| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы дайындау, оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау қағидалары бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 13 наурыздағы № 1201 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы дайындау, оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау ҚАҒИДАЛАРЫ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы дайындау, оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылық профилактикасы) туралы ұлттық баяндаманы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) дайындау, оны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау тәртібін айқындайды.
2-тарау. Материалдарды ұсыну тәртібі
2. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, өз құзыреті шегінде 15 ақпанға қарай Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – ІІМ) қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс, құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері жөніндегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, ведомстволық және өңірлік жоспарлардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынады.
3. Ақпаратқа бірінші басшы немесе оны алмастыратын адам қол қояды, ол мәліметтердің дұрыстығын, толықтығын және оның уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.
3-тарау. Ұлттық баяндаманы дайындау тәртібі
4. Ұлттық баяндаманы дайындауды ІІМ жүзеге асырылады.
5. Ұлттық баяндама мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұсынған ақпарат, сондай-ақ халықаралық және ұлттық деңгейлердегі қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы жай-күй мен үрдістерді талдау, бағалау негізінде қалыптасады.
6. Ұлттық баяндамада Қазақстан Республикасының ұйымдары мен азаматтары ұсынған ақпарат пен мәліметтер де пайдаланылуы мүмкін.
7. Ұлттық баяндаманың құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) кіріспе;
2) негізгі бөлік;
3) қорытынды.
8. Кіріспе Ұлттық баяндаманы ұсынудың негізі мен мақсатын, сондай-ақ оның қысқаша мазмұнын қамтиды.
9. Ұлттық баяндаманың негізгі бөлігі құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың мәнін, жай-күйін және негізгі нәтижелерін көрсететін деректерді, сондай-ақ:
1) құқық бұзушылық профилактикасы және криминогендік ахуал саласындағы ағымдағы жай-күй туралы ақпаратты;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдары және азаматтары құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жүргізіп жатқан жұмыс туралы ақпаратты;
3) құқық бұзушылық профилактикасы мәселесі бойынша стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, ведомстволық және өңірлік жоспарлардың орындалуы туралы ақпаратты;
4) іске асырылып жатқан шаралардың елдегі қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйіне әсерін бағалауды;
5) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шаралардың тиімділігін бағалауды;
6) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу, азаматтарды зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынастан, қоғамға жат мінез-құлықтан қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру туралы ақпаратты;
7) қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық мәдениет және қоғамдағы құқық бұзушылық көріністеріне төзбеушілік деңгейлерін айқындау жөніндегі әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелерін;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың тиісті рейтингілеріндегі көрсеткіштерін және халықаралық деңгейде қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды.
10. Қорытынды қоғамдық қауіпсіздікті қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру, құқық бұзушылық профилактикасы, осы саладағы жұмысты одан әрі дамыту мен жақсарту, оның ішінде стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды түзету жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстарды қамтиды.
11. Қажет болған жағдайда Ұлттық баяндамада қосымшалар болуы мүмкін, олар мәтінде қосымшаларға сілтемелер тәртібімен орналасады.
12. ІІМ есептік жылдан кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұлттық баяндаманы ұсынады.
4-тарау. Ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу және жариялау тәртібі
13. Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралғаннан кейін, бірақ есепті жылдан кейінгі жылдың 25 мамырынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
14. Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық баяндаманы қарау қорытындысы бойынша оны мақұлдаған жағдайда, қорытындылар мен ұсыныстар құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша жұмысты одан әрі жетілдіруге және оны ресми жариялауға негіз болады.
15. Ұлттық баяндаманы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және оны ІІМ-нің интернет-ресурсында орналастыру Қазақстан Республикасының Президенті оны қарағаннан кейін бір айдан кешіктірмей жүзеге асырылады.