"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қоса беріліп отырған Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Ж. Сулейменова |
| Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 31 қазандағы № 250 бұйрығына қосымша |
Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 65-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және халықаралық мектеп мәртебесін беру тәртібін айқындайды.
2. Халықаралық мектеп мәртебесін беру Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін жетілдіру және оған халықаралық білім беруді кіріктіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасында бастауыш және (немесе) негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім берудің кіріктірілген білім беретін оқу бағдарламаларын дербес әзірлеп, іске асыратын мектептердің қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
3. Халықаралық мектеп мәртебесін беру үшін мынадай талаптар қойылады:
1) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның болуы;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аттестациядан немесе аккредиттеуден өткендігі туралы қорытындысы;
3) білім беру ұйымы әзірлеген және (немесе) Халықаралық бакалавриат ұйымында авторизациялаудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен кіріктірілген оқу бағдарламалары;
4) соңғы үш оқу жылында мектеп түлектеріне халықаралық білім беру бағдарламаларын игеру нәтижелері бойынша табысталған сертификаттар немесе куәліктердің берілгенін растау;
5) жұмыс оқу жоспарларында және білім беру бағдарламасында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келетін "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Қазақстан тарихы", "География" пәндерінің болуы;
6) "Қазақ тілі", "Қазақ әдебиеті" және "Қазақ тілі мен әдебиеті" оқу пәндері бойынша білім беру процесін мемлекеттік тілде ұйымдастыру;
7) мектептегі негізгі жұмыс орны бойынша біліктілік санаты педагог-сарапшыдан төмен емес Қазақстан Республикасы азаматтары болып табылатын педагогтердің үлесі кемінде 90 % болуы;
8) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында кемінде бес жыл педагогикалық жұмыс өтілі бар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі бар шетелдік мамандардың, сондай-ақ біліктілігі халықаралық аккредиттеу ұйымдары, кәсіби қауымдастықтар немесе шет мемлекеттердің уәкілетті органдары берген және (немесе) мойындаған құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, лицензиялармен) расталған халықаралық емтихан алушылардың, жаттықтырушылар мен сарапшылардың болуы;
9) тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарының Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан болуы;
10) тәрбие процесін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 94 бұйрығымен бекітілген "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес оны халықаралық білім беру бағдарламаларына кіріктіру арқылы ұйымдастыру;
11) мектептің тәрбие жұмысы жоспарына және қосымша білім беру қызметіне ұлттық мәдениет компоненттерін енгізу, соның ішінде домбыра тартуды, ұлттық спорт түрлерін үйрету бойынша сабақтар мен үйірмелер өткізу;
12) білім беру мониторингі шеңберіндегі әкімшілік деректердің нысандарына сәйкес өзекті дерекқорлары бар ақпараттық жүйенің болуы, олардың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы № 570 бұйрығымен бекітілген "Білім беру мониторингінің шеңберінде әкімшілік деректер нысандарын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8369 болып тіркелген) нысандарға сәйкес келуі және оның "Ұлттық білім беру деректер қоры" ақпараттық жүйесіне интеграциялануы;
13) оқушылар мен персоналдың өмірі мен денсаулығын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 27414 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа, сондай-ақ халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес қамтамасыз ету;
14) білім беру ұйымының қызметі бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету;
15) білім беру ұйымының материалдық-техникалық және ресурстық базасының халықаралық аккредиттеу ұйымдарының талаптарына сәйкес болуы.
2-тарау. Халықаралық мектеп мәртебесін беру тәртібі
4. Халықаралық мектеп мәртебесін алуға үміткер білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптарға (бұдан әрі – Талаптар) сәйкестігін растайтын нотариалды куәландырылған жарғы көшірмесін және ұйым басшысының қолымен, ұйымның мөрімен (бар болған жағдайда) куәландырылған құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінімді, сондай-ақ:
1) білім беру ұйымының оқу жетістіктері туралы анықтаманы (соңғы үш жылдағы білім алушылардың оқу жетістіктерінің нәтижелері, оның ішінде халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға және жарыстарға қатысуы туралы мәліметтер);
2) жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны туралы анықтаманы (негізгі мақсаттары, бақылау құралдары, білім сапасын мониторингілеу және қамтамасыз ету құралдары, сондай-ақ бар болған жағдайда TIMSS, PISA және басқа да халықаралық зерттеулерге қатысу нәтижелері туралы мәліметтер);
3) оқу-тәрбие процесін кадрлық, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ қаржыландыру көздері жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
5. Халықаралық мектеп мәртебесін беру жөніндегі өтінімдерді қарау бойынша жұмыс органы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.
6. Жұмыс органы құжаттар тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде олардың Талаптарға сәйкес толықтығын және (немесе) құжаттардың қолданылу мерзіміне сәйкестігін тексереді.
Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін құжаттардың жоқ екені немесе олардың қолданылу мерзімінің өтіп кеткені анықталған жағдайда, Жұмыс органы білім беру ұйымының атына анықталған кемшіліктерді хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жою қажеттілігі көрсетілген жазбаша хабарлама жібереді.
7. Білім беру ұйымы тиісті құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, Жұмыс органы өтініш берушіге өтінішті одан әрі қараудан бас тарту туралы хабарлама жібереді.
8. Ұсынылған мәртебеге сәйкестігін қарастыру үшін уәкілетті органның бұйрығымен білім беру ұйымдарының берген өтінімдерін қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады. Өтінімді қарау мерзімі – 30 (отыз) жұмыс күні.
Комиссия қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда Комиссия құрамы қайта қаралады.
Мүдделер қақтығысы деп Комиссия құрамына кіретін адамдардың жеке мүдделері олардың өз міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісті деңгейде орындамауына әкеп соғуы мүмкін жағдай түсініледі.
9. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, ғылыми, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының өкілдері кіреді. Комиссияның құрамы уәкілетті органмен бекітіледі.
Комиссияның сандық құрамы кемінде 9 адамнан, оның ішінде Комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұрады. Комиссияның отырысы оның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып табылады.
10. Комиссия ұсынылған құжаттарды белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды, нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін қорытынды жасайды.
11. Ұсынылған материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия халықаралық мектеп мәртебесін беру не беруден бас тарту туралы қорытынды дайындайды, ол хаттамамен рәсімделеді. Хаттамаға Комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылады және қорытындымен келіспейтін Комиссия мүшелерінің ерекше пікірлері міндетті түрде көрсетіледі. Комиссияның қорытындысы отырысқа қатысқан мүшелердің көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
12. Бас тартылған жағдайда уәкілетті орган әкімшілік акт қабылданғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес өтінім берушіге өтінімді қараудан бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын баяндауға мүмкіндік беру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тыңдау рәсімі ҚР ӘРПК-тің 73-бабына сәйкес жүргізіледі.
Халықаралық мектеп мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда білім беру ұйымы уәкілетті органға өтінімді 1 (бір) оқу жылынан ерте емес мерзімде қайта береді.
13. Комиссияның оң қорытындысы бойынша уәкілетті орган 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына 5 (бес) жыл мерзімге халықаралық мектеп мәртебесін беру туралы бұйрық шығарады.
14. Халықаралық мектеп мәртебесін алған білім беру ұйымы заңды мекенжайы, орналасқан жері, қызметін жүзеге асыру мекенжайы, жарғылық және тіркеу деректері өзгерген жағдайда, олардың өзгерген күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде уәкілетті органды хабардар етеді.
15. Екі немесе одан да көп білім беру ұйымдарының бірігуі, қосылуы, бөлінуі, бөлініп шығуы, қайта құрылуы кезінде жаңадан құрылған ұйым осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес белгіленген тәртіппен халықаралық мектеп мәртебесін алу рәсімінен қайта өтеді.