ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 92-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 4 мамырдағы № 361 қаулысымен бекітілген |
Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі 92-бабының 4-тармағына, мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленді және резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану тәртiбiн айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) елді мекеннің аумағы – қалалық немесе ауылдық елді мекеннің белгіленген шекаралары (сызықтары) шегіндегі кеңістік;
2) елдi мекеннiң бас жоспары – қала құрылысы регламенттері ескеріле отырып, елді мекенді аймақтарға бөлудi, оның жоспарлы құрылымын және аймағын функционалдық ұйымдастыруды, көлiктік және инженерлiк коммуникациялар, көгалдандыру мен абаттандыру жүйесін белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды дамытуды және оларда құрылыс салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
3) қонысаралық аумақтар – елді мекендердің шекарасынан (шегінен) тыс орналасқан аумақтар;
4) резервтегі аумақтар – елді мекендерді дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды дамытуға (абаттандыруға) арналған аумақтар;
5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері –Қазақстан Республикасының аумағында адамның өмір сүру және тіршілік ету ортасын қалыптастыруға және дамытуға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;
6) уақытша құрылысжайлар – тұрғын үй, мәдени – тұрмыстық және құрылысшыларға қызмет көрсетуге арналған басқа да ғимараттар мен құрылыстар, кірме жолдар, жолдар, қоймалар, сорғылар, қосалқы станциялар, бетон еріту тораптары, инженерлік желілер және құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін қажетті, әдетте құрылыс аяқталғаннан кейін таратылатын өндірістік мақсаттағы басқа да құрылысжайлар.
3. Осы Қағидалардың талаптары аумақтарды қала құрылысы тұрғысынан жоспарлаудың кешенді схемаларының, елдi мекендердiң бас жоспарларының және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының құрамында анықталған және бекітілген резервтегі аумақтар шегіндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілеріне қолданылады.
2-тарау. Резервтегі аумақтарды уақытша пайдалану тәртібі
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері резервтегі аумақтардың құрамынан жер учаскелерін уақытша пайдалануға беру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш жібереді.
5. Жергілікті атқарушы органдар сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің өтініштерін Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабына сәйкес қарайды.
6. Резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелеріне уақытша құрылысжайлар қала құрылысы және жобалау-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс объектісін салу ұзақтығының мерзіміне орналастырылады.
7. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурстарына резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелері туралы ақпарат орналастырып тұрады.
8. Резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелері сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілеріне Қазақстан Республикасының Жер кодексі 49-2-бабының 6-тармағында көзделген тиісті мақсаттар үшін уақытша құрылысжайларды орналастыруға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
9. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелерін және уақытша тұрғызылған құрылысжайларды тиісінше күтіп-ұстауды, сондай-ақ оларды пайдалануды қамтамасыз етеді.
10. Құрылыс объектісін салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан және ол пайдалануға берілгеннен кейін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің субъектілері уақытша құрылысжайларды бұзуды жүзеге асырады және резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелерін бастапқы қалпына келтіреді.
11. Резервтегі аумақтарды жергілікті атқарушы органдар жер учаскесі резервке қойылған объект іске асырылғанға дейін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелері өткізілетін сауда орындарын, гүл сататын дүңгіршектерді, автомобильдерге арналған ашық тұрақтар, маусымдық спорт және ойын алаңдарын орналастыру үшін уақытша пайдалануы мүмкін.
12. Жер учаскесі резервке қойылған құрылыс объектісі бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген жағдайда жергілікті атқарушы орган аталған уақытша құрылысжайларды бұзуды жүзеге асырады және резервтегі аумақтардың құрамындағы жер учаскелерін бастапқы қалпына келтіреді.