БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 16 қыркүйектегі № 627 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35085 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
| Қазақстан Реcпубликасының Қаржы министрі 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 783 Бұйрыққа қосымша |
Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабы 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай сатып алу платформасын, оның ішінде техникалық іркілістер пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттiк сатып алудың және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң) сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;
2) веб-порталға қатысушы – тапсырыс беруші, Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуды және сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, веб-порталда тіркеуден өткен әлеуетті өнім беруші, өнім беруші;
3) веб-порталды пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – веб-порталға қатысушының лауазымды адамы немесе веб-порталға қатысушының өкілі;
4) жария оферта – ұсыныс жасаған тұлғаның ұсыныста көрсетілген шарттарда кез келген адаммен шарт жасасу еркі қаралатын шарттың барлық елеулі талаптарын қамтитын веб-порталын пайдалану бойынша шарт жасасу туралы ұсыныс;
5) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін электрондық сатып алу ақпараттық жүйелерінің операторлары (бұдан әрі – операторлар) – Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңның 2-бабы 26) тармақшасына сәйкес айқындалған заңды тұлғалар;
6) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы (бұдан әрі – ҚР СҮТ) — трансшекаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның және Қазақстан Республикасының аумағында берілген электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйе;
7) құжаттың электрондық көшірмесі – төлнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;
8) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;
9) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) техникалық іркіліс – бір немесе бірнеше пайдаланушыларға жүйені пайдалану мүмкіндігін болдырмауға әкеліп соғатын ақпараттық жүйенінің аппараттық-бағдарламалық кешенінің немесе оның жеке құрауыштарының жоспарланбаған уақытша істен шығуы (апаттық тоқтауы, жады мазмұнының күйреуі, аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз ету ресурстарының артық жүктемесі және қабылданған технологияны елеулі бұзатын және жүйенің жағдайында бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануға мүмкіндік бермейтін басқа да ахуалдар, оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету беретін қате шығыс деректері (нәтижелері);
11) электрондық құжат – өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
12) "Электрондық мемлекеттік сатып алу" автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - жүйе) - мемлекеттік сатып алудың электрондық қызметтеріне қол жеткізу нүктесін ұсынатын уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;
13) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;
14) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаға қолжетімді және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;
15) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.
3. Веб-порталда электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланған кезде пайдаланушылар осы Қағидаларды және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алады.
2-тарау. Веб-порталды пайдалану тәртібі
4. Веб-порталда жұмыс істеу және (немесе) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алу мен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін пайдаланушылар мынадай іс-қимылдардың жиынтығын жасайды:
1) электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын (ашық және жабық кілт) пайдалану мүмкіндігі үшін аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатады;
2) электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын (ашық және жабық кілт) алады;
3) веб-порталда тіркеу рәсімдерінен өтеді.
5. Веб-порталда Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің куәландырушы орталықтары жеке және заңды тұлғалар үшін шығарған, ҚР СҮТ растаған электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттары қолданылады.
6. Сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты ұсынылатын құжаттар мен мәліметтерді веб-портал пайдаланушысы электрондық құжаттар немесе құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде орналастырады және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады.
7. Веб-порталда барлық электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелерін жасау, алу және жіберу уақыты Астана қаласының жергілікті уақыты бойынша тіркеледі.
8. Жүйеге жүктелетін файлдардың немесе файл архивтерінің мөлшері 20 мегабайттан асқан жағдайда оларды жүйеге әрқайсысының мөлшері 20 мегабайттан аспайтын бөліктермен жүктеу қажет.
3-тарау. Пайдаланушыларға веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтер көрсету тәртібі
9. Пайдаланушыларға жарияланған мемлекеттік сатып алуларды және Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алулар бойынша мәліметтерді қарау үшін көрсетілетін қызметтер веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша ақы алынбай жүзеге асырылады.
10. Пайдаланушыларға мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді мынадай тұлғаларды:
1) Заңның 16-бабы 3-тармағының 39) тармақшасына сәйкес шарттар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктерін;
2) мемлекеттік мекемелерді;
3) бірыңғай операторды қоспағанда жария оферта және (немесе) мемлекеттік сатып алу туралы шарт негізінде (Заңға сәйкес тапсырыс берушілер мен өнім берушілер бір мезгілде айқындаған заңды тұлғалар үшін) ақылы негізде бірыңғай оператор көрсетеді.
11. Пайдаланушыларға Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алуға қатысу үшін веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді операторлар жария оферта және (немесе) сатып алу туралы шарт негізінде ақылы негізде (Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңға сәйкес тапсырыс берушілер мен өнім берушілер бір мезгілде айқындаған заңды тұлғалар үшін) көрсетеді.
12. Бірыңғай оператор мен операторлар веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтер шеңберінде мынадай функционалдығын ұсынады:
1) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алуға және мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім беру;
2) бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы келісім беру;
3) баға ұсынысын ұсыну;
4) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жасалатын сатып алу туралы шартты және мемлекеттік сатып алу туралы шартты келісу және оған қол қою.
13. Бірыңғай оператор мен операторлар веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді толық және тиісті төлем жасалған сәтке дейін тоқтата тұрады.
4-тарау. Техникалық іркілістер туындаған жағдайда веб-порталдың жұмыс тәртібі
14. Сатып алуға қатысуға байланысты техникалық іркілістер туындаған жағдайда, Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын пайдаланушылар мен операторлар квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу веб-порталдарының жұмыс қағидаларын басшылыққа алады. Ұлттық әл-ауқат қорын және Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдарын қоспағанда, оның ішінде веб-порталдардың жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 24 қарашадағы № 1216 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25414 болып тіркелген) бекітілген.
15. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты техникалық іркілістер туындаған жағдайда мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) пайдаланушы Байланыс орталығын 1 (бір) сағаттан кешіктірмей веб-порталда көрсетілген электрондық пошта арқылы, Астана қаласының уақыты бойынша техникалық іркіліс анықталған күні мен уақытын, сондай-ақ байланыс деректерін және растайтын құжаттарды (экрандық суреттер және өзге де ұсынылған электрондық құжаттар) қоса бере отырып, хабардар етеді. Техникалық іркіліс туралы ақпаратты электрондық пошта арқылы жіберу мүмкін болмаған жағдайда пайдаланушы Байланыс орталығын телефон байланыс арқылы бір сағаттан кешіктірмей хабардар етеді;
2) бірыңғай оператордың маманы жұмыста немесе жүйенің конфигурациясында стандартты жұмыс істеуге сәйкес келмейтін өзгерістер анықталған жағдайда, техникалық іркілістің туындаған күні мен уақытын пайдаланушылардың туындаған техникалық іркілістер туралы өтініштерін есепке алу журналында белгілейді.
Байланыс-орталығы байланыс тәсіліне байланысты (телефон байланыс, электрондық пошта арқылы) жүйенің пайдаланушыларымен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді:
жұмыс күндері – сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, Астана қаласының уақыты бойынша.
Бірыңғай оператор байланыс орталығының жұмыс уақытын арттырады, оның ішінде уәкілетті органның келісімі бойынша тәулік бойы қолдауға көшуді жүзеге асырады.
16. Байланыс орталығының қызметкері пайдаланушылар мен бірыңғай оператор мамандарының өтініштерін есепке алу журналына тіркейді .
Егер пайдаланушының техникалық іркіліс туралы өтініші Астана қаласының уақыты бойынша жұмыс уақытынан тыс электрондық пошта арқылы келіп түскен жағдайда, қызметкер хабарламаны келесі жұмыс күніне тіркейді.
Есепке алу журналын бірыңғай оператор пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу жөніндегі бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесінде электрондық түрде жүргізеді.
17. Өтініш тіркелгеннен кейін пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу жөніндегі бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесінде бірегей сәйкестендіргіш беріледі және 1 (бір) сағат ішінде пайдаланушының электрондық поштасына жіберіледі.
18. Туындаған проблеманы талдау үшін қажетті құжаттар болмаған жағдайда бірыңғай оператордың маманы пайдаланушыдан құжаттарды сұратады.
19. Техникалық іркіліс туралы ақпарат болған кезде бірыңғай оператор жұмыс уақытында Астана қаласының уақыты бойынша ақпарат түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүйенің техникалық іркіліс фактісінің болуын растау немесе теріске шығару мақсатында алынған ақпаратқа немесе ұсынылған материалдарға (экрандық суреттер және өзге де ұсынылған электрондық құжаттар) талдау жүргізеді.
20. Пайдаланушылардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігіне кедергі болатын техникалық іркілістерін қоспағанда, өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі техникалық іркілісті растау немесе теріске шығару уақытында өтетін сатып алуды бірыңғай оператор ықтимал техникалық іркіліс фактісін растау немесе теріске шығару кезіне дейін ұзартады.
21. Техникалық іркіліс теріске шығарылған кезде бірыңғай оператор 2 (екі) сағат ішінде жүйенің техникалық іркілістің теріске шығарылғандығы туралы фактілердің болуы расталғаннан кейін растайтын ақпаратпен қоса техникалық іркілістің теріске шығарылғаны туралы техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыны хабарлайды.
5-тарау. Жүйе жағында техникалық іркілістер расталған жағдайда бірыңғай оператордың іс-қимыл тәртібі
22. Бірыңғай оператор техникалық іркілісті растаған кезде оның күрделілік деңгейі белгіленеді.
23. Техникалық іркілістер жүйенің бағдарламалық-аппараттық кешенінің жұмыс істеуіне және электронды түрде өткізілетін сатып алу рәсімдеріне ықпал ету дәрежесі бойынша мынадай күрделілік деңгейлерге бөлінеді:
1) "төмен" – сатып алу рәсімдерін жүргізуге және оларға қатысу мүмкіндігіне, шарттарды келісуге немесе қол қоюға, талқылау, шағым жіберу, хабарламалар, қарсылықтар мен қорытындылар жіберу рәсімдеріне кедергі келтірмейтін іркілістер;
2) "орташа" – техникалық іркілістердің салдарынан бір немесе бірнеше қатысушының мемлекеттік сатып алуларға қатысу, шартты келісу немесе қол қою, талқылау, шағым беру, хабарламалар, қарсылықтар, қорытындылар жіберу мүмкіндігінен айырылуына әкеліп соққан, не бұрынғы жүйе пайдаланушыларының жұмысының нәтижесіз болуына себеп болған жағдайлар;
3) "жоғары" – барлық пайдаланушыларында сатып алуға қатысу, келісу немесе шартқа қол қою, талқылау, өтінімдер беру, хабарламалар, қарсылықтар, қорытындылар жіберу мүмкіндігі болмаған кезде жүйенің бір және одан да көп модульдерінің тоқтап қалуына немесе қолжетімсіздігіне әкеп соққан іркілістер және (немесе) оқиғалар.
24. "Төмен" күрделілік деңгейі бар техникалық іркілістер туындаған жағдайда, бірыңғай оператор келесі іс-шараларды орындайды:
1) техникалық іркіліс себептерін дереу жоюға кіріседі;
2) техникалық іркіліс жойылғаннан кейін техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыны жұмыстарды жүргізудің аяқталғаны және техникалық іркілістің жойылғаны туралы хабардар етеді.
"Төмен" күрделілік деңгейі бар техникалық іркіліс жойылған жағдайда сатып алуды тоқтата тұру және мерзімдерін ауыстыру жүргізілмейді.
25. "Орташа" күрделілік деңгейі бар техникалық іркілістер туындаған жағдайда бірыңғай оператор мынадай іс-шараларды орындайды:
1) оларда ұқсас техникалық іркілістер анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу бойынша, сондай-ақ басқа да сатып алу бойынша техникалық іркілістерді жоюға кіріседі;
2) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап жүйенің тиісті модулінде техникалық іркіліс әсер еткен барлық аяқталатын рәсімдерді (өтінімдер мен баға ұсыныстарын қабылдауды аяқтау мерзімдерін, аукциондық сауда-саттықты өткізу мерзімдерін, жеткізуші тарапынан шарттарға қол қоюды аяқтау мерзімдерін, камералдық бақылау жүргізуді аяқтау мерзімдерін, камералдық бақылау хабарламаларын орындауды аяқтау мерзімдерін, шағымдану мерзімдерін) техникалық істен шығу;
3) техникалық іркілісті болдырмау жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып, техникалық іркіліс, пайда болу себебі және жою бойынша орындалған іс-шаралар, жою нәтижесі туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды.
26. "Жоғары" күрделілік деңгейі бар техникалық іркілістер туындаған жағдайда бірыңғай оператор мынадай іс-шараларды орындайды:
1) туындаған техникалық іркіліс туралы меншік иесіне электрондық пошта және/немесе телефон байланыс арқылы дереу жазбаша түрде хабарлайды;
2) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап жүйенің тиісті модулінде орын алған техникалық іркіліс уақыт жағынан сәйкес келген барлық аяқталуға жақын рәсімдердің (өтінімдер мен баға ұсыныстарын қабылдау мерзімдері, аукциондық сауда-саттық өткізу мерзімдері, өнім беруші тарапынан шартқа қол қою мерзімдері, камералдық бақылауды жүргізу мерзімдері, камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау мерзімдері, шағымдарды, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жолдау мерзімдері) мерзімі техникалық іркілісті жоюға кеткен уақытқа сәйкес ұзартылатын болады;
3) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап 1 (бір) сағат ішінде веб-порталдың басты бетіне техникалық іркіліс, оның маңыздылық деңгейі, жоспарланған жою уақыты мен күні туралы ақпаратты орналастыру арқылы пайдаланушыларды хабардар етеді, ал басты бетке ақпаратты орналастыру мүмкін болмаған жағдайда, бұл ақпаратты өзінің ресми сайты және Байланыс орталығы арқылы келіп түскен өтініштер бойынша жеткізеді.
Мұндай ақпарат өзгерген жағдайда жүйе пайдаланушыларын қайта хабардар етеді;
4) конкурс, аукцион немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алуға қатысуға өтінімдерді және (немесе) баға ұсыныстарын қабылдаудың техникалық іркіліс уақыты мен мерзімі сәйкес келген кезде өтінімдерді және (немесе) баға ұсыныстарын қабылдаудың аяқталу уақытын тиісті күндер санына, бірақ кемінде күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады;
5) техникалық іркіліс уақыты мен шартты келісу немесе оған қол қою мерзімі сәйкес келген кезде әлеуетті өнім беруші шартты келісу немесе оған қол қою уақытын тиісті күндер санына, бірақ кемінде 1 (бір) күнтізбелік күнге ұзартады;
6) техникалық іркіліс уақыты мен шағымдарды, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жіберу мерзімі сәйкес келген кезде шағымдарды, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жіберу мерзімін тиісті күндер санына, бірақ кемінде күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады;
7) техникалық іркіліс уақыты мен аукцион тәсілімен сатып алуларда аукциондық сауда-саттық кезеңін өткізу уақыты сәйкес келген кезде техникалық іркілісті жою фактісі расталғаннан кейін аукциондық сауда-саттықты өткізу кезеңін келесі жұмыс күніне ұзартады.
Жүйе аукционды өткізу нәтижелері туралы хаттаманы автоматты түрде қалыптастырған жағдайда, мұндай хаттама және берілген өтінімдер жойылады;
8) өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімінен асатын техникалық іркіліс кезінде мұндай сатып алу бойынша өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдауды бастау мерзімін проблеманы жою мерзіміне ұзартады;
9) "Баға ұсыныстарын сұрату", "Аукцион", "Конкурс" тәсілдерімен жүргізілетін сатып алуларда техникалық іркіліс орын алып, баға ұсыныстарын шифрдан шығару мүмкін болмаған жағдайда, егер іркіліс туындаған сәтте өтінімдер мен баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі әлі аяқталмаған болса, бірыңғай оператор сатып алу мерзімін іркілісті жою уақытына сәйкес ұзартады және әлеуетті өнім берушілерге өтінімдер мен баға ұсыныстарын қайтадан беру қажеттігі туралы хабарлайды;
10) "Баға ұсыныстарын сұрату", "Аукцион", "Конкурс" тәсілдерімен жүргізілетін сатып алуларда техникалық іркіліс туындап, берілген баға ұсыныстарын шифрдан шығару мүмкін болмаған жағдайда, егер өтінімдер мен баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі аяқталған болса, бірыңғай оператор іркілісті жою уақытына сәйкес өтінімдер мен баға ұсыныстарын қабылдау мерзімін ұзартады және әлеуетті өнім берушілерге өтінімдер мен баға ұсыныстарын қайтадан беру қажеттігі туралы хабарлайды. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, бірыңғай оператор бұл туралы меншік иесіне дереу хабарлап, осы жағдайлар аяқталғанға дейінгі уақыт аралығында атқарылып жатқан шаралар мен аталған жағдайларды растайтын дәлелдер туралы ақпаратты ұсынуы тиіс. Мұндай жағдайларда сатып алу мерзімдерін ұзарту туралы шешімді бірыңғай оператор осы жағдайлар жалғасқан уақыт (күндер) санына сәйкес қабылдайды;
11) техникалық іркілісті жоюға кіріседі;
12) веб-порталдың басты бетінде хабарландырулар мен лоттардың нөмірлерін көрсете отырып, техникалық іркілісті жоюдың нақты күні мен уақыты, сатып алуды ұзарту фактісі туралы ақпаратты орналастыра отырып, пайдаланушыларға техникалық іркілісті жою туралы қайта хабарлайды;
13) 1 (бір) жұмыс күні ішінде меншік иесіне техникалық іркілісті болдырмау жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып, техникалық іркіліс, жою жөніндегі іс-шаралардың туындау себебі және орындалған іс-шаралар, жою нәтижесі, сатып алуды ұзарту фактісі туралы жазбаша хабарлайды.
27. Жүйенің техникалық іркілісінің туындауына және оны көрсетілген себеппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізуге байланысты әлеуетті өнім берушінің шартқа қол қоюы мүмкін болмаған жағдайда, бірыңғай оператор шартқа қол қою кезеңінде оның туындағанын растау кезінде техникалық іркілістің салдарын жояды.
Бірыңғай оператор әлеуетті өнім берушіге 1 (бір) күнтізбелік күн ішінде шартқа қол қою үшін функционал ұсынады. Тапсырыс беруші шарт жобасын екінші жеңімпазға жіберген жағдайда бірыңғай оператор екінші жеңімпазға жіберілген шарт жобасын жояды.
Бұл ретте бірыңғай оператор уәкілетті органға жүйенің техникалық іркілісінің туындауына байланысты жасалған іс-әрекеттер туралы хабарлайды.
28. Пайдаланушы жүйедегі техникалық іркіліске байланысты конкурстық (аукциондық) құжаттама жобасын талқылау кезеңінде мәселелерді беру мүмкіндігінің болмауы туралы жүгінген жағдайда, бірыңғай оператор техникалық іркіліс расталған кезде конкурстық құжаттама жобасын талқылау мерзімін күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады.
29. Жүйенің жұмыс істеуінде бірыңғай оператордың өз күшімен жоюы мүмкін емес іркілістер болған жағдайда, бірыңғай оператор меншік иесінің келісімімен бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз ету бойынша тиісті жоғары білікті мамандарды тартады.
6-тарау. Бірыңғай оператордың жоспарлы-профилактикалық жұмыстарды жүргізуі кезіндегі жүйенің жұмыс тәртібі
30. Жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізу бекітілген және жарияланған уәкілетті органмен келісілген жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізу бойынша жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.
31. Жүйенің техникалық және профилактикалық жұмыстары жүргізілген жағдайда бірыңғай оператор техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізілгенге дейін күнтізбелік 2 (екі) күннен кешіктірмей жүйені пайдаланушыларға хабарлайды. Бұл ретте, күні профилактикалық жұмыстарды жүргізу күніне келетін өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын немесе өтінімдерге толықтыруларды қабылдауды, ашу, жіберу және сатып алу бойынша қорытындылар шығару рәсімдерін аяқтау мерзімдерін, сондай-ақ веб-порталда шарттарды келісу және оларға қол қою мерзімдерін бірыңғай оператор техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізу мерзімін ескере отырып ауыстырады.
7-тарау. Техникалық іркіліс туындаған жағдайда бірыңғай оператордың уәкілетті органмен жүйенің жұмысы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау тәртібі
32. Техникалық іркілістің туындағаны туралы ақпарат түскен кезде бірыңғай оператор "орта" және "жоғары" күрделілік деңгейіндегі техникалық іркілісті растау мақсатында жазбаша электрондық пошта және телефон байланыс арқылы меншік иесінің ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жауапты құрылымдық бөлімшесін туындаған техникалық іркіліс туралы хабардар етеді.
33. Бірыңғай оператор күнделікті алдыңғы күннің техникалық іркілістеріне талдау жүргізеді және оларды барынша тез жоюды қамтамасыз етеді.
34. Бірыңғай оператор жыл сайын уәкілетті органға:
пайда болған техникалық іркілістер туралы пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу журналынан жауапты тұлғалар қол қойған үзінді көшірме;
техникалық іркілістердің туындау себептері, жою бойынша орындалған іс-шаралар, жою нәтижелері туралы ақпаратты, техникалық іркілістерге жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.
35. Уәкілетті орган ұсынылған ақпаратты қарайды және техникалық іркілістерді жою және оларға жол бермеу жөніндегі ұсынымдарды қалыптастырады.
36. Уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттік сатып алуға қатысу барысында туындаған жүйенің техникалық іркілістері туралы жазбаша өтініштер келіп түскен жағдайда, меншік иесі бірыңғай операторға келіп түскен өтініштің көшірмесін қоса бере отырып, қарауға хат жолдайды.
37. Бірыңғай оператор ден қоюдың белгіленген мерзімдеріне сәйкес туындаған техникалық іркілістің басымдығын (егер олар болған жағдайда), техникалық іркіліс фактісін растау кезінде пайда болу себептерін және жою мерзімдерін жіктей отырып, туындаған инцидент туралы ақпарат береді.