ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 965 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасында киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнiндегi кейбiр шаралар туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Киберқауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өңдеу және сақтау халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсiне және (немесе) халықаралық (жаһандық) деректер беру желiлерiне, Интернет желiсiне шығатын ақпараттық желiлерге, байланыс желiлерiне қосылмаған есептеуіш техника құралдарында жүзеге асырылады;";
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) бөлінген үй-жайларда мемлекеттік құпияларды және киберқауіпсіздікті қорғау жөніндегі талаптарды міндетті түрде орындай отырып, "Үкіметтің мобильдік офисіне" қол жеткізу үшін қажетті мобильдік құрылғыларды қолдануға рұқсат етіледі. Құпия келіссөздер жүргізу мен кеңестер өткізу уақытында көрсетілген мобильдік құрылғылар өшіріледі не қызметтік үй-жайдан тыс жерге шығарылады;".
2. Осы қаулы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының екінші, үшінші, төртінші, бесінші, сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |