БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алуды, оның кадастры мен мониторингiн жүргiзу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 18-03/577 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11800 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алуды, оның кадастры мен мониторингiн жүргiзу қағидаларында:
4 және 5-тармақтары жаңа редакцияда жазылсын:
"4. Жануарлар дүниесiн есепке алу, оның кадастры мен мониторингi жануарлардың топтары: сүтқоректiлер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекендiлер, омыртқасыздар бойынша жүргiзiледi.
5. Жануарлар дүниесiн есепке алу, оның кадастры мен мониторингiн жүргізу аң аулау объектiлерiне жатқызылған және өзге де шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жануарлар бойынша жүзеге асырылады.";
16-тармағының алып тасталсын.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі |
Е. Нысанбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі