ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 5-бабы 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Салық төлеушіге – заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке, дара кəсіпкерге, жеке практикамен айналысатын тұлғаға қойылатын салықтық берешектің шекті мөлшері айқындалсын, мына мөлшерден асқан кезде:
1) айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерде:
Салық кодексінің 86-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтату;
Салық кодексінің 185-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу;
2) айлық есептік көрсеткіштің 45 еселенген мөлшерде:
Салық кодексінің 87-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушiнiң (салық агентінің) салық берешегінің сомасы шегінде мүлікке билік етуін шектеу;
Салық кодексінің 186-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторлар шотынан салықтық берешегін өндіріп алу;
Салық кодексінің 187-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен салықтық берешегін өндіріп алу;
Салық кодексінің 188-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің (салық агентінің) жарияланған акцияларын мəжбүрлі түрде шығару;
3) айлық есептік көрсеткіштің 27 000 еселенген мөлшерде:
Салық кодексінің 189-бабында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын тұлғаның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу қолданылады.
Ескерту. 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі– осы бұйрықтың 3-тармағымен.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың 3) тармақшасын қоспағанда, осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға тиіс.
| Қазақстан Республикасының Қаржы министрі | М. Такиев |