жұмыс істеуі барысында жол берілген кемшіліктердің немесе қателіктердің нәтижесінде, сондай-ақ сыртқы оқиғалар салдарынан шығыстардың (шығындардың) пайда болу тәуекелі, оған:
жауапкершілікті бөлуді, есеп беру және басқару құрылымын қоса алғанда, Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның анық емес және тиімсіз ұйымдық құрылымына;
ақпараттық технологиялар саласындағы тиімсіз стратегияларға, саясатқа және (немесе) стандарттарға, бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланудағы кемшіліктерге;
толық емес не дәйексіз ақпаратқа не ақпаратты тиісінше пайдаланбауға;
қызметкерлерді тиімді басқармауға және (немесе) Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның біліксіз штатына;
Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қызметін жүзеге асыру процесінің құрылу тиімділігі жеткіліксіз не ішкі қағидаларды сақтауды бақылаудың нашар болуына;
Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қызметіне сыртқы ықпал етудің күтпеген немесе бақыланбайтын факторларына;
Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қызметін реттейтін ішкі құжаттарында кемшіліктердің немесе қателердің болуына;
Қор немесе ЕЖЗҚ басшылығының және қызметкерлерінің клиенттік базасының тарылуына, клиенттердің және (немесе) қарсы әріптестердің Қорға немесе ЕЖЗҚ-ға деген сенімсіздігіне немесе теріс қабылдауына әкелген кәсіби емес іс-қимылдарына байланысты тәуекелдер кіреді;
5) тәуекелдерді басқару жүйесі – өзара байланысты элементтердің жиынтығы: акционер (акционерлер) үшін қолайлы тәуекел деңгейі шеңберіндегі іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерді басқарудың бірыңғай процесіне біріктірілген рәсімдер, әдістемелер, ақпараттық жүйелер. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерін анықтау және басқару процесіне бекітілген бекітілген өкілеттіктер және жауапкершілік шегінде директорлар кеңесі, басқарма, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері қатысады;
6) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
7) форс-мажор жағдайлары – дүлей күш жағдайлары (алдын ала болжай алмайтын табиғи құбылыстар, әскери іс-қимылдар, су тасқыны, жер сілкінісі, құрсауда қалу, ереуілдер, террорлық актілер және осыған ұқсас өзге де оқиғалар);
8) ішкі бақылау жүйесі – қаржылық және басқарушылық есептілік дәйектілігін қолдаудың ұзақ мерзімді мақсаттарын іске асыруды, зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнама саласында Әлеуметтік кодексті, сондай-ақ шығындар тәуекелін немесе бедел тәуекелін төмендетуге ықпал ететін Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның саясатын, ішкі қағидаларын сақтауды қамтамасыз ететін ішкі бақылаудың саясатының, процестері мен рәсімдерінің жиынтығы;
9) ішкі құжаттар – Қордың немесе ЕЖЗҚ, олардың органдарының, құрылымдық бөлімшелерінің, филиалдарының, өкілдіктерінің, қызметкерлерінің қызметі шарттары мен тәртібін реттейтін құжаттар.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның Директорлар кеңесі тиісті өкілеттіктерге, тәуелсіздікке және ресурстарға ие және директорлар кеңесімен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын, тәуекел-менеджменттің басшысы басқаратын және (немесе) жетекшілік ететін тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (бөлімшелердің) болуын қамтамасыз етеді.
Қорда немесе ЕЖЗҚ-да тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру Қордың және ЕЖЗҚ-ның корпоративтік басқару, ақпараттық жүйелердің және басқарушылық ақпарат жүйелерінің қызмет ету талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
5-1. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның Директорлар кеңесі тәуекел-менеджменті басшысын тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде кандидаттың мынадай талаптарға сәйкестігін ескереді:
жоғары заң және (немесе) экономикалық білімінің болуы;
қаржы саласында әдіснама және (немесе) тәуекелдерді басқару функцияларын жүзеге асыратын бөлімшелерде тәуекел-менеджменті басшысының өкілеттіктерін тиісінше орындау үшін сәйкес келетін кемінде бес жыл жұмыс өтілінің болуы;
тәуекелдерді сәйкестендіру, бағалау, мониторингтеу және бақылау процестеріне қатысуды қоса алғанда, қаржы ұйымдарында тәуекелдерді басқару саласында расталған тәжірибесінің болуы.
Тәуекел-менеджменті басшысының біліктілігі мен кәсіптік тәжірибесі таңдалған бизнес модельге, қызмет ауқымына, операциялардың түрлері мен күрделілігіне, тәуекел-бейініне сәйкес келеді.";
мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:
"18-1. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның Директорлар кеңесі ішкі аудит басшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде кандидаттың мынадай талаптарға сәйкестігін ескереді:
жоғары заң және (немесе) экономикалық білімінің болуы;
қаржы және (немесе) аудиторлық ұйымдарда не уәкілетті органда ішкі аудит және (немесе) бухгалтерлік есеп функцияларын жүзеге асыратын бөлімшелерде кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуы;
қаржы және (немесе) аудиторлық ұйымдарда не уәкілетті органда ішкі аудит жүргізуде расталған тәжірибесінің болуы.
Ішкі аудит бөлімшесінің басшысы мен қызметкерлері өзге лауазымды атқармайды, Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның алқалы органының мүшелері болып табылмайды және Қорда немесе ЕЖЗҚ-да міндеттерді қоса атқармайды.
Ішкі аудит бөлімшесі өз қызметінде ішкі аудиттің халықаралық стандарттарын басшылыққа алады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның ішкі аудит қызметінің негізгі функциялары мыналар:
1) Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінің, филиалдарының, өкілдіктерінің қызметін, процестерін тексеру;
2) Қордың немесе ЕЖЗҚ қызметінде орын алатын кемшіліктер туралы қорытындыларды және оны жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтитын тексеру нәтижелері бойынша Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның директорлар кеңесі, басқармасы үшін есептер дайындау;
3) анықталған тәуекелдер деңгейін төмендетуді қамтамасыз ететін Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның құрылымдық бөлімшелерін, филиалдарын, өкілдіктерін тексеру нәтижелері бойынша Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның құрылымдық бөлімшелері, филиалдары, өкілдіктері мен органдары қабылдаған шаралардың тиімділігіне бақылауды жүзеге асыру;
4) ішкі аудит жүргізуді қажет ететін Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның операцияларында тәуекел саласын айқындау;
5) Қордың немесе ЕЖЗҚ басшылығына және сыртқы пайдаланушыларға ұсынылатын ақпараттың дәйектілігі мен нақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның ішкі бақылау рәсімдерін бағалау;
6) Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында көзделген функциялар болып табылады.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Ішкі аудит жүргізу кезінде пайдалануға міндетті бағалау жүйесі Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның ішкі әдістемесімен айқындалады.";
мынадай мазмұндағы 4-тараумен толықтырылсын:
"4-тарау. Комплаенс-бақылауды басқару
26. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның Директорлар кеңесі комплаенс-тәуекелді басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, комплаенс-тәуекелді басқару саясатын бекітеді, комплаенс-бақылау жөніндегі тәуелсіз бөлімше құру туралы шешімдер қабылдайды, сондай-ақ бас комплаенс-бақылаушыны тағайындайды және қызметінен босатады.
27. Комплаенс-тәуекелді басқару жүйесі мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) комплаенс-тәуекелді басқару саясаты мен рәсімдері;
2) ақшаны жылыстату немесе терроризмді қаржыландыру тәуекелін басқару саясаты мен рәсімдері, соның ішінде клиенттерді қабылдау және оларға қызмет көрсету бағдарламасы (customer acceptance policy). Қор немесе ЕЖЗҚ клиентті қызмет көрсетуге қабылдау туралы шешім қабылдау рәсімдерін әзірлеу және іске асыру кезінде оған тән тәуекел факторларын ескереді;
3) ішкі аудит бөлімшесінің комплаенс-тәуекелді басқару жүйесінің тиімділігін бағалау.
Комплаенс-тәуекелді басқару жүйесі 3 (үш) қорғаныс желісіне негізделеді:
Қордың немесе ЕЖЗҚ қызметкерлері;
комплаенс-бақылау бөлімшесі;
ішкі аудит бөлімшесі.
28. Комплаенс-бақылау бөлімшесі қолданыстағы заңнамамен, Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қызметіне ықпал ететін шет мемлекеттер заңнамасының, сондай-ақ Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның қаржы нарығында қызметтер көрсету және операциялар жүргізу тәртібін регламенттейтін Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарының талаптарын сақтау үшін рәсімдерді ұйымдастыратын Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның тәуелсіз құрылымдық бөлімшесі болып табылады және директорлар кеңесіне комплаенс-тәуекелдің бар екендігі туралы толық және сенімді ақпарат ұсынады.
Комплаенс-бақылау бөлімшесі комплаенс-тәуекелдерді анықтауды, бағалауды, мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, жаңа өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді енгізуге қатысады, қызметкерлерді комплаенс-тәуекелді басқару мәселелері жөнінде оқытуды және мүдделер қақтығысын басқаруды ұйымдастырады.
Бас комплаенс-бақылаушыны Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның директорлар кеңесі тағайындайды және функционалдық тұрғыдан тәуелсіз, Директорлар кеңесіне тікелей қол жеткізе алады және өз функцияларын орындау үшін қажетті ақпаратты алуға құқығы бар.
Бас комплаенс-бақылаушы бас операциялық директордың, қаржы директорының лауазымдарын, Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның операциялық қызметіне байланысты өзге де ұқсас функцияларды, сондай-ақ ішкі аудит бөлімшесі басшысының лауазымын қоса атқармайды.
29. Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның директорлар кеңесі бас комплаенс-бақылаушы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданған кезде кандидаттың мынадай талаптарға сәйкестігін ескереді:
жоғары заң және (немесе) экономикалық білімінің болуы;
қаржы саласында комплаенс-бақылау, комплаенс-тәуекелдерді басқару немесе ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын бөлімшелерде кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуы;
қаржы ұйымдарында комплаенс-тәуекелдерді басқару саласында расталған тәжірибесінің болуы.
30. Комплаенс-тәуекелдер бойынша есептілікті комплаенс-бақылау бөлімшесі қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен Қордың немесе ЕЖЗҚ-ның директорлар кеңесіне, сондай-ақ уәкілетті органға тұрақты негізде ұсынады.".
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |