ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 268-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттарға аударылған қалдықтарды көму полигондарының жою қорына аударым сомаларын шегерімге жатқызу және олардың мөлшерін белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы ақпараттың ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі |
Е. Нысанбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі 2025 жылғы 30 қазандағы № 293 бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі арнаулы депозиттік шоттарға аударылған қалдықтарды көму полигондарының жою қорына аударым сомаларын шегерімге жатқызу және олардың мөлшерін белгілеу қағидалары
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 268-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі арнаулы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды көму полигондарын жою қорына аударымдар сомасын және олардың мөлшерін айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қалдықтарды көму полигоны (бұдан әрі – полигон) – экологиялық, құрылыс және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін, қалдықтар алу ниетінсіз тұрақты орналастырылатын арнайы жабдықталған орын түсініледі;
2) полигон операторы – заңды пайдалануында полигоны бар жеке немесе заңды тұлға.
3. Қатты тұрмыстық қалдықтарды көму полигонының жою қоры (бұдан әрі – жою қоры) полигонды жабу, жерлерді рекультивациялау, қоршаған ортаға әсерін мониторингтеу және полигон жабылғаннан кейінгі ластануды бақылау шараларын қаржыландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 350-бабының 16-тармағында көзделген талаптарға және бекітілген полигонды жою жобасына сәйкес қалыптастырылады.
4. Корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге есепті салықтық кезеңде жою қорына аударылған қаражат келесі шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда жатқызылады:
1) екінші деңгейдегі банктегі немесе бюджет атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органдағы арнаулы депозиттік шотқа қаражат аударылғанын растайтын төлем құжаттарының болуы;
2) екінші деңгейдегі банкте немесе бюджет атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда (арнаулы депозиттік шот) жою қорын қалыптастыруға арналған банк шоты шартының көшірмесінің болуы.
5. Шегерімге жатқызу Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 268-бабына және осы Қағидалармен белгіленген мөлшер шегінде жүзеге асырылады.
6. Полигонның Жою қорына жыл сайынғы аударымдардың мөлшері полигон операторы тарапынан полигонды жабу, жерді рекультивациялау, мониторинг жүргізу және ластануды бақылау жұмыстарының сметалық құнын полигонның нормативтік пайдалану мерзіміне бөлу арқылы айқындалады.
7. Жыл сайынғы аударымдардың мөлшері статистика саласындағы уәкілетті орган жариялайтын ресми инфляция индексіне сәйкес индекстеледі.
8. Полигон операторы жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 22 тамыздағы № 579 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29286 болып тіркелген) бекітілген полигон операторының жою қорын қалыптастыру қағидаларында көзделген тәртіппен олардың аударылуы туралы есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
9. Есепте арнаулы депозиттік шоттағы қаражат қалдығы, есепті кезеңдегі аударылған сомалар, есептелген индекстеу және қаражатты пайдалану туралы мәліметтер қамтылады.
10. Жою қорының қаражаты мақсатсыз пайдаланылған жағдайда, бұрын шегерімге жатқызылған сомалар Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 249-бабына сәйкес, мұндай пайдалану орын алған салық кезеңіндегі салық төлеушінің жиынтық жылдық табысына қосуға жатады.