Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 212-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысымен бекітілген Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қызылорда және Жамбыл облыстары жергілікті атқарушы органдарының ішкі нарықта айналысқа жіберуі үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының мынадай шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты айқындалсын:
1) шарттар:
мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жылы – 2021 жыл;
бағалы қағаздардың түрі – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бағалы қағаздардың ішкі нарығында айналысқа шығару үшін шығаратын, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздар;
2) көлемдері:
Қызылорда облысы – 1 886 036 000 (бір миллиард сегіз жүз сексен алты миллион отыз алты мың) теңгеден артық емес;
Жамбыл облысы – 2 883 662 000 (екі миллиард сегіз жүз сексен үш миллион алты жүз алпыс екі мың) теңгеден артық емес;
3) нысаналы мақсаты – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |