ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.
"Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы" Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімінің 3-тармағының 3.2.7-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес сәйкестікті бағалауды жүргізудің, сондай-ақ шетелдік дайындаушылардың өкілдері үшінші елдерден әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген көлік құралдарын айналысқа шығарудың талаптары мен ерекшеліктері белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі осы қаулыға қосымшаға сәйкес сәйкестікті бағалаудан өткен көлік құралдарының алғашқы мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 351 қаулысына қосымша |
Сәйкестікті бағалауды жүргізудің, сондай-ақ шетелдік дайындаушылардың өкілдері үшінші елдерден әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген көлік құралдарын айналысқа шығарудың талаптары мен ерекшеліктері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы сәйкестікті бағалауды жүргізудің, сондай-ақ шетелдік дайындаушылардың өкілдері үшінші елдерден әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген көлік құралдарын айналысқа шығарудың талаптары мен ерекшеліктері (бұдан әрі – талаптар) "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы" Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімінің (бұдан әрі – Комиссия шешімі) 3-тармағы 3.2.7-тармақшасының үшінші абзацына сәйкес әзірленді.
Осы талаптар Қазақстан Республикасына шетелдік дайындаушылардың ресми өкілдері әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген "Cadillac" маркалы М1 санатындағы кейбір доңғалақты көлік құралдарына (бұдан әрі – көлік құралдары) қолданылады.
2. Осы талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) айналысқа шығару – мүдделі тұлғаларға Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында көлік құралын (шассиді) немесе компоненттер партиясын шектеусіз пайдалануға және оларға билік етуге рұқсат беру;
2) көлік құралын мемлекеттік тіркеу – құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстырып тексергеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлікті бере отырып және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін бере отырып уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру рәсімі;
3) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – көлік құралының жол жүрісіне қатысуға жіберілгенін растайтын құжат;
4) көлік құралының типін мақұлдау – айналысқа шығарылатын бір типке жататын көлік құралдарының Комиссия шешімімен бекітілген "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 018/2011) Кеден одағының техникалық регламентінің (бұдан әрі – техникалық регламент) талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
5) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган – сәйкестiктi растау жөнiндегi қызметті жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;
6) сынақ зертханасы (орталығы) – сынақтарды (зерттеулерді) жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;
7) техникалық хатшылық – көлік құралы типін мақұлдауды, шасси типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы берілген куәліктер жөніндегі мәліметтерді жинау және көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйым;
8) типті мақұлдау – көлік құралының (шассидің) осы көлік құралының (шассидің) типіне қатысты белгіленген техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігін бағалау нысаны.
2-тарау. Шетелдік дайындаушылардың өкілдері үшінші елдерден әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген көлік құралдарының сәйкестігін бағалауды жүргізудің талаптары мен ерекшеліктері
3. Көлік құралдарының сәйкестігін бағалау типті мақұлдау нысанында жүргізіледі.
4. Техникалық регламентке № 2 және 3 қосымшаларда көзделген талаптарға қатысты дәлелдемелік материалдар ретінде 1д, 3д, 4д, 6д немесе 7д декларациялау схемалары бойынша сәйкестік туралы декларацияларды қабылдауға жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген сәйкестік туралы декларациялары FMVSS (Federal motor Vehicle Safety Standards) және EPA (Environmental Protection Agency) стандарттарына сәйкестікті растайтын сәйкестікті бағалау туралы шетелдік құжаттар немесе сынақ хаттамалары негізінде ресімделеді.
5. Көлік құралдарының типтеріне қойылатын талаптардың орындалуын тексеруді сәйкестікті растау жөніндегі органдар жүзеге асырады.
Қажетті сынақтарды "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары (орталықтары) (бұдан әрі – аккредиттелген сынақ зертханалары) жүргізеді.
6. Типті мақұлдауды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, дайындаушы уәкілеттік берген, оның атынан әрекет ететін және өз өнімінің сәйкестігін бағалауды жүргізуге дайындаушы өкілеттік берген тұлға өтініш беруші бола алады.
7. Типті мақұлдау мынадай талаптар бойынша жүргізіледі:
1) сәйкестікті растау жөніндегі органға өтінім беру, онда өтініш берушінің атауы мен деректемелері, көлік құралының типі, көлік құралының типіне бұған дейін берілген мақұлдау туралы мәліметтер (бұдан әрі – өтінім) көрсетіледі.
Көлік құралының типіне қатысты сәйкестікті растау жөніндегі бір органға бір өтінім беріледі.
Өтінімге техникалық регламентке № 12 қосымшаға сәйкес тізбе бойынша құжаттар қоса беріледі;
2) сәйкестікті растау жөніндегі органның күнтізбелік 15 күн ішінде өтінім бойынша шешім қабылдауы, өтініш берушімен жұмыстарды орындауға шарт (келісімшарт) жасасуы. Шешімде:
құжаттарды тану мүмкіндігі және жеткіліктілігі;
жетіспейтін дәлелдемелік материалдарды алу мақсатында сынақтар жүргізу қажеттігі;
өндіріс жағдайларын тексеру қажеттігі мен мерзімдері көрсетіледі;
3) аккредиттелген сынақ зертханасының көлік құралдарының ұсынылған үлгілерін сәйкестендіруді жүргізуі, оларды сертификаттау сынағы, олардың әрқайсысына дайындаушы жасаған және аккредиттелген сынақ зертханасы куәландырған техникалық сипаттама қоса берілетін хаттамаларды ресімдеу;
4) дайындаушының өндірісіне талдау жүргізу;
5) сәйкестікті растау жөніндегі органның сәйкестік туралы декларацияларды тіркеуі және (немесе) техникалық регламентке № 2 және 3 қосымшаларда көзделген жекелеген талаптарға көлік құралының сәйкестік сертификаттарын ресімдеу және оларды өтініш берушіге беру;
6) сәйкестікті куәландыратын құжатты ресімдеу сәтінде қолданыста болған техникалық регламенттің талаптарына көлік құралының сәйкес болуы шартымен осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларының орындалуы негізінде сәйкестікті растау жөніндегі органның көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеу мүмкіндігі туралы қорытынды дайындауы;
7) сәйкестікті растау жөніндегі органның көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеуі;
8) техникалық хатшылықтың көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеруі;
9) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органының көлік құралының типін мақұлдауын бекітуі және тіркеуі;
10) көлік құралдарының типін мақұлдау қолданылатын кезеңде сәйкестікті растау жөніндегі органның көлік құралдарының техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыруы.
8. Аккредиттелген сынақ зертханасы сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімі негізінде өтініш беруші ұсынған техникалық сипаттамаларға сараптама жүргізеді, көлік құралдарының үлгілерін сәйкестендіреді және оларды сынайды, сынақ хаттамаларын ресімдейді, оларды тіркеуді және есепке алуды ұйымдастырады.
Аккредиттелген сынақ зертханасы жүргізілген сынақтардың және ұсынылған құжаттардың техникалық сараптамасының нәтижелері бойынша жиынтықты көлік құралын сәйкестендіру және сынау нәтижелерінің хаттамасын ресімдейді және оны сәйкестікті растау жөніндегі органға береді.
9. Көлік құралының типін мақұлдау 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
10. Сәйкестікті растау жөніндегі орган техникалық хатшылыққа мынадай құжаттарды тапсырады:
1) сәйкестікті растау жөніндегі орган басшысының немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған көлік құралының типін мақұлдау;
2) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге өтінім;
3) өтінім бойынша сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімі;
4) сәйкестікті растау жөніндегі органның қорытындысы (ұсынылған құжатты ресімдеу кезінде қолданылатын рәсімге байланысты техникалық регламенттің 40, 60 және 65-тармақтарына сәйкес);
5) техникалық регламентке № 12 қосымшаның ережелерін ескере отырып ресімделген көлік құралдарының жалпы техникалық сипаттамасы;
6) техникалық регламентке № 13 қосымшаға сәйкес ресімделген дайындаушының өндіріс жағдайларын тексеру нәтижелері туралы сәйкестікті растау жөніндегі органның актісі (көлік құралының типін мақұлдауды беру алдында тексеру жағдайында) немесе дайындаушының өндіріс жағдайларын тексеруді талдау материалын (егер мұндай тексеру жүргізілсе);
7) техникалық регламенттің 32-тармағында көзделген аккредиттелген сынақ зертханасы ресімдеген жиынтық көлік құралын сәйкестендіру және сынау нәтижелерінің хаттамалары (ресімдеу кезінде);
8) көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеу кезінде жиынтықты көлік құралын сәйкестендіру және сынау нәтижелерінің хаттамалары;
9) өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайтын, көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеу үшін негіз болған дәлелдемелік материалдар (типті ресми бекіту туралы хабарлама, сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларация, сынақ хаттамасы, техникалық сараптама хаттамасы);
10) дайындаушы мен өтініш беруші арасындағы техникалық регламенттің талаптарына сәйкес дайындаушыға сәйкестікті бағалауды жүргізуге өкілеттік беру туралы және көлік құралдарының (шассидің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындаушымен ортақ жауапкершілік туралы келісім;
11) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 8 маусымдағы № 397-НҚ бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23034 болып тіркелген) Көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларға (бұдан әрі – Қағидалар) № 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралы типін мақұлдаулардың, шасси типін мақұлдаулардың сәйкестендіру карточкасы.
11. Техникалық хатшылық осы талаптардың 4 және 10-тармақтарында көзделген талаптар мен ерекшеліктерді ескере отырып, Қағидаларға сәйкес көлік құралының типін мақұлдауды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеруді жүзеге асырады.
Техникалық хатшылық құжаттарды қарауды техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
12. Көлік құралы типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексерудің нәтижесі оң болса, техникалық хатшылық Қағидалардың 8-тармағына сәйкес көлік құралы типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру қорытындысын ресімдейді және оны техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
13. Ұсынылған құжаттар толық болмаған және (немесе) олар осы талаптардың 4 және 10-тармақтарында белгіленген талаптар мен ерекшеліктерге сәйкес келмеген жағдайларда техникалық хатшылық Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып, күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде сәйкестікті растау жөніндегі органға ұсынылған құжаттарды жазбаша дәлелді бас тартумен қоса қайтарады.
3-тарау. Шетелдік дайындаушылардың өкілдері үшінші елдерден әкелетін, шығарылған күнінен бастап 3 жыл өтпеген көлік құралдарын айналысқа шығару
14. Көлік құралдары:
1) осы талаптардың 4-тармағында көзделген талаптар мен ерекшеліктерді ескере отырып, техникалық регламентке сәйкес келсе;
2) Қазақстан Республикасының аумағында ғана болса, нарықта айналысқа жіберіледі.
15. Көлік құралының типін мақұлдауда "Қосымша ақпарат" деген жолда "Бұл көлік құралының типін мақұлдау Қазақстан Республикасының аумағында ғана қолданылады" деген жазу жазылады.
Көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте "Ерекше белгілер" деген бағанда "Комиссия шешімінің 3-тармағы 3.2.7-тармақшасының төртінші абзацы негізінде көлік құралын иелену, пайдалану, оған билік ету құқықтарын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының аумағында ғана жол беріледі" деген жазу жазылады.
16. Көлік құралының электрондық паспортында "Өзге ақпарат" деген бағанда "Комиссия шешімінің 3-тармағы 3.2.7-тармақшасының төртінші абзацы негізінде көлік құралын иелену, пайдалану, оған билік ету құқықтарын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының аумағында ғана жол беріледі" деген жазу жазылады.