БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларын, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 27 мамырдағы № 291 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 30 мамырдағы № 192 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28303 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Уәкілетті орган "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп елішілік құндылықтың қол жеткізілген көрсеткіштерінің орындалуын растайтын құжаттармен:
1) тауарды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметті сатып алуды растайтын актімен, жүкқұжатымен, шот-фактурамен;
2) қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің көшірмесімен/"СТ KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатпен;
3) тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы елішілік құндылық туралы мәліметтерді растайтын жер қойнауын пайдаланушы мердігерінің хатымен;
4) жер қойнауын пайдаланушымен келісілген құжаттармен.
"СТ-KZ" нысанындағы шыққан ел сертификаты 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жарамды болып табылады.
Жер қойнауын пайдаланушы құжаттардың электронды көшірмелерін уәкілетті органның сұрау салуы жіберілген сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұсынады.";
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Келісімнің мәні
1. Осы Келісімнің шарттарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы ерікті негізде жыл сайын осы Келісімде көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензиялар) бойынша елішілік құндылықтың мынадай көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етеді:
р/с | тауарлар бойынша (%) | жұмыстар бойынша (%) | көрсетілген қызметтер бойынша (%) | кадрлар бойынша (%) |
1 |
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы мердігерлік жұмыстармен айналысатын персоналды қоса алғанда, тартылған шетелдік персоналға қатысты қазақстандық персонал үшін еңбекке ақы төлеудің тең жағдайларын ерікті негізде қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Қазақстан Республикасының жер қойнауынан, оның аумағынан немесе оның аумақтық теңіздерінде (елдің басқа суларында) немесе оның түбінен, немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы атмосфералық ауадан өндірілген табиғи қорлар (пайдалы қазбалар және минералды өнімдер, су жер қорлары, атмосфералық ауа қорлары), Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген энергияның электр, жылу және өзге де түрлері тауарлардың толығымен Қазақстан Республикасында өндірілгенін көрсетеді және тауарда елішілік құндылықтың ең төменгі көрсеткіште жанармай және отын есепке алынбайды.";
4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар (лицензиялар) бойынша "Өнеркәсіптік саясат туралы" ҚР Заңының 46, 47, 48, 48-1 және 49-баптарына сәйкес өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды:
өндірісті жеткізуші ұйымдастыратын және бұрын болмаған өңдеуші өнеркәсіп тауарларын, оның ішінде жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде сатып алынатын тауарларды ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейтін офтэйк-келісімшарттар;
- өңдеуші өнеркәсіп тауарларын, оның ішінде жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде сатып алынатын тауарларды сатып алудан басқа, шарт сомасының бір бөлігін Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялау бойынша елеулі талаптарды көздейтін келісімшарттық сатып алу шарттарын жасасуға;
- қолда бар өндірістік қуаттарда өндірілген тауарларды ұзақ мерзімді кепілдендірілген көлемде сатып алуды көздейтін кепілдендірілген сатып алу шарттары;".
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықты орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика вице-министрлеріне және Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі