| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілсін.
2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы № 1081 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫ, ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ МЕН БАҒЫТТАРЫ
Ескерту. Қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 01.07.2026 № 1337 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Мазмұны
Кіріспе | 1 | |
1-тарау. | Ішкі саясаттың мақсаты мен қағидаттары | 3 |
2-тарау. | Жалпыұлттық құндылықтар және нышандар | 5 |
3-тарау. | Ішкі саясаттың басым бағыттары | 8 |
4-тарау. | Ішкі саясатты іске асырудың институционалдық негізі | 11 |
Қорытынды | 13 | |
Кіріспе
Ішкі саясат – мемлекеттік саясаттың аса маңызды, елді орнықты дамыту мақсатында мемлекеттік институттарды жұмылдыруға және нығайтуға бағытталған саласы.
Әлемде геосаяси, экономикалық, климаттық, демографиялық және көші-қон факторларынан туындайтын түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Жаппай цифрландыру ісінің және жасанды интеллектінің негізінде жаңа технологиялық тәртіп қалыптасып келеді. Бұл процестер қазіргі заманғы қоғамның әлеуметтік құрылымына, соның ішінде Қазақстанға едәуір ықпалын тигізуде.
Еліміздің жан-жақты жаңғыруына байланысты ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бір жүйеге келтіретін жекелеген тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі туындады.
Қазақстан барлық салада ауқымды реформалар жүргізуде. Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өзінің өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтауға және халықаралық деңгейде тұғырын бекемдеуге бағытталған жаңа экономикалық саясатты іске асыруда.
Әлеуметтік-гуманитарлық салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Ғылым, білім және мәдениет озық ойлы ұлт болуға ықпал ететін басты үш тірек ретінде жарияланды.
Цифрлық егемендік, дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллектіні қоғам мен азаматтардың мүддесінде жауапкершілікпен пайдалану мәселелері ерекше маңызға ие.
2026 жылғы жалпыхалықтық референдум – еліміздің жаңа тарихындағы айтулы оқиға, онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Ата Заңның күшіне енуі жаңа тарихи кезеңнің бастауы болып, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси даму үлгісіне жол ашып, жаңашыл қоғамдық этиканы қалыптастыру үшін берік негіз қалады.
Ата Заңның кіріспесінде, негізгі бөлімдері мен баптарында ұлттық бірегейлігіміз, қоғамдық құндылықтарымыз және мемлекеттік қағидаттарымыз айқын көрініс тапқан, мұны берік ұстануға тиіспіз. Жаңадан қабылданған Конституцияда технологиялық тұрғыдан дамыған, озық мемлекеттің, кез келген жаһандық сын-қатерге төтеп беруге қабілетті Қазақстанның болашақ бейнесі сомдалған.
Конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды ілгерілету әрі қорғау –ішкі саясаттың жаңа кезеңде елді жүйелі жаңғыртудағы басты міндеті.
Бұл құжат ел дамуының келешегіне қатысты мемлекет пен қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Құжаттың нормативтік және құқықтық негізі – Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері.
Құжат Президенттің Қазақстан халқына Жолдаулары мен Қазақстан Республикасы Президентінің сөйлеген сөздері, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары негізінде, Ұлттық құрылтай мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді.
Ұсынылған басты қағидаттар, құндылықтар мен бағыттар негіздемелік сипатқа ие болып, мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысын ұйымдастыратын маңызды бағдарлар мен тәсілдерді ғана анықтайды.
1-тарау. Ішкі саясаттың мақсаты мен қағидаттары
1. Ішкі саясаттың мақсаты
Ішкі саясаттың мақсаты – мемлекеттілігімізді және ел бірлігін нығайту, конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды қорғау және насихаттау, елді тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Басты идея – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру.
Оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың "Заң мен Тәртіп", "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт", "Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" сияқты қағидаттары қалыптастырылды.
Мемлекет құру ісінің осы әмбебап қағидаттары ауқымды қоғамдық диалог жағдайында ұлтты одан әрі ұйыстыруға бағытталған.
2. Ішкі саясаттың қағидаттары
"Заң мен Тәртіп" қағидаты
"Заң мен Тәртіп" қағидаты – құқықтық мемлекеттің іргетасы, азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт.
Барша азаматтың заң алдында тең болуы, заң бұзған адамның жазасыз қалмауы, жоғары құқықтық мәдениет қоғамдағы әділеттіктің негізі әрі өлшемі саналады.
Бұл қағидат соттардың және құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс істеуі, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және құқық қорғау жүйесіне қоғамның сенімін арттыру жолымен жүзеге асады. Цифрлық кеңістікте заңдылықты қамтамасыз етуге және азаматтарды киберқауіптерден қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру қажет.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаты
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатының түпкі мәні – азаматтардың талап-тілегіне әділ және уақтылы ден қою, мемлекет пен қоғам арасында тұрақты әрі жүйелі диалог орнату.
Іс жүзінде бұл қағидат тікелей диалог, яғни, мемлекеттік органдар басшыларының халықпен кездесуі, сарапшылардың пікірталас алаңы, өкілді және консультативтік-кеңесші органдар арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ашық үкімет порталы, "Е-petіtіon" онлайн-петициялар институты, азаматтар өтініш білдіретін "Е-Otіnіsh" порталы сияқты пәрменді цифрлық байланыс арналары іске қосылуда.
Осындай ашық әрі нысаналы жұмыс мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
"Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт" қағидаты
"Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт" қағидаты барлық мемлекеттік шешімдер қоғамның пікірі ескеріле отырып, елдің мүддесі үшін инклюзивті тәсіл аясында қабылданады дегенді білдіреді.
Бұл қағидат азаматтардың референдум мен сайлауда дауыс беруі, диалог аландары мен консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы, қоғамдық пікірді тұрақты зерделеу арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтардың ортақ ұстанымына негізделген әділ әрі тиімді шешімдер мемлекеттігіміздің демократиялық тұғырын нығайтуға және елімізді орнықты дамытуға ықпал етеді.
"Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет" қағидаты
"Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет" қағидаты биліктің осы институттарының өзара үйлесімді әрекет жасайтынын білдіреді.
Президент институты – мемлекеттік басқару жүйесінің ең негізгі элементі және стратегиялық шешімдер қабылдау орталығы. Мемлекет басшысы реформалар жасау туралы бастама көтереді, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды.
Құрылтай азаматтардың мүддесін білдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің кеңінен талқылануын қамтамасыз етеді және заңдар қабылдайды.
Үкімет атқарушы органдар жүйесін басқарып, реформалардың тиімді іске асырылуына жауапты болады.
Бұл басқару моделі билік тармақтары арасындағы оңтайлы тепе-теңдік сақталған әділ мемлекеттік құрылымның жаңа институционалдық дизайнын қалыптастырады.
"Адал азамат" қағидаты
"Адал азамат" – азаматтардың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысының озық үлгісін қалыптастыруды және оны қоғамда орнықтыруды көздейтін қағидат. "Адал азамат" – заңды сыйлайтын, білімді, отаншыл, жауапкершілікті сезінетін, саламатты өмір салтын ұстанатын, адал еңбегімен табысқа жетіп, қоғамда сый-құрметке бөленетін азамат.
"Адал азамат" қағидаты отбасынан бастау алады. Отбасы – тұлға дамып өрбіген, өзара жауапкершілік, өзара құрмет, ұрпақтар сабақтастығы іспетті құндылықтар қалыптасатын орта.
Іс жүзінде бұл қағидат білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие үдерісі, ауқымды ағарту жұмысы, мәдени-гуманитарлық, экологиялық жобалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ, саламатты өмір салтын дәріптеу арқылы жүзеге асырылады.
"Адал азамат" қағидаты озық және әділетті қоғамның негізі болатын құндылықтар мен идеалдарды айқындайды.
"Таза Қазақстан" қағидаты
"Таза Қазақстан" қағидаты барша азаматқа ортақ жасампаз ой-сана жүйесін қалыптастырады.
Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау, табиғатты аялау ұлттық мінездің ажырамас сипаты болуға тиіс.
Бұл қағидат іс жүзінде қалалар мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және тазарту, экологиялық ортаны жақсарту, вандализм мен мәдениетсіздікке қарсы күрес ісінде мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіретін "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасы аясында іске асырылады.
"Таза Қазақстан" – азаматтардың жауапкершілігін арттыра түсетін және қоғамда жаңа этика қалыптастыратын қағидат.
Осылайша, ішкі саясаттың осы қағидаттары мемлекеттік құрылыстың бірыңғай бағдарларын айқындайды.
"Заң мен Тәртіп" – құқықтық мемлекеттің негізі.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" – өзара іс-қимыл құралы.
"Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт" – өзара түсіністік орнату жолы.
"Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет"– басқару үлгісі.
"Адал азамат" – ойлау пайымы.
"Таза Қазақстан" – мінез-құлық пен жүріс-тұрыс этикасы.
Бұл қағидаттың барлығы Қазақстан қоғамына тән өмір салтының және ел болашағының бейнесі – Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құрайды.
Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған, адам мен азаматтың конституциялық құқығы және бостандығы мүлткісіз қорғалатын унитарлы мемлекет.
Әділетті Қазақстан – келешек ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін, елдің дамуына елеулі үлес қосатын еңбекқор азаматтар қоғамы.
Бұл – тарихи тұғырына нық орнығып, алға ұмтылған озық ойлы қоғам. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуды көздейді.
Әділетті Қазақстан – жайлы өмір сүру, қызмет бабында өсу және бизнес жүргізу үшін баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет. Бұл экономикасы барлығы жағынан инновацияға, ауқымды цифрландыру үдерісіне негізделген және жасанды интеллект технологиясы жаппай енгізіліп жатқан, қарқынды дамитын ел. Бұл – азаматтардың әл-ауқаты мен тіршілігі сапасын арттыруға басты басымдық беретін мемлекет.
Әділетті Қазақстан – инвестиция мен адам капиталын тартатын өңірлік орталық. Өзінің ұлттық мүдделерін ойдағыдай ілгерілететін, бейбітшілікке әрі барлық елдермен достық қарым-қатынасты қолдайтын, әділ әрі орнықты әлемдік тәртіптің қалыптасуын қолдайтын орта держава.
2-тарау. Жалпыұлттық құндылықтар және нышандар
1. Жалпыұлттық құндылықтар
Кез келген қоғамда адамдар арасындағы және әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас қашанда белгілі бір ортақ құндылықтарға негізделеді.
Осы мақсатта Ұлттық құрылтай тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі жалпыұлттық құндылықтардың тізбесін жасау туралы бастама көтерді. Сарапшылар мен азаматтардың ұсыныстарына, қоғам пікірін жүйелі зерделеу қорытындысына, пәнаралық зерттеуге негізделген осы тізбеде дәстүрлі, жалпы адамзатқа ортақ және заманауи құндылықтар үйлесім тапқан.
Еліміздің Конституциясында бекітілген бұл құндылықтар жүйесі саяси және идеологиялық көзқарасына, экономикалық және мәдени факторларға, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның барша азаматына ортақ.
Қоғамдағы әмбебап құндылықтар жүйесі – ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізі.
Тәуелсіздік және отаншылдық.
Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігі – ішкі және сыртқы мәселелерді өзіміз дербес шешу мүмкіндігімізді көрсететін іргелі құндылық. Бұл – ел бірлігінің және мемлекеттігіміздің қастерлі нышаны, оның мән-маңызын Президентіміз "Еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігі – біздің ең басты қасиетті құндылығымыз" деген бір ауыз сөзімен айқындап берді.
Қазақстандық патриотизм мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, табиғатты аялау, еліміздің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеу, Отанымыздың бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау деген мағынаны білдіреді. Азаматтардың отаншылдық қасиеті еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерге белсене атсалысу, Қазақстанның жалпыұлттық құндылықтарын ұстану арқылы көрініс табуға тиіс.
Тәуелсіздік пен жасампаз отаншылдық бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Олар біздің қоғамның құндылықтар жүйесінің іргетасы саналады. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді мемлекеттің және жауапкершілігі мол отаншыл азаматтардың жасампаз қызметі арқылы ғана сақтап, еселеуге болады.
Бірлік және ынтымақ
Бірлік және ынтымақ – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің тұғыры саналатын құндылықтар, жаңа сын-қатерлер жағдайында олардың өзектілігі арта түседі.
Ел бірлігін сақтау және нығайту саясаты "Бірлігіміз – әралуандықта" деген қағидаға арқа сүйейді.
Ел бірлігі тарихи тағдырдың ортақтығына, азаматтық құндылықтар мен жалпыұлттық бірегейлікке, барлық азаматтың озық дәстүрлерді ұстануына, заң алдыңдағы теңдігіне, деструктивті, радикалды және біздің қоғамға жат көзқарастарды қабылдамауына негізделеді.
Ынтымақ – баршамыздың бір елдің азаматы екенімізді сезіндіретін ұғым, ол ортақ мақсаттарға жету үшін бір-бірімізді қолдаудың және жауапкершіліктің маңызды екенін білдіреді.
Бірлік және ынтымақ құндылықтары елді жүйелі жаңғырту ісінде айрықша рөл атқарады, қоғамның реформаларды қолдау және азаматтардың стратегиялық міндеттерді шешуге атсалысу мүмкіндігін кеңейте түседі.
Әділдік пен жауапкершілік
Әділдік және жауапкершілік – қоғамда өзара сыйластықты, сенім мен келісімді нығайтатын, бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Әрбір азамат өзінің рөлі маңызды екенін және жеке жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін сезіне білуі керек. Бұл – шын мәнінде, орнықты, қарқынды дамитын және үйлесімді қоғам құрудың негізгі шартының бірі.
Әділдік пен жауапкершілік құндылықтары мемлекет пен азаматтар күш-жігерін біріктірсе ғана Әділетті Қазақстанды құруға болатынын көрсетеді.
Заң мен Тәртіп
Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң бұзған адамды тиісті жазаға тарту – мемлекеттің негізгі функциялары.
Елімізде қоғамға жат мінез-құлыққа қарсы иммунитет, кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеу", қатігездік пен зорлық-зомбылықтың ешбір түріне жол бермеу сияқты ұстанымдар берік орнығып жатыр.
Әрбір азамат заң мен тәртіпті мүлтіксіз сақтау өзінің әл-ауқатын жақсартудың және қоғамдық мәдениет пен еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі екенін түсінуге тиіс.
Заң мен құқықтық тәртіптің үстемдігі – тұрақты әрі өркениетті мемлекеттің тірегі.
Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік
Қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" формуласы берік орнығып келеді. Бұл – жауапты, еңбекқор, өз ісін сүйетін адам ғана шынайы табысқа қол жеткізе алады дегенді білдіреді.
Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, еңбек адамына құрметпен қарау әрі жеке кәсіби біліктілікті бағалау, масылдыққа қарсы әрекет ету мәдениетін қалыптастыру қажет.
Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, озық ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін де маңызды.
Жасампаздық пен жаңашылдық
Жасампаздық пен жаңашылдық – идеялар мен инновациялар, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект басты қозғаушы күш саналатын, индустриялық тұрғыдан дамыған әлемде еліміздің бәсекеге қабілетті болуының кепілі.
Озық ойлы қоғам құру үшін азаматтарымыздың өзгерістерге ашық болуы, жасампаздыққа ұмтылуы және креативті ойлай білуі маңызды.
Білімпаздық, сауаттылық, парасаттылық пен прагматизм қоғам менталитетінің ажырамас бөлігіне және әрбір азаматтың тұлға ретінде өсіп-жетілуінің негізгі факторына айналуға тиіс.
Жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын ілгерілету үшін ағартушылық қызмет және қоғамда ғалымдар мен педагогтердің мәртебесін дәйекті түрде көтеруге бағытталған жұмыс маңызды рөл атқарады.
Зерделі ұлт қалыптастыру – қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың, адами капиталды дамытудың маңызды шарттарының бірі.
Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған ел болуы үшін жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын қоғамда бүгіннен бастап орнықтыру қажет.
2. Жалпыұлттық нышандар
Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен Егемендігін білдіретін мемлекеттік рәміздер. Ел валютасы – теңге экономикалық тәуелсіздіктің символы.
Елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе.
Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін көрсетеді, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын дәлелдейді, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.
Осы мақсатта жалпыұлттық нышандардың мынадай тізімі айқындалады:
ұлттық ұран – "Алға, Қазақстан!";
ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;
ұлттық кітап нышаны – Абайдың "Қара сөздері";
ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;
ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;
ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;
отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – "Қазақстанда жасалған", "Made іn Kazakhstan";
ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan.
Жалпыұлттық нышандардың осы тізімі елдің бірыңғай нышандар жүйесін және брендін қалыптастырады.
Ұлттық нышандар жалпыұлттық айдентиканың, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс.
Ұлттық нышандар салтанатты рәсімдерді, қоғамдық-саяси, гуманитарлық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында қолданылуы мүмкін.
3-тарау. Ішкі саясаттың басым бағыттары
Ішкі саясаттың басым бағыттары:
1) қоғамдық диалог;
2) этносаралық қатынас саласындағы саясат;
3) дін саласындағы саясат;
4) мәдени-гуманитарлық саясат;
5) отбасы саясаты;
6) жастар саясаты;
7) ақпараттық саясат.
Қоғамдық диалог
Ашық және тұрақты қоғамдық диалог орнату үшін:
мемлекеттің азаматтық қоғамның барлық институтымен өзара байланыс орнату тетігін жетілдіру;
азаматтық қоғам институттарын дамытуға қажетті құқықтық, экономикалық және басқа да жағдайларды жасау;
шешім қабылдау ісіне азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының барынша араласуы;
Қазақстан Халық Кеңесін Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде дамыту;
қоғамдық кеңестер мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметін жетілдіру;
мемлекеттік органдар жұмысының айқын және ақпараттық тұрғыдан ашық болуын қамтамасыз ету;
қоғамдық пікірге үнемі мониторинг жүргізу қажет.
Этносаралық қатынас саласындағы саясат
Этносаралық қатынас саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
бірлік пен ынтымақтастық құндылықтарын қоғамда дәріптеу;
қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттықты нығайту;
ұлтына, нәсіліне және басқа да белгілер бойынша кемсітудің барлық түріне түбегейлі қарсы тұру;
мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласында өзара тиімді іс-қимыл жасауы;
этносаралық қатынас саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау қажет.
Дін саласындағы саясат
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
мемлекетті дамыту ісінде зайырлылық қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілету, оның ішінде білім беру және тәрбиелеу жүйесінің зайырлы сипатта болуын қамтамасыз ету;
конфессияаралық келісімді және дінаралық толеранттықты нығайту;
дінді деструктивті мақсаттар үшін пайдалануға және діни наным-сенімді ұстануға біреуді мәжбүрлеуге жол бермеу;
діни радикализм мен экстремизм насихатына қарсы тұру;
халықтың діни сауаттылығын арттыру және цифрлық ортадағы деструктивті идеологияларға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру;
дін саласындағы ахуалға сапалы мониторинг жүргізу және талдау жасау керек.
Мәдени-гуманитарлық саясат
Мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
қоғамда жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын, білімге құштарлықты ілгерілету, ғылымды дәріптеу;
қоғамның құқықтық, қаржылық, саяси, цифрлық, ақпараттық және экологиялық сауаттылығын арттыру;
мемлекеттік тілді және оның халықты ұйыстырушы тіл ретіндегі әлеуетін дамыту;
Қазақстандағы барлық этностың тілдерін дамытуға қолайлы жағдай жасау;
ғылыми, техникалық, көркем шығармашылықты дамыту, сондай-ақ креативті индустрияны қолдау;
елдің тарихи-мәдени және деректер мұраларын сақтау;
ономастика және тарихи-мәдени монументтік өнер саласындағы рәсімдерді жетілдіру;
тіл саласына, тарих пен ономастика мәселелеріне саяси сипат үстеуге жол бермеу қажет.
Отбасы саясаты
Отбасы саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
дәстүрлі отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын қолдау;
жауапты ата-ана идеясын дәріптеу;
тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы тұру, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
отбасы саясаты саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.
Жастар саясаты
Жастар саясатының тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
жастардың зияткерлік және жеке әлеуетін дамыту, олардың қоғамдық және экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау;
отаншылдық тәрбие беру жүйесін дамыту, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды дәріптеу, жауапты азамат болу идеологиясын және Отан тағдырына жанашырлық сезімін күшейту;
жастарды волонтерлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуға ынталандыру;
жастар арасында жасампаздық құндылықтарын және өмірге деген құлшынысты дәріптеу;
жастардың жағымсыз қылықтарға, соның ішінде нашақорлыққа, маскүнемдікке, ойынқұмарлыққа, озбырлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, вандализмге, ысырапшылдыққа қарсы тұруы;
мемлекеттік жастар саясатын әзірлеу және жүзеге асыру үдерісіне жастар өкілдерін белсенді қатыстыру қажет.
Ақпараттық саясат
Ақпараттық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету үшін:
еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
ағартушылық, ғылыми-танымдық және тәрбиелік мәні бар сапалы контентті дамыту;
мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл рәсімдерін жетілдіру;
журналистік этиканың жалпыға ортақ қағидаттарын дәріптеу, ақпарат кеңістігіндегі кез-келген заңсыз әрекеттің таралуына қарсы іс-қимыл жасау;
деструктивті идеологияның және үгіт-насихаттың, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу;
масс-медиа саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет.
4-тарау. Ішкі саясатты іске асырудың институционалдық негізі
Ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіруге Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жауапты болады.
Орталық деңгейде ішкі саясатты жүзеге асыру ісінде Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Үкімет Аппараты, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және олардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері басты рөл атқарады.
Жергілікті жерде ішкі саясатты жүзеге асыруға барлық деңгейдегі әкімдер, сондай-ақ әкімдердің ішкі саясат жөніндегі орынбасарлары және басқа да уәкілетті жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.
Ішкі саясатты жүзеге асыру барысында Қазақстан Халық Кеңесіне, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Президенті, Құрылтайы, Үкіметі жанындағы басқа да консультативтік-кеңесші органдарға және жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл беріледі.
Ішкі саясатты жекелеген бағыттар бойынша жүзеге асыру мәселелерімен Қазақстан Республикасы Құрылтайының және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми, шығармашылық және кәсіби қауымдастықтар мен одақтар өз құзыреттері мен өкілеттіктері аясында мемлекеттік органдармен бірлесіп айналысады.
Қорытынды
Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары жалпыұлттық сипатқа ие және оларды барлық мемлекеттік органдар өз қызметінде ескеруге міндетті.
Ұсынылған тәсілдер қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде негізгі бағдар болады.
Осы құжаттың ережелерін іске асыру ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның және мемлекеттің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, әрбір азаматы біртұтас, жауапты және озық ойлы ұлттың өкілі саналатын Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді