БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің "Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10795 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидалары:
2-тармағы жаңа тармақшалармен толықтырылып, келесі редакцияда жазылсын:
"8) толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт-объектіні салу және оны пайдалануға беру жөніндегі жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға ілеспе жеткізуді қамтитын кешенді жұмыстар нысанасы болып табылатын шарт жобалар мен техникалық қадағалау қызметтеріне ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді қоспағанда, тауарлар мен қызметтер көрсету";
9) "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес конкурстық рәсімдерді өткізу және "толық бітіріп берілетін" құрылыс туралы шарттар жасасу үшін жобалау алдындағы кезеңде айқындалатын құрылыс жобасын іске асыру құны. "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны ғимараттар мен құрылысжайларды салу құнының объектілердің қуат көрсеткішінің өлшем бірлігіне шаққандағы ірілендірілген көрсеткіштері, желілік құрылысжайдың ұзақтығы және ғимараттың, құрылысжайдың функционалдық мақсаты ескерілетін басқа да техникалық сипаттамалар пайдаланылып айқындалады. Қажет болған кезде ғимараттардың (құрылысжайлардың) конструкциялық элементтері мен жұмыс түрлері (кешендері) құнының ірілендірілген көрсеткіштері (оның ішінде ұқсас объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасы негізінде құнның ірілендірілген көрсеткіштері) қолданылады;";
11-тармақтың тізім бойынша 9-1) тармақшасы алып тасталсын;
жаңа тараумен толықтырып, келесі редакцияда жазылсын:
"4-тарау. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шартты қолдану шарттары мен тетігі
22. Толық бітіріп берілетін құрылыс шарты техникалық күрделі ғимараттар мен құрылыстардың жобаларын іске асыру кезінде қолданылады.
23. Толық бітіріп берілетін құрылыс шарты бойынша жұмыстарды жүзеге асыратын тұлға қажет болған жағдайда іздестіру жұмыстарын жүргізуге мердігермен шарт жасасады.
Кешенді құрылыс кезінде қолданыстағы Заңға сәйкес толық бітіріп берілетін құрылыс шарты бойынша жұмыстарды жүзеге асыратын тұлғаның қала құрылысы құжаттамасын әзірлеуіне жол беріледі.
24. Жұмыстардың құны "Толық бітіріп берілетін" құрылыстың есептік құны негізінде анықталады.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы толық бітіріп берілетін құрылыс шарты бойынша жұмыстарға ақы төлеу жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.
Бұл ретте құрылыстың есептік құны бойынша анықталған құрылыс құнын ұлғайтуға жол берілмейді.
25. Толық бітіріп берілетін құрылыс шартының ерекшелігі – қаржыландыру, жоспарлау, ізденістер, негіздемелер, жобалау, құрылыс және оған ілеспе қызметтер, басқару, пайдалану, қызмет көрсету, тараптардың бірінің балансына беру бойынша шарттарды қамту мүмкіндігінде көрінетін кешенді сипаты болып табылады.
26. Тапсырыс беруші мен мердігердің өзара іс-қимылы, олардың міндеттері мен тәуекелдері толық бітіріп берілетін құрылыс шартын іске асыру шеңберінде шартпен белгіленеді.
Тапсырыс беруші толық бітіріп берілетін құрылыс шарты бойынша жұмыстарды жүзеге асыру кезінде техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлғаны және қажет болған жағдайда жобаны басқарушыны шарттық негізде тартады.
Толық бітіріп берілетін құрылыс шартының негізгі шарттары мыналарды қамтиды:
тапсырыс беруші мен мердігердің міндеттері;
орындау мерзімдері;
құны;
тәуекелдер мен жауапкершілік;
сапаны бақылау және қауіпсіздік;
шартқа өзгерістер мен толықтырулар;
құжаттама және есептілік;
объектіні сынау және тапсыру;
дауларды реттеу;
форс-мажор;
кепілдіктер.".
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі