ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 192 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17374 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 26) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар):
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк), оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы Ұлттық Банкке тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның мыналарды:
кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан еңбек шарттары және ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша сатып алынатын қызметтерді;
монетарлық қызметті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және бірыңғай жинақтау зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
іссапар шығыстарын;
жарналар (салымдар), оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына жарналар (салымдар) енгізуді;
бағалы қағаздарды сатып алуды;
басқару органының және бақылау кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеуді;
өкілдік шығыстармен байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді;
егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелердің көрсететін қызметтерін;
соттардағы, төреліктердегі және аралық соттардағы дауларды шешуге қажетті алымдарды, басқа шығыстарды төлеуді;
Қазақстан Республикасының немесе басқа елдердің заңнамасында белгіленген алымдарды және төлемдерді төлеуді;
мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен байланысты өнімді өндіруге арналған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
адвокаттардың, нотариустардың, жеке сот орындаушыларының көрсететін қызметтерін;
сақтандыру қызметтерін қоспағанда, трансфер-агент көрсететін қызметтерді, қаржылық қызметтерді;
бағалы қағаздардың шетелдік депозитарийі және банктер көрсететін қызметтерді, оларды көрсетуге қажетті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ Қазақстанның зейнетақы жүйесін Жаһандық зейнетақы индексіне енгізу бойынша көрсетілетін қызметтерді;
мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
уақытша сақтау қоймалары көрсететін қызметтерді және осындай қызметтермен байланысты алымдарды, басқа да төлемдерді төлеуді;
"Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында оқыту, сондай-ақ курстарда, семинарларда, тренингтерде, тағылымдамаларда және жоғары оқу орнынан кейінгі шетелдегі жоғары білім саласында біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді;
дүлей күш жағдайларының туындауы кезінде өткізілетін іс-шаралар шеңберінде, оның ішінде дағдарыстық ахуалды, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыстық ахуалды, төтенше оқиғаларды және олардың салдарларын еске салуға, алдын алуға, оқшаулауға және (немесе) жоюға бағытталған, сондай-ақ тез арада қалпына келтiрудi талап ететiн тетiктердiң, агрегаттардың, жабдықтардың, бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз етулердің, қосалқы бөлшектердiң және материалдардың сынуы, iстен шығуы туындағанда (растау құжаттары болған кезде), электр энергетикалық объектілердегі, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн коммуникациялық жүйелердегi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріндегі, ерекше маңызды мемлекеттік объектілердегі және террористік тұрғыдан осал объектілердегі, сондай-ақ өнеркәсіп салаларының және қызмет түрлерінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10310 болып тіркелген "Қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 353 бұйрығына сәйкес қауіпті өндірістік объектілер ретінде сәйкестендірілген объектілеріндегі апаттарды, технологиялық бұзушылықтарды жою үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде орналасқан филиалдарының және өкілдіктерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ ішкі кооперация бойынша сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
тауар биржалары арқылы тауарларды;
мемлекеттік бағдарламаларды, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін және тапсырмаларын, Ұлттық Банк Басқармасының немесе Директорлар кеңесінің шешімдерін іске асыруға қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді иелену тәртібін айқындайды. Ұлттық Банктің Директорлар кеңесінің шешімдері негізінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді иелену жағдайларының тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген;
құқықтық тәртіпті, ұлттық, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасын және қол жеткізу рұқсаты шектелген өзге де ақпаратты сақтау қажеттілігіне байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
мемлекеттік және табиғи монополия субъектілерінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
көрсетілетін коммуналдық қызметтерді;
Қазақстан Республикасының немесе басқа елдердің заңнамасында не Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тұлғадан белгіленген бағалар мен тарифтер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезіндегі сауда-саттықтарда (аукциондарда), тендерлерде өткізілетін мүлікті;
сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қатысты ерекше құқықтары бар тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
шетелдік құқықты қолдануға байланысты мәселелер және (немесе) құжаттар бойынша, халықаралық төрелікте, халықаралық коммерциялық төрелікте, шетелдік сот органдарында істі қарау перспективаларын бағалау, тапсырыс берушінің мүдделерін қорғау және білдіру бойынша, сондай-ақ дауларды төрелікте (сотта) реттеуге дейінгі процесте консультациялық және заң қызметтерін қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді иелену тәртібін айқындайды.";
2-тармақтың 25) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"25) электрондық сатып алу - "Қазақстан Ұлттық Банкінің Цифрлық даму орталығы" акционерлік қоғамы оператор болып табылатын сатып алу порталын пайдалана отырып тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу.";
6-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындамағандарға сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбеген жеткізушілер, тауарды жеткізбеген, қызметтерді көрсетпеген және жұмыстарды орындамаған, оның ішінде толық көлемде орындамаған, тапсырыс беруші олармен жасалған сатып алу туралы шарттарды біржақты тәртіппен не заңды күшіне енген сот шешімі бойынша бұзған жеткізушілер жатады.";
19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Тапсырыс беруші сатып алу тәсілін Қағидаларға сәйкес өз бетінше таңдайды.";
20-тармақ алып тасталсын;
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"83. Тендерлік комиссияның хатшысына және тендерлік (сараптама) комиссияның мүшелеріне сатып алу қорытындысын шығару кезеңінде ғана не бір тендерлік өтінім ұсынылған жағдайда белгілі болатын тендерлік баға ұсынысын қоспағанда, сатып алуды ұйымдастырушы тендер тәсілімен сатып алуды жүргізу туралы хабарламада көрсеткен күн мен уақытта сатып алу порталы тендерге қатысуға арналған өтінімдерді ашу рұқсатын автоматты түрде береді.";
84-тармақ алып тасталсын;
108-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"108. Тендерлік комиссия:
1) тендерлік өтінімдер болмаған;
2) бағаны төмендетуге сауда-саттықты қолдана отырып, тендер жүргізу кезінде 2 (екі) өтінімнен аз тендерлік өтінім берілген;
3) егер 2 (екі) және одан да көп тендерлік өтінімдер ұсыну шарты кезінде тендерге қатысуға 1 (бір) әлеуетті жеткізуші жіберілген;
4) тендерге қатысуға бірде-бір әлеуетті жеткізуші жіберілмеген;
5) егер Қағидалардың 102-тармағының 1) және 2) тармақшалары негізінде тендерлік баға ұсыныстарынан бас тартылғаннан кейін 1 (бір) тендерлік баға ұсынысы бағалануы тиіс болған;
6) бағаны төмендетуге қосымша баға ұсынысы болмаған не берілген баға ұсынысының 3 (үш) пайызынан кем бағаға төмендетуге қосымша баға ұсынысы берілген жағдайларда тендер өткізілмеген деп таниды.";
мынадай мазмұндағы 108-1-тармақпен толықтырылсын:
"108-1. Егер тендерге (лотқа) бір ғана тендерлік өтінім берілген жағдайда, тендерге қатысуға рұқсат берілген әлеуетті жеткізушіге тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттама жарияланған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде берілген баға ұсынысының кемінде 3 (үш) пайызына бағаны төмендетуге қосымша баға ұсынысын беру туралы хабарлама жіберіледі.
Әлеуетті жеткізуші хабарламаны алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде бағаны төмендетуге қосымша баға ұсынысын береді.
Берілген баға ұсынысының 3 (үш) пайызынан кем бағаға төмендетуге қосымша баға ұсынысы болмаған не берілген жағдайда, тендерлік комиссия Қағидалардың 108-тармағының 6) тармақшасына сәйкес тендерді өтпеді деп таниды.
Егер тендер өтпеді деп танылған жағдайда тапсырыс беруші Қағидалардың 110-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
Тендер тәсілімен қайта өткізілген сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші Қағидалардың 110-тармағының 4) тармақшасында көзделген шешімді қабылдайды.";
110-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"110. Егер тендер өтпеді деп танылса, не тендер жеңімпазы сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартса, не Қағидалардың 185-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу туралы шартты жасасып, сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, онда тапсырыс беруші:
1) ұсынысы тендер жеңімпазынан кейін неғұрлым басымдылық берілген тендерге қатысушыға сатып алу туралы шарттың жобасын қоса бере отырып, оны тендер жеңімпазы деп тану туралы хабарлама жіберу туралы;
2) тендер тәсілімен сатып алуды қайта өткізу туралы;
3) тендердің талаптарын өзгерту және тендерді қайта өткізу туралы;
4) шартты тікелей жасасу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Егер ұсынысы тендер жеңімпазынан кейін неғұрлым басымдылық берілген тендерге қатысушы сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартса, не Қағидалардың 185-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу туралы шартты жасасып, сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, онда тапсырыс беруші Қағидалардың осы тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.";
118-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"118. Бағаны төмендетуге сауда-саттықты қолдана отырып, тендер тәсілімен сатып алу мынадай кезеңдерден тұрады:
1) бірінші кезең - Қағидалардың 88-тармағын қоспағанда, Қағидалардың осы тарауының 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-параграфтарында көзделген тендер рәсімдерін өткізу. Бірінші кезең 2 (екі) өтінімнен кем емес тендерлік өтінім берілген жағдайда өткізіледі;
2) екінші кезең - тендерге қатысушылар арасында сауда-саттық өткізу және тендерге қатысуға рұқсат беру туралы хаттамада белгіленген уақытта (оны тапсырыс берушінің (сатып алуды ұйымдастырушының) интернет-ресурсында немесе сатып алу порталында (электрондық сатып алуды өткізу кезінде) жариялаған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні өткен соң) олардың ішінен жеңімпазды анықтау.
Тендерлік өтінімдер болмаған немесе 2 (екі) өтінімнен кем тендерлік өтінім берілген жағдайда, сатып алу порталында сатып алу қорытындылары туралы хаттама автоматты түрде қалыптастырылады және жарияланады.";
152-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) дәйексіз мәліметтерді ұсыну фактісі анықталса, қабылдаудан бас тартылуға тиіс.";
157-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"157. Егер баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өтпеді деп танылса не әлеуетті жеткізуші сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартса, не Қағидалардың 185-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу туралы шартты жасасып, сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, онда тапсырыс беруші аталған тәсілмен, оның ішінде сатып алу талаптарын өзгерте отырып, сатып алуды қайта өткізеді не шартты тікелей жасасу тәсілімен сатып алуды өткізеді.";
168-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"168. Сатып алу өтпеді деп танылған немесе әлеуетті жеткізуші сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартқан не Қағидалардың 185-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу туралы шартты жасасып, сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбеген жағдайда, сатып алуды ұйымдастырушы Қағидаларда көзделген тәсілдердің бірімен қайтадан сатып алуды өткізеді.";
176-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;
177-тармақ алып тасталсын;
181-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"181. Жеткізуші сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізеді.
Жеткізуші сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін таңдайды:
1) тапсырыс берушінің банктік шотына енгізілетін кепілдік берілген ақшалай жарна;
2) банк кепілдігі немесе Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық құжат түріндегі банк кепілдігі;
3) электрондық әмиянға орналастырылған ақша.
Егер жеткізуші шарттың орындалуын қамтамасыз етуді белгіленген мерзімде енгізбесе, онда тапсырыс беруші көрсетілген қамтамасыз етуді енгізу мерзімі өткен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жеткізушіге шартты бұзу ниеті туралы хабарлама жібереді.
Егер жеткізуші хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, онда тапсырыс беруші шартты біржақты тәртіппен бұзу туралы хабарлама жібереді.
Жеткізушінің күшіне енген сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерін сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімі аяқталғанға дейін толығымен және тиісінше орындау жағдайлары ерекшелік болады.";
188-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"188. Егер тендер жеңімпазы сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартса не сатып алу туралы шартты жасасып, сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, онда тапсырыс беруші оған тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді қайтармайды.";
11-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының елу екінші, елу үшінші, елу төртінші, елу бесінше, елу алтыншы, елу жетінші, елу сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Т. Сулейменов |
Тапсырыс беруші үздіксіз қызметті қамтамасыз ету үшін сатып алатын күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттілік тауарларының, жұмыстарының, көрсетілетін қызметтерінің тізбесі
1. Тамақ өнімдері, ауыз су (бөтелкедегі).
2. Кеңсе тауарлары, А-4, А-3 форматындағы қағаз.
3. Тамақтануды ұйымдастыру бойынша қызметтер.
4. Жуу қызметін көрсету бойынша қызметтер.
5. Автокөлік қызметтері, жанар-жағармай материалдары.
6. Әкімшілік ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау бойынша көрсетілетін қызметтер (жұмыстар):
1) ішкі үй-жайларды және ғимараттар мен құрылыстардың қасбетін, сондай-ақ оған жапсарлас аумақты таза ұстау;
2) ғимараттарға жапсарлас аумақты абаттандыру және көгалдандыру және ғимарат ішіндегі жасыл желекті күту;
3) ғимараттардың ішкі үй-жайларын, құрылыстардың және оған жапсарлас аумақты санитарлық өңдеу, оларға жапсарлас аумақтан қоқыс пен қарды шығару;
4) ғимараттар мен құрылыстарды күзетуді, өрт қауіпсіздігін және оған жапсарлас аумақты күзетпен, сигнализациямен және басқа құрылғыларымен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсету;
5) сантехникалық, электр монтаждау жұмыстары;
6) лифттерді, кондиционерлерді техникалық қамтамасыз ету және жөндеу.
7. Байланыс қызметтері (оның ішінде интернет, спутник, телефон байланысы, ұялы байланыс, пошта байланысы).
8. Ақпараттық жүйелерге ілеспе қызмет көрсету бойынша қызметтер.
9. Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпаратты орналастыру қызметтері.
10. Серверлік бөлмелерде өрт сөндіру және салқындату жүйелеріне техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтер.
11. Аппараттық-бағдарламалық құралдарға жүйелік-техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтер.
12. Үйлерді, үй-жайларды және (немесе) ғимараттарды, сервер бөлмелеріндегі сервер сөрелерін жалдау бойынша қызметтер.
13. Жалға алынатын ғимараттарды, үй-жайларды және (немесе) құрылыстарды күтіп ұстау қызметтері.
14. Қызметтік және арнайы автокөлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтер.
15. Ұйымдастырушылық техникаға арналған шығыс материалдары және картридждерді толтыру бойынша қызметтер.
16. Объектілерді күзету бойынша қызметтер.
17. Рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргізу.
18. Биометриялық идентификаттау қызметтері.