"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 132-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыруы қағидалары;
2) "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 9 шілдедегі № 601 қаулысымен бекітілген |
"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыруы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының қызмет түрлерін жүзеге асыруы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 132-бабының 1-тармағының екінші бөлігін іске асыру үшін әзірленген және "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) Заңның 132-бабының 1-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыруының тәртібін айқындайды.
2. Қор қызметін Заңда және осы Қағидаларда белгіленген өкілеттіктер шегінде мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жарғылық капиталды қалыптастыру үшін акциялар, сондай-ақ өз қызметін қаржыландыру үшін облигациялар шығару;
2) өзінің орналастырылған акциялары мен облигацияларын сатып алу;
3) банктердің және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардың активтерін, құқықтарын (талаптарын) сатып алу туралы шешім қабылдау мақсатында олардың сапасын бағалау;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен және банктерден күмәнді және үмітсіз активтерді, өзге де құқықтарды (талаптарды) және активтерді иемдену, оларды басқару, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру, оларды иелену және (немесе) өткізу арқылы басқару;
Құқықтар (талаптар) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен Қорға өткен жағдайда мұндай өтуге қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілдік берушінің және өзге де тұлғалардың келісімі талап етілмейді;
5) банктер шығарған акцияларды және (немесе) облигацияларды бағалау;
6) заңды тұлғалардың, оның ішінде құқықтары (талаптары) банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталға қатысу үлестерін иемдену, оларды басқару, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру, оларды иелену және (немесе) өткізу арқылы басқару;
7) банктер шығарған акцияларды және (немесе) облигацияларды иемдену, оларды басқару, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру және (немесе) оларды өткізу арқылы басқару;
8) банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру немесе осындай мүлікті уақытша өтеулі пайдаланудың өзге нысанын, оны сенімгерлік басқаруға беруді пайдалану;
9) банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған құқықтарды (талаптарды) және басқа да активтерді секьюритилендіру бойынша операциялар;
10) күмәнді және үмітсіз активтерді иемдену ұйым құру (сатып алу);
11) бұрын банк болған заңды тұлғалардан құқықтарды (талаптарды) және (немесе) акциялар мен жарғылық капиталға қатысу үлестерін қоса алғанда, өзге де активтерді иемдену, оларды басқару, оның ішінде сенімгерлік басқаруға беру және (немесе) оларды өткізу арқылы басқару.
Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген мәміле нәтижесінде Қор активтері мөлшерінің он және одан да көп пайызы сомасына мүлік сатып алынса, онда мұндай мәмілені жасасу туралы шешімді Қордың акционері қабылдайды.
Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген мәміле нәтижесінде кредитордың құқықтары (талаптары) өтетін болса, мұндай өтуге қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілдік берушінің және өзге де тұлғалардың келісімі талап етілмейді. Жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін елеулі маңызы жоқ деп танылады;
12) бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын иемдену, сондай-ақ ақшаны екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне банктік шот және банктік салым шарттары талаптарымен орналастыру;
13) ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен банктерді және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғаларды қаржыландыру;
14) стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін иемдену;
15) Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген және бекіткен арнайы бағдарламаларды іске асыру;
16) активтер, оның ішінде құқықтар (талаптар) бойынша берешекті қайта құрылымдауды жүргізу, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), өзге де берешекті толық немесе ішінара есептен шығару және (немесе) олардың күшін жою, активтерді басқару және оларды өткізу, көрсетілген әрекеттер салдарынан туындауы ықтимал залалдарды мойындау;
17) банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған құқықтарды (талаптарды) өтеу есебіне қабылданған және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес актив ретінде ескерілетін мүлікті өткізу және (немесе) мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру;
18) орындалуы тоқтатылған міндеттемелерді ішінара немесе толық есептен шығару (кешіру);
19) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен банктік қарыздар бойынша берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерді тарту, сондай-ақ Заңның 61-бабының 9-тармағына және 62-бабының 2-тармағына сәйкес төлем талабын қою арқылы қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаға даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдану.
2-тарау. Активтерді сатып алу тәртібі
3. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында активтер деп заңды тұлғалардың мүлкі, акциялары және (немесе) жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, Қор сатып алатын (сатып алған) кредиттер/қарыздар бойынша талап құқықтары танылады.
4. Сатып алынатын активтердің тізімін қалыптастыру мақсатында Қор әлеуетті сатушы ұсынған активтер жөніндегі мәліметтерге Қор сатып алатын активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарға сәйкестігі тұрғысынан алдын ала талдау жүргізеді.
5. Қор алдын ала талдауды банктер және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалар ұсынатын ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, сот және атқарушылық іс жүргізудің деректері, бағалау есептері, бухгалтерлік және қаржылық есептілік және сатып алынатын актив туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттың қолжетімді көздері негізінде оларды сатып алу туралы шешім қабылданғанға дейін жүзеге асырады.
6. Ұсынылған активтер жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, Қор активтерге кешенді сараптама жүргізеді, бұл олардың заңды мәртебесін, қаржылық-экономикалық жай-күйін және оларды одан әрі өндіріп алу, өткізу және (немесе) басқару мүмкіндігіне әсерін тигізетін тәуекелдерді талдаудың кешенді рәсімін білдіреді.
7. Активтерді кешенді сараптау шеңберінде Қор мыналарды жүзеге асырады:
1) активтердің (құқықтардың (талаптардың) құрамын, құрылымын және сипаттамаларын, оның ішінде олардың құқықтық табиғатын, түзілу негізін және жарамдылығын талдау;
2) кредиттік шарттарды, қамтамасыз ету, құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарттарын және өзге де байланысты құжаттарды қоса алғанда, құқық белгілейтін және растайтын құжаттарды тексеру;
3) кепілді, кепілдікті, кепілгерлікті және қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін қоса алғанда, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің бар-жоғын, түрін және жеткіліктілігін бағалау, оның ішінде кепіл нысаналарын көзбен шолып тексеру;
4) қамтамасыз етудің/мүліктің нақты жай-күйін, оның сақталуын, өтімділігін және өндіріп алуды қолдану мүмкіндігін талдау;
5) кепіл болып табылатын мүлікке меншік құқығын ресімдеудің және кепіл ұстаушының құқықтарын ресімдеудің дұрыстығына талдау жүргізу;
6) кепілге берілетін мүліктің құқық белгілейтін, сәйкестендіру құжаттарына талдау жүргізу;
7) қарыз алушы (бірлесіп қарыз алушы, кепіл беруші, кепілдік беруші, кепілгер) бойынша теріс ақпараттың бар-жоғын, қарыз алушы (бірлесіп қарыз алушы) бизнесінің ашықтығын талдау;
8) жосықсыз контрагенттермен не құқыққа қарсы іс-әрекет фактілеріне (белгілеріне) байланысты мәмілелердің алдын алу мақсатында активтерге қатысты ресми және өзге де ақпаратты жинау, өңдеу және талдау;
9) борышкерлердің қаржылық жай-күйін, кредиттік тарихын, берешек құрылымы мен кіріс көздерін талдауды қоса алғанда, олардың төлем қабілеттілігін бағалау;
10) сот дауларын, атқарушылық іс жүргізуді, банкроттық рәсімдерді және активтерге байланысты өзге де құқықтық тәуекелдерді талдау;
11) құқықтарды (талаптарды) өндіріп алу, өткізу немесе басқаға беру мүмкіндігіне әсерін тигізетін ауыртпалықтарды, шектеулерді және өзге де факторларды анықтау;
12) активтерді иемденуге және кейіннен басқаруға байланысты операциялық, құқықтық, кредиттік және нарықтық тәуекелдерді талдау.
8. Қор заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесі түріндегі активтерді сатып алған жағдайда кешенді сараптама жүргізген кезде Қор қосымша мыналарды жүзеге асырады:
1) құрылтай құжаттарын, қатысу және соңғы бенефициарлық иелерінің құрылымын талдау;
2) шектеулердің, ауыртпалықтардың, кепілдердің, тыйым салудың және үшінші тұлғалардың өзге де құқықтарының бар-жоғын тексеруді қоса алғанда, қатысу үлестерінің құқықтық мәртебесін тексеру;
3) салықтық міндеттемелерді және әлеуетті салықтық тәуекелдерді бағалау;
4) шешім қабылдау жүйесін, үлестес тұлғалар мен мүдделер қақтығысының туындау тәуекелдерінің бар-жоғын талдауды қоса алғанда, корпоративтік басқаруды талдау.
9. Активтерді кешенді сараптау нәтижелері бойынша қорытынды қалыптастырылады, онда мыналар қамтылады:
1) сатып алынатын активтердің сипаттамасы;
2) активтердің сапасы мен өтімділігі туралы тұжырымдар;
3) тәуекелдерді бағалау;
4) өндіріп алу және (немесе) өткізу тиімділігінің болжамы;
5) сатып алудың орындылығы не сатып алудан бас тарту туралы ұсыным.
10. Қажет болған жағдайда Қор жекелеген талдау түрлерін жүргізу үшін қажетті тәуелсіз бағалаушыларды, консультанттар мен мамандарды тартады.
11. Активтерді кешенді сараптау қорытындысы Қордың уәкілетті органының активтерді сатып алу туралы мәселені қарауына негіз болады.
12. Сатып алынатын активтердің нарықтық құнына бағалау жүргізудегі міндет тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
Мүлікті қамтамасыз ету ретінде Қорға өндірістік мүліктік кешен, жабдық немесе технологиялық желілер, аяқталмаған құрылыс объектілері түріндегі мүлік ұсынылған жағдайда, бағалау қызметінің субъектісіне және ол қолданатын бағалау рәсімдеріне кепіл нысаналарын кешенді зерттеу бойынша талаптар қойылады, оның ішінде түгендеу және (немесе) инспекция жүргізу, және (немесе) техникалық аудит (зерттеп-қарау), және (немесе) технологиялық аудит жөніндегі іс-шаралар қамтылады.
13. Сатып алу туралы шешімді Қордың жарғысымен анықталған өкілеттік шегінде Қордың уәкілетті органы кешенді сараптаманың және Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жасалған активтерді бағалау туралы есептің нәтижелерін ескере отырып қабылдайды.
14. Активтер мен құқықтарды (талаптарды) иемдену құқықтарды (талаптарды) басқаға беру немесе сатып алу-сату мәмілелері шеңберінде жүзеге асырылып, активтердің құрамы, көлемі және құны айқындалады.
15. Қордың жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден және бұрын банк болған заңды тұлғалардан, өзге де тұлғалардан активтерді сатып алу туралы шешім қабылдаған жағдайда активтерді сатып алу тәртібі жоғарыда көрсетілген шешімнің шарттарын ескере отырып, осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Сатып алынған активтерді басқару тәртібі
16. Активтерді басқару деп активтерді өндіріп алуға, өткізуге және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған шаралар жиынтығы танылады.
17. Басқару мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:
1) сатып алынған талап ету құқықтары бойынша берешекті өндіріп алу;
2) активтер, оның ішінде құқықтар (талаптар) бойынша берешекті қайта құрылымдау, негізгі борышты және (немесе) сыйақыны, комиссияны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар), өзге де берешекті толық немесе ішінара есептен шығару және (немесе) олардың күшін жою, көрсетілген әрекеттер нәтижесінде туындайтын ықтимал залалдарды тану;
3) мүліктік жалдау (жалға беру);
4) активтерді сату;
5) сенімгерлік басқаруға беру;
6) талап ету құқықтарын сатып алушыға (инвесторға) беру;
7) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен банктік қарыздар бойынша берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерді тарту, сондай-ақ Заңның 61-бабының 9-тармағына және 62-бабының 2-тармағына сәйкес төлем талабын қою арқылы қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаға даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдану;
8) консервациялау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдер.
1-параграф. Сатып алынған талап ету құқықтары бойынша берешекті өндіріп алу
18. Қор сатып алған құқықтар (талаптар) бойынша берешекті өндіріп алу және кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолдану сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Берешекті сотқа дейін реттеу үшін Қор орын алған берешекті өтеуді талап етіп хат жіберу арқылы борышкердің, кепіл берушінің, кепілдік берушінің, кепілгердің және өзге де міндетті адамдардың міндеттемелерді ерікті түрде орындауына бағытталған шаралар қабылдайды.
Берешекті сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мүмкін болмаған жағдайда Қор берешекті өндіріп алу және (немесе) кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы талап арызбен (өтінішпен) сотқа жүгінеді.
19. Кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолдану Қор сатып алған құқықтар (талаптар) бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде берілген мүлікке қатысты жүзеге асырылады, оған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мүліктік құқықтар, ақша, бағалы қағаздар және кепіл нысанасы болып табылатын өзге де мүлік жатады.
Кепілге қойылған мүлікке өндіріп алу қолданылғанда Қор кепіл нысанасының құқықтық мәртебесіне, ауыртпалықтардың, тыйымдардың, шектеулердің және кепіл мүлкін өткізу мүмкіндігіне әсерін тигізетін өзге де мән-жайлардың бар-жоғына талдау жүргізеді.
20. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін Қор атқарушылық құжатты алып, оны мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушысына жібереді.
21. Қор өз пайдасына қозғалған атқарушылық іс жүргізулер бойынша өндіріп алушының "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
22. Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кепілге қойылған мүлікті өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2-параграф. Борышкерлердің берешегін қайта құрылымдау
23. Берешектің қайтарылуын қамтамасыз ету және (немесе) берешектің қайтарылмау тәуекелін азайту мақсатында Қор сатып алынған активтер бойынша берешекті қайта құрылымдауды жүзеге асырады.
24. Берешекті қайта құрылымдау деп борышкердің қаржы-шаруашылық қызметін, оның төлем қабілеттілігін, қамтамасыз ету сапасын және берешекті өтеу перспективаларын талдау негізінде әзірленетін, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге, борыштық жүктемені төмендетуге және Қор алдындағы міндеттемелердің барынша мүмкін болатын орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені танылады.
25. Қайта құрылымдау туралы мәселені қарау борышкердің жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады, онда Қор алдындағы міндеттемелерді орындау бойынша ұсыныстар қамтылады.
26. Қайта құрылымдау туралы мәселені қарау шеңберінде Қор борышкердің қызметіне талдау жүргізеді, оған мыналар кіреді:
1) борышкердің қаржылық және мүліктік жағдайын зерделеу;
2) қаржылық, салықтық және өзге де есептілікті талдау;
3) ақша легінің қозғалысын, кірістер мен шығыстар құрылымын талдау;
4) борышкердің төлем қабілеттілігін және оның қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру перспективаларын бағалау;
5) кредиттік тарихты және мерзімі өткен берешектің туындау себептерін талдау;
6) борышкердің келісімшарттық базасын және ағымдағы шаруашылық қызметін талдау;
7) сот дауларының, атқарушылық іс жүргізудің, оңалту, банкроттық немесе тарату рәсімдерінің бар-жоғын тексеру;
8) міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді, оның ішінде кепіл мүлкін, кепілдіктерді, кепілгерлікті және қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін талдау;
9) мүліктің өтімділігі мен нарықтық құнын бағалау;
10) борышкердің қосымша активтерін және берешекті өтеудің өзге де көздерін анықтау;
11) қайта құрылымдауға байланысты құқықтық, қаржылық, операциялық және нарықтық тәуекелдерді талдау.
27. Қайта құрылымдауды жүргізу мақсатында Қор мыналарды жүзеге асырады:
1) міндеттеме валютасын өзгерту;
2) берешекті өтеу мерзімдерін, тәртібін және графигін өзгерту;
3) төлемді кейінге қалдыруды, бөліп төлеуді, жеңілдікті кезеңді не икемді төлем графигін ұсыну;
4) негізгі борышты, сыйақыны және өзге де төлемдерді өтеу тәртібі мен кезектілігін өзгерту;
5) сыйақы мөлшерлемесін және (немесе) оны есептеу тәртібін өзгерту;
6) негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) және өзге де берешекті толық немесе ішінара есептен шығару, олардың күшін жою, оларды есептеуді тоқтата тұру не қайта есептеу, көрсетілген әрекет нәтижесінде туындайтын залалдарды тану;
7) берешекті қайта қаржыландыру;
8) борышкер немесе үшінші тұлғалар беретін мүлікті қоса алғанда, өтемақыны қабылдау;
9) Қордың келісімімен борышты үшінші тұлғаға аудару;
10) қосымша кепілдіктерді, кепілгерлікті және қамтамасыз етуді тарту;
11) берешекті өтеу мақсатында борышкердің мүлкінің бір бөлігін өткізу;
12) құқықтарды (талаптарды) сату және (немесе) басқаға беру;
13) секьюритилендіру;
14) борышкердің қаржы-шаруашылық қызметін басқаруға қатысу;
15) қайта құрылымдаудың аралас нысандарын және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржылық сауықтыру тетіктерін қолдану.
28. Мүлікті бағалауды жүргізу, бағалау туралы есептерді тексеру, борышкердің қаржылық жай-күйін талдау және басқа да іс-шаралар үшін Қор тәуелсіз бағалаушыларды, аудиторлық ұйымдарды, ал қажет болған жағдайда – консультанттарды және өзге де мамандарды тартады.
29. Қайта құрылымдау туралы шешімді Қордың уәкілетті органы жүргізілген талдау нәтижелерін, тәуекел деңгейін, қамтамасыз ету сапасын, борышкердің қаржылық жай-күйін және тиісті шараларды қолданудың экономикалық орындылығын ескере отырып қабылдайды.
30. Қор борышкердің қайта құрылымдау талаптарын орындауына мониторинг жүргізеді, оның ішінде төлем тәртібін, борышкердің қаржылық жай-күйін, кепіл мүлкінің жай-күйін, ковенанттардың және қайта құрылымдаудың өзге де талаптарының сақталуын бақылайды.
31. Борышкер қайта құрылымдау талаптарын бұзған жағдайда Қор берешекті өндіріп алу, қамтамасыз етуді өткізу, сот органдарына жүгіну шараларын және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген өзге де шараларды қолданады.
32. Қор халықаралық қаржылық есептілік стандарттары мен Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес берешекті қайта құрылымдау, міндеттемелерді есептен шығару және (немесе) тоқтату, активтерді өткізу, құқықтарды (талаптарды) басқаға беру, сондай-ақ берешекті реттеудің өзге де шараларын қолдану нәтижесінде туындайтын ықтимал залалдарды тануды жүзеге асырады.
33. Қор орындалуы тоқтатылған Қор алдындағы міндеттемелер бойынша берешекті ішінара немесе толық есептен шығарады (кешіреді), бұл ретте өндіріп алу шараларының бәрі қолданылуы шарт.
34. Міндеттемелер бойынша берешекті есептен шығаруға (кешіруге) мыналар негіз болады:
1) атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуы;
2) заңды тұлғалардың немесе дара кәсіпкерлердің банкроттық рәсімінің аяқталуы;
3) жеке тұлғалардың соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдерінің аяқталуы;
4) борышкер қайтыс болып, мұрагерлік мүліктің болмауы не талап қоюға болатын мұрагерлердің болмауы;
5) заңды күшіне енген, одан әрі өндіріп алу мүмкіндігін жоққа шығаратын сот актісінің болуы.
35. Берешекті есептен шығару туралы мәселені қарау мыналардың негізінде жүзеге асырылады:
1) банкроттықты басқарушының қорытынды есебін және тарату теңгерімін бекіту туралы сот ұйғарымы;
2) қаржы басқарушысының қорытынды есебін бекіту туралы сот ұйғарымы;
3) соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау туралы мемлекеттік кірістер органының шешімі;
4) атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы сот орындаушысының қаулысы;
5) қайтыс болу туралы куәлік немесе қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарлама және мұрагерлік істің жоқтығын растайтын мәлімет;
6) заңды күшіне енген, одан әрі өндіріп алу мүмкіндігін жоққа шығаратын сот актісі.
36. Берешекті ішінара немесе толық есептен шығару туралы шешімді Қордың уәкілетті органы қабылдап, Қордың ішкі құжаттарына сәйкес есептен шығарылатын берешек мөлшерін айқындайды.
37. Берешек ішінара есептен шығарылған жағдайда Қор берешектің қалған бөлігін өндіріп алу құқығын сақтайды.
38. Есептен шығарылған берешек туралы мәліметтер Қордың ішкі есебінде көрсетілуге тиіс.
3-параграф. Мүліктік жалдау (жалға беру)
39. Қор банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) береді.
40. Мүліктік жалдау (жалға беру) төлемінің мөлшері нарықтық жағдайларды, мүліктің орналасқан жерін, техникалық жай-күйін, оны пайдалану мүмкіндігін және пайдалану құнына әсер ететін өзге де факторларды ескере отырып айқындалады.
Мүліктік жалдау (жалға беру) құнын айқындау мақсатында Қор ашық дереккөздер, осыған ұқсас объектілер туралы мәліметтер және өзге де қолжетімді ақпарат негізінде нарыққа талдау жүргізеді.
Талдау нәтижелері бойынша жалдау төлемінің ең төменгі шекті мәндері белгіленеді. Күрделі немесе ағымдағы жөндеу жүргізу не мүлікке инвестиция салу қажеттігіне байланысты жағдайларда жалдау төлемінің мөлшері Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде ең төменгі шекті мәннен төмен болып белгіленеді.
41. Әлеуетті жалға алушыларды тарту мақсатында Қор мүлік туралы ақпаратты Қордың интернет-ресурсына, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарына орналастыруды қамтамасыз етіп, оны беру шарттарын, өтінім қабылдау мерзімдерін және жалдау төлемінің мөлшерін көрсетеді.
Түскен өтінімдерді Қор белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды. Бірнеше өтінім болған жағдайда анағұрлым тиімді шарт ұсынған тұлғаға, ал шарттар тең болған жағдайда бірінші болып тиісті өтінім берген тұлғаға артықшылық беріледі.
42. Мүлікті беру мүліктік жалдау (жалға беру) шарты немесе қабылдау-тапсыру актісі бойынша жалдау шарты негізінде жүзеге асырылады, онда мүліктің техникалық жай-күйі, оның сипаттамалары, жиынтықтылығы, ақауларының бар-жоғы және өзге де елеулі мәліметтер тіркеледі.
43. Жалға алушының өтініші бойынша Қор жалға алушы шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған жағдайда мүліктік жалдау (жалға алу) мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауға құқылы.
44. Мүлікті қосалқы жалға беруге, егер мүліктік жалдау (жалға алу) шартында өзгеше көзделмесе, Қордың алдын ала жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
45. Қор шарттардың орындалуына мониторинг жүргізеді, оның ішінде мүліктің пайдаланылуын, төлемдердің уақтылы жүргізілуін, мүліктің сақталуын жасалған шарттардың талаптарында көзделген міндеттемелердің орындалуын бақылайды.
4-параграф. Активтерді сату
46. Қор халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес активтер ретінде есепке алынатын, банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған және (немесе) алынған құқықтарды (талаптарды) өтеу есебіне қабылданған мүлікті сатуды жүзеге асырады.
47. Мүлікті сатуға мүлікті ұстау мен оған қызмет көрсетудің экономикалық орынсыздығы, мүліктің ағымдағы жоғары өтімділігі және қолайлы нарықтық конъюнктура негіз болады.
48. Мүлікті сатуға Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде мүліктің техникалық жай-күйін, пайдалану мүмкіндігін, күтіп-ұстауға болжамды шығыстарды, тәуекелдерді бағалауды және экономикалық орындылықты ескере отырып жүзеге асырылады.
49. Мүлікті сату оның бастапқы бағасы негізінде жүзеге асырылады, ол Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес айқындалатын теңгерімдік немесе бағалау құнының қайсысы жоғары болса, соған сәйкес белгіленеді.
50. Мүлікті сату мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:
1) аукцион нысанындағы электрондық сауда-саттық (бағаны көтеру және төмендету арқылы);
2) тендер нысанындағы электрондық сауда-саттық;
3) тікелей атаулы өткізу;
4) айырбас (айырбас шарты), Қор компаниялары тобы ішіндегі айырбасты қоспағанда;
5) талап ету құқықтарын басқаға қайта беру;
6) активтерді қор биржасында өткізу.
51. Активтерді сату Қордың уәкілетті органы бекіткен ішкі құжатта белгіленген тәртіппен алғашқы, бастапқы және ең төменгі баға, сондай-ақ сауда-саттық өткізудің өзге де шарттары қолданылып кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, Қордың интернет-ресурсында, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында сатылатын мүлік туралы ақпарат алдын ала орналастырылады.
52. Жеке тұрған ғимарат, құрылысжай немесе аяқталмаған құрылыс объектісі болып табылатын жылжымайтын мүлікті сатқанда оны тиісті жер учаскесімен бірге мүліктік кешен ретінде сатуға жол беріледі.
Кіріктірілген үй-жайларда орналасқан жылжымайтын мүлікті сатқанда жер учаскесіне құқық бөлу мәселелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес шешіледі.
Жер учаскесінің және онда орналасқан мүліктің құны бөлек бағалануға тиіс.
53. Мүлікті сату тәсілі, мерзімдері мен шарттары, оның ішінде төлеу тәртібі туралы шешімді Қордың уәкілетті органы Қордың жарғысында белгіленген өкілеттіктер шегінде қабылдайды.
54. Активті сату мүмкін болмаған жағдайда Қор оны мемлекеттік меншікке беру мәселесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.
55. Заңды тұлғалардың акцияларын және (немесе) жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері сатылғанда Қазақстан Республикасының заңнамасының немесе тиісті заңды тұлға тіркелген елдің заңнамасының талаптары сақталады.
5-параграф. Сенімгерлік басқаруға беру
56. Қор мүлікті өзінің ішкі құжаттарына сәйкес Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде сенімгерлік басқаруға береді.
57. Сенімгерлік басқарушы ретінде жеке немесе заңды тұлғалар әрекет етеді. Сенімгерлік басқару шарты бойынша пайда алушы Қор болып табылады.
58. Сенімгерлік басқару шартында мүлікті пайдалану талаптары, басқару тәртібі, сенімгерлік басқарудың қолданылу мерзімі, мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, сенімгерлік басқарушының жауапкершілігі мен сыйақысының мөлшері көзделеді.
59. Сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде сенімгерлік басқарушы шеккен расталған шығыстары өтеледі.
Сенімгерлік басқарушы Қорға өзінің қызметі туралы есепті сенімгерлік басқару шартында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен ұсынады.
6-параграф. Талап ету құқықтарын сатып алушыға (инвесторға) беру
60. Құқықтарды (талаптарды) сатып алушыға (инвесторға) беру Қор тарапынан ақша қаражатын қайтару, проблемалық активтер деңгейін төмендету, залалды азайту және сатып алынған құқықтарды (талаптарды) басқару тиімділігін арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
61. Құқықтарды (талаптарды) басқаға беру Қордың жарғысында айқындалған өкілеттіктер шегіндегі Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
62. Банктік қарыз шарттары, кредиттік шарттар, қамтамасыз ету шарттары және өзге де міндеттемелер бойынша құқықтар (талаптар), оның ішінде кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен және міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің басқа тәсілдерімен қамтамасыз етілген құқықтар басқаға беру нысанасы болады.
63. Құқықтарды (талаптарды) сатып алушыға (инвесторға) беру талап ету құқығын беру (цессия) шарты немесе сату-сатып алу шарты негізінде жүзеге асырылады.
64. Құқықтар (талаптар) берілген сәттен бастап сатып алушыға (инвесторға) міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтарды қоса алғанда, кредитордың құқықтары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шарт талаптарында өзгеше белгіленбесе, сол сәттегі көлемде және шарттарда ауысады.
65. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда борышкердің, кепіл берушінің, кепілдік берушінің, кепілгердің және өзге де адамдардың құқықтарды (талаптарды) беруге келісімі талап етілмейді.
7-параграф. Банктік қарыздар бойынша өндіріп алу және талап ету құқықтарын басқаға беру үшін коллекторлық агенттіктерді тарту және қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдану
66. Қор банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен банктік қарыздар бойынша берешекті өндіріп алу және талап ету құқықтарын басқаға беру үшін коллекторлық агенттіктерді тартады.
67. Берешекті коллекторлық агенттікке өндіріп алуға беру туралы шешімді Қордың уәкілетті органы берешектің мөлшерін, мерзімі өткен күндердің ұзақтығын, бұрын қабылданған өндіріп алу шараларының нәтижелерін ескере отырып қабылдайды.
68. Берешекті коллекторлық агенттікке беру шарт негізінде жүзеге асырылады.
69. Шарт жасалғаннан кейін Қор өндіріп алуды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, берешек туралы мәліметтерді және өзге де ақпаратты беруді қамтамасыз етеді.
70. Қор тартылған коллекторлық агенттіктің шарт бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеуді, оның ішінде берешекті өндіріп алу бойынша қабылданған шаралардың толықтығы мен нәтижелілігін талдауды, сондай-ақ көрсетілген қызметтердің нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады.
71. Қор Заңның 61-бабының 9-тармағында және 62-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен және шарттарда төлем талабын ұсыну арқылы қарыз алушының банк шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолданады.
Төлем талабы банктік қарыз шарты, банктік шот шарты немесе қарыз алушының ақшаны акцептсіз алып қоюға берген өзге де келісімі болған жағдайда ұсынылады.
Даусыз тәртіппен өндіріп алуды қолдану борышкердің берешек сомасы шегінде жүзеге асырылады, оған негізгі борыш, сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) және шартта көзделген өзге де төлемдер кіреді.
8-параграф. Консервациялау
72. Мүлікті консервациялау – мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, оның бұзылуының, зақымдануының, заңсыз пайдаланылуының алдын алуға және оны күтіп-ұстау шығыстарын азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, пайдаланушылық және өзге де шаралар кешені болып табылады.
73. Мүлікті консервациялауды Қор оны одан әрі күтіп ұстау және қызмет көрсету экономикалық тұрғыдан орынсыз болған, оны тиімді пайдалану мүмкіндігі болмаған, залалға шығу тәуекелі туындаған немесе мүліктің техникалық жай-күйі нашарлаған жағдайларда жүзеге асырылады.
74. Мүлікті консервациялау туралы шешімді Қордың уәкілетті органы мүліктің техникалық жай-күйін, оны күтіп ұстауға болжамды шығыстарды, зақымдану, жоғалу не құнының төмендеу тәуекелдерінің бар-жоғын ескере отырып қабылдайды.
75. Мүлікті консервациялау шеңберінде Қор мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:
1) мүліктің физикалық сақталуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау;
2) ыстық және суық сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, телефон байланысын, Интернетті, кабельдік телевизияны, домофонды және өзге де коммуналдық және пайдалану қызметтерін ажырату;
3) мүлікті пайдалануды тоқтата тұру;
4) өрт қауіпсіздігін, санитариялық және техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жүргізу;
5) оны күтіп-ұстау шығыстарын азайтуға бағытталған өзге де іс-шаралар.
4-тарау. Қаржы құралдарымен қызмет
76. Қор "Акционерлік қоғамдар туралы" және "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының заңдары мен бағалы қағаздар нарығы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жарғылық капиталды қалыптастыру үшін акциялар, сондай-ақ өз қызметін қаржыландыру үшін облигациялар шығарады.
77. Орналастырылған акциялар мен облигацияларды сатып алуды Қор оларды кейіннен сату үшін немесе Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңнамасына сәйкес өзге де мақсаттар үшін акционердің келісімімен жүзеге асырады.
78. Банктер шығарған акциялар және (немесе) облигациялар Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес олардың әділ (нарықтық) құнын айқындау, сондай-ақ инвестициялық тартымдылық пен тәуекел деңгейін бағалау үшін бағаланады.
Бағалау нәтижелері қаржылық есептілікті қалыптастыру кезінде бухгалтерлік есепте, сондай-ақ капитал тарту, біріктіру және қамту жағдайларында қолданылады.
79. Қор банктерден және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғалардан сатып алынған құқықтарды (талаптарды) және өзге де активтерді "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес секьюритилендіру операцияларын жүзеге асырады.
80. Бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын сатып алу, сондай-ақ ақшаны екінші деңгейдегі банктерде және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде банктік шот және банктік салым шарттары негізінде орналастыру Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде жүзеге асырылады.
5-тарау. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырудың және арнайы бағдарламаларды іске асырудың ерекшеліктері
81. Қор шартты қаржыландыруды жүзеге асырады – Қордың екінші деңгейдегі банкке банктік салым шартының не қаржыландыру талаптарын міндетті түрде орындауды көздейтін өзге де құралдардың талаптарымен банкте ақша орналастыру түрінде қаржы ресурстарын беруі.
Қор шартты қаржыландыру талаптары бұзылған жағдайда қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды талап етеді.
82. Қор негізгі қызметі күмәнді және үмітсіз активтерді иемдену, басқару, өндіріп алу, қайта құрылымдау, өткізу және өзге де сүйемелдеу болып табылатын ұйымдарды құрады не сатып алады.
83. Мұндай ұйым құруды оның орындылығына талдау жүргізілгеннен кейін Қор жүзеге асырады, талдауда Қордың жалғыз акционерінің шешімі негізінде активтерді басқару тиімділігін, тәуекелдерді, ұйымның жұмыс істеуіне жұмсалатын шығындарды және ұйымның қызметіне әсер етуі мүмкін өзге де мән-жайларды бағалау қамтылады.
84. Мұндай ұйымды иемденуді Қор активтерді, тәуекелдерді және ұйымның жұмыс істеуіне жұмсалатын шығындарды басқару тиімділігін бағалауды қамтитын сатып алудың орындылығына талдау жүргізілгеннен кейін, сондай-ақ құрылтай құжаттарын, қаржылық жай-күйін, активтер мен міндеттемелер құрылымын, ауыртпалықтардың, сот дауларының және ұйымның қызметіне ықпал етуге қабілетті өзге де мән-жайлардың бар-жоғын талдауды көздейтін кешенді тексеру жүргізілгеннен кейін Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде жүзеге асырады
85. Қор мұндай ұйымды оның жарғылық капиталына қатысу, басқару органдарын қалыптастыру және ұйым жарғысында белгіленген өкілеттіктер шегінде негізгі шешімдерді қабылдау арқылы басқаруды қамтамасыз етеді.
86. Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде Қор банктерді және (немесе) бұрын банк болған заңды тұлғаларды ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық талаптарымен қаржыландыруды жүзеге асырады, бұл ретте қаржы алушының қаржылық жағдайы, Қор алдындағы міндеттемелерін орындау көздері, қаржы беруге байланысты қаржылық, құқықтық және өзге де тәуекелдер, сондай-ақ ол бойынша кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліктілігі ескеріледі.
87. Қаржыландыру шарт негізінде жүзеге асырылады, онда қаржыландыру мөлшері, қайтару мерзімі, сыйақы мөлшері, міндеттемелерді орындау тәртібі, қамтамасыз ету талаптары және қаржыландыру шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары көзделеді.
88. Қаржыландыру қолданылатын кезеңде Қор ұсынылған қамтамасыз етудің нақты жай-күйімен қоса қаражаттың мақсатқа сай пайдаланылуына, қаржы алушының қаржылық жай-күйіне, шарт бойынша оның міндеттемелерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады.
89. Қаржыландыру талаптары бұзылған жағдайда Қор Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және шарт талаптарында көзделген тәртіппен сот тәртібімен де, соттан тыс тәртіппен де берешекті өндіріп алу, кепілге қойылған мүлікке өндіріп алуды қолдану, міндеттемелерді қайта құрылымдау шараларын немесе өзге де шараларды қолданады.
90. Стресс-активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін иемденуді Қор өз меншігіндегі активтерді сүйемелдеу, мониторингтеу, өндіріп алу, қайта құрылымдау, өткізу және өзге де басқаруды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
91. Еншілес ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін сатып алу Қордың уәкілетті органының шешімі негізінде активтердің сипаты, мамандандырылған сүйемелдеудің қажеттігі, активтерді басқару жөніндегі жоспарланған іс-шаралардың көлемі, сондай-ақ еншілес ұйымды тартудың экономикалық орындылығы ескеріліп жүзеге асырылады.
92. Еншілес ұйымдар борышкерлердің қаржылық жай-күйін мониторингтеу, берешекті өндіріп алу рәсімдерін сүйемелдеу, борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау, мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, сот және атқарушылық рәсімдерді сүйемелдеу, мүлікті өткізуді ұйымдастыру, активтерді талдау мен бағалауды жүргізу, сондай-ақ стресс-активтерді басқару тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де іс-шараларды орындау бойынша қызметтер көрсетеді.
93. Еншілес ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін сатып алу көрсетілетін қызметтердің тізбесін, оларды көрсету мерзімдерін, тараптардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін, көрсетілетін қызметтердің құнын және көрсетілген қызметтердің нәтижелерін бағалау талаптары көзделетін шартпен ресімделеді.
94. Қор Қазақстан Республикасының Үкіметі және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеп, бекіткен арнайы бағдарламаларды іске асыруды жүзеге асырады.
95. Арнайы бағдарламаларды Қор тиісті бағдарламалық құжаттарда көзделген талаптарға, мақсаттар мен тетіктерге сәйкес жүзеге асырады және олар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, активтердің сапасын жақсарту, қаржы нарығына қатысушылардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сондай-ақ активтерді басқару тиімділігін арттыру міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған.
96. Арнайы бағдарламаларды іске асыру шарттарына қарай Қор мыналарды жүзеге асырады:
1) арнайы бағдарламаларда көзделген активтер мен құқықтарды (талаптарды) сатып алуға, басқаруға, қайта құрылымдауға және (немесе) өткізуге қатысу;
2) қаржыландыру, қолдау шараларын ұсыну не арнайы бағдарламалардың талаптарында көзделген өзге де қатысу нысандары;
3) активтердің сапасын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, оның ішінде берешекті қайта құрылымдау, міндеттемелерді реттеу және тәуекелдерді төмендету;
4) арнайы бағдарламаларға қатысушылардың оның талаптарын орындауын мониторингтеу және бақылау;
5) уәкілетті органдар белгілеген тәртіппен арнайы бағдарламаларды іске асыру барысы мен нәтижелері туралы есептілікті дайындау.
97. Арнайы бағдарламаларды іске асыру Қордың уәкілетті органдарының шешімі негізінде және тиісті бағдарламаларда белгіленген тәртіпке, шарттарға және шектеулерге сәйкес жүзеге асырылады.
98. Қор арнайы бағдарламалар шеңберінде пайдаланылатын ресурстардың мақсатқа сай әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.
99. Активтердің құнын арттыру, олардың неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету, инвестициялық тартымдылығын арттыру және қосымша табыс алу мақсатында Қор Қордың жарғысына және ішкі құжаттарына сәйкес инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысады.
100. Инвестициялық жобаларды іске асыру мынадай мақсаттарда жүзеге асырылады:
1) активтердің нарықтық құнын арттыру;
2) мүлікті шаруашылық айналымға тарту;
3) мүліктің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
4) аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқтау;
5) мүліктің техникалық жай-күйін жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру немесе жақсарту;
6) объектілердің инфрақұрылымын дамыту;
7) активтерді пайдаланудан кіріс алу;
8) мүлікті күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстарды азайту;
9) активтерді басқарудың өзге де экономикалық негізделген мақсаттарына қол жеткізу.
101. Инвестициялық жобаны қарау кезінде Қор мынадай талдау жүргізеді:
1) мүліктің техникалық жай-күйі;
2) мүліктің құқықтық мәртебесі және шектеулердің не ауыртпалықтардың бар-жоғы;
3) активтің нарықтық құны және инвестициялық тартымдылығы; 4) жобаны іске асыруға арналған болжамды шығындар;
5) күтілетін экономикалық әсері мен өтелу мерзімі;
6) жобаны іске асыру тәуекелдері және оларды азайту мүмкіндіктері.
102. Инвестициялық жобаларды іске асыру туралы ақпарат әлеуетті инвесторларды тарту және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қордың интернет-ресурсында, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында және өзге де ашық дереккөздерде орналастырылады.
Инвестициялық жобаларды іске асыру шарттары, оның ішінде қаржыландыру тәртібі, шығыстарды, кірістер мен тәуекелдерді бөлу, инвестиция көлемі, жобаны іске асыру мерзімдері, тараптардың құқықтары мен міндеттері шартта айқындалады.
103. Қордың уәкілетті органының шешімі бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру инвесторларды, құрылыс салушыларды, мердігерлерді, басқарушы компанияларды және өзге де тұлғаларды тиісті шарттарда айқындалған талаппен тарту арқылы жүзеге асырылады.
104. Тараптар қабылданған міндеттемелерді толық орындағанға және тиісті инвестициялық жобада көзделген іс-шаралар аяқталғанға дейін Қор инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылау мен мониторингтеуді жүргізеді.
_______________________
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 9 шілдедегі |
|
| № 601 қаулысымен бекітілген |
"Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар
1. Осы "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамы сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – талаптар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 132-бабының 1-тармағының екінші бөлігін іске асыру мақсатында әзірленген және "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) иемдену (иемделген) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) активтер – мүлік, акциялар және (немесе) заңды тұлғалардың капиталына қатысу үлестері, Қор иемдену (иемделген) кредиттер/қарыздар бойынша талап ету құқықтары;
2) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі – халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстан Республикасына тағайындаған рейтингтер;
3) қарыз алушылар тобы – кредиттік желілер шеңберінде берілген кредиттер, қарыздар бойынша бір мезгілде осы топта қарыз алушылардың акционерлері немесе қатысушылары не қосалқы қарыз алушылары, кепіл берушілері, кепілгерлері болып табылатын қарыз алушы – заңды және (немесе) жеке тұлғалар тобы;
4) талап ету құқықтары – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, екінші деңгейдегі банктерден (бұдан әрі – банктер) және бұрын банк болған заңды тұлғалардан иемдену (иемделген) кредиттер, қарыздар бойынша талап ету құқықтары.
3. Қор талап ету құқықтарын мұндай кредиттер мынадай өлшемшарттарға сәйкес болған жағдайда сатып алады:
1) негізгі борышы және (немесе) есептелген сыйақылары бойынша күнтізбелік тоқсан күннен аса мерзімі өткен берешегі бар және (немесе) кемінде 3 (үш) рет қайта құрылымданған және (немесе) төлемдерін 1 (бір) жылдан аса кейінге қалдырған және (немесе) банктер күмәнді және үмітсіз активтерді басқару жөніндегі ұйымдар болып табылатын еншілес ұйымдарға берілген (оның ішінде қарыз алушылар тобына берілген) кредиттер;
2) кредиттер мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды қоспағанда, қарыз алушыларға және (немесе) қарыз алушылар тобына берілген;
3) осы талаптардың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кепіл түрлерін қоспағанда, мүлік кепілімен, оның ішінде Қазақстан Республикасының резидент-эмитенттері шығарған және "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамының (KASE) немесе "Astana International Exchange" акционерлік қоғамының (AIX) ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаздармен, сондай-ақ кредиттік рейтингі Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенттері шығарған бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген кредиттер бойынша міндеттемелер;
4) қарыз алушының (кепіл берушінің) негізгі қызметінің түрі мыналарға:
орман және балық шаруашылығына;
сумен қамтуға, кәріз жүйелеріне, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауға;
қаржы және сақтандыру қызметіне;
ғылыми және техникалық қызметке;
бұрынғы аумақтық ұйымдар мен органдар қызметіне;
мемлекеттік басқаруға және қорғанысқа, міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға жатпайды.
Осы тармақтың ережелері:
Қор 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұрын банк болған заңды тұлғалардан иемделген активтер мен талап ету құқықтары бойынша мәмілелер жасасқан;
Қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен мақұлданған мәмілелер жасасқан;
Қор банктің мөлшерлес борышын Қорға бір мезгілде аудара отырып, банктің талаптары мен активтерінің құқықтарын иемделген (басқаға беру жолымен);
Қор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен талап ету құқықтарын иемделген жағдайларға қолданылмайды.
4. Қор Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, банктерден, бұрын банк болған заңды тұлғалардан активтерді, оның ішінде талап ету құқықтарын:
1) егер қарыз алушыға (кепіл берушіге) қатысты ерікті тарату, оңалту немесе банкроттық рәсімдері жүргізілген;
2) егер Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенттері шығарған бағалы қағаздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі, ал Қор сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді иемденуге сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сатқан жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарынан тыс жердегі мүлік және мүліктік құқық не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтық айналымда шектелген мүлік кепіл мәні болып табылған;
3) егер қарыз бойынша жалғыз кепіл нысанасы:
компьютерлік жабдық пен техника;
айналымдағы тауарлар;
болашақта түсетін мүлік;
жиһаз заттары;
авторлық құқықтар;
лицензиялар;
патенттер;
жалдау құқығы;
тауар белгісіне арналған құқық;
үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктері болған жағдайларды қоспағанда, сатып алады.
Осы тармақтың ережелері:
Қор 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұрын банк болған заңды тұлғалардан иемделген активтер мен талап ету құқықтары бойынша мәмілелер жасасқан;
Қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерімен мақұлданған мәмілелер жасасқан;
Қор банктің мөлшерлес борышын Қорға бір мезгілде аудара отырып, банктің талаптары мен активтерінің құқықтарын иемделген (басқаға беру жолымен) жағдайларға қолданылмайды.
5. Қамтамасыз етудің жалпы кепілдік құнындағы жекелеген кепіл нысанасы құнының үлесіне қойылатын талаптар Қордың ішкі құжаттарында көзделеді.
6. Иемделетін (иемделген) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын қосымша талаптар мен шектеулер Қордың ішкі құжаттарына сәйкес Қор тарапынан белгіленеді.