БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жекеше әріптесті айқындау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №605 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35580 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жекеше әріптесті айқындау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу қағидаларында:
2-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"1) мемлекеттік әріптес – Қазақстан Республикасы, оның атынан әрекет ететін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар және жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – Заңға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипатқа ие, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру жөнiндегi реттілікпен болатын iс-шаралар жиынтығы (бұдан әрі-МЖӘ жобасы);";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Конкурсты тиісті саланың орталық мемлекеттік органы не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы ұйымдастырады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-жекешелік әріптестік веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғаннан кешіктірмей:
1) енгізілген конкурстық өтінімді өзгерте және (немесе) толықтыра алады;
2) өзі енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтару құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алады.";
28-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) әлеуетті жекеше әріптес және (немесе) консорциумға қатысушы бұрын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінім ұсынған;";
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді қамтамасыз ету МЖӘ шарты бойынша болжамды инвестициялар сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
МЖӘ шарты бойынша болжамды инвестициялар сомасы конкурстық құжаттамада айқындалады.
Әлеуетті жекеше әріптес, егер ол екі кезеңдік рәсім пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысса, конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.";
33-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) конкурстың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жекеше әріптес МЖӘ шартын жасасудан жалтарғанда, оның ішінде конкурстық өтінімді және МЖӘ шартының талаптарын конкурстық комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес талқылаудан және нақтылаудан бас тарту арқылы жалтарғанда не оның ұсыныстары жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың талаптары тұрғысынан қолайсыз болып табылғанда қайтармайды.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет кірісіне есепке жатқызылады.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Конкурстық өтінімдерді қарауды және іріктеуді конкурстық комиссия жүзеге асырады.
Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның жұмыс органы болып табылады.";
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Конкурстық өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптеспен не жалғыз әлеуетті жекеше әріптеспен Комиссия МЖӘ жобасын және МЖӘ шартының талаптарын нақтылау бойынша келіссөздер жүргізеді.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Конкурс:
1) егер белгіленген мерзімде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтінімдер түспеген жағдайда;
2) егер барлық ұсынылған конкурстық өтінімдер не жалғыз конкурстық өтінім конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда;
3) осы Қағидалардың 43-тармағында көзделген жағдайда;
4) егер біліктілікті іріктеу нәтижелері бойынша конкурсқа екіден кем әлеуетті жекеше әріптес жіберілсе, конкурс өткізілмеген болып есептеледі.
Бұл ретте қайта конкурс өткізуге жол беріледі.";
48-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:
"МЖӘ шарты жазбаша нысанда жасалады. МЖӘ шартының жазбаша нысанын сақтамау МЖӘ шартының жарамсыздығына әкеп соғады.
Конкурсты ұйымдастырушы ерекше маңызды МЖӘ жобаларын іске асыру үшін конкурстық комиссияның шешімі негізінде конкурстың жеңімпазы МЖӘ жобасын іске асыру мақсатында құрған, құрылатынын конкурстың жеңімпазы конкурстық өтінімде мәлімдеген заңды тұлғамен МЖӘ шартын жасасады (мемлекеттік әріптеске МЖӘ шартында айқындалған көлемде және талаптарда осындай заңды тұлғаның міндеттемелерін орындаудың банктік кепілдіктері ұсынылған жағдайда).";
51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"51. МЖӘ шартын жасасу мерзімі жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың қорытындысы шығарылған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауға тиіс."
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"55. МЖӘ шартының қолданылу мерзімі мынадай жағдайларда:
1) МЖӘ шартының тараптарына байланысты емес мән-жайлар нәтижесінде МЖӘ жобасы кідірген немесе тоқтаған;
2) мемлекеттік әріптестің және (немесе) мемлекеттік органдардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде МЖӘ жобасы тоқтаған;
3) мемлекеттік әріптес МЖӘ шартында көзделмеген талаптарды қою нәтижесінде МЖӘ жобасын іске асыруға байланысты шығыстар ұлғайған жағдайларда Заңның 57-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалған органның шешімі негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының бірінің талап етуі бойынша ұзартылуы мүмкін.";
56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"56. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, МЖӘ шарты бойынша талап етуді басқаға беруге және жекеше әріптестің борышын аударуға мемлекеттік әріптестің, оператордың жазбаша келісуі болған және жекеше әріптестің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға жалпы және қосымша (арнаулы) біліктілік талаптарына сай болған жағдайда ғана жол беріледі.";
62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"62. Жекеше әріптес қатарынан 6 (алты) ай ішінде МЖӘ шартының талаптарын орындамаған жағдайда, МЖӘ шарты бұзылған кезде жекеше әріптесті мемлекеттік әріптеспен ауыстыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік әріптес жаңа жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізеді.
Конкурстық құжаттама жаңа жекеше әріптестің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін олармен келісілген тәртіппен және шарттарда орындауы бойынша талапты қамтиды.
Жекеше әріптесті ауыстыру мақсатында конкурс өткізуге негіз болған конкурстық құжаттаманың ережелері, қайталама конкурс өткізу сәтіне жекеше әріптес нақты орындаған шарт талаптарын ескере отырып өзгертілетін осындай конкурстың ережелерін, оның ішінде өлшемшарттарының параметрлерін қоспағанда, МЖӘ шарты жасалған алдыңғы конкурстың конкурстық құжаттамасының ережелеріне сәйкес келеді;
2) мемлекеттік әріптес осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген тәртіппен конкурс қорытындылары бойынша жаңа жекеше әріптесті айқындайды;
3) жекеше әріптес жер учаскесін қайтаруды жүзеге асырады;
4) жекеше әріптес шығындары өтелуге жататын аяқталмаған құрылыс объектісін мемлекеттік әріптеске береді;
5) мемлекеттік әріптес жаңа жекеше әріптеспен МЖӘ шартын жасасады.
Жекеше әріптес ауыстырылған жағдайда шарттың талаптары жекеше әріптестің конкурс өткізу сәтіне нақты орындаған міндеттемелері туралы деректердің негізінде, сондай-ақ конкурс жеңімпазы ұсынған ұсыныстар ескеріліп өзгереді.
Ауыстыруға жататын жекеше әріптестің МЖӘ шарты бойынша құқықтары мен міндеттері жекеше әріптесті ауыстыру туралы қосымша шартта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тоқтатылады.
МЖӘ шартына жекеше әріптесті ауыстыру туралы қосымша шарт бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда немесе оның аумақтық бөлімшесінде тіркелуге тиіс.
Жекеше әріптесті ауыстыру жөніндегі конкурсты өткізу кезеңінде және жекеше әріптесті ауыстыру туралы қосымша шартқа қол қойылғанға дейін МЖӘ объектісін басқаруды ауыстыруға жататын жекеше әріптес жүзеге асырады, ал заңды тұлға таратылған не жекеше әріптес ретінде әрекет ететін дара кәсіпкер қайтыс болған жағдайда, МЖӘ объектісін басқаруды мемлекеттік әріптес айқындаған тұлға жүзеге асырады;
6) жаңа жекеше әріптес консорциумның ЖЖОКБҰ-мен шарттағы тарапты ауыстыру туралы шартына қосымша келісім жасайды. МЖӘ объектісін салу бойынша алдыңғы жекеше әріптес жүргізген және орындалған жұмыстар актісімен расталған күрделі шығындар сомасының 100%-ын 270 (екі жүз жетпіс) күнтізбелік күн ішінде алдыңғы жекеше әріптеске жаңа жекеше әріптестің төлем консорциум шартында тарапты ауыстыру туралы қосымша келісімнің міндетті шартын жүргізу болып табылады;
7) Мемлекеттік әріптес жекеше әріптесті ауыстыру туралы қосымша шарт тіркелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде МЖӘ шартын орындау барысында, оның ішінде МЖӘ объектісіне қатысты туындаған барлық мүліктік құқықтар қабылдау-тапсыру актісі бойынша жаңа жекеше әріптеске беріледі.";
1-қосымшаның 10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"10. МЖӘ жобасының конкурстық құжаттамасы мынадай ақпаратты қамтиды:
1) әлеуетті жекеше әріптестің алдымен қойылатын біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарға қойылатын талаптар МЖӘ жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасына 3-қосымшаға сәйкес Тізбеге сәйкес ұсынылады;
2) әзірленген ЖСД бар, сондай-ақ үлгілік жобалар, үлгілік жобалау шешімдері және қайта қолдану жобалары негізінде іске асырылатын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме не МЖӘ жобасының сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ;
3) МЖӘ объектісінің орналасқан жері;
4) МЖӘ жобасы бойынша мемлекеттік қолдаудың болжамды түрлері мен көлемдері, сондай-ақ шығындарды өтеу мен кірістерді алу көздері;
5) МЖӘ шартының жобасы;
6) үздік конкурстық өтінімді айқындау өлшемшарттарының сипаттамасы;
7) МЖӘ жобасының параметрлері көрсетілуі тиіс валютаны (валюталарды) және оларды салыстыру және бағалау мақсатында бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын валюта (валюталар) бағамын көрсету;
8) конкурстық өтінімді ұсыну тіліне қойылатын талаптар;
9) әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін өзінің конкурстық өтінімін өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына нұсқау;
10) конкурстық өтінімнің мазмұны, конкурстық өтінімдерді ұсыну тәсілі, орны, мерзімі және қолданысы, сондай-ақ конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары;
11) МЖӘ жобасының конкурстық құжаттамасының мазмұны бойынша түсініктемелер алу тәсілдері;
12) конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашу рәсімдері, орны, күні және уақыты;
13) келіссөздер барысында өзгерістер енгізуге жол берілмейтін конкурс шарттары.";
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасына 4-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;
4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) жобалау-сметалық құжаттама (бұдан әрі – ЖСҚ) – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін (бұдан әрі – МЖӘ объектісі) салу үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес әзірленуі және бекітілуі талап етілетін құжаттама;";
5) және 7) тармақшалар алып тасталсын;
8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) қаржылық жабу – әлеуетті жекеше әріптеспен немесе жекеше әріптеспен инвестициялық кезеңде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ жобасы) жобасын іске асыру үшін қажетті қарыз қаражатын тартуға және олар бойынша қаржыландыруды алудың қолжетімділігіне жеке немесе заңды тұлғалармен, олардың бірлестіктерімен келісімдер, шарттар жасалуы.";
9) тармақшасы алып тасталсын;
12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"12. МЖӘ шартының елеулі талаптары мыналар болып табылады:
1) жобаның мақсаттары, міндеттері, тікелей және түпкілікті нәтижелері;
2) МЖӘ жобасын іске асыру кезеңі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне мүліктік құқықтар;
3) МЖӘ жобасының инвестициялық және операциялық кезеңдерінің мазмұны мен мерзімдері;
4) МЖӘ жобасын қаржыландыру мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары, сондай-ақ инвестициялардың мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары;
5) шығындарды өтеу және кірістерді алу көздері, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған жағдайда олардың түрлері, көлемдері, ұсыну мерзімдері мен шарттары;
6) МЖӘ жобасын іске асыру мерзімі;
7) МЖӘ шартының тараптары арасында тәуекелдерді бөлу;
8) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес есептелген жобаның әлеуметтік-экономикалық және қаржылық-экономикалық модельдері.
13. Тараптар барлық елеулі талаптар бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде МЖӘ шарты жасалмаған болып есептеледі.";
20-тарау алып тасталсын;
23-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"23-тарау. Мемлекеттік әріптестің Шартының орындалуын мониторингтеу тәртібі, оның ішінде жекеше әріптестің мониторинг жүргізу үшін ақпарат беру тәртібі.";
99 және 100-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"99. Мемлекеттік әріптес заңнамада белгіленген тәртіппен жекеше әріптестің Шарт талаптарын, шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін, сондай-ақ Шартта белгіленген мақсаттарға сәйкес МЖӘ объектісіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді сақтауын мониторинг жүзеге асырады.
100. Мониторингтың негізгі бағыттары:
1) Шартта айқындалған барлық талаптар мен тәртіптерді сақтау;
2) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтау болып табылады.".
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Инфрақұрылымдық жобалар, мемлекеттік сатып алу және активтер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2025 жылғы 18 қыркүйектегі № 458 бұйрығына қосымша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасына 4-қосымша |
Үздік конкурстық өтінімді іріктеу өлшемшарттары және бағалау параметрлері
№ | Өлшем атауы | Өлшемшарттың шекті (базалық) мәні (100% құрайды) | Бағалау әдісі | Көрсеткіштің шартты белгісі |
1 | Іске асырылған жобалардың тәжірибесі (МЖӘ объектісін ұстау пәні бойынша ұқсас объектілерді салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және/немесе пайдалану тәжірибесінің болуы (дербес не қатысушы ретінде өзге тұлғалармен бірлесіп) |
____________ | әрбір іске асырылған жоба үшін 1 балл қосылады | К1 |
2 | Жекеше әріптес өзіне қабылдайтын тәуекелдер | МЖӘ шартына сәйкес тәуекелдерді бөлу | әлеуетті жекеше әріптес қосымша қабылдаған әрбір тәуекел үшін 1 балл қосылады | К2 |
3 | МЖӘ объектісінің құрылысына тартылатын жекеше әріптестің меншікті қаражатының болуын растау (банктік қарыз шарты, банктік кепілдік, банктен хат) | МЖӘ жобасын іске асыру үшін тартылатын меншікті қаражаттың құны | құрылыс құнының әрбір 1% үшін 2 балл қосылады | К3 |
4 | МЖӘ объектісін салу мерзімдері |
____________ | құрылыс мерзімін қысқартудың әрбір айы үшін 1 балл қосылады | К4 |
5 | Айына МЖӘ объектісінде бір тұру орны үшін төлем мөлшері |
____________ | Төлем сомасының әрбір 10% төмендеуі үшін 1 ұпай қосылады. | К5 |
6 | Білікті мамандардың болуы: | К6 | ||
құрылыс қызметі саласында 5 жылдан астам жоғары білімі және жұмыс тәжірибесі бар |
____________ | үлестің әрбір 10% өсуі үшін 1 балл қосылады | ||
орта арнаулы білімі және 5 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар |
____________ | үлестің әрбір 10% өсуі үшін 1 балл қосылады | ||
БАРЛЫҒЫ | Бағалау |
Ескерту:
"Бағалау" конкурстық өтінім өлшемшарттарының жалпы бағасы әрбір өлшемшарт бойынша алынған балдарды жинақтау жолымен айқындалады:
бағалау = К1+К2 + К3+К4+К5+К6 ,
мұнда:
К1 - бұл жағдайда МЖӘ объектісінің мазмұны бойынша құрылыс бойынша іске асырылған ұқсас жобалардың тәжірибесі ескеріледі. Әлеуетті жекеше әріптес ұсынған МЖӘ объектісіне мазмұн нысанасы бойынша құрылыс бойынша іске асырылған ұқсас жобалардың тәжірибесі болмаған жағдайда, осы өлшем бойынша "нөлге" теңестіріледі;
К2 - жекеше әріптес қосымша қабылдаған және (немесе) берген тәуекелдер болмаған жағдайда, әлеуетті жекеше әріптес ұсынған конкурстық өтінімді бағалау осы өлшем бойынша "нөлге" теңестіріледі;
К3 - осы өлшемшарт бойынша базалық көрсеткіш МЖӘ объектісін салу құны болып табылады;
К4 - МЖӘ объектісін салу мерзімі 1 (бір) айдан астам қысқартылған жағдайда, әлеуетті жекеше әріптес ұсынған конкурстық өтінімді бағалау осы өлшем бойынша "1" балға теңестіріледі;
К5 - бұл жағдайда МЖӘ объектісінде айына бір тұру орны үшін төлем мөлшері ескеріледі. Әлеуетті жекеше әріптес ұсынған өлшемшарттарының мәні өлшемшарттарының шекті мәнімен сәйкес келген жағдайда, осы өлшем бойынша бағалау "нөлге" теңестіріледі.
К6 - әлеуетті жекеше әріптес ұсынған өлшемшарттарының мәні өлшемшарттарының шекті мәнімен сәйкес келген жағдайда, осы өлшем бойынша бағалау "нөлге" теңестіріледі.