БҰЙЫРАМЫН:
1. "Туристік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 80 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10590 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген туристік қызметтерді көрсету қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2.Осы Қағидаларда келесі түсінік қолданылады:
1) келу туризмі – Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрмайтын адамдардың Қазақстан Республикасы шегіндегі саяхаты;
2) туристік агент (бұдан әрі – турагент) – турагенттік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) туристік агенттік қызмет – жеке немесе заңды тұлғалардың қосымша көрсетілетін қызметтерді қосу құқығынсыз туристік өнімді өткізуге арналған агенттік шарт негізінде Қазақстан Республикасының туристік операторы қалыптастырған туристік өнімді ұсыну және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі, сондай-ақ туристерге туристік өнім болып табылмайтын қызметтер көрсету жөніндегі қызмет;
4) туристік ваучер – турдың құрамына кіретін қызметтерге туристің құқығын және олардың ақысы төленгенінің фактісін растайтын құжат;
5) туристік код – шығу туризмі саласындағы туроператор туриске беретін, ұйымдастырылған шығу туризмі шеңберінде туроператордың міндеттемелеріне кепілдік беретін бірегей нөмір;
6) туристік көрсетілетін қызметтер – туристің саяхаты кезеңінде және осы саяхатқа байланысты ұсынылатын, оның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті көрсетілетін қызметтер (орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм нұсқаушыларының, гидтердің көрсететін қызметтері және туристік қызмет көрсету шартында көзделген, сапар мақсатына қарай көрсетілетін басқа да қызметтер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын (инклюзивті туризм) қоса алғанда, барлық туристер үшін туризм инфрақұрылымына тең (кедергісіз) қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған көрсетілетін қызметтер;
7) туристік маршрут – туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолы, оны туристік оператор әзірлейді және ол туристік қызмет объектілеріне баруы егжей-тегжейлі регламенттелген (пайдаланылатын көлік, тоқтайтын орындар, бару объектілері, түнейтін жерлер, шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек және басқа да жағдайлар) осындай баруды қамтиды;
8) туристiк операторлық қызмет (бұдан әрі – туроператорлық қызмет) – қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың шығу туризмі саласындағы туристiк өнiмдi қалыптастыру, турагенттер арқылы ұсыну және өткiзу және келу туризмі мен ішкі туризм саласындағы туристік өнімді қалыптастыру, туристерге, оның ішінде турагенттер арқылы ұсыну және өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметi;
9) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
10) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті барлық қажетті туристік көрсетілетін қызметтер кешені;
11) шығу туризмі – Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардың басқа елге саяхаты;
12) ішкі туризм – Қазақстан Республикасының азаматтары мен оның аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының шегіндегі саяхаты.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Шығу туризмі саласында қызметін жүзеге асыратын туроператорлар және туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісіне шарттың түпнұсқасын не нотариат куәландырған көшірмесін ұсына отырып, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің не Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі айқындаған үшінші тұлғаның пайдасына банк кепілдігімен қамтамасыз етілген ақшаны төлеуді көздейтін Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес екінші деңгейдегі банкпен банктік кепілдік шартын жасайды;
2) арнайы шотқа туроператор немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушы қалыптастырған және турагент Қазақстан Республикасының азаматына өткізген әрбір туристік өнімнен "Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын, шығу туризмі саласында қызметті жүзеге асыратын туроператорлар мен туроператорлар-әуе кемесімен жалданушылар үшін банктік кепілдікпен қамтамасыз етуге жататын ақша сомасын, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі үшін арнаулы ашылған банктік шотқа аударылуға жататын ақша сомасын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33251 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 2 тамыздағы № 212 бұйрығымен белгілеген сомада ақшаны аударады.".
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті заңнамамен белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында қолданысқа енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде орналастыруды;
3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрі |
Е. Мырзабосынов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі