"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттер биржаларының (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке Келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 31 наурыздағы № 1219 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттер биржаларының (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде ортақ қаржы нарығының жұмыс істеуі үшін тиісті жағдайлар жасау мақсатында, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге деген ұмтылысты бөлісе отырып,
бір мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттер биржаларының (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберуді қамтамасыз ету қажеттілігін мойындай отырып,
мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын дамытуды ынталандыру мақсатында мүше мемлекеттердің өзара сауда және инвестициялық ынтымақтастығын нығайтуға мүдделілік білдіре отырып,
мүше мемлекеттердің әрқайсысының экономикалық мүдделерін ескеру арқылы тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарына сүйене отырып,
осы Келісімді іске асыру мақсатында біріне-бірі жан-жақты жәрдем көрсете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"биржа (сауданы ұйымдастырушы)" - осы заңды тұлға тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес және осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген (ұсынған) лицензия (рұқсат) негізінде бағалы қағаздармен және (немесе) туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған сауда-саттықты өткізу (туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттар жасасу) бойынша қызметтер көрсететін заңды тұлға;
"брокер" - осы заңды тұлға тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес және осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген (ұсынған) лицензия (рұқсат) негізінде брокерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
"брокерлік қызмет" - бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға және (немесе) туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттар жасасуға байланысты клиенттермен жасалған шарттар негізінде олардың тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылатын қызмет;
"депозитарий", "орталық депозитарий" - осы заңды тұлға тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген (ұсынған) лицензияның (рұқсаттың) негізінде және (немесе) осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес депозитарлық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
"депозитарийлік қызмет" - бағалы қағаздар нарығындағы бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алу және оларға көшу бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызмет;
"дилер" - осы заңды тұлға тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес және осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген (ұсынған) лицензия (рұқсат) негізінде дилерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
"дилерлік қызмет" - егер мұндай мәмілелерді жасау (шарттар жасасу) үшін осындай мәмілелер жасайтын (шарттар жасасатын) тұлға тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген (ұсынған) лицензия (рұқсат) талап етілсе, өз атынан және өз есебінен бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелерін жасау және (немесе) туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттар жасасу;
"биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу - бағалы қағаздарды және (немесе) туынды қаржы құралдарын (туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттарды) сатып алу-сату шарттарын жасасу үшін биржа (сауданы ұйымдастырушы) өткізетін ұйымдастырылған сауда-саттыққа тіке (тікелей) қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
"шетелдік клиент" - мүше мемлекеттің азаматы болып табылмайтын және брокердің қызметтерін пайдаланатын жеке тұлға немесе Одақ мүшесі болып табылмайтын және брокердің қызметтерін пайдаланатын мемлекеттің аумағында тіркелген заңды тұлға;
"клиринг" - ұйымдастырылған сауда-саттықта жасалатын шарттардан туындаған, орындалуға жататын міндеттемелерді айқындау және осындай міндеттемелерді тоқтату және (немесе) орындау үшін негіз болып табылатын құжаттарды (ақпаратты) дайындау, сондай-ақ осындай міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету;
"клирингтік қызмет" - клирингті жүзеге асыру бойынша қызметтерді көрсету жөніндегі қызмет;
"клирингтік ұйым" - осы заңды тұлға тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес клирингтік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
"ұлттық клиент" - осы мүше мемлекеттің аумағында тіркелген брокердің қызметтерін пайдаланатын, мүше мемлекеттің азаматы болып табылатын жеке тұлға немесе мүше мемлекеттің аумағында тіркелген (құрылған) заңды тұлға;
"шетелдік номиналды ұстаушының шоты" - бір мүше мемлекеттің депозитарийі (орталық депозитарийі) басқа мүше мемлекеттің депозитарийіне (орталық депозитарийіне) не өз мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес депозитарлық қызметті жүзеге асыруға құқылы басқа мүше мемлекеттің брокеріне ашатын шот;
"уәкілетті орган" - қаржы саласында ерекше құқықтық режим қолданылатын, тек мүше мемлекеттердің аумақтарына қатысты өкілеттіктері бар органдарды қоспағанда, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес биржалардың (сауданы ұйымдастырушылардың), брокерлердің, дилерлердің, депозитарийлердің (орталық депозитарийлердің), клирингтік ұйымдардың қызметін реттеуді, лицензиялауды, бақылауды, қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктері бар осы мүше мемлекеттің органы.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мәндерде қолданылады.
2-бап
1. Осы Келісімнің нысанасы бір мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттің биржасы (сауданы ұйымдастырушы) өткізетін, бағалы қағаздармен және (немесе) туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылған сауда-саттыққа (бұдан әрі - туынды қаржы құралдары) қатысуға (туынды қаржы құралдары болып табылатын шарттар жасасуға) жіберуді қамтамасыз ету болып табылады.
2. Осы Келісімнің ережелері қаржы саласында ерекше құқықтық режим қолданылатын мүше мемлекеттің аумағында тіркелген немесе құрылған брокерлерге, дилерлерге, биржаларға (сауданы ұйымдастырушыларға), клирингтік ұйымдарға, депозитарийлерге қолданылмайды.
3. Әрбір мүше мемлекет дилерлік қызметті жүзеге асыру үшін басқа мүше мемлекеттердің дилерлерін, сондай-ақ осы баптың 10-тармағының ережелерін ескере отырып, тек қана ұлттық клиенттер мен шетелдік клиенттердің мүддесінде брокерлік қызметті жүзеге асыру үшін басқа мүше мемлекеттердің брокерлерін биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу үшін жағдайлар жасайды.
4. Бір мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлерін басқа мүше мемлекеттің биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып, биржа (сауданы ұйымдастырушы) осы басқа мүше мемлекеттің аумағында тіркелген брокерлер мен дилерлерге ұсынатын талаптардан кем емес қолайлы шарттарда ұсынылады.
5. Бір мүше мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу басқа мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлеріне лицензияның (рұқсаттың) негізінде ұсынылады.
Лицензия (рұқсат) аумағында брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасы талаптарына сәйкес беріледі (ұсынылады). Бұл ретте мұндай лицензияның (рұқсаттың) болу фактісіне адал сенім артатын бір мүше мемлекеттің биржасы (сауданы ұйымдастырушы) аумағында брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы тексеруді жүзеге асырғанын және брокерде немесе дилерде басшы лауазымдарын атқаратын тұлғаларда, оның бенефициарлық иелерінде және аумағында брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес брокерге немесе дилерге қатысты тікелей немесе жанама бақылауды жүзеге асыратын және (немесе) елеулі ықпалы бар тұлғаларда қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығының болу фактісі анықталмағанын негізге алуға құқылы.
6. Биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу кезінде брокерлер мен дилерлерге:
1) ұйымдастырылған сауда-саттыққа өтінімдер беру және мәмілелер жасасу (биржаның (сауданы ұйымдастырушының) талаптарын орындау шартымен));
2) биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің аумағында тіркелген клирингтік ұйымның көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, клирингтің қатысушысы болу (мұндай ұйымның талаптарын орындау шартымен);
3) ұйымдастырылған сауда-саттыққа және клирингке техникалық рұқсат алу (осындай техникалық рұқсат беретін тұлғаның талаптарын орындау шартымен);
4) мүше мемлекеттердің депозитарийлерінде (орталық депозитарийлерінде) тиісті шоттар ашу (депозитарийдің (орталық депозитарийдің талаптарын орындау шартымен) мүмкіндігі беріледі.
7. Бір мүше мемлекет биржасының ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлері ұйымдастырылған сауда-саттыққа, депозитарлық және клирингтік көрсетілетін қызметтерге қатысуға қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы жіберілуі мүмкін.
8. Бір мүше мемлекет биржасының ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлері олар осы биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекет заңнамасының, оның ішінде бағалы қағаздар нарығын реттеу (бағалы қағаздар және туынды қаржы құралдары нарығында брокерлік және дилерлік операциялар жасауды коса алғанда), нарықта айла-шарғы жасауды және инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануды қоса алғанда, бағалы қағаздар және туынды қаржы құралдары нарығында теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл саласында, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, биржалық, клирингтік және депозитарлық қызмет саласында талаптарды сақтау шартымен, сондай-ақ биржа (сауданы ұйымдастырушы) белгілеген қағидаларды сақтау шартымен жіберіледі.
Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалатын (мүше мемлекеттің уәкілетті органы айқындайтын) лицензиялық талаптар, брокерлік және дилерлік қызметке қойылатын талаптар және пруденциялық қадағалау нормативтері басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлеріне қолданылмайды.
Брокердің клиенттермен өзара іс-қимылы осы брокер тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалатын (мүше мемлекеттің уәкілетті органы айқындайтын) тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Бір мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес депозитарлық қызметті жүзеге асыратын осы мүше мемлекеттің брокерлері және (немесе) депозитарийлері (орталық депозитарий) басқа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен осы басқа мүше мемлекеттердің депозитарийлерінде (орталық депозитарийлерінде) шоттар ашуға құқылы.
Шетелдік номиналды ұстаушының шоты ашылған брокер және (немесе) депозитарийлер (орталық депозитарий) аумағында осындай шот ашылған депозитарий (орталық депозитарий) өз қызметін жүзеге асыратын мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген депозитарлық қызметке қатысты талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
10. Мүше мемлекет осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген талаптардың сақталуын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ осы мүше мемлекеттің биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберілген мүше мемлекеттердің брокерлері осы мүше мемлекеттің аумағында қызметтер көрсетуге құқылы емес үшінші мемлекеттер мен аумақтардың резиденттеріне қатысты белгілі бір мерзімге шектеулер белгілеуге құқылы.
Биржа (сауданы ұйымдастырушы) өзі тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органымен келісілген мерзім ішінде осы тармақтың бірінші абзацында көзделген шектеулер қолданылатын, брокерлік қызметті жеке және заңды тұлғалардың, үшінші мемлекеттер мен аумақтар резиденттерінің мүдделеріне орай осы биржада (сауданы ұйымдастырушыда) жүзеге асыруды жалғастыратын брокерге белгіленген рәсім бойынша ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберуді тоқтата тұрады және мүше мемлекет осындай шектеулерді алып тастаған кезде немесе брокер мүше мемлекет пен биржа (сауданы ұйымдастырушы) белгілеген талаптарды орындаған кезде жіберуді қайта бастайды. Техникалық мүмкіндік болған кезде брокерді ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберу брокер осындай клиенттердің мүддесіне орай жасайтын операциялар бөлігінде ғана тоқтатыла тұрады. Бұл ретте брокер ұйымдастырылған сауда-саттыққа жіберу тоқтатыла тұрғанға дейін жасаған мәмілелер бойынша есеп айырысулар аяқталуы тиіс.
11. Әрбір мүше мемлекет қаржы жүйесінің тұрақтылығын ұстап тұру және (немесе) экономикалық қауіп-қатерлерді болғызбау үшін (айрықша жағдайларда) осы мүше мемлекеттің биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығында осы мүше мемлекеттің брокерлері мен дилерлері, сондай-ақ осы мүше мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберілген басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерінің бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен операциялар жасасудың уақытша арнаулы тәртібі мен талаптарын айқындай алады. Егер оларды енгізуге себеп болған мән-жайлардың қолданысы тоқтатылатын болса, мұндай шараларды қолдану тоқтатылады.
3-бап
Қажет болған кезде уәкілетті органдар мүше мемлекеттердің биржаларына (сауданы ұйымдастырушыларға) биржалар (сауданы ұйымдастырушылар) арасында өзара іс-қимыл орнатуға, оның ішінде биржалардың (сауданы ұйымдастырушылардың) тиісті шарттарды жасауы арқылы жәрдем көрсетеді.
Осы Келісімді іске асыру шеңберінде бір мүше мемлекеттің уәкілетті органы басқа мүше мемлекеттің биржасына (сауданы ұйымдастырушыға) осы биржаның (сауданы ұйымдастырушының) сұрау салуы бойынша өз мүше мемлекеті заңнамасының осы уәкілетті орган оларға қатысты реттеу және (немесе) бақылау (қадағалау) жөніндегі өкілеттіктерге ие брокерлерге және (немесе) дилерлерге, сондай-ақ депозитарлық қызметке қойылатын талаптарына байланысты мәселелер жөнінде оған ақпарат беру нысанында жәрдем көрсетеді.
4-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап
1. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы оған биржаның (сауданы ұйымдастырушының) мынадай:
1) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерін биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберу (жіберуді қайта бастау) туралы қабылдаған шешімі туралы;
2) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерін биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберуді тоқтата тұру (тоқтату) туралы қабылдаған шешімі туралы;
3) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберілген басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлеріне ықпал ету шараларын қолдану туралы қабылдаған шешімі туралы;
4) басқа мүше мемлекеттер брокерлерінің (олардың клиенттерінің) және дилерлерінің биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануға және нарыққа айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында белгіленген талаптар мен тыйым салуларды ықтимал бұзушылықтарын айғақтайтын белгілер туралы;
5) басқа мүше мемлекеттер брокерлерінің брокердің клиенттермен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне қатысты өз мүше мемлекетінің заңнамасы талаптарын ықтимал бұзушылықтарын (мұндай ақпарат болған кезде) айғақтайтын белгілер туралы;
6) биржа (сауданы ұйымдастырушы) анықтаған, басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерінің биржа (сауданы ұйымдастырушы) белгілеген талаптар мен тыйым салуларды елеулі түрде бұзу фактілері туралы ақпаратты ұсыну тәртібі мен мерзімдерін айқындайды. Бұзушылықтардың маңыздылығының өлшемшарттары биржаның (сауданы ұйымдастырушының) қағидаларына және (немесе) биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалуы мүмкін;
7) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) және (немесе) аумағында биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органының қалауы бойынша өзге де бұзушылықтар, оқиғалар мен фактілер туралы ақпаратты ұсыну тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
2. Осы баптың 1 тармағының 1) - 3), 5) - 7) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты алған кезде биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы ақпаратты брокерлер мен дилерлер тіркелген мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына барынша қысқа мерзімде, бірақ ақпарат алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей беруді жүзеге асырады.
3. Уәкілетті орган "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі өзінің ресми сайтында мынадай:
1) тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей, тоқтата тұру мерзімін (қайта бастау күнін) көрсете отырып, лицензияның (рұқсаттың) қолданысын тоқтата тұру (қайта бастау) немесе брокердің, дилердің, депозитарийдің (орталық депозитарийдің), биржаның (сауданы ұйымдастырушының) кәсіптік қызметін тоқтата тұру (қайта бастау) туралы;
2) тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей, лицензияның (рұқсаттың) күшін жою (қолданысын тоқтату, күші жойылды деп тану), кәсіптік қызметін тоқтату күнін көрсете отырып, брокердің, дилердің, депозитарийдің (орталық депозитарийдің), биржаның (сауданы ұйымдастырушының) лицензиясының (рұқсатының) күшін жою (қолданысын тоқтату, күші жойылды деп тану) немесе кәсіптік қызметін тоқтату туралы;
3) егер ақпаратты жария ету бойынша міндет брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, тиісті шешім қабылданған күннен кейінгі күнтізбелік 3 күннен кешіктірмей, тыйым салу (шектеу) мерзімін көрсете отырып, брокердің, дилердің, депозитарийдің (орталық депозитарийдің), биржаның (сауданы ұйымдастырушының) бағалы қағаздар және (немесе) туынды қаржы құралдары нарығында жекелеген операциялар жүргізуіне тыйым салулар немесе шектеулер белгілеу туралы ақпаратты жариялайды.
4) Уәкілетті орган брокерге, дилерге, депозитарийге.' (орталық депозитарийге), биржаға (сауданы ұйымдастырушыға) қатысты қолданылатын өзге де шаралар туралы ақпаратты, егер мұндай ақпаратты жария ету осы мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе, осындай заңнамада көзделген тәртіппен және мерзімдерде жария етеді.
6-бап
1. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы өз мемлекетінің аумағында басқа мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерінің қызметін тексеруді Келісімнің 5-бабы 1-тармағының 1) -4), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген ақпарат негізінде жүргізуге құқылы.
Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органының тексеру жүргізуі осы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Клиенттермен өзара іс-қимыл тәртібі бөлігінде бұзушылыққа жол берген, өзі туралы ақпарат осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағына сәйкес ұсынылған брокер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы бұзушылықтарды жоюға және (немесе) аталған бұзушылықты жасаған осындай брокерді және (немесе) өзге де тұлғаларды жауаптылыққа тартуға бағытталған ықпал ету шараларын қабылдайды және бұл туралы тиісті шараларды қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірмей, биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органына хабарлайды (қажет болған кезде растайтын құжаттарды береді).
Көрсетілген жағдайда тексеруді, егер мұндай тексерулер жүргізу осы мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмесе, осы уәкілетті органдар арасындағы келісім бойынша брокер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы (тексеруді ұйымдастырушы) биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органымен бірлесіп жүргізе алады.
3. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген, оның ішінде инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануға және нарықтағы айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл саласындағы талаптар мен тыйым салулар бұзылған жағдайда бұзушылықтарды жоюға және (немесе) осындай бұзушылықтарды жасаған брокерді немесе дилерді және (немесе) өзге де тұлғаларды жауаптылыққа тартуға бағытталған ықпал ету шараларын қабылдайды және бұл туралы тиісті шараларды қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірмей, брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органына хабарлайды (қажет болған кезде растайтын құжаттарды береді).
Көрсетілген жағдайда тексеруді, егер мұндай тексерулер жүргізу осы мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмесе, осы уәкілетті органдар арасындағы келісім бойынша биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы (тексеруді ұйымдастырушы) брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органымен бірлесіп жүргізе алады.
4. Осы брокер немесе дилер биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген, оның ішінде инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануға және нарықтағы айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл саласындағы талаптар мен тыйым салуларды, сондай-ақ биржаның (сауданы ұйымдастырушының) қағидаларын бұзған жағдайда биржа (сауданы ұйымдастырушы) басқа мүше мемлекеттің брокерін немесе дилерін ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберуді тоқтата тұруға (тоқтатуға) құқылы.
Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органынан тиісті брокерді немесе дилерді ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберуді тоқтата тұру (тоқтату) қажеттілігі туралы ақпарат келіп түскен жағдайда биржа (сауданы ұйымдастырушы) басқа мүше мемлекеттің брокерін немесе дилерін ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберуді тоқтата тұрады (тоқтатады).
Осы брокер немесе дилер мұндай биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптар мен тыйым салуларды бұзған жағдайда биржаның (сауданы ұйымдастырушының) басқа мүше мемлекеттің брокерін немесе дилерін ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға жіберуді тоқтата тұруы (тоқтатуы) брокерді немесе дилерді басқа мүше мемлекеттерде тіркелген биржалардың (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберуге қолданылмайды.
5. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органына осы Келісімде көзделмеген өзге де бұзушылықтар туралы ақпарат келіп түскен жағдайда осы уәкілетті орган өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес бұзушылықтарды жоюға және (немесе) аталған бұзушылықтарды жасаған тиісті брокерді немесе дилерді және (немесе) тұлғаларды жауаптылыққа тартуға бағытталған шаралар қабылдайды және бұл туралы тиісті шаралар қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірмей, брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органына хабарлайды.
Көрсетілген жағдайда тексеруді, егер мұндай тексерулер жүргізу осы мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмесе, осы уәкілетті органдар арасындағы келісім бойынша биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы (тексеруді ұйымдастырушы) брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органымен бірлесіп жүргізе алады.
6. Егер брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағына сәйкес алынған ақпараттың негізінде тиісті брокерге немесе дилерге және (немесе) өзге тұлғаларға қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы шешім қабылдаса, осы уәкілетті орган бұл туралы тиісті шаралар қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірмей, биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің көрсетілген ақпаратты берген уәкілетті органына хабарлайды.
7. Осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көрсетілген ақпаратты берген, биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органының брокерді немесе дилерді тексеру нәтижелері туралы биржаны (сауданы ұйымдастырушыны) хабардар етеді.
Брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы бұзушылықты анықтаған жағдайда биржа (сауданы ұйымдастырушы) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберуді тоқтата тұруды (тоқтатуды) қоса алғанда, брокерге немесе дилерге ықпал ету шараларын қолдануға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырады.
8. Басқа мүше мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушының) ұйымдастырылған сауда-саттығына қатысуға жіберілген бір мүше мемлекеттің брокері немесе дилері биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы оған қатысты қабылдаған шешімдерді орындаудан жалтарған жағдайда брокер немесе дилер тіркелген мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы брокердің немесе дилердің шешімдерді орындауын қамтамасыз етуге бағытталған, осы мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
9. Жауапкершілік шараларын қолдануға және мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары және уәкілетті органдары қабылдаған шешімдерді орындауын қамтамасыз етуге байланысты мәселелер, сондай-ақ осы Келісімде реттелмеген өзге де мәселелер мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.
7-бап
1. Уәкілетті органдар осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелерді қажет болған жағдайда Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдерінің қатысуымен бірлескен консультациялар өткізу шеңберінде қарайды.
2. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
3. Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
4. Осы Келісім - Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт және ол Одақ құқығына кіреді.
8-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді осы Келісімге мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
20___ жылғы "____" _______________ ____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
| Армения Республикасы үшін |
| Беларусь Республикасы үшін |
| Қазақстан Республикасы үшін |
| Қырғыз Республикасы үшін |
| Ресей Федерациясы үшін |