Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 115) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін пайдалану қағидалары және оларға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілеріне пайдалану тәртібін және пошта операторының пошта төлемі белгілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 28 шілдедегі № 61 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14164 болып тіркелген);
2) "Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2019 жылғы 7 ақпандағы № 51 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18280 болып тіркелген) 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Ж. Мадиев |
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2025 жылғы 28 мамырдағы № 264/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін пайдалану қағидалары және оларға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін пайдалану қағидалары және оларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 115) тармақшасына сәйкес әзірленді және Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін пайдалану тәртібін және оларға қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
2) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабар жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
3) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
4) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
5) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер;
6) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгiлер.
2-тарау. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемі белгілерін пайдалану тәртібі
3. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемі белгілерін пайдалану "Пошта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Пошта операторы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органмен келісілген пошта төлемінің белгілерін пайдаланады.
3-тарау. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта төлемі белгілеріне қойылатын талаптар
5. Пошта төлемі белгілерінің эскиздерін әзірлеуді пошта операторы жүзеге асырады.
6. Пошта төлем белгілерінде мынадай қызметтік жазбалар орналасады:
1) мемлекеттік тілде ("Қазақстан") және латын транслитерациясында ("Kazakhstan") мемлекеттің атауы;
2) электрондық пошта төлемінің белгілерін қоспағанда, жазбаша хат-хабар жіберу бойынша пошта операторының қызметтеріне төлем сомасын білдіретін латын әріптерімен немесе араб цифрларымен көрсетілген номинал.
7. Пошта төлемі белгілерінің номиналды құнын белгілеген жағдайда, мынадай әріптер пайдаланылады:
"А" – заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының шегінде 20 (жиырма) грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"В" – Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерүсті көлігімен 50 (елу) грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"С" – Қазақстан Республикасының шегінде 50 (елу) грамға дейінгі салмақта арнаулы хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"D" – Қазақстан Республикасының шегінде тіркелетін бандерольді жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"E" – Қазақстан Республикасының шегінде тіркелмейтін бандерольді жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"N" – Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерүсті көлігімен 10 (он) грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін пошталық карточканы жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"М" – Қазақстан Республикасы шегінде жерүсті көлігімен салмағы 10 (он) грамға дейінгі арнаулы пошталық карточканы жіберу тарифіне сәйкес келеді;
"P" – Қазақстан Республикасының ұсақ пакетті жіберу тарифіне сәйкес келеді.
8. Пошта төлемі белгілерінің пошта операторларына тиістілігін сәйкестендіру мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінен басқа беттік жағында пошта операторының атауы болады.
9. Пошта төлем белгілері пішіні тік немесе көлбеу өлшемі 15 (он бес) миллиметрден кем болмайтындай кез келген пішінде болуы мүмкін.
10. Кез келген компостермен жасалынған айырым тесіктері немесе өрнектелген бердерлі ізтаңбалар пошта төлем белгілерінің айқындылығын сақтай отырып енгізіледі.
11. Пошта төлем белгілеріндегі қызметтік жазбалар оңай оқылуды және пошта төлемінің белгісін рәсімдеудің композициялық шешіміне сәйкестікті қамтамасыз етіп орналастырылады.
Нысан
Пошта төлемінің белгілері (пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда)
БЕКІТІЛДІ: | |
Пошта операторы басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) |
БЕКІТІЛДІ: | |
Уәкілетті орган басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) |