Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 18 қыркүйектегі № 997 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ережеде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жасанды интеллект, аэроғарыш және электрондық өнеркәсіп, елдің ғылыми-техникалық дамуы, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", дербес деректер және оларды қорғау, цифрлық активтер, жобалық басқару салаларындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында, сондай-ақ байланыс, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында және деректерді басқару бойынша (бұдан әрі – реттелетін салалар) басшылық жасауды және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";
мынадай мазмұндағы 24-1), 24-2), 24-3), 24-4) және 24-5) тармақшалармен толықтырылсын:
"24-1) құқық бұзушылықтың алдын алуға, оны анықтауға және тіркеп-белгілеуге бағытталған цифрлық технологияларды дамытуға ықпал ету;
24-2) құқық бұзушылықтың профилактикасы мақсатында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру;
24-3) мемлекеттік органдардың қолда бар цифрлық жүйелерін интеграциялауды жүзеге асыру;
24-4) қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық инфрақұрылымын дамыту;
24-5) тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген азаматтарға әртүрлі коммуникация арналары арқылы консультация беру, психологиялық көмек көрсету;";
мынадай мазмұндағы 291-4), 291-5), 291-6), 291-7), 291-8), 291-9), 291-10), 291-11), 291-12), 291-13) және 291-14) тармақшалармен толықтырылсын:
"291-4) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын броньнан шығару туралы ұсыныстар енгізу;
291-5) мемлекеттік материалдық резерв және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша қарыз алу тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешім қабылдау;
291-6) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау көлемдері бойынша және номенклатура өзгерген кезде мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын броньнан шығару туралы ұсыныстар енгізу;
291-7) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемдеріне сәйкес жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын беруге тапсырыстарды орналастыру;
291-8) жаңарту тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешім қабылдау;
291-9) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен және алушы мемлекеттік органдармен және мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жаңартылуға жататын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын және номенклатура өзгерген кезде броньнан шығарылған материалдық құндылықтарды басқа мемлекеттік органдардың балансына өтеусіз негізде беруді жүзеге асыру;
291-10) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын ауыстыру туралы шешім қабылдау;
291-11) жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтауды және жаңартуды ұйымдастырады;
291-12) өз құзыреті шегінде тиiстi мемлекеттiк басқару саласында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру үшiн жауап беру, сондай-ақ жұмылдыру органдарының қызметкерлерiне олардың өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасау;
291-13) мемлекеттік басқарудың тиісті саласында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және (немесе) бекіту;
291-14) әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;";
мынадай мазмұндағы 342-1), 342-2), 342-3), 342-4), 342-5), 342-6), 342-7), 342-8), 342-9) және 342-10) тармақшалармен тармақшамен толықтырылсын:
"342-1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған негізгі бағыттары мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру;
342-2) жасанды интеллект жүйелеріне арналған құжаттаманың тізбесін бекіту;
342-3) ақпараттандыру объектілерін жасанды интеллект жүйелеріне жатқызу өлшемшарттарын бекіту;
342-4) орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесін әзірлеу;
342-5) Машина оқитын нысандарды әзірлеу, қолдану және тарату қағидаларын бекіту;
342-6) Салалық мемлекеттік органдардың жасанды интеллект жүйелеріне деген сенімді қамтамасыз ету және оларды тиісті салада (аяда) қолданудың үздік практикаларын тарату мақсатында қауіп-қатер дәрежесі жоғары жасанды интеллектінің сенімді жүйелерінің тізбелерін қалыптастыру және оларды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында тұрақты негізде жариялап отыру қағидаларын бекіту;
342-7) Жасанды интеллектінің платформалық бағдарламалық өнімдерін, модельдерін әзірлеу, жасанды интеллектінің ұлттық платформасында орналастыру үшін жасанды интеллектінің ұлттық платформасында қызметтер көрсету шеңберінде жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту;
342-8) Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының есептеу ресурстарына қолжетімділік беру қағидаларын бекіту;
342-9) есептеу ресурстарына басым тәртіппен қолжетімділік алу үшін тұлғалардың санаттарын айқындау;
342-10) жасанды интеллектіні ендіру үшін экономиканың басымдық берілетін секторларының тізбесін ескере отырып, құзыреті шегінде мемлекеттік қолдау көрсету;";
491) тармақша алып тасталсын.
2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осы қаулының 1-тармағының жетінші және тоғызыншы абзацтарының қолданысы 2026 жылғы 11 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын, осы абзацтар тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
"24-1) құқық бұзушылықтың алдын алуға, оны анықтауға және тіркеп-белгілеуге бағытталған ақпараттық технологияларды дамытуға ықпал ету;
24-3) мемлекеттік органдардың қолда бар ақпараттық жүйелерін интеграциялауды қамтамасыз ету;".
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |