| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының екінші бөлігіне және 31-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарының тізбесі осы Жарлықтың 1-қосымшасына сәйкес;
2) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарын ауыстыру қағидалары осы Жарлықтың 2-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі осы Жарлықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 31 қазандағы № 1070 Жарлығына 1-ҚОСЫМША |
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарының ТІЗБЕСІ
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
1. Бас Прокурордың Аппарат басшысы;
2. Бас прокуратураның Қызмет бастығы;
3. Бас прокуратураның Департамент бастығы;
4. Бас прокуратураның Қызмет бастығының орынбасары;
5. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының (бұдан әрі – Академия) ректоры;
6. Академияның бірінші проректоры;
7. Академияның проректоры;
8. Комитет төрағасы;
9. Комитет төрағасының бірінші орынбасары;
10. Комитет төрағасының орынбасары;
11. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық және оған теңестірілген органының бастығы;
12. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық және оған теңестірілген органы бастығының орынбасары;
13. Бас көлік прокуроры;
14. Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары;
15. Бас көлік прокурорының орынбасары;
16. Өңірлік көлік прокуроры;
17. Облыстың прокуроры және оған теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурор;
18. Облыс прокурорының және оған теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурордың бірінші орынбасары;
19. Облыс прокурорының және оған теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокурордың орынбасары;
20. Аудандық және оған теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурор.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі
1. Агенттіктің Аппарат басшысы;
2. Агенттіктің Департамент басшысы;
3. Астана, Алматы, Шымкент қалалары, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы;
4. Астана, Алматы, Шымкент қалалары, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі
1. Ішкі істер министрлігінің Аппарат басшысы;
2. Ішкі істер министрлігінің Департамент бастығы;
3. Комитет төрағасы;
4. Комитет төрағасының орынбасары;
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың көліктегі полиция департаментінің бастығы;
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары;
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары;
8. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың көліктегі полиция департаментінің қалалық, аудандық, желілік полиция басқармасының (бөлімінің) бастығы;
9. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы;
10. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары;
11. Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орнының бастығы;
12. Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орны бастығының орынбасары.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі
1. Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы;
2. Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары;
3. Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы;
4. Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары;
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары;
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары;
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың төтенше жағдайлар департаментінің қалалық, аудандық (қаладағы аудандық) төтенше жағдайлар басқармасының бастығы.
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 31 қазандағы № 1070 Жарлығына 2-ҚОСЫМША |
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарын ауыстыру ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Осы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарын ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 31-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарында басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді (бұдан әрі – қызметкерлер) ротациялау тәртібін айқындайды.
3. Қызметкерлерді ротациялау құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының шешімімен жоспарлы негізде үш жылда бір рет жүзеге асырылады.
Бұл ретте көрсетілген мерзім мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылғаннан, құрылым өзгергеннен не лауазымдар қайта аталғаннан кейін қызметкерлер бұрын атқарған лауазымдарына тең дәрежелі лауазымдарға қайта тағайындалған кезде, сондай-ақ қызметкерлерге атқаратын лауазымын өзгертпей, қосымша функционалдық міндеттер жүктелген жағдайда қайта жаңартылмайды.
Ротация жүргізу мерзіміне қызметкердің оқу демалысына немесе бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа шығуына орай қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыста болмаған кезең қосылмайды.
Қызметкерлерді ротациялау бос немесе уақытша бос лауазымдарға не Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарының тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) көзделген қызметкерлер арасында ауыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Ротация мынадай схемалардың бірі бойынша жүргізіледі:
1) деңгейаралық ("орталық – өңір", "өңір – орталық");
2) өңіраралық ("өңір – өңір");
3) сектораралық ("орталық – орталық").
Егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі – Әкімшілік) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, сондай-ақ Әкімшілікпен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерге қатысты өзгеше шешім қабылдамаса, қызметкер басқа лауазымға ротацияланған, ауыстырылған немесе қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін оны ротациялау жүзеге асырылған алдыңғы лауазымға, сондай-ақ ротациядан бас тартуға байланысты басқа лауазымға ауыстырылған немесе лауазымнан босатылған лауазымға тағайындауға жол беріледі.
4. Қызметкерлерді ротациялауды жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруды құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының кадр қызметтері (бұдан әрі – кадр қызметтері) жүзеге асырады.
5. Ротация құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
6. Мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары (қорғаншы болып табылатын) немесе асырауында онымен тұрақты бірге тұратын және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелері не Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасы бар лауазымды адамдардың басқа елді мекенге көшумен байланысты ротациясына осы лауазымды адамдардың жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
Басқа елді мекенге көшумен байланысты ротациядан бас тартқан жағдайда, осы санаттағы қызметкерлерге нақ сол елді мекеннен бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазым ұсынылады не құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының шешімі бойынша лауазымда болу мерзімі үш жылға дейін ұзартылады.
Лауазымда болудың ең ұзақ мерзімі өткен соң қызметкерге нақ сол елді мекеннен қызметінің нәтижелері, кәсіби қасиеттері, құқық қорғау қызметінің өтілі ескеріле отырып, лауазым ұсынылады.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда қызметкер атқаратын лауазымынан босатылады және оның одан әрі қызмет өткеруі мәселесін шешу үшін құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының қарамағына қабылданады.
7. Ротацияға жататын қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын үй беріледі.
8. Қызметкерді ротациялауды құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының тиісті қызметкерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, сондай-ақ Әкімшілікпен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерді ротациялау Қазақстан Республикасының Президентімен және (немесе) Әкімшілікпен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Қызметкерлерді ротациялау олар құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдары лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.
Ротация тәртібімен орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру тең дәрежелі лауазымдарға жүзеге асырылады.
9. Кадр қызметтерінің ұсынуы бойынша құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органның басшысы бекітетін, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарында басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді ротациялаудың жылдық жоспары (бұдан әрі – ротациялау жоспары) қызметкерлерді ротациялауға негіз болып табылады.
10. Уәкілетті басшылар жыл сайын 1 қазанға дейін ротациялау жоспары бойынша ұсыныстарды кадр қызметтеріне енгізеді.
11. Кадр қызметі жыл сайын 1 қарашаға дейін алдағы жылға арналған ротациялау жоспарын осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасап, құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының бекітуіне енгізеді.
12. Бекітілген ротациялау жоспары мәлімет үшін уәкілетті басшыларға жіберіледі.
13. Ротациялау жоспарында қызметкерлер туралы мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған күні;
2) қызметкердің лауазымы, арнаулы атағы немесе сыныптық шені;
3) қызметкердің атқаратын лауазымдағы үш жылдық өкілеттігі мерзімінің өту күні;
4) ротация үшін көзделген лауазым санаты;
5) отбасылық жағдайы және отбасы мүшелерінің саны, қызметкердің (қорғаншы болып табылатын) мүгедектігі бар балаларының, оның ішінде асырап алған балаларының немесе асырауында онымен тұрақты бірге тұратын және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің не Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасының бар-жоғы;
6) қызметтік тұрғын үйдің қажеттілігі туралы ақпарат.
14. Кадр қызметі ротацияға жататын қызметкерлерді ротациялау жоспарымен қол қойғызып таныстырады.
15. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, сондай-ақ Әкімшілікпен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерді ротациялауды жүргізу кезінде құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының басшысы Әкімшілікке:
1) қызметкерге ұсынуды (ротацияның негізін көрсете отырып);
2) фотосуреті бар қызметкердің қызметтік тізімін (міндетті арнайы тексеруден өткені туралы мәліметтерді көрсете отырып);
3) қызметкердің өмірбаянын жолдайды.
16. Әкімшілікке материалдар ротация мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.
17. Ротация туралы оң шешім алынғаннан кейін кадр қызметі үш жұмыс күні ішінде құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының лауазымға тағайындау туралы бұйрығын дайындайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымға тағайындау туралы шешімі Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен ресімделеді.
Қызметкерді лауазымға тағайындау туралы акт шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкерге хабарланады.
18. Заңның 31-бабының 3-тармағына және осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес қызметкерлердің лауазымда болу мерзімін ұзартуды келісу үшін құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының орынбасары немесе уәкілетті басшы басшылық лауазымда болу мерзімін ұзарту негізін көрсете отырып, растайтын құжаттарды қоса беріп, құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының басшысына ұсыну енгізеді.
19. Материалдар ротация мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.
20. Лауазымда болу мерзімін ұзарту туралы оң шешім алынғаннан кейін кадр қызметі үш жұмыс күні ішінде лауазымда болу мерзімін ұзарту туралы бұйрық дайындайды, ол шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкерге хабарланады.
21. Заңның 31-бабының 3-тармағына және осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, сондай-ақ Әкімшілікпен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын қызметкерлердің лауазымда болу мерзімін ұзартуды келісу үшін құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының басшысы Әкімшілікке:
1) қызметкерге ұсынуды (лауазымда болу мерзімін ұзарту негізін көрсете отырып, растайтын құжаттарды қоса беріп);
2) фотосуреті бар қызметкердің қызметтік тізімін (міндетті арнайы тексеруден өткені туралы мәліметтерді көрсете отырып);
3) қызметкердің өмірбаянын жолдайды.
22. Әкімшілікке материалдар ротация мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.
23. Әкімшілік қабылданған шешім туралы құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органына материалдар келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлайды.
24. Заңның 31-бабының 3-тармағына және осы Қағидалардың 6-тармағында аталған қызметкерлерді қоспағанда, қызмет мүддесі үшін ротациялауға лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
Қызметкерлерді ротациялау туралы шешімді құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының тиісті қызметкерін лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам қабылдайды.
Қызметкерлерді қызмет мүддесіне орай ротациялау үшін:
1) құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының атына оның орынбасары немесе уәкілетті басшы;
2) уәкілетті басшының атына оның орынбасары ротациялаудың уәжді негіздемесі көрсетілген және растайтын құжаттар қоса берілген ұсыныс енгізеді.
Қызметкерлерді ротациялау олардың құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдары лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Қабылданған шешім құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшының бұйрығымен ресімделеді.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, сондай-ақ Әкімшілікпен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын қызметкерлерді қызмет мүддесі үшін ротациялау осы Қағидалардың 15 және 17-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентімен немесе Әкімшілікпен келісу бойынша жүзеге асырылады.
25. Заңның 31-бабы 3-тармағына және осы Қағидалардың 6-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы Жарлықтың қолданысқа енгізілген күніне Тізбеде көрсетілген лауазымдарда үш және одан көп жыл атқарып отырған қызметкерлер ротацияға жатады.
26. Осы Қағидалардың 25-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерлерді ротациялау осы Қағидалар қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде жүзеге асырылады.
| Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарын ауыстыру қағидаларына ҚОСЫМША Нысан |
2020___ жылға арналған Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында және азаматтық қорғау органдарында басшылық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді ротациялау ЖОСПАРЫ
№ | Тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), туған күні, қызметкердің лауазымы, арнаулы атағы немесе сыныптық шені | Қызметкердің атқаратын лауазымдағы үш жылдық өкілеттігі мерзімінің өту күні | Ротация үшін көзделген лауазым санаты | Отбасылық жағдайы және отбасы мүшелерінің саны, қызметкердің (қорғаншы болып табылатын) мүгедектігі бар балаларының, оның ішінде асырап алған балаларының немесе асырауында онымен тұрақты бірге тұратын және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің не Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасының бар-жоғы | Қызметтік тұрғын үйдің қажеттілігі туралы ақпарат |