Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Жаңаөзен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 29.04.2026 № 39/352 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Жаңаөзен қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Жаңаөзен қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Жаңаөзен қалалық мәслихатының төрағасы | Г. Байжанов |
| "КЕЛІСІЛДІ" | |
|
"Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі |
| Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2024 жылғы 28 наурыздағы № 14/111 шешіміне 1 қосымша |
Жаңаөзен қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
Ескерту. Қағидаға өзгеріс енгізілді - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 10.10.2024 № 20/159 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жаңаөзен қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру обьектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған обьектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру обьектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
Ескерту. 2 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 17.12.2024 № 22/187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және жылына бір рет, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 29.04.2026 № 39/352 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).2 - тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жылда бір рет ақшалай нысанда келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 110 000 (бір жүз он мың) теңге мөлшерінде;
3) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге -259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге мөлшерінде;
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне -216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң – 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға -173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдарға - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
1988 - 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 173 000 (бір жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде;
4) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға – 43 250 (қырық үш мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) - 34 600 (отыз төрт мың алты жүз) теңге мөлшерінде;
5) 1 қазан – Қарттар күні:
70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;
6) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
"Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 29.04.2026 № 39/352 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға өтініші негізінде бір жылда бір рет көрсетіледі:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап алты айдың ішінде, өтініші бойынша, 1 рет, табысын есепке алмай – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңгеден аспайтын мөлшерде;
2) әлеуметтік маңызы бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай – 100 000 (бір жүз мың) теңге мөлшерінде;
3) өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға, жылына 1 рет – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде.
Ескерту. 6 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 29.04.2026 № 39/352 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).6-1. Санаторийлік-курорттық емделуге әлеуметтік көмек жылына бір рет арызы негізінде табыстарын есепке алмай келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға (бұл ретте, егер аталған адамдар бір мезгілде мүгедектер санатына жататын болса, қамтамасыз ету олардың таңдауы бойынша бір ғана негізде жүзеге асырылады) санаториялық-курорттық емделуге, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;
2) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар (жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда).
Ескерту. Қағидалар 6-1 тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 29.04.2026 № 39/352 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).3-тарау. Қорытынды ереже
7. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру қаланың бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.
8. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Ескерту. 8 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 11.08.2025 № 28/244 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
| Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2024 жылғы 28 наурыздағы № 14/111 шешіміне 2 қосымша |
Жаңаөзен қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/27 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешім (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4502 болып тіркелген).
2. 2021 жылғы 15 желтоқсандағы № 13/100 "Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/27 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешім (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26075 болып тіркелген).
3. 2022 жылғы 5 мамырдағы №18/147 "Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/27 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешім (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №28035 болып тіркелген).
4. 2022 жылғы 3 қазандағы № 22/187 "Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/27 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешім (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30219 болып тіркелген).
5. 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 28/220 "Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/27 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешім (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31632 болып тіркелген).