ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ережеде:
26-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"26-1) салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалауды қамтитын салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп жасау;";
26-3) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 26-5), 26-6), 26-7), 26-8), 26-9), 26-10), 26-11), 26-12), 26-13), 26-14), 26-15), 26-16), 26-17), 26-18), 26-19), 26-20), 26-21), 26-22), 26-23), 26-24) және 26-25) тармақшалармен толықтырылсын:
"26-5) білім алушы адамның тұруына және оған ақша сомасын төлеуге арналған іс жүзінде жұмсалған шығыстардың шекті нормаларын белгілеу;
26-6) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп пайдалы қазбаларды өндіру салығының, экспортқа рента салығының, роялтидің және мемлекет атынан алушыға Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесінің белгіленген мөлшерлемелеріне қолданылатын теңестіру коэффициентін айқындау немесе өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;
26-7) салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғалуға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының тізбесін әзірлеу және бекіту;
26-8) берілетін инвестициялық преференциялардың тиімділігін бағалау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
26-9) Қазақстан Республикасының теміржол көлігі туралы заңнамасына сәйкес төленген уақытша теңгерімдеу төлемақысы бойынша шығыстарды шегерудің шекті мөлшерін әзірлеу және бекіту;
26-10) салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын, қайта өңдеуге арналған тауарлардың, сондай-ақ осындай тауарларды импорттайтын Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің тізбесін әзірлеу және бекіту;
26-11) қосалқы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өз мүшелері үшін орындайтын жұмыстардың және (немесе) көрсететін қызметтердің, сондай-ақ өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өз мүшелері үшін өткізетін тауарлардың тізбесін келісу;
26-12) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын, арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарлардың тізбесін келісу;
26-13) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт, өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын, солардың шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында өз өндірісінің тауарларын өткізу қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілердің тізбесін келісу;
26-14) Қазақстан Республикасының Салық кодексі 755-бабының 1-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына өткізген, өндірілген тұрақсыз конденсатты өткізу жөніндегі айналымға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынатын тұрақсыз конденсатты өткізу қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілердің тізбесін келісу;
26-15) Қазақстан Республикасының аумағынан бұрын осы салық төлеушілер әкеткен және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осындай басқа мемлекеттің аумағында қайта өңделген алыс-беріс шикізатынан алынған қайта өңдеу өнімдерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағында газ саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім шеңберінде қызметін жүзеге асыратын салық төлеушілер тізбесін келісу;
26-16) өткізілуі қосылған құн салығынан босатылатын көлік құралдарының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының, сондай-ақ олардың құрауыштарының тізбесін келісу;
26-17) ауыл шаруашылығы өнімдерін, аквашаруашылық (балық өсіру шаруашылығы) өнімдерін өндіруші заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы кооперативтері, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері ауыл шаруашылығы өнімдерін өзі өндіру процесінде пайдаланылатын техника бойынша көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайтын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасының тізілімін келісу;
26-18) ауыл шаруашылығы техникасын өндіруде пайдаланылатын қосалқы бөлшектердің тізбесін келісу;
26-19) Қазақстан Республикасының салық төлеушісі алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге әкелуді (әкету) жүзеге асырған жағдайда қайта өңдеу өнімдерін әкелу (әкету), сондай-ақ оның орындалуы туралы міндеттемелерді ұсыну қағидаларын, мерзімдерін және нысанын келісу;
26-20) салықтарды мемлекеттік және (немесе) үкіметтік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру шеңберінде осындай бағдарламаға қатысушы болып табылатын жеке тұлғаға тұрғынжай ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берілген салық салу объектілері бойынша Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 602-бабында белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептейтін заңды тұлғалардың тізбесін келісу;
26-21) "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмейтін өзге қызмет түрлері бойынша қарсы міндеттемелерді белгілеу қағидалары мен мерзімдерін әзірлеу және бекіту;
26-22) инвестициялар туралы келісімдер шеңберінде салықтар бойынша инвестициялық преференциялар мерзімін қолдану қағидаларын келісу;
26-23) арнайы инвестициялық келісімшартты жасасу және бұзу қағидаларын, мерзімдері мен шарттарын келісу;
26-24) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесін және өз өндірісінің өлшемшарттарын келісу;
26-25) Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі арнаулы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды көму полигондарын жою қорына аударымдар сомасын шегерімге жатқызу қағидаларын және олардың мөлшерін келісу;".
2. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі, бұл ретте осы қаулының 1-тармағының жиырма жетінші абзацы 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгiленсiн.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |