"Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 747 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқының Ассамблеясы туралы ереженің 32-тармағына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуын орта мерзімді перспективада қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022 - 2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 1014 Жарлығы;
2) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 195 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 35-тармағы.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 1144 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны
1-бөлім. | Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының паспорты |
2-бөлім. | Ағымдағы ахуалды талдау |
3-бөлім. | Халықаралық тәжірибеге шолу |
4-бөлім. | Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат жүйесінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамту пайымы |
5-бөлім. | Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері |
6-бөлім. | Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асырудың нысаналы индикаторлары мен күтілетін нәтижелері |
1-бөлім. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының паспорты
2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекетті, қоғамды және азаматтарды топтастыру, елдің қоғамдық-саяси тұрақтылығын, орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты өркендеген, демократиялық мемлекет, тең мүмкіндіктер қоғамын - Әділетті Қазақстанды құру процесінде іске асыруға қатысуын қамтамасыз ету.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын, "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде қоғамды топтастыруды, этностардың үйлесімді дамуы мен құқықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекетті құрудың жаңа даму кезеңіндегі мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес Ассамблеяны трансформациялау үшін жаңа тәсілдерді ескеруді қамтамасыз етуге арналған.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезінен бастап азаматтық бірегейлік пен бірлік саясатын дәйекті түрде жүргізіп, қоғамдағы этностардың қауіпті бөлінуіне жол бермей, халықтың азаматтық-саяси, рухани-мәдени тұтастығын сақтап қалды, экономикалық және әлеуметтік модельдің ауқымды трансформациялануын қамтамасыз етіп, бүгінгі таңда жаңа сүбелі өзгерістер жүргізіп, Әділетті Қазақстанды құруда.
Ассамблеяның заңнамалық-құқықтық дамуы Қазақстан этностарының бірлігі мен интеграциясын нығайту тетіктерін күшейту жоніндегі нормативтік құқықтық базаны дәйекті дамытумен сипатталады.
Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы № 2066 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған.
Ассамблея бастапқыда Қазақстанның болмысына, сондай-ақ этностардың интеграциясын қамтамасыз етудің озық әрі озат тетіктеріне толық бейімделген, қазақстандық мемлекеттіліктің өзіндік ерекшелігі бар институты ретінде құрылды. Ол қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастыратын тұғырға айналды.
2007 жылғы конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық мәртебесі бар мекеме ретінде айқындап, оның Қазақстан Республикасының Парламентіндегі кепілді өкілдігін қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 370 Жарлығымен Қазақстан халықтары Ассамблеясының атауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді.
2008 жылы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда оның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды.
2012 - 2022 жылдары аталған Заңға Ассамблея қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблея туралы ереже бекітіліп, ол 2024 жылы жаңартылды, онда Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттіктері бекітілген.
Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы (2011 жылға дейін) және Ассамблеяның даму тұжырымдамасы дәйекті түрде (2020 жылға дейін, 2025 жылға дейін) іске асырылды, нәтижесінде мемлекеттік саясаттың институционалдық негізі және этносаралық қатынастар саласын реттейтін мемлекеттік жүйесі құрылды, ол Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерімен және қоғамдық құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
"Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Ассамблеяның Төрағасы болып табылады. Ол Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады, оның қызметінің бағыттарын айқындайды, басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, Ассамблея Кеңесінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бес депутатын тағайындайды, Ассамблея Сессиясын шақырады, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.
Ассамблеяның негізгі органы - ел Президентінің төрағалығымен өтетін жыл сайынғы сессия. Оның шешімдерін мемлекеттік органдар міндетті түрде қарауға тиіс.
Сессиялар арасында Ассамблеяға басшылықты этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен, қоғам қайраткерлерінен, Парламент депутаттарынан, Үкімет мүшелерінен, өңір әкімдерінен тұратын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.
Ассамблея Хатшылығы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады, оның қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледі. Хатшылықты Ассамблея Төрағасының орынбасары - Хатшылықтың меңгерушісі басқарады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылы Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" РММ) құрылды. Өңірлік деңгейде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, елорда әкімдерінің аппараттары жанынан "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекетгік мекемелері (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" КММ) құрылды.
2020 жылы "Қоғамдық келісім" РММ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына, "Қоғамдық келісім" КММ жергілікті атқарушы органдардың ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының қармағына берілді.
2020 жылы құрылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіріп, ұйымдастырады, республикадағы этносаралық келісімнің жай-күйіне талдау жүргізіп, талдамалық материалдар дайындайды.
"Қолданбалы этно-саяси зерттеулер институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ҚЭЗИ) этносаралық қатынастар саласында зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік саясатты жетілдірудегі ғылыми көзқарасты және жаңа әдістерді қолдануды қамтамасыз етеді.
Өңірлерде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдері аппараттарының ішкі саясат басқармалары іске асырады.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыстарда әкімдер басқаратын өңірлік ассамблеялар жұмыс істейді.
Этносаралық саладағы саясатты тиімді іске асыру мақсатында алғаш рет 2025 жылы Алматы (Еңбекшіқазақ, Ұйғыр), Жамбыл (Қордай), Жетісу (Панфилов), Түркістан (Сайрам) облыстарында аудандар деңгейінде ассамблеялар құрылды.
2022 жылғы маусымда өткен жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Сенатының бес депутатын Ассамблея Кеңесінің ұсынысы бойынша тағайындайды, барлық этностардың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдіру мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді.
2023 жылы Қазақстан Республикасының Парламентінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің 30 депутатынан тұратын "Бір ел - бір мүдде" палатааралық депутаттық тобы құрылды, ол заңнамалық деңгейде жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Барлық өңірде облыстық мәслихаттар жанынан Ассамблеяның депутаттық топтары құрылды, олар Ассамблеяның жұмысын өңірлік деңгейде қолдауды жүзеге асырады.
Ассамблея саяси партиялармен белсенді ынтымақтастық жасайды әрі бірлескен жобаларды іске асырады.
Ассамблеяға Қазақстанның барлық этносының өкілдері - этномәдени бірлестіктердің басшылары, танымал қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары кіреді.
Ассамблея шеңберінде елдің барлық өңірін қамтитын және "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде халықтың қалың топтарын интеграциялау процесіне тартатын инклюзивті әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым қалыптастырылған.
Жергілікті жерлерде 36 достық үйі жұмыс істейді, олар этномәдени бірлестіктер, интеграция, медиация және волонтерлік жұмыс саласындағы қоғамдық жобалар үшін көпфункционалды ресурстық орталық ретінде қызмет етеді. Достық үйлерінде түрлі этностардың мемлекет қолдау көрсететін шығармашылық ұжымдары да жұмыс істейді.
Қазіргі кезеңде Ассамблеяны дамытудағы жетекші үрдістердің бірі - оның маңызды әлеуметтік міндеттерді тиімді шешуге қабілетті және қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік, мәдени, ұрпақтан ұрпаққа берілетін және кәсіби бай әралуандығын бойына сіңірген қоғамдық құрылымдарының рөлін арттыру.
"Бірлігіміз - әралуандықта", "Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар", "Адал азамат", "Мемлекеттік тіл - этносаралық қатынас тілі", "Салауатты сана", "Жомарт жан", "Біртұтас қоғам: келісім және сенім", "Елдесу және татуласу", "Жаңа толқын", "Тамырлас" қоғамдық жобалары іс жүзіндегі әлеуметтік әсерін көрсетіп келеді.
2025 жылдан бастап ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында, ұйымдар мен мекемелер ұжымдарында еңбек ассамблеялары құрылуда.
Бұл "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру, қазақстандық азаматтық бірегейлік пен патриотизмді қалыптастыру және дамыту процестеріне халықтың барлық этно-әлеуметтік, ұрпақтар буыны мен аумақгағы топтарын қамтып әрі тартып, Ассамблея жұмысын республика деңгейінде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Ассамблея аясында бір мыңнан астам этномәдени бірлестік пен төрт мыңнан астам қоғамдық құрылым жұмыс істейді, оған 50 мыңнан астам адам тартылған.
2023 жылы құрылған Ақсақалдар кеңесі Ассамблеяның түйінді құрылымдарының бірі болып табылады, оған 8 мыңға жуық активі бар жергілікті деңгейдегі 1263 кеңес кіреді.
Ақсақалдар кеңесі жұмысының негізгі мақсаттары, міндеттері мен идеологиялық құндылықтары "Адал азамат" жобасын ілгерілетуге бағытталған: жастар мен балалардың бойына патриотизмді, азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділікті дарытуға баса назар аударып, Қазақстан халқының іргелі құндылықтары негізінде тәрбиелеу.
Ассамблеяның Аналар кеңестері 2015 жылдан бері отбасы институтын сақтау және нығайту, рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы саясатына белсенді түрде қатысуда. Аналар кеңесінің саны - 1697, құрамында 12 мыңнан астам адам бар. Идеология мен құндылықтың жаңа платформасын ілгерілету шеңберінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді нығайту мен сақтауға, сондай-ақ өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған "Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт" жалпыұлттық жобасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының Ассамблеяның XXXIII сессиясында берген тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан осы жобаның құрамдас бөлігі - "Салауатты Сана" жобасы, ол мінез-құлықты бүлдіретін модельдер мен қоғамдағы әлеуметтік кеселдерге: нашақорлыққа, ойын құмарлыққа, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылыққа, вандализмге, ысыралшылдыққа қарсы іс-қимыл жасауға және оларды жоюға бағытталған.
2021 жылы құрылған "Ассамблея жастары" жастар ұйымы 10 мыңнан астам жас адамды этносарапық бірлікті нығайтуға бағытталған жобаларды іске асыруға тартып келеді. Ұйымның мақсаты - жастардың мәдениетаралық диалогін дамыту, жастар арасындағы интеграциялық процестерді нығайту, сондай-ақ жас қазақстандықтардың өзін-өзі көрсетіп, шығармашылық жағынан өсуіне мүмкіндіктер жасау. Олардың қатарында Ассамблеяның кадрлар резервін қалыптастыруға, этносаралық қатынастар және қоғамдық жұмыс саласында көшбасшыларды даярлауға бағытталған "Жаңа толқын" жобасы бар. Жастар көшбасшыларын оқыту бойынша "Ассамблея көшбасшылары мектебі" жобасы, Ассамблеяның жыл сайынғы жастар сессиясы, "Jastar Generation" халықаралық лагері іске асырылуда, Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары қауымдастығымен бірлесіп, Ассамблеяның креативті шешімдер платформасы құрылуда, сондай-ақ басқа да жобалар іске асырылып жатыр.
65 адамнан тұратын (өңірлік ассамблеялар төрағаларының қоғамдық орынбасарлары, төрағалардың жас орынбасарлары және этноорталықтардың жастар құрылымдарының басшылары, "Ассамблея жастары" өңірлік өкілдіктері және қоғамдық пікірдің жекелеген көшбасшылары) жаңа институт - "Ассамблея жастары" төралқасы құрылды, ол алқалы басқару және көшбасшылық органы, сол сияқты Ассамблеяның кадрлар резерві болып табылады. Сондай-ақ 2025 жылы "Ассамблея жастары" аясында "50 жас көшбасшы" жобасы бастау алды.
2024 жылғы қазаннан бастап еліміздің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында Студенттік ассамблея жұмыс істейді, ол Ассамблеяның жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы өкілдігі болып табылады. Оның негізгі міндеттері - түрлі этнос өкілдерінен тұратын студент жастарды этносаралық келісім және азаматтық бірегейлік саясатын ілгерілетуге топтастыру, сондай-ақ жергілікті жерлерде волонтерлікті және Ассамблея медиациясын дамытуға жәрдемдесу.
2024 жылы еңірлік ассамблеялар базасында "Жомарт жан" орталықтары мен оның 20 өңірлік филиалы құрылды. Олардың міндеті - қайырымдылық пен меценаттықты дамыту, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсету, волонтерлік бастамаларды қолдау. "Жомарт жан" орталықтарының құрамына 400-ден астам меценат пен қайырымдылық жасаушылар, белсенді кәсіпкерлер және бүкіл ел бойынша Ассамблеяның 12 мыңнан астам волонтері кіреді.
Достық үйлерінің барлығында гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері мен волонтерлер орталықтары құрылған, олар мынадай жобаларды іске асыруға қатысады:
"Жүректен - жүрекке" - төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету;
"Қамқор" - әлеуметтік жағынан осал топтарды (ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, жалғыз тұратын аға буын өкілдерін, жетім балаларды, аз қамтылған отбасыларды) қолдау;
"Мектепке жол" - көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы балаларды мектепке дайындау бойынша жыл сайынғы акция;
"Мейірім" - спорттық және әлеуметтік құрылымды дамыту.
2025 жылы Ассамблеяның "Жеңіс бірлікте" спорттық платформасы іске қосылды. Ассамблеяның "Елтану" орталығы құрылып, "Елтану" жобасы бастау алды. "Инклюзивті Ассамблея" жобасы іске асырылуда.
Ассамблеяның медиация кеңесі шамамен 1294 медиаторды біріктіреді, Ассамблеяның 21 медиация орталығы және Ассамблеяның 21 медиация кеңесі (республикалық - 1, өңірлік - 20) жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап Ассамблеяның медиация институтын дамыту және шиеленістің алдын алу профилактикасы бойынша "Елдесу және татуласу" жобасы іске асырылуда.
ҚЭЗИ ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен ынтымақтастық жасай отырып, Ассамблея қызметін ғылыми-сарапшылық сүйемелдеуді жүзеге асырады.
Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесі (бұдан әрі -ҒСК) 2009 жылдан бері жұмыс істейді, өңірлерде Ассамблеяның 20 ғылыми-сарапшылық тобы, жоғары оқу орындары базасында Ассамблеяның 42 кафедрасы жұмыс істейді.
2024 жылы Ассамблеяның ҒСК базасында жастардың ғылыми кадрлары резервін қалыптастыру үшін Жас ғалымдар клубы құрылды.
2014 жылдан бастап Ассамблея мүшелігіне үміткерлерді даярлау үшін "Ассамблея академиясы" жобасын іске асыратын "Шаңырақ" Ассамблея кафедраларының қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді.
2021 жылы "Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанындағы Ассамблея кафедрасы халықаралық қатынастар факультетінде магистратура шеңберінде "Этносаясаттану" білім беру бағдарламасын, ал 2023 жылы докторантураның "Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент" ғылыми-педагогикалық бағдарламасын ашты.
Жалпы Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қоғамдастығы шамамен 360 сарапшыны біріктіреді. ҚЭЗИ базасында және өңірлерде этносаралық ахуалға тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, этносаралық қатынастарды нығайтудың түрлі аспектілері бойынша тақырыптық зерттеулер ұйымдастырылады, өңірлерге мониторингтік сапарлар ұйымдастырылып, практикалық ұсынымдар тұжырымдалады.
Ассамблеяның Журналистер клубы аясында құрамында 275 қатысушысы бар өңірлік 20 журналистер клубы жұмыс істейді, олар этносаралық саланы, Ассамблея қызметін, оның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудағы рөлін жариялап тұрады.
Мемлекеттің қолдауымен неміс ("Deutsche Allgemeine Zeitung"), корей ("Когуо Ибо"), өзбек ("Жанубий Козогистон"), украин ("Украінські новини"), поляк, түрік, күрд және басқа да тілдерді қоса алғанда, 11 тілде 50-ден астам газет пен журнал шығады. Сонымен қатар 7 тілде теле- және радиобағдарламалар таратылады.
Қазақстанда этножурналистиканы дамыту үшін 2024 - 2025 оқу жылынан бастап еліміздің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі 14 білім беру ұйымында "Этносаяси сауаттылық" курсы енгізілді. "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамында "Этножурналистика" мамандығы бойынша магистранттар даярлау жүзеге асырылады.
2024 жылы "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру мақсатында мәдениет, Қазақстан халқының мәдени мұрасын қолдау, дамыту және танымал ету саласында Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары қауымдастығы құрылды, оның құрамына 170-тен астам халық ансамблі, би және хор ұжымы кіреді, Ассамблеяның шығармашылық ұжымдарының бірінші республикалық фестивалі өтті Ассамблеяның мәдени оқиғаларының жыл сайынғы күнтізбесі іске асырылуда.
Қазақстанда төрт бірегей этностық театр - республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, республикалық академиялық неміс драма театры, өзбек драма театры, сондай-ақ қазақ, орыс, өзбек, неміс тілдерінде қызмет ететін орыс драма және кәсіби театрлары жұмыс істейді және оларға мемлекеттік деңгейде белсенді қолдау көрсетілуде.
2023 жылдан бастап мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға ықпал ететін әдебиет, журналистика, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктер үшін сыйақылар тағайындалды. Сондай-ақ 2023 жылы ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету ісіндегі жемісті еңбек үшін "Ел бірлігі" ордені тағайындалды.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде "Ассамблеяның халықтық дипломатиясы" қоғамдық жобасы, Ассамблеяның Достық елшілері корпусы іске асырылуда, ол халықаралық аренада этносаралық бейбітшіліктің қазақстандық моделін танытатын 14 елшіні біріктіреді.
"Ассамблея жастары" ұйымы ЮНЕСКО-ның Жаһандық жастар қауымдастығына кіру жұмыстарын аяқтауда, ол Еуропалық жастар картасы қауымдастығы (Еуропа Кеңесінің құрылымы) құрамына кірді, сондай-ақ шетелдегі жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. 2025 жылы "Қазақстан жастары арасындағы мәдениетаралық диалогтың үздік тәжірибелері" дөңгелек үстелі шеңберінде ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде "Ассамблея жастары" қызметінің таныстырылымы өтті.
Ассамблея жанында көпфункционалды веб-портал дамып келеді, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Ассамблея депозитарийі жұмыс істейді.
Тұтастай алғанда, қызмет атқарған 30 жыл ішінде Ассамблея өзін мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіре отырып, сын-қатерлерге тиімді түрде ден қоюға қабілетті жалпыұлттық бірліктің тиімді институты ретінде көрсетті Ұлттық мемлекеттілікті нығайту, Қазақстанда тұратын барлық этностардың өзіндік мәдениетін, дәстүрлерін, тілін жаңғырту және дамыту жөніндегі міндеттер дәйекті түрде шешілді.
"Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты мемлекет пен қоғамның базалық негіздерінің бірі болып табылады. Қазақстанда бұрыннан қалыптасқан этностық, конфессиялық, мәдени және тілдік алуантүрлілік баға жетпес байлыққа, стратегиялық артықшылыққа айналды, қоғамымыздың идеологиялық, адамгершілік, рухани негізін құрап, ішкі саясаттағы іргелі салалардың бірі болып отыр.
"Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде Қазақстан қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру мен нығайтудың өзіндік моделін құрды, ол Қазақстанның халықаралық брендіне айналып, онда Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі - БҰҰ) азаматтық және саяси құқықтар туралы, нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық пактілері мен конвенциялары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрі - ЕҚЫҰ) аз ұлттардың құқықтарын қамтамасыз ету және алуан түрлі қоғамдарды интеграциялау жөніндегі негіз қалаушы құжаттары мен ұсынымдары табысты іске асырылды.
Қазақстан қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды қамтамасыз ететін әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық даму саласындағы 180-нен астам халықаралық құжатты ратификациялады.
Әлемдік қоғамдастық Қазақстанның тәжірибесін және Ассамблеяның қызметін зерделеуде. Қазақстанға түрлі ұйымдар, сарапшылар мен бірқатар елдердің ресми тұлғалары 60 реттен артық жүгінген.
Қазақстан тәжірибесіне халықаралық сарапшылар, атап айтқанда БҰҰ бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун, Рим Папасы Иоанн Павел II жоғары баға берді.
Қазақстанда этносаясаттың мынадай жалпы базалық бағыттары мен халықаралық стандарттары енгізілді:
1) кемсітушілікке тыйым салу және заң алдында бәрінің тең болуы;
2) мәдени әртүрлілік рухын, әсіресе білім беру арқылы нығайту, сондай-ақ терроризм мен экстремизмді кез келген дінмен, мәдениетпен, этноспен байланыстыруға жол бермеу;
3) этностардың өз мәдениетін пайдалану, өз дінін ұстану, ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз ету, күштеп ассимиляциялауға жол бермеу;
4) барлық этностардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы;
5) этностардың теле- және радио хабарларын таратуға қолжетімділігін қамтамасыз ету, этностар тілдеріндегі баспа бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау.
Қазақстанның заңнамасында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша кемсітушілікке тыйым салынған, этносаралық алауыздықты қоздырудың жолын кесуде.
Халықаралық ұсынымдар көбінесе Ассамблея институты арқылы іске асырылады, ол этностық топтардың мүдделерін ел Парламентінде, өңірлерде білдіруді, сондай-ақ мәдениетін, білімін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын сақтап, дамыту ісінде этностардың өзін-өзі басқаруын қамтамасыз етеді.
Қазақстан этномәдени алуантүрлілікті құрметтеуді ғана емес, сонымен қатар "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты, ортақ құндылықтар, тіл, тең құқықтар және белсенді мәдениетаралық диалог негізінде бірыңғай азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды көздейтін өзінің дербес жолын тандады.
Ассамблея өзінің көп қырлы әрі алуантүрлі болып келетін қоғамдық мүдделерін тиімді интеграциялауға, Қазақстанда тұратын көптеген этностар мен азаматтардың әлеуметтік топтары арасындағы өзара түсіністік пен сенімді орнатуға қабілетті жалпыұлттық институтқа айналды. Ассамблея тетіктері арқылы өз еркін білдіру, мәдени диалог және өзара алмасу үшін барлық жағдай жасалған.
Ассамблеяның жұмысы өзара сыйластыққа, тең құқылық пен тілектестікке негізделген этносаралық қатынастардың қазақстандық моделінің мәнін көрсететін, ұлттың жаңа сапасын құруға бағдарланған "Бірлігіміз - әралуандықта", "Біз - әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз", "Заң мен тәртіп", "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Әралуан пікір - біртұтас ұлт", "Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" іргелі қағидаттары негізінде құрылған.
Қазақстандық этностарға елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы, өңірлік және жалпыұлттық деңгейлерде өз мүдделерін білдіруі үшін барлық мүмкіндік пен жағдай жасалған.
Бірлікті, бейбітшілік пен этносаралық келісімді сақтаудың дәйекті де мызғымас бағыты этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың негізі және Қазақстан халқының ұлттық өмір салты болып табылады.
Ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер, Әділетті Қазақстан құру жағдайында мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде елдің саяси бағытын іске асырудың қажетті шарты ретінде Ассамблеяның халық бірлігін нығайтудағы қызметінің мән-маңызы артып келеді.
Осыған байланысты Ассамблея жұмысының тұжырымдамасында орта мерзімді перспективада қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту,
"Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын одан әрі іске асыру, этносаралық қатынастардың және елдегі этносаралық қатынастарға әсер ететін жаңа үрдістердің дамуы бойынша бірқатар өзекті міндеттерді шешу қажеттігі ескерілуге тиіс.
Этноэлеуметтік процестер динамикасы елдің этнодемографиялық ландшафтының өзгеруімен, халық санының едәуір өскенімен сипатталады. 2025 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 20 283 399 адам тұрады, 2021 жылмен салыстырғанда халық саны 3,95%-ға артқан, бұл ретте халықтың этностық құрылымы да өзгереді.
Этносаралық қатынастарға геосаяси өзгерістер жағдайында арта түскен көші-қон ықпалы күшеюде. Қазақстан еңбекші көшіп-қонушыларды қабылдайтын елге, сондай-ақ шетелде сұранысқа ие туристік бағыт пен транзиттік хабқа айналды.
Көшіп келушілердің әлеуметтік белсенділігі, олардың қоғамдық өмірге қатысу дәрежесі, интеграциялану деңгейі, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасасу сипаты этносаралық қатынастарға әсер ететін факторларға айналуы мүмкін.
Этносаралық тұрақтылық жағдайына әсер ететін бірқатар ішкі факторларды атап өтуге болады, олардың ішінде:
этностар жинақы тұратын жерлер және осыған байланысты этностар қағидаты бойынша жабық қауымдастықтардың қалыптасу үрдістері;
этноәлеуметтік теңсіздік, тілдік-мәдени және этностық тұрғыдан оқшаулану, этностық бірегейліктің азаматтық бірегейліктен басым болу тәуекелдері;
этносаралық қатынастар саласындағы маргиналды мәдениет элементтерінің көрінісі.
Этносаралық қатынастарға геосаяси және ақпараттық салалардағы үрдістердің, тәуекелдер мен сын-қатерлердің әсер етуі жалғасуда, атап айтқанда: геосаяси өзгерістер және көрші елдердегі әскери қақтығыстар;
шетелден келетін ақпараттың ықпалы, оның ішінде этносаралық тақырыптағы айла-шарғылар және кемсітушілік контенттің таратылуы;
әлеуметтік желілерде жағымсыз трендтерді, "араздық тілін" қалыптастыру.
Осындай жағдайда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету үшін:
"Бірлігіміз - әралуандықта" қағидаты негізінде азаматтық бірегейлік пен қазақстандық патриотизмді одан әрі дамытуды;
жалпыұлттық базалық топтастырушы құндылықтарды нығайтуды;
қоғамдық практикада этносаралық саладағы әлеуметтік мінез-құлықтың толерантты әрі жоғары мәдени модельдерін бекітуді;
дәстүрлі құндылықтар негізінде рухани-мәдени өзекті одан әрі нығайтуды;
этносаралық салада кездесетін әлеуметтік-мәдени және тілдік алшақтықты еңсеруді;
этномәдени бірлестіктерді, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары мен институттарын Әділетті Қазақстанның басымдықтары мен базалық жалпыұлттық құндылықтарға сәйкес одан әрі трансформациялауды;
мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру саласындағы мемлекеттік және қоғамдық институттарды нығайтуға жәрдемдесуді көздейтін нысаналы жұмыстарды жүргізу қажеттігі атап өтіледі.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Қазіргі заманғы мемлекеттердің 90%-ы көпмәдениетті болғандықтан, әлемдік практикада этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолдары мен құралдарын іздестіру, бір мемлекет шеңберінде этноәлеуметтік топтардың бейбіт қатар өмір сүруі мен интеграциялануы үшін жағдай жасау ерекше орын алады.
Қазіргі әлемде бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту саласындағы саясаттың бірыңғай стандарттары жоқ. Халықаралық деңгейде азаматтар құқықтарының теңдігі басымдығына негізделген жалпы тәсілдер, ұлттық модельдердің негізін құрайтын жалпы негіздемелік құжаттар әзірленді, оларға: БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (1948 жыл), Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы халықаралық конвенция (1965 жыл), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (1966 жыл), БҰҰ-ның ұлттық немесе этностық, діни және тілдік аз топтарға тиесілі тұлғалардың құқықтары туралы декларациясы (1992 жыл), ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің бірқатар ұсынымдары (Аз ұлттардың білім алу саласындағы құқықтары туралы Гаага ұсынымдары (1996 жыл), Тіл саласында аз ұлттардың құқықтары туралы Осло ұсынымдары (1998 жыл), Аз ұлттардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді қатысуы туралы Лунд ұсынымдары (1999 жыл), Мемлекетаралық қатынастардағы аз ұлттар туралы Больцан ұсынымдары (2008 жыл), Әртүрлі қоғамдарды біріктіру жөніндегі Любляна ұсынымдары (2012 жыл), Цифрлық дәуірдегі аз ұлттар мен БАҚ жөніндегі Таллин ұсынымдары (2019 жыл) және тағы басқалар жатады.
Тұтастай алғанда, тарихи даму процесінде интеграция мен ұлт құрылысының этностық, республикалық, көпмәдениетті модельдері тұжырымдалды.
Ұлттың этностық моделі тілінің, мәдениетінің ортақ болып, бір этностық қауымдастыққа тиесілігінен көрінетін жалпы тегіне, тарихи түп-тамырдың ортақтастығына немесе ортақ тағдырға негізделеді.
Республикалық модель азаматтық мәртебені саяси қауымдастыққа тиесілігі арқылы айқындайды. Байырғы ұлтқа жатпайтын өзге этнос өкілдері елдің саяси ұстанымдарын қабылдаған жағдайда сол елдің азаматына айналады.
Ұлттың мультимәдениетті моделі үстем мәдениет шеңберіндегі айырмашылықтарды біріздендірмей, өзге этностық мәдениетті институттандыруға жағдай жасайтын заң алдындағы теңдікке қол жеткізуге басымдық бере отырып, қоғам ішіндегі мәдени айырмашылықтарды тануға негізделген. Бұл біртұтас ұлттық саяси және құндылықты бірегейлікті талап ету мен бір мемлекет шеңберінде мәдени және тілдік дербестікті сақтау арасындағы белгілі бір ымыраға келуді білдіреді.
Мысалы, Канада көп деңгейлі мультимәдениеттілік моделін конституциялық негізде бекемдеді, ол алуантүрлілікті проблема емес, құндылықтар ретінде таниды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің тең болуына, сондай-ақ кемсітушілікке жол бермеу үшін адам құқықтары жөніндегі комиссиялардың жұмысына баса назар аударады.
Швейцарияның этнотілдік автономиясы бар консенсустық моделі Конституцияда 4 ресми тілді (неміс, француз, итальян, ретороман) тану арқылы іске асырылады, мәдениеттердің тең құқылығын қамтамасыз етеді және ассимиляциялық қақтығыстарға жол бермейді. Саяси шешімдер "Consensus democracy" (барынша келісу) қағидаты бойынша қабылданады, референдумдар мен плебисциттер тұрақты түрде өткізіліп тұрады, этномәдени саясат саяси бейтараптық пен ымыраға келудің жалпы жүйесіне кіріктірілген.
Сингапурда этностық тепе-теңдік құқықтық реттеу арқылы сақталады, мұнда этностық үйлесімділік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі ретінде қарастырылады. Елде этностық, конфессиялық немесе басқа да алауыздықты тудыратын мәлімдемелер қатаң бақыланады ("The Maintenance of Religious Harmony Act" Заңы шеңберінде). Тұрғын үй аудандарындағы этностық тепе-тендікті қамтамасыз ету үшін тұрғын үй саясатында квоталар жүйесі қалыптасқан.
Көптеген батыс елдері мультимәдениеттілік тұжырымдамасы бір мемлекет шеңберінде әртүрлі мәдениеттерді интеграцияламағанын, керісінше өздерін бөлектеп, ерекшеліктерін баса көрсеткен жекелеген қауымдастықтар болып оқшаулануына жағдай жасағанын атап өтеді. Көптілділік саясатына қарамастан, тілдік топтардың оқшаулану тәуекелі, өңіраралық мобильділік пен жұмысқа орналасудағы қиындықтар күн тәртібінен түскен жоқ.
Азия елдерінің тәжірибесі біртұтас ұлт құрудың өзге жолын көрсетуде, онда идеологемалар қарапайым және бұқара халыққа қолжетімді бейнелер мен қағидаттарда тұжырымдалған.
Жапонияда - "кокутай" тұжырымдамасы (қасиетті жер, бір дінге және бір мақсатқа біріккен құдыретті халық, құдыретті император біртүтас, бір құдыретті организмді құрайды), Малайзияда - "ислам хадхари" (исламның адамгершілік- этикалық негізіне сүйеніп, заманауи ғылым мен техника жетістіктеріне сүйену, осылайша өзінің әлемдегі көшбасшылық өркениеттік орнын қайтарып алу), Индонезияда - "Панчашила" тұжырымдамасы (негізгі 5 қағида: бір Құдайға, Индонезияның тұтастығына, ізгілікке, демократияға және мінсіз әділеттілікке сену), Түркияда - бір жағынан азаматтық ұлтшылдық пен мемлекеттік патриотизм және екінші жағынан - Еуропаға бет бұру, Қытайда - "үйлесімді даму" идеологиясы (конфуциандық моральдың бес ізгілікті ісі: адамгершілік, әділдік, парасаттылық, өзін-өзі жетілдіру және адалдық, сондай-ақ "төрт негізгі қағидат": елдің социалистік даму жолын таңдау, коммунистік партияның жетекшілік рөлі, Мао Цзэдун идеялары және халықтың демократиялық диктатурасы).
Көптеген елдер этностық топтарды мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне тарту тетіктерін пайдаланады. Мемлекеттік билік пен этностардың диалог алаңы ретінде консультативтік немесе кеңесші органдар құрылады. Білім беру, мәдениет, тілдерді пайдалану, дін және этностардың бірегейлігі мен өмір салты үшін маңызды басқа да салаларда өзін-өзі басқарудың аумақтық және аумақтық емес тетіктері қамтамасыз етіледі. Этностардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді түрде қатысуының конституциялық және құқықтық кепілдіктері, қақтығыстарға жол бермеу және дауларды шешу жөніндегі консультация беру арналары құрылады.
Сингапурда Конституцияда Үкіметке этностық және діни азшылық мүдделеріне үнемі жағдай жасау міндеті нақты белгіленген. Ел Президенті жанындағы Аз ұлттар құқықтары жөніндегі кеңес этностық азшылық пен топтарға қатысты кемсітушілікке жол бермеу мақсатында барлық нормативтік құқықтық актілер жобаларына міндетті сараптама жүргізеді, сондай-ақ Үкіметке этносаралық қатынастар мәселелері бойынша жыл сайынғы баяндаманы дайындайды және осы саладағы шағымдарға тергеп-тексеру жүргізеді.
Парламенттер жанынан этностық топтардың құқықтарына қатысты мәселелерді шешуге жауапты арнайы органдар (комиссиялар/кіші комиссиялар, комитеттер/кіші комитеттер) құрылады.
Мысалы, аз ұлттар құқығын қорғау жөніндегі арнаулы комиссиялар (ГФР, Словения), Нәсілдік (этностық) теңдік мәселелері жөніндегі комиссия (Ұлыбритания), Аз ұлттар құқықтары мәселелері жөніндегі кеңес (Сингапур), Аз ұлттар мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия (Үндістан), жекелеген штаттардың аз ұлттар істері жөніндегі комиссиялары (АҚШ), Аз ұлттардың құқықтары бойынша омбудсмен (Финляндия) және т.б.
Этностық азшылық мәселелерімен айналысатын мамандандырылған министрліктер (немесе өзге де атқарушы билік органдарын) құру бойынша халықаралық тәжірибе айтарлықтай шектеулі: Эстонияда этностық қатынастар мәселелері министрлігі, Румынияда Премьер-Министрге есеп беретін аз ұлттар мәселелері жөніндегі министр, Нидерландыда этностық азшылықты интеграциялау мәселелері жөніндегі министр бар.
Көбінесе бұл мәселелер министрліктердің (әділет, ішкі істер, жергілікті және өңірлік даму немесе мәдениет) бірінің қарамағындағы салаға жатады, олар этностық топтармен жұмыс жүргізуге және саясатты, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және арнаулы жобаларды қаржыландыруға жауапты құрылымдық бөлімшелер құрады.
Этносаралық қатынастар саласындағы саясаттың маңызды тәсілдерінің бірі - этностық топтар өкілдерінің жергілікті билік органына, қоғамдық-саяси өмірге аумақтық немесе аумақтық емес тетіктер арқылы қатысуы.
Хорватияда этностық топтар халықтың 50%-ынан астамын құрайтын аудандарға арнайы мәдени автономия мәртебесі бекітіледі. Сингапурда малай этностық тобының артта қалуы Мендаки өзін-өзі басқару тобының құрылуына алып келді. Словенияда Венгрия мен Италия депутаттары осы қауымдардың өміріне қатысты барлық мәселелерді талқылайды. Жергілікті өзін-өзі басқару мәртебесі бар этностық топтар қауымдарының қауымның ішкі мәселелеріне және қауым мүшелерінің шешімдер қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз етуге қатысты шешім қабылдау құқығы бар. Венгрияда этностардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз құрылымы, мерекелері, ескерткіштері бойынша шешім қабылдау құқығы ғана емес, сондай-ақ этнос өмірінің мәдени, білім беру және тіл саласын регламенттейтін жергілікті билік органдарының шешімдеріне қатысты вето қою құқығы бар. Эстонияда аз ұлттардың ұлттық тізілімінде тіркелген этностық топтар ұлттық мәдени автономия алу үшін сұрау салу жіберуге құқылы.
Цифрлық революция, геосаяси жағдайдың өзгеруі және көші-қон легінің артуы сияқты қазіргі заманғы сын-қатерлер мен этносаралық тұрақтылыққа төнетін қауіптерді еңсеру бойынша халықаралық тәжірибе ерекше маңызды болып табылады.
Соңғы 10 жылда Еуропа елдері цифрлық манипуляцияға жол бермеу, жалған жаңалықтарды таратудың жолын кесу бойынша заңнамалық шаралар қабылдады.
Мәсселен, ГФР Желіні сақтау туралы заңды (NetzDG) (2017), Франция Ақпаратпен айла-шарғы жасауға қарсы күрес туралы заңды (2018) қабылдады. Сингапурда 2019 жылы жалған аккаунттар мен боттарды бақылауды, сондай-ақ ақылы саяси контенттің ашықтығын қамтамасыз ететін POFMA заңы (Protection from Online Falsehoods and Manipulation Act) күшіне енді.
Көші-қонға байланысты сын-қатерлер интеграцияға айтарлықтай қауіп-қатер төндіруде. БҰҰ-ның деректері бойынша 2024 жылы босқындар саны 122 миллионнан асып түсті және бұл көрсеткіштің өсуі жалғасуда. Сондықтан мемлекеттер көшіп-қонушыларды интеграциялау, сондай-ақ мәдени айырмашылықтарды бейімдеу мен қоғамдық келісімді сақтау тәсілдерін әзірлеуде.
Францияда Республикалық интеграциялық келісімшарт (CIR) және Босқындарды кешенді және жеке қолдау бағдарламасы (AGIR - Accompagnement Global et Individualise des Refugies) енгізілген. Олар тіл үйретуге, азаматтық білім беруге және мансаптық қолдау көрсетуге бағдарланған.
ГФР интеграцияны тілдік курстар, білім беру бағдарламалары, жұмысқа орналастыру, бұл ретте көшіп-қонушылардың мәдени ерекшелігін танып және құрметтеп, қоғамдық өмірге қатысуды ынталандыру арқылы жандандыра түсті.
Канада көшіп келушілерді қабылдауда іріктеу тәсілін іске асырса да, олардың бейімделуін де қамтамасыз етеді. Арнаулы ұйымдар Канададағы өмір туралы ақпарат алуға, тіл үйренуге, жұмыс табуға, қоныстанған көшіп келушілермен және канадалықтармен байланыс орнатуға көмектеседі.
Аустралияда босқындарды интеграциялау және қауымдастықтарда қоныстандыру женіндегі пилоттық жоба - Community Refugee Integration and Settlement Pilot қолданылады. Бағдарлама босқындардың мемлекеттік қолдау алуына (Medicare, Centrelink), білім алуға, жұмысқа орналасуға және әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуіне, кездесулер мен іс-шараларға қатысу арқылы байланыстар орнатуына жәрдемдеседі.
Түркия ассимиляция, интеграция және уақытша қорғау элементтерін қамтитын гибридті модельді қолданады. Көшіп-қонушылардың әрбір санаты үшін жекелеген қолдау шаралары (Tiirkiye Burslari, Kizilay және тағы басқалар) көзделген, олар тіл үйретуді, медициналық сақтандыру мен мәдени бейімдеуді, уақытша орналастыру лагерьлерін қамтиды.
Көшіп-қонушыларды интеграциялаудың бірыңғай құрамдас бөліктері - мәдениет пен тілге бейімдеу, білім алуға, жұмысқа орналасуға, медициналық қызметке және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қол жеткізу.
Осылайша, халықаралық практикада мәдени әртүрлілікті басқару тәсілдері саяси дәстүрлердің, құқықтық жүйелердің және демографиялық сын-қатерлердің ерекшеліктерін ескере отырып, интеграциялық-бірізділендіру тәсілінен инклюзивті-плюралистік тәсілге дейін өзгеріп отырады. Қазіргі заманда ақпараттық қоғамдағы мәдени әртүрлілікті сақтауға, толеранттылық пен инклюзивтілікке көп мән беріледі. Мемлекеттік шаралар этностық, нәсілдік, діни немесе тілдік белгілер бойынша кемсітушілікке жол бермеуге және қоғамдық- саяси процестерге тең қатысуды қамтамасыз етуге бағытталған.
4-бөлім. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат жүйесінде Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту пайымы
Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңі әділетті, әлеуметтік және инклюзивті қоғам құруға бағытталған ауқымды мемлекеттік реформаларды іске асырумен сипатталады.
Осыған байланысты Ассамблеяның 2030 жылға дейінгі орта мерзімді кезеңде дамуы Қазақстан Республикасының Президенті, Ассамблея Төрағасы Қ.Қ. Тоқаевтың Ассамблеяның XXXIV сессиясында белгілеп берген міндеттерімен айқындалады, олардың негізін "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру құрайды.
Бұл міндеттер Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы № 1081 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары негізінде де жүзеге асырылатын болады.
Ассамблея мен Қазақстан Республикасы Парламенті арасындағы өзара іс- қимылдың институционалдық трансформациясы алдағы парламенттік реформа ескеріле отырып жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 қарашада ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан ұстанымына сәйкес, жаңа бір палаталы Парламентте президенттік квота болмайды, барлық депутаттар сайлаушылар тарапынан бірыңғай тәртіппен сайлануға тиіс.
Әділетті Қазақстан құру процесінде жалпыұлттық басымдықтар төңірегінде этностарды біріктірудің жетекші институты ретінде Ассамблеяны одан әрі трансформациялау, берекелі азаматтық қоғам қалыптастыру өзекті міндет болып табылады.
Тұжырымдама Ассамблеяның қызметін Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарына, құндылықтары мен бағыттарына сәйкес қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісім саясатын қамтамасыз етудің жұмыс істейтін басты идеологиялық тетіктерінің бірі ретінде қамтамасыз етуге арналған.
Осыны негізге ала отырып, Ассамблея өз қызметінде мынадай стратегиялық басымдықтарға сүйенетін болады.
1. Ассамблея "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын үздіксіз іске асыруды қамтамасыз етеді, Қазақстанда халық бірлігін нығайту және этностар мәдениетінің, тілдерінің, дәстүрлерінің алуантүрлілігін дамыту арқылы инклюзивті азаматтық қоғамдастық моделін дәйекті түрде дамытып, қоғамның рухани құндылықтар төңірегінде топтасуына, мәдениетаралық диалогті дамытуға жәрдемдесетін болады.
Ассамблеяның және оның барлық қоғамдық құрылымдарының қызметі мәдени және этностық байланыстарды одан әрі кеңейтуге, халықтың барлық топтары үшін біріктіруші мүдделер мен ортақ құндылықтарды іздестіруге шоғырланатын болады. Бұған тең құқылы және сындарлы дискуссияға негізделген өзара қолайлы шешімдер тұжырымдау ықпал ететін болады.
2. Ассамблеяның қызметі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға Әділетті Қазақстан құру және халық бірлігін нығайту ісінде жәрдемдесуге бағытталады.
Барлық этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары "Заң мен тәртіп", "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Әралуан пікір - біртұтас ұлт", "Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" қағидаттарын іске асыру процестеріне атсалысатын болады.
3. Ассамблея базалық қоғамдық құндылықтар - тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық негізінде қазақстандық этностар арасында азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мен нығайтудың және қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің түйінді тетігі ретінде қызмет ететін болады.
Жалпыұлттық құндылықтардың осы жүйесі өзінің сипаты бойынша саяси көзқарастарына, әлеуметтік және экономикалық жағдайына, мәдени тиесілігіне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтарды топтастыратын жүйе әрі оларды біріктіру мен бірлігін нығайтудың әмбебап негізі болып табылады.
4. Ассамблея "Біз - әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз" қағидатын, біртұтас азаматтық ұлтты дамытуды дәйекті түрде жүзеге асыратын болады, оған сәйкес әрбір азамат әлеуметтік, этностық, тілдік және конфессиялық тиесілігіне қарамастан, өзінің тұлғалық әлеуетін іске асыру үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болады.
"Біз - әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз" қағидаты этномәдени әралуандылықты құрметтеуді және тегіне қарамастан, барлық азаматтардың тең екендігін білдіретін базалық негіз болып табылады. Ол ортақ азаматтық құндылықтар арқылы диалогке, бірін-бірі мойындау мен интеграцияға бағдарланған қазақстандық этносаясат моделінің түп-тамыры болып табылады.
Бұл қағидат бойынша Ассамблеяның мемлекет пен қоғамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу жөніндегі жұмысына қатысуы көзделеді.
5. Ассамблея мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар үшін үйлесімді этносаралық қатынастарды дамыту бойынша жүйелі ұсынымдар тұжырымдайтын ерекше штабқа айналуға тиіс.
Бұл міндет Ассамблея жанынан құрылған ведомствоаралық ғылыми-сарапшылық құрылым негізінде шешіледі. Жүргізіліп жатқан ғылыми және қолданбалы зерттеулерді жандандыру, этносаралық саладағы ахуалды мониторингтеу, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылық жұмысты сапалық жағынан жаңа деңгейге шығару негізінде осы құрылымды ғылыми-талдамалық тұрғыдан қолдау жүйесі әзірленетін болады.
5-бөлім. Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
"Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қағидаттары:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы;
2) халық пен мемлекет мүдделерінің басымдығы;
3) тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша ешқандай кемсітуге жол бермеу.
Сонымен қатар Ассамблеяның перспективалық дамуы және оның қызметінің практикалық параметрлері Әділетті Қазақстан құрудың негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының ішкі саясатының қағидаттарымен, құндылықтарымен және бағыттарымен айқындалады. Бұл қоғамды топтастыру, Қазақстанның барлық этностарының құқықтарын үйлесімді дамыту мен қорғауды қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз етеді.
Ассамблея қоғамдық институт ретінде Қазақстанның барлық азаматтарын біріктіретін жалпыхалықтық орган ретінде өзінің топтастырушы әлеуетін мыналар:
этномәдени бірлестіктерді, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары мен институттарын Әділетті Қазақстан құру процестеріне тарту;
барлық этностар мен этностық топтарда ортақ рухани негіздер мен базалық қоғамдық құндылықтарды ілгерілетудің топтастырушы бастамаларын одан әрі қалыптастыру;
этностар өкілдерін бірыңғай қоғамға, оның ішінде мемлекеттік тілді меңгеру арқылы интеграциялау;
тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеу арқылы арттыруды жалғастырады.
Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары
1. Ассамблеяның ұйымдық және институционалдық моделін жетілдіру:
ұйымдық орнықтылықты күшейту, қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, Ассамблея құрылымдарының өкілеттіктерін қалыпқа түсіру, өңірлік ассамблеяларды, олардың құрылымдары мен институттарын күшейту, олардың жұмыс форматтарын икемділікке негіздеп және жаңа қатысушыларды тартып, жаңарту;
"Цифрлық Ассамблея" - жасанды интеллектіні ендіру, цифрлық шешімдер мен ішкі процестерді жаңғырту есебінен Ассамблеяның құрылымдары мен институттарын цифрлық трансформациялау;
консультативтік-кеңесші органдар, комиссиялар, жұмыс топтары түріндегі тұрақты жұмыс істейтін ынтымақтастық тетіктерін дамыту;
Ассамблея құрамын өңірлік құрылымдар есебінен ұлғайту, қоғамдық ұйымдардың, ғылым мен мәдениеттің жаңа өкілдерін, жастарды, қоғамдық пікір көшбасшыларын және басқаларды бірлік пен келісімді нығайту жұмыстарына тарту;
Ассамблея қағидаттарын ары қарай ілгерілету үшін жастар арасынан кадр резервін құру;
Ассамблеяның жастар қанатын нығайту, жергілікті қоғамдастықты дамыту мен әлеуметтік саланы жетілдірудің кең ауқымды мәселелерін шешуде жастардың этноәлеуметтік белсенділігін ынталандыру, болашақта тұрақтылық пен бірліктің негізі ретінде көшбасшылық, волонтерлік және креативті бастамаларды дамыту;
интеграциялаушы тетіктер ретінде әлеуметтік салада қайырымдылықты, Ассамблея медиациясын, волонтерлікті дамытуға жәрдемдесу;
менеджменттің заманауи әдістерін жүйелі түрде қолдау және өңірлік ассамблеялардың, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының қызметіне ендіру;
Ассамблея қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаның тиімділігіне талдау жүргізу және оны одан әрі жетілдіру;
мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар үшін үйлесімді этносаралық қатынастарды дамыту бойынша жүйелі ұсынымдар тұжырымдайтын Ассамблеяның ведомствоаралық ғылыми-сарапшылық құрылымының жұмысын қамтамасыз ету;
Ассамблеяның ведомствоаралық ғылыми-сарапшылық құрылымын ғылыми-талдамалық қолдау жүйесін дамыту, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылық жұмыстың жаңа деңгейін қамтамасыз ету.
2. Ассамблеяның Қазақстан Республикасының Парламентімен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен, барлық деңгейдегі мәслихаттармен, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен және басқа да азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жетілдіру:
Ассамблея институттарының мемлекеттік органдармен, Қазақстан Республикасының Парламентімен, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттармен және өзге де қоғамдық ұйымдармен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын, Әділетті Қазақстан құрудың негізгі басымдықтарын ілгерілету бойынша өзара іс-қимыл жасауы тиімділігін қамтамасыз ету және оның жаңа тетіктерін енгізу;
этностық кеңістікке ұласуы мүмкін оқыс оқиғаларға жедел ден қою бойынша құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жүргізу, сондай-ақ олардың профилактикасы және жолын кесу жөніндегі алдын алу шаралары жүйесін жетілдіру;
сыртқы қақтығыс әлеуетін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оның азаматтарына қолдану әрекеттеріне қарсы іс-қимылға жәрдемдесу;
мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық кеңістікте таратылатын этносаралық қатынастар саласындағы дүниетанымдық жағымсыз көзқарастарды және экстремизм көріністерін бейтараптандыру жұмыстарын жүргізу;
мемлекеттік органдардың этноәлеуметтік теңсіздікті азайту, мәдени-тілдік және этностық ерекшеленудің қалыптасуына, азаматтық бірегейліктен этностық бірегейліктің басым болуына жол бермеу жөніндегі жұмысына жәрдемдесу;
этностар жинақы тұратын жерлерде этностық белгілері бойынша жабық қауымдастықтардың қалыптасуына жол бермеу жұмыстарына қатысу;
этносаралық қатынастар саласындағы маргиналды мәдениет элементтері көріністерінің жолын кесу бойынша бірлескен шаралар қабылдау;
мемлекеттік қызметшілердің, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің этносаралық қатынастар мәселелері бойынша біліктілігін арттыру, сондай-ақ оларға тұрақты әдістемелік қолдау көрсетіп отыру.
3. Этномәдени бірлестіктердің, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары мен институттарының жұмысын жетілдіру:
Ассамблеяның республикалық және өңірлік қоғамдық жобаларын іске асыру, Әділетті Қазақстан құру процестеріне, "Бірлігіміз әралуандықта", "Біз - әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз" қағидаттарын, сондай-ақ базалық жалпыұлттық құндылықтарды іске асыруға жәрдемдесу;
этномәдени бірлестіктерді қазақстандық этностардың мәдениетін, дәстүрлері мен тілдерін сақтау және дамыту орталығы ретінде одан әрі дамыту және жүйелі түрде қолдау, "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру;
мәдениетаралық диалогті, этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қолдаудың пәрменді тетіктерін, соның ішінде сыйлықтар мен іранттарды, сондай-ақ өзге де қолдау түрлерін енгізу;
жастарды этномәдени бірлестіктер мен Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарына тарту жөніндегі шараларды іске асыру, студенттік ассамблеяларды дамыту;
этномәдени бірлестіктер басшыларының біліктілігін арттыру және оларды этносаралық қатынастар саласындағы жаңа әлеуметтік технологияларға оқыту жұмыстарын жалғастыру;
этномәдени бірлестіктердің басшылары мен активін азаматтық бірегейлікті нығайту және қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу бойынша жаңа жобаларды әзірлеуге және іске асыруға тарту;
мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі және тілдік интеграцияның біріктіруші негізі ретінде ілгерілету, барлық этностықтоптардың мемлекеттік тілді күнделікті пайдалануын қамтамасыз ететін қолданбалы модельдер мен ынталандыру бағдарламаларын жасауға жәрдемдесу;
қазақстандық этностар тілдерінің дамуына жәрдемдесу;
қоғамда этностық ерекшелену мен бөлектенудің кез келген көріністеріне, азаматтарды мәдени, тілдік, этностық немесе діни негізде арандату мен кемсіту әрекеттеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру;
түйінді жалпыұлттық құндылықтарға: тәуелсіздік пен патриотизмге, бірлік пен ынтымаққа, әділдік пен жауапкершілікке, заң мен тәртіпке, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікке, жасампаздық пен жаңашылдыққа негізделген Отанға деген сүйіспеншілік мұраттарын ілгерілету;
Ассамблеяның қоғамдық жобалары шеңберінде этносаралық қатынастар, құқықтық мәдениетті дамыту, қайырымдылық, жағымсыз әлеуметтік көріністердің профилактикасы саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықтың барлық нысаналы топтарымен атаулы жұмыс жүргізуді қамтамасыз ету;
кең ауқымды этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылға бағытталған қоғамдық және мәдени топтастырушы іс-шараларды, акцияларды, жобаларды өткізу;
Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын қолдау, сақтау және танымал ету.
4. Ассамблеяның ақпараттық саладағы жұмысын жетілдіру:
қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша қоғамда кең ауқымды ағарту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары негізінде жаңа ақпараттық-түсіндіру тетіктерін (диалог алаңдары, ақпараттық топ, подкаст және т.б.) жасау;
қазақстандық этностар тілдеріңдегі масс-медианың дамуына жәрдемдесу;
Ассамблеяның қоғамдық институттары мен құрылымдарын этносаралық негіздегі қақтығыстардың алдын алу және профилактикасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде тарту;
қоғамда ақпараттық орнықтылықты қалыптастыру және деструктивті әсерлерге қарсы іс-қимыл жасау, жағымды медиадискурсты кеңейту, медиа сауаттылықты арттыру, қақтығыстарға этностық сипат беру әрекеттеріне және сыртқы айла-шарғы әсерлеріне қарсы тұру.
5. Ассамблея қызметін ғылыми-сарапшылық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіру:
этноәлеуметтік ахуалды мониторингтеудің бірыңғай жүйесі мен жаңа тиімді құралдарын, Ассамблея жанындағы талдау орталықтарын дамыту, тәуекелдерді бағалаудың, болжамдау мен шешімдер әзірлеудің жаңа тиімді құралдарын енгізу жөніндегі шараларды қолдау;
ғылыми-сарапшылық қызметті күшейту, елдегі этносаралық ахуал мен үдерістерді алдын ала болжау;
уәкілетті мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастарды зерделеу мәселелері бойынша үйлестірілген ведомствоаралық жұмысты қамтамасыз етуге және этносаралық келісім мен бірлікті нығайту саласында жүйелі шешімдер тұжырымдауға жәрдемдесу;
этносаралық қатынастар саласындағы бірыңғай стандарттар мен әлеуметтік-лингвистикалық ұғымдарды қолдау, олардың біркелкі пайдаланылуын қамтамасыз ету;
жаңа цифрлық құралдарды, оның ішінде этностардың әлеуметтік интеграциялануын мониторингтеу үшін өндіру;
Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қоғамдастығын дамыту, Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі мен ғылыми-сарапшылық топтарының, Жас ғалымдар клубының, "Шаңырақ" Ассамблея кафедралары қауымдастығының қызметін одан әрі жандандыру;
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары шеңберінде кәсіби этносаясаттанушыларды даярлауды қолдау.
6. Халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру:
Ассамблеяның шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық тетіктерін дамыту, өркениеттер диалогі форматына және мәдени форумдарға қатысу;
халықтық дипломатия құралдарын, оның ішінде Ассамблеяның достық елшілері институтын дамыту, Ассамблеяның халықаралық іс-шаралары шеңберінде әріптестермен өзара іс-қимыл жасасу;
БҰҰ-мен, ЮНЕСКО-мен және шетелдегі басқа да халықаралық әрі этномәдени ұйымдармен халықаралық әріптестікті дамыту;
халықаралық мәдени диалог шеңберінде Қазақстанның тұрақты және бейбітсүйгіш мемлекет ретіндегі имиджін ілгерілету үшін Ассамблеяның әлеуетін пайдалану.
Осылайша, 2030 жылға қарай Ассамблея этносаралық саясаттың орнықтылығы мен теңгерімділігін, этностық әртүрлілікті біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялауды және барлық азаматтардың Әділетті Қазақстан құруға қатысуын қамтамасыз ететін серпінді құрылымға дәйекті түрде айналады.
6-бөлім. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлігіміз - әралуандықта" 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асырудың нысаналы индикаторлары мен күтілетін нәтижелері
Р/с № | Нысаналы индикаторлар | Өлшем бірлігі | Ақпарат көзі | 2024 жыл (факт) | 2025 жыл (бағалау) | Жоспарлы мәндері | ||||
2026 жыл | 2027 жыл | 2028 жыл | 2029 жыл | 2030 жыл | ||||||
1. | Этносаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділік деңгейі | % | әлеуметтану зерттеулері | 73,2 % | 81,5% | 82% | 82,5% | 83% | 83,5% | 84% |
2. | Халықтың этносаралық келісімді қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатқа қанағаттанушылығы деңгейі | % | әлеуметтану зерттеулері | 87,23 % | 87,3% | 87,4% | 87,5% | 87,6% | 87,7% | 87,8 % |
3. | Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің нығаю деңгейі | % | әлеуметтану зерттеулері | 88,3 % | 80,8% | 81,0% | 81,2% | 81,4% | 81,6% | 81,8 % |
4. | Қазақстан этностарының әлеуметтік көңіл-күйінің деңгейі | % | әлеуметтану зерттеулері | 85,5 % | 77% | 77,5% | 78% | 78,5% | 79% | 79,5 % |
5. | Қазақстан этностары арасындағы толеранттылық деңгейі | % | әлеуметтану зерттеулері | 69% | 69% | 69,5% | 70% | 70,5% | 71% | 71,5 % |
Күтілетін нәтижелер:
Осы Тұжырымдаманы іске асырудың нысаналы индикаторлары мен нәтижелері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің нығаю, толеранттылықтың, сондай-ақ әлеуметтік көңіл-күйдің және Әділетті Қазақстанды құру процесінде қоғамдық-саяси тұрақтылықты, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағдарланған мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігі деңгейін көрсетеді:
1) "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын ұдайы іске асыру, инклюзивті азаматтық ортақтықты дәйекті түрде дамыту;
2) Ассамблеяның және оның қоғамдық институттарының Әділетті Қазақстанның "Заң мен тәртіп", "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Әралуан пікір - біртұтас ұлт", "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" қағидаттары негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға белсенді қатысуы;
3) этносаралық қатынастар саласындағы жалпыұлттық базалық құндылықтарды ілгерілетуге дәйекті түрде жәрдемдесу;
4) "Біз - әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз" қағидатын дәйекті түрде жүзеге асыру, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеу;
5) Ассамблеяның ұйымдық және институционалдық моделін, оның ұйымдық тұрақтылығын жетілдіру, құрылымдардың өкілеттіктерін қалыпқа түсіру, кадр резервін дамыту, өңірлік ассамблеяларды, олардың құрылымдары мен институттарын күшейту, олардың жұмыс форматтарын жаңарту;
6) қолданбалы және талдамалық зерттеулер негізінде этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді ғылыми-сарапшылық сүйемелдеу, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар үшін ұсынымдар тұжырымдау;
7) Ассамблея институттарының мемлекеттік органдармен және өзге де қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылының тиімділігін қамтамасыз ету және жаңа тетіктерін енгізу;
8) Ассамблеяның институттары мен қоғамдық құрылымдарының жұмысын жетілдіру, Қазақстан этностарының мәдениетін, дәстүрлері мен тілдерін сақтау, дамыту орталықтары ретінде этномәдени бірлестіктерді одан әрі дамыту және жүйелі қолдау, мәдениет саласында "Бірлігіміз - әралуандықта" қағидатын іске асыру;
9) Ассамблеяның ақпараттық саладағы жұмысын жетілдіру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелері бойынша қоғамда кең ауқымды ағарту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
10) этносаралық қақтығыстардың профилактикасы мен олардың алдын алу жүйесіне Ассамблеяның белсенді қатысуы;
11) Ассамблеяның халықаралық ынтымақтастық тетіктерін, оның ішінде халықтық дипломатия құралдарын, достық елшілері институтын дамыту, БҰҰ-мен, ЮНЕСКО-мен және басқа да халықаралық және этномәдени ұйымдармен халықаралық ынтымақтастығын жандандыру.
Осылайша, Тұжырымдаманы іске асыру Ассамблея институтын одан әрі тиімді дамытуға, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін табысты жаңғыртудың және оларға қол жеткізудің түйінді факторлары ретінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етуге тиіс.