2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 212-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы № 1520 қаулысымен бекітілген Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары жергілікті атқарушы органдарының ішкі нарықта айналысқа жіберуі үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының мынадай шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты айқындалсын:
1) шарттар:
мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жылы – 2020 жыл;
бағалы қағаздардың түрі – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге арналған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар;
2) көлемдері:
Қостанай облысы – 6 000 000 000 (алты миллиард) теңгеден артық емес;
Қарағанды облысы – 4 000 000 000 (төрт миллиард) теңгеден артық емес;
Ақмола облысы – 1 163 729 000 (бір миллиард бір жүз алпыс үш миллион жеті жүз жиырма тоғыз мың) теңгеден артық емес;
Батыс Қазақстан облысы – 7 000 000 000 (жеті миллиард) теңгеден артық емес;
3) нысаналы мақсаты – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары- Қаржы министрі |
А. Смаилов |