| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 10 наурыздағы № 1200 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) – мемлекеттік органдардың құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган.
2. Ведомствоаралық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. Ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі.
4. Мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жүргізу және ұсынымдар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады, оның қызметі жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
2-тарау. Ведомствоаралық комиссияның құрамы
5. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төрағаның орынбасары – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі.
6. Ведомствоаралық комиссияның хатшысы – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы.
7. Ведомствоаралық комиссияның мүшелері лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі, Әділет министрі, Ғылым және жоғары білім министрі, Денсаулық сақтау министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Көлік министрі, Қаржы министрі, Оқу-ағарту министрі, Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Сауда және интеграция министрі, Төтенше жағдайлар министрі, Туризм және спорт министрі, Энергетика министрі.
3-тарау. Ведомствоаралық комиссияның өкiлеттiктерi
8. Ведомствоаралық комиссияның негізгі өкілеттіктері:
1) мемлекеттік органдардың құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру және оның тиімділігін бағалау;
2) Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысын қарау;
4) құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі шараларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қарауына енгізу;
5) құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша ақпараттық материалдарды дайындап, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарға жіберу;
6) мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды адамдарының құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері жөніндегі және жүргізіп жатқан жұмысы туралы есептерін тыңдау, олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
7) ведомствоаралық жұмыс тобының ұсынымдарын қарау.
4-тарау. Ведомствоаралық комиссия қызметінің тәртібі
9. Ведомствоаралық комиссияны төраға басқарады. Төраға болмаған кезде немесе оның тапсырмасы бойынша төрағаның функцияларын орынбасары атқарады.
10. Ведомствоаралық комиссияның мүшелері отырыстарға ауысу құқығынсыз қатысады. Ведомствоаралық комиссияның отырыстарына шақырылған адамдар қатыса алады.
11. Отырыстардың жұмыс жоспарын, күн тәртібін, сондай-ақ оларды өткізу орны мен уақытын Ведомствоаралық комиссияның төрағасы бекітеді.
12. Ведомствоаралық комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі және егер оларға Ведомствоаралық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.
13. Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізу нәтижелері бойынша үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалып, оған төраға мен хатшы қол қояды.
Ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілгеннен кейін хатшы хаттаманы ресімдейді. Хатшы Ведомствоаралық комиссияның мүшесі болмайды.
14. Ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы:
1) Ведомствоаралық комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
2) оның отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, сондай-ақ қажетті құжаттар мен материалдарды дайындайды, олар хаттаманың жобасы қоса беріле отырып, оның отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын Ведомствоаралық комиссияның мүшелеріне жіберіледі;
3) отырыстар хаттамаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Ведомствоаралық комиссия материалдарының, сондай-ақ дауыс беру парақтарын қоса бере отырып, хаттамалық шешімдерінің есепке алынуын және сақталуын қамтамасыз етеді.
15. Ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен қайта ұйымдастырылады және таратылады.