"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 27-бабы 1-8-тармағының 1) тармақшасына, "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына, "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген) сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Астана қаласының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау қағидалары, олардың орнатылу, жұмыс істеу және бөлшектелу тәртібі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оның Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Астана қаласының әкімі | Ж. Қасымбек |
| Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 502-5110 Қаулысына қосымша |
Астана қаласының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау қағидалары, олардың орнатылу, жұмыс істеу және бөлшектелу тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Астана қаласының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау қағидалары, олардың орнатылу, жұмыс істеу және бөлшектелу тәртібі (бұдан әрі — Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 27-бабы 1-8-тармағының 1) тармақшасына, "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабына, "Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11148 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ішкі сауда субъектісі − Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ішкі сауданы жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
2) сауда қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – Астана қаласының аумағында сауда қатынастары мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ИКДБ);
3) стационарлық емес сауда объектісі (бұдан әрі – СЕСО) − сауда қызметі және (немесе) қоғамдық тамақтандыру үшін пайдаланылатын, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық жалғануының) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыспаған, уақытша құрылысжай немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
4) жер учаскесі − Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекара ішінде бөлінген жер бөлігі;
5) жер учаскесін жалдау құқығын сату төлемақысы − уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі үшін біржолғы төлем;
6) кейінгі жер пайдаланушылар – өзінің бастапқы жер пайдаланушы мәртебесін сақтап қалатын жер пайдаланушыдан кейінгі жер пайдалану туралы шарт негізінде уақытша жер пайдалану құқығын алған тұлғалар;
7) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – Астана қаласының аумағында жер қатынастары мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын "Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – СҚҚЖҚБ).
2-тарау. Стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау тәртібі
3. Шағын және орта бизнес субъектілеріне көше саудасын жүргізу үшін СЕСО орналастыруға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беруді жүзеге асыратын оператор "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Оператор) болып табылады.
4. СҚҚЖҚБ Оператордың өтінімі бойынша бос жер учаскелері туралы ақпарат береді.
5. СЕСО орындарын айқындау кезінде Оператор СЕСО жер учаскелерін іріктеп, Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен төменде көрсетілген шарттарды ескере отырып:
1) орналасқан жері мен алып жатқан алаңын;
2) сауда қызметін жүзеге асыру кезеңі кемінде 1 (бір) жыл және 5 (бес) жылдан аспайтын кезеңді;
3) жақын маңдағы инфрақұрылым ескерілген қызмет саласын (тауарлардың ұқсас ассортименті сатылатын сауда объектілері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілері);
4) техникалық параметрлері мен сипаттамаларын, жақын маңдағы инженерлік желілерге дейінгі қашықтықты, қажетті инженерлік желілерге қосуға тиісті техникалық жағдайларды бекітеді.
6. Оператор бекітілген жер учаскелері бойынша ақпаратты СЕСО астында әкімдіктің, ИКДБ және Оператордың ресми сайттарында орналастырады.
3-тарау. Астана қаласының аумағында стационарлық емес объектілер мен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру тәртібі, жұмыс істеуі және оларды бөлшектеу
7. Ішкі сауда субъектісі СЕСО орнату кезінде жаяу жүргіншілердің еркін қозғалысы (тротуардың жаяу жүргіншілер бөлігінің ені кемінде 1,5 (бір жарым) метр, мүгедек адамдар мен халықтың өзге де аз қозғалатын топтары үшін жағдайлар жасау, төтенше жағдайлар кезінде арнайы көліктің кедергісіз кіруін қарастырады.
8. СЕСО орнату кезінде ішкі сауда субъектісі объектінің орналасқан жерін, техникалық параметрлері мен сипаттамаларын, жақын маңдағы инженерлік желілерге дейінгі қашықтықты, инженерлік желілерге қосылуға тиісті жағдайларды және/немесе дербестікті ескере отырып технологиялық мүмкіндік болған кезде инженерлік-техникалық қамтамасыз ету, кәріз, су құбыры желілеріне және электр желілеріне қосылады.
9. СЕСО орнату кезінде ішкі сауда субъектісінің маңдайшасы болуы ұсынылады.
10. Ішкі сауда субъектілері қызметін жүзеге асыру шеңберінде:
1) жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде – оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдаланады;
2) санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолданып, өздерi жүзеге асыратын қызмет салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайдың нашарлауына, экологиялық залал келтіруге жол бермейді;
3) жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын уақтылы төлейді;
4) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтайды;
5) басқа меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбайды.
11. СЕСО сауда Қазақстан Республикасының ҚР СТ 3675 "Сауда қызметтері. Шағын бөлшек сауда желілері объектілеріне қойылатын жалпы талаптар" ұлттық стандартының талаптарын сақтаумен жүзеге асырылады.
12. Ішкі сауда субъектісі учаскесін жалға алу мерзімі аяқталған жағдайда немесе ішкі сауда субъектісі өзге себептер бойынша өз қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда, белгіленген объектіні бөлшектеу ішкі сауда субъектісінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
13. Оператор мен ішкі сауда субъектісі арасында жасалған шарттың талаптары бұзылған жағдайда, Оператор тарапты болған бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы алдын ала хабардар еткеннен кейін, шартты тоқтату туралы хабарлама жібереді.
14. Ішкі сауда субъектісі бөлшектеу жұмыстарын хабарлама алған сәттен бастап бір ай ішінде орындалады.
15. Бұзушылықтарды жою талаптары орындалмаған жағдайда, Оператор өзінің шығындары есебінен СЕСО демонтаждауға құқылы, кейіннен осы шығындарды ішкі сауда субъектісінен белгіленген тәртіппен өндіріп алуға құқылы.
16. Қағидалармен реттелмеген өзге де мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен регламенттеледі.